Ықылас Ожайұлы: Тірі де қажет болмаған қазақ, өлгенде керек пе?!
2016 ж. 16 наурыз
6276
2
Көңілдегі көп ойлар… (психологиялық этюд)
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Қазақта бұдан құнды, бұдан құдіретті сөз жоқ. Шәкәрім қажы: «Құнанбай (Тәтем) осы сөзді жиі қайталап отырушы еді», – дейді. Адам жанына ең жайлы, ең жақсы көретін сөзді жиі айтатыны белгілі. Бұл сөзді өмір сүру қағидасына айналдырған Құнанбайдай әкеден Абайдай ұлдың тууы заңдылық болар.
***
Бұл ғақылияны төбедегі ойдың сабақтасы десек те болады. Құнанбай қажы айтқан саф алтын, самғауық осыбір ойды, он бір жыл мектеп табалдырығында, бес жыл университетте қабырғасында оқысам да айта алған емеспін. Өмірім емес, өнердегі ең өкінішім де осы. Адамияттың асқақ көкжиегіне көтеріліп мынадай алапат, аспантекі ой айтуың үшін оқуың мен тоқуың сөз жоқ жеткіліксіз екен. Мұндай өрелі ойға иелік етуің үшін генологиялық жаралым (тектілік пен пәктілік, таза қан, таза құрсақ) тағы да сол секілді рухани ресурстардың қажет екендігіне зәредей шүбәм жоқ.
***
Абай – қазақ халқының рухани айнасы. Жер бетінен ең соңғы қазақ жантәсілім еткенде Абай сөзі оның денесімен бірге суиды.
***
Елей білмегеніміз болмаса бүкіл даналық қазақтың мақалы мен қара өлеңінде жүреді. «Жақсылар – жақсымын деп айта алмайды, Жамандар – жақсымын деп айқайлайды....» Біздің басымызды тауға да, тасқа да ұрып таппай жүрген шындығымыз осы бір қарапайым ғана өлеңде жасырынып жатыпты.
***
Құдайлық танымда – халықтың жолында мерт болудан өзге сұлу өлім жоқ.
***
Еңкейген қаріден еңбектеген балаға дейін «құлдық психология» дертіне шалдыққанбыз. Қазақ қоғамының бүгінгі трагедиясы осы.
***
Ақиқаттанушы Алтай Байкал «Егерде өз арамызда қазақ болып туылғандығына өкініп, тілімізден безгісі келген өгейтілді қандастарымыз бар болса, олар бәрібір қазақи тағдырымыздан безе алмайды. Яғни, олар халқынан қашса да, өздерін қазақ болдырып тудырған Құдайдан қашып құтыла алмайды. Кез келген тіл қасиетті де аруақты. Туған халқының тілін білмеу, ұмыту, менсінбеу, сөйлемеу, қорлау – үлкен күнә. Жаратушы ие фәниге қазақ болып тудырған адамын ақиретке де қазақ ретінде қабылдайды. Бұл – ақиқат. Қиямет күні құдіреті күшті Құдай («әр адамды азан шақырылған атымен шақырады» - дейді ислам шариғатында Ы.О) өгейтілділерді туған халқының қатарына қосып, сол халқының ана тілінде жауапқа тартады. Егер өгейтілді адам Аллаһ-Тағаланың, әрі ата-бабасының аманат етіп тапсырған ана тілін менсінбей қорлаған болса, сол үшін тозаққа түседі. Ақыл үшін де, тіл үшін де Алла алдында есеп береміз». Әттең шіркін-ай, осыбір «ақиқатты» орыс тілді ағайындарымыз қашан түсінеді. Бүгін өзгенің мүддесін көксеп, сойылын соғып жүрген сорлы қазақтар ертең сол, төл қазақпен бірге жерленіп, бірге жауапқа тартылатындығынан қалайша қорқып, қалайша ұялмайды екен.
***
Кешегі мешкейлер «бір қойды бүтін жеп кетіпті» дегенге таң-тамаша боламыз. Оның не таңданарлығы бар. Бүгінгі мешкейлер бір қойды қойып, бір елді бүтіндей сырпытып тастаған жоқ па!?
***
Ұлтсыздануымыздың салдарынан еркіндік пен тәуелсіздікті қарынының тоқтығымен ғана өлшейтін, мүгедек ойлы мүсәпірлер қарасы күн санап көбейіп барады.
***
Абай атам айтпақшы «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам» қазақтың ділі мен тілін, мәдениеті мен тарихын менсінбеген мәңгүрттерді қазақтың қабіріне қоспаған болар едім. Оған тірі де қажет болмаған қазақ, өлгенде керек болып па!?
***
Күллі жаратылыс дөңгелек пішінде. «Дөңгеленген дүние» дейтініміз сол. Планеталар да дөңгелек шеңбер тәртібімен күнді айналады. Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр дейсіз ғой. Біреуге жасаған танадай жақсылығың да, тарыдай жамандығың да айналып (дөңгелеп) келіп тек өзіңді ғана табады. Таппаған екен, онда ұрпағыңнан шығады. Ауызында «піссіміләсі» бар қариялардың дұға-тілегінен тастамай «жамандық атаулы тек өзіммен кетсін, ұрпағыма тимесін» деп отыратыны осы болса керек.
***
Бойдағы мінді сөз етсек, төбедегі шаш жетпес.
***
Адам өзі жасаған трагедияның кейіпкері. Аллаһ-Тағаланың өзінің «махаббатпен жаратқан» адамзат баласына ешқандай қиястығы жоқ. Себебі, Жаратушы Ие күнә атаулыдан мүлде пәк. Егер пенде баласы белгілі бір зұлымдыққа ұшыраған болса, оның өзіндік себептері бар. Себептің түпкі тіні қателіктен (күнәдән) туындайды. «Қиянатсыз ойлауды меңгерген де, Қиялыңның бәрі де шынға айналар» - деген Тыныштықбек шайыр бір нәрселерді білгеннен айтса керек.
***
Он сегіз мың ғалам – Ұлы Жаратушының ғаламат туындысы.
***
Мынандай қараңғы, аждаһа заманда оң көзіміз Құран, сол көзіміз Сүннет болуы тиіс. Әйтпегенде әп-сәтте адасып кетуіміз мүмкін.
***
Күллі руханияттың құбыласы – дін. Барлық кесапат пен аурудың шипасы – иман.
***
Дін – рухтың бостандығы. Ол ең алдымен адамның өз ішіндегі надандық пен кедейлік, қорқақтық пен жағымпаздық секілді кіші пұттардан тазалануға үндейді. Сонда ғана рух нағыз бостандыққа жетіп жалғыз Жаратушыға құлшылық ететін болады. Бұл бостандыққа ие болған адам ең еркін, ең бақытты адам болмақ.
***
Кешегі құдайсыздық һәм коммунистік идея орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтарды, ұлтсыздар мен тексіздерді тәрбиеледі. Соның кесірінен жағымпаздан – жандайшап, тексізден – құл-құтан, зинақордан – зұлым ұрпақ дүниеге келді. Бүгінгі қазақ қоғамын жайлаған індеттің сиптомы осы...
***
1917 жылдан бастап қазақ халқы орыс шовинистерінің атып жер аңы мен сауып ішер сиырына айналды. Содан бері бұл трагедия бір сәтке толастаған емес.
***
Батыс Еуропа ешкімнің түсіндіруін талап етпейтін екі адам арасындағы интимдік (құпия) сезімді атышулы өнерге, қып-қызыл бизнеске айналдырып жіберді. Бұл – батыстың рухани мүгедектікке ұшырауының бірден-бір дәлелі.
***
Сөз заттанады. Оймақтай ауыздан оңдырмайтын дерт тауып алуың мүмкін. Қазақ “жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Сөйлесеңдер тек жақсы сөз сөйлеңдер, әйтпесе үндемеңдер” деуінде үлкен тағылым жатыр.
***
«Ақындарға тек адасқандар ілеседі. Сен олардың қызыл сөзді судай сапырып жүргенін көрмейсің бе? Демек, олар істемеген ісін істедік деп айтады. Алланы танып, тура жолға түскен ақындар бұған жатпайды». Бұл қасиетті Құран-Кәрімнің 26 сүресінің (224-227) аяты. Ащы да болса ақиқаты осы. Өлең – парасат пен ақиқатқа, таным мен тағылымға ешқашан жеткізе алмайды. Егер өлең ақынды ақиқатқа бастаушы болса ақындарымыз тәкапарлық пен имансыздықтан, жағымпаздық пен жандайшаптықтан неліктен аса алмай қалды. Неліктен жаппай атақ пен даңқтың ауруына ұшырадық. ( Бұл сөз ақындарымыздың бәрі осындай деген пікір болмаса керек.) Құдайдай сенген осы өлең бізді Құдайға жақындатудың орынына одан алыстатып бара жатқан жоқ па!? Рас, өлеңнің Абай көрсеткен ақиқаты бар. «Әуелі аят, хадис сөздің басы, Қосарлы бәйіт, мысал келді арасы...» Осы қос қайнардан тамыр алған өлең ғана ақынды ақиқатқа қарай бастайды. Сонда ғана ақынның өзі, яғни сөзі түзеледі. Адамзатқа, қалаберді қаумана қазаққа бір кісі ақыл айтар болса оған Абай ғана лайық. Ол айтады: «Сөз түзелді тыңдаушым сенде түзел». Абайдың «Сөз» деп отырғаны Өзі. Себебі, өзін түзей алмаған сөз өзгені түзетуге қашанда дәрменсіз. Мұндай ақынның оқырманға халық атынан сөйлеп ақыл айтуға, немесе жол көрсетуге ешқандай қақысы жоқ. Сосын бір данышпанның «Өлең – рухтың бостандығы» деген пікірі бар. Бұл да барып тұрған қып-қызыл өтірік сөз. Өлең рухқа, яғни тазалық пен танымға жеткізер болса осы аталған келеңсіздіктер қайдан туындап жатыр. Бір өкініштісі бұл мәселелер тек өлеңге ғана, емес жалпы өнер атаулыға тән нәрселер. Қазақтың: «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» деп отырған сөзінің мән-мағынасы осы ма деп ойлаймын.
***
Адамға берілген бір ғана жүрекке бірнеше ынтызарлықтың сыймасы анық. Бәлкім ол ынтызарлық дүние (материалдық) немесе өнер тәрізді толып жатқан (марольдық) дүниелерге жақын ұғымдар болуы да мүмкін. Дей тұрғанмен бұлар жүректің құтысын қарайтып, ырғағын бұзатұғын нәрселер. (Әрине, олардың өз қалыбы мен шегі болады). Сан-саламен сырқаттанған жүректі сау (шын) жүрек деп әсте айтуға болмайды. Дәлірек айтар болсақ, бір адамның кеудесінде бірнеше ұғымдардың үлпілі (соғысы) болса ол жүрек махаббатқа емес, нағыз майданға айналған жүрек. Жаратқанның жалғыз өзіне бағынып, оның хикметімен жұпарланған жүректі ғана сау (шын) жүрек деуге лайық. Абай хакімнің: «Шын жүрек-бір жүрек» деп отырған ойының астары осыны аңдатады.
***
Алланың ақиқат нұры адам баласының қос мүшесінің біріне келіп қонақтайды. Біріншісі тіл болса, екіншісі әрине жүрек. Біздің бұл жерде «нұр» деп отырғанымыз илләһи иман. Осы иманыңыз тілде болса айтылады, жүректе болса заттанады, яғни жүзеге асады. Демек: Қос шикі еттің – бірі жалған, бірі шын. Мұны хакім Абай: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек шын көңіл, Өзгесі Хаққа жол емес» - дейді.
***
Қазақ социумын «құлдық құйыны» ғана емес, қарғыс құйыны да айналып жүрген секілді. Сиқыр сөзбен арбасаң, Табиғат басын иеді. Кәрленіп кімді қарғасаң, Қатесіз оғың тиеді». (Шәкәрім қажы). Бұл еш дәлелдеуді қажет етпейтін авсолютті ақиқат сөз. «Қарғау» дегеннен шығады Авар (Дағыстан) халқының қоғам қайраткері, ақын Расул Ғамзатовтың естеліктерін оқып отырып әлемтапырық күй кешкенім бар. Р.Ғамзатов: «Бізде әр ауылдың өз қарғысы бар. Біреуі көрінбейтін жіппен аяқ-қолың байлансын десе, тағы бірі табыттан табыл,– дейді. Бұлар ештеңе емес. Одан да жаман қарғыстар бар. «Анаңның сүтімен дарыған тіліңді түсінбегір!», «Алла сенің ұрпағыңа тіл үйрететін