Әлімхан Ермековтің қазақ шекарасын анықтаудағы ерен еңбегі
2016 ж. 20 наурыз
6411
0
Жер – елдіктің белгісі, ол халық бірлігінің, оның тұтастығының көрінісі. Жерсіз ел болмайды. Жерден айырылу – елден, елдігінен айырылу деген сөз. Қазақстан Республикасының қазіргі мемлекеттік шекарасы осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни, өткен ғасырдың 20-жылдарында РКФСР құрамындағы Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің әкімшілік-аумақтық шекарасы болып анықтала бастады. Осы жауапты жұмыстың алғашқы негізін салғандар қатарында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері де болды.
Қырревком 1920 жылдың маусымында Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Автономиясын құру туралы жобаға байланысты РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариатына «Қырғыз (Қазақ) өлкесінің территориясы мен шекарасы» деген құжатты ұсынды. Олар қазақтың байырғы жерлерін бір ғана Қырғыз (Қазақ) Автономиясына беру мүмкін еместігін, бұлай істеу тек буржуазиялық ұлтшылдардың күшеюі мен билігінің кеңеюіне әкеп соғатынын ескертті. Сондықтан, бұл авторлар Қазақ республикасынан Орал облысының Гурьев, Лбищенск және Орал уездерін, Торғай облысынан Қостанай уезін, Ақмола облысының Петропавл, Омбы, Көкшетау уездерін мүлдем шығарып тастауды ұсынды.
Алдын ала жоспарланған осы маңызды жұмыспен айналасу үшін облыстардан уәкілдер Орынбор қаласына шақырыла бастады. Солардың арасында қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі, еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен «Алаш» өкілі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әрі ғалым, ұстаз, белгілі ағартушы Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің атын ерекше атауға болады.
Бүгінде туғанына 124 жыл толып отырған Ермековтің есімі өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін көпшілікке белгілі болмады. Оның аты ешқандай кітапқа кірмеді, тарихшылар ол туралы үнсіздік білдірді. Тек математиктер ғана Қазақстандағы математика білімі мен ғылымы тарихын қарастырғанда Ермековтің атын оқта-текте ауызға алып, оның математика саласындағы еңбектеріне тоқталатын.
Ә.Ермеков 1920 жылы Семей облысының губерниялық комитеті уәкілі болып сайланды. Cақталған құжаттарға мұқият зер салғанда облыстардан тағайындалған осы уәкілдердің Орынборға тез жете алмағанын байқаймыз. Оған кінәлі жергілікті ревком басшылары болды. 14-сәуірде Қырәскериревком тағы да Семей губревкомының атына жеделхат салып Ә.Ермеков, Д.Сәрсенов, Б.Ахмедов, А.Бірімжановтарды тез арада Орынборға аттандыруға бұйырады, егер бұйрық орындалмаса революциялық трибуналға тартылатыны көрсетіледі.
Мамыр айының басында Ермеков Орынбор қаласына жетеді. Ол кезде Орынбор Қырәскериревкомның және енді қаз тұрып ұйымдаса бастаған республиканың уақытша орталығы еді. Мұның алдында 4-маусымда 1920 жылы Қырғыз әскери комитеті Орынбор губерниялық атқару комитетінің келісімімен Орынбор губерниясын Қазақстанға қосу туралы шешім қабылданған болатын. Ал, 1920 жылы 7-шілдеде Орынбор мен Торғай губерниялары біріктіріліп Қазақстанның құрамындағы бір губерния болып бекітілді .
Орынборда Ә.Ермеков Семей мен Ақмоланың Қырәскериревкомы құрамына қайтарылуы жөнінде баяндама жасайды. Ә.Ермеков өз естелігінде: «Бұл Қазақ автономиясының жасалмаған кезі. Баяндамамда мен азамат соғысының аяқталуына байланысты Семей мен Ақмола облыстарын енді Қырәскериревкомның қарамағына қайтару керектігін атап өттім. Және осы мәселені талқылау кезінде болашақ автономиялық республика құру және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселелер көтерілді» – дейді.
Ә.Ермеков Омбы, Орынбор кейін Мәскеуде жасаған баяндамаларында ең алдымен, шекара белгілеуде үлкен маңызға ие болып отырған Қазақстандағы жер мәселесінің тығырыққа тіреліп тұрғандығына басты назар аударады. Кеңес үкіметінің құрылуы барысында және Лениннің көзі тірісінде бұл мәселе біраз шешімін тапқан да еді. Патша өкіметі тұсында қазақтың өзен-көлдің жағасындағы, жайқалған орман-тоғайлар мен құнарлы, қаратопырақты жерлері сонау XVІІІ-XІX ғасырлардың өзінде-ақ тұрғылықты халықтан тартып алынған болатын. Жергілікті халықтарды жерге орналыстыру мәселесі Патша заманында шешілмей, қайта қазақтардың жерін жөн-жосықсыз тартып алу ішкі Ресейде ірі жериеленушілердің мүддесін қорғаған Столыпин реформасы жылдарында жаңа қарқынмен жүргізілгені белгілі. Большевиктер де осындай арамза саясатты жалғастыра түсті. Түркістан кеңес республикасына (1918) Орта Азияның басқа өңірлерімен бірге Қазақстанның екі оңтүстік облыстары Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Басқа жерлер әкімшілік жағынан бытыраңқы болып, РКФСР-дің әртүрлі губерниялық кеңестеріне ауысты, Солтүстік-шығыстағы Ақмола, Семей облыстары орталығы Омбыда болған Батыс Сібір өлкесіне бағынды. Торғай облысы Орынбор губерниялық кеңесінің құзырына енді. Бөкей облысы Астрахан губерниясының қоластына көшті.
Ә.Ермеков 1920 жылы көктемде Орынборда жасаған баяндамасында сол баяғы Ертіс, Жайық өзендері бойындағы алқаптарды оны атам заманнан бері иеленіп келе жатқан қазақтарға қайтару жөнінде, әзірге, қазақ жалпы жерге орналасқанша орталық аймақтардан көшіп-қонуды тоқтата тұру туралы маңызды ұсыныс жасайды. Мәскеуге келгенінде Қырревкомның өзге мүшелерімен араласа жүріп, Ермеков өзін іскер, алғыр, жан-жақты білімді, мәдениетті қайраткер ретінде көрсетеді. Ә.Ермеков Қырревком мүшесі, әрі коллегия төрағасы болып сайланды.
1920 жылғы 9-10 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы жанында барлық мүдделі мекемелер мен ведомстволардың мәслихаты болып, онда Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқаруға байланысты және оның Ресей Федерациясымен шекарасы және өзара қатынастары туралы мәселелер талқыланды. Онда, Қырревкомнан С.Пестковский, Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровский; Қазақстанның облыс орталықтарынан – С.П.Милютин, Д.Темірәлиев, Ә.Ермеков, Оразаев, РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариатының төрағасының көмекшісі, Түркомиссияның Орталық Комитетінің мүшелері Г.И.Сафаров, Т.Рысқұлов, БОАК мен РКФСР ХКК төрағалары, Жер Халық Комиссариатынан, Сібревком, Омбы, Астрахан, Челябинск облыстық атқару комитетінің басшылары және басқа да жауапты адамдар қатысты. Екі күнге созылған бұл мәжілісте болашақ Қазақ автономиясының территориясы мәселесі төңірегінде тиянақты шешім болмады. Ақырында 14-тамызда болашақ Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Республикасын құру және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселені 17-тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өтетін БОАК мен ХКК-нің біріккен отырысында талқыға салу көзделді.
Осыған байланысты Ә.Ермеков Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шекарасын белгілеу мәселелері бойынша Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісіне дайындалады. Мәжіліс 1920 жылдың 17-тамызында өтеді. Төрағасы В.И.Ленин болған ХКК-нің осы отырысында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Республикасын құру туралы жоба жасалды.
Бұрын В.И.Ленинмен телефон арқылы сөйлесіп (1918 ж. наурыз) таныс болған Ә.Ермеков енді оның алдында баяндама жасау мүмкіндігіне ие болады. Ә.Ермеков бүкіл өміріне өшпес із қалдырған бұл оқиға жайында өз қолымен естелік жазып қалдырған екен. Бұл қолжазба бүгінде ұлы Мағауия Ермековтің, журналист-жазушы Нөгербек Мағзұмұлының жеке архивтерінде сақтаулы. Сонымен бірге, белгілі жазушы Жайық Бектұров «Орталық Қазақстан» (1989 жыл 3-қыркүйек) газетінде жариялаған «Үш Әлекең» мақаласында: «Ә.Ермеков ауызекі сөзге шешен болса да, қартая келгенде естелік жазуға зауқы соқпады. Өзіміз жалынғандай болып жаздырған Ленин туралы естелігі кезінде біраз білікті адамдардың қолдарына таратылды. – Бұл кісі революция көсемі В.И.Ленинге ерекше ықыласты болатын. Ол өзінің бұл ықылас-ниетінен абақтыда отырғанда да танбапты. Өйткені, үкімет, сот орындарына жазған шағым арыздарының бәрінде де ұлы көсемді адамзаттың пайғамбарындай қадір тұтып отырыпты. Ә.Ермековтің осы ықылас-ниетін біліп, біз кезінде ол кісіге өзінің В.И.Ленинмен кездесуі жайлы естелік жазуына себепші болдық» – дейді. Алғаш осы естелікті 1960-жылдары жазып болғанда, Ә.Ермеков оны Ж.Бектұровқа бірінші нұсқасын оқып берген. Бірақ, бұл естелікті Алматы жарияламаған. Ғабит Мүсірепов бұл жөнінде: «Әзір жариялаудың реті келетін емес» – деп жазған екен. Енді осы естеліктерге сүйене отырып, Ә.Ермеков қатысқан В.И.Лениннің басшылығымен болған Қазақстан шекарасын анықтауға байланысты жиналған комиссияның жұмысына тоқталайық: Бірінші болып Кеңестік Түркістан Республикасында, әсіресе, Жетісу өлкесінде жер реформасын жүргізу туралы белгілі коммунист, орталық үкіметтің уәкілі Г.И.Сафаров баяндама жасаған. Ол патша үкіметінің отаршылдық саясат кезінде, әсіресе, Столыпиннің басқыншылық, озбырлық саясаты тұсында қазақтың шұрайлы егіндік, шабындық жерлерінен айырылған еңбекші бұқараның атамекендерін, мәйектерін, жайлауын, күзегін өздеріне қайтарып, ондағы орыс кулактарын көшіру қажеттігін айтып алға тартқан. Осы ұсынысын И.Г.Сафаров 1921 жылы РКП(б) Х сьезінде ұлт мәселесі туралы Түркістан жұртшылығы атынан Сталинге қосымша баяндама жасағанда Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарының 35 пайызы төрт-бес жыл ішінде аштан қырылып, ал олардың малдарының 70% жұтқа ұшырағанын көрсеткен. Г.И.Сафаров сол жолы Сталиннің ұлт мәселесіне байланысты жасаған баяндамасына қарсы ашық пікір айтып, ұлттық-мәдени дамуды ұлттардың өз еркіне беруді талап еткен. Ал, Лениннің алдындағы баяндамасында ол, тіпті, өзі бастап Жетісу өлкесіндегі Қордай, Іле бойындағы орыс кулактарын қазақ жерінен көшіре бастағанын атап өткен.
Сафаровтан кейін сөз алған Ермеков өз баяндамасында Қазақ өлкесінің жалпы жағдайына тоқталады: «... Каспий теңізі теріскей жағасындағы ұзындығы 70-80 шақырымға, Нарын құмына дейін созылған, шаруашылыққа тиімді шығанақ-бұғазды орыс помещиктеріне, алпауыттарына әперілген, басқаша айтқанда. П.А.Столыпиннің мемлекеттік думада «Қазақ жерін игеру» деуінен кейін «Милионный фонд» - деп аталған өңірді және Ертістің қазақ жерінде ағатын өне бойының екі жағын, он шақырымнан қатарластыра кесіп алып, сібірлік казак-орыстарға тартып әперген жерлерді болашақ Қазақ республикасына қосу керектігін мен айттым» дейді естелігінде.
Ол Солтүстік, Орталық уездерді жайлаған әр түрлі ұлттардың арасында алауыздық, шиеленіс туғызбау үшін, жергілікті ұлт өкілдерін дұрыстап жерге орналастырғанша Ресейден жаңа қоныстанушыларды көшіруді тоқтата тұрудың қажеттілігіне тоқтап, осы тұрғыда арнаулы қаулы қабылдауды ұсынады.
Сонымен бірге, Каспий-Атырау жағасындағы Астрахан жақ алаптағы бұғаз-шығанаққа тоқталып, осы аймақты болашақ Қазақ автономиясына қосу мәселесін көтергенде бұл ұсынысқа партияның көрнекті қайраткерлері Ш.З.Элиава, Н.П.Брюханов, Н.Н.Крестинский, Астрахань губаткомының төрағасы ашық қарсы шығады. Бұл жерлердің қалай да Ресей құрамында қалуын көздеген олар: «... қазір Ресейде аштық әлі қабындап тұр. Атыраудың балығы астанамызға – Мәскеуге, Петроградқа қажетті азық-түлік. Сондықтан бұл алқапты РКФСР-де қалдыру керек» – деп негіздеген. Бұл пікірге Ә.Ермеков «... аймақта тұратын халықтың көпшілігін қазақтар құрайды. Бұлардың негізгі кәсіптерінің бірі балық аулау. Табыс табу үшін бұрын жалданатын, егер бұл жағалау енді өз иеліктеріне көшсе, орталыққа беретін өнімді екі, үш есе арттырады», – деп тұжырымдайды.
Жалпы, Ә.Ермековтің естелігін оқи отырып біздер кезінде патшалық Ресейдің шет аймақтарға кемсітіп қарайтын астамшылық пиғылы, өркөкірек менмен мінезінің мұздай ызғары бертін Қазан төңкерісінен кейін де онша қайта қоймағанын аңғарамыз. Бұл, әсіресе, ұлт аймақтар енші алып, автономия болар кезде жиі бой көрсеткен екен.
Шынында, Қазақ автономиясы құрылып, оның шекарасы белгіленетін болғанда партия, шаруашылық басшылығында жетекшілік қызметте жүрген кейбір ірі қайраткерлердің сөздері ақиқаттан аттап, қазақтың өз жерін өзіне қимай, іштарлық жасап жорта бұра тартатын сәттері тарихта аз кездеспейді. Солардың бірі, Лениннің өзі жүргізген БОАК жанындағы арнаулы өкімет комиссиясының Қазақ республикасының шекарасын белгілеген мәжілісінде баяндама жасаған Ә.Ермеков қатысқан отырыста болған жай. Соңынан, патша заманында Астрахан губерниясының иелігіне көшкен Нарын құмы жағалауын Қазақстанға қайтарып беру жөніндегі талас қызған кезде Лениннің, «қай халық көп болса, соған берілсін» – деген принциппен шешуін, оның «көсемдігімен» теңестіреді. Ал, шын мәнінде бұл ұлт зиялыларының қажымас еңбектерінің нәтижесінде жеткен жеңістер еді.
Шахкәрім САДУАҚАСОВ,
Е.Бөкетов атындағы
ҚарМУ студенті
"Қазақ үні" газеті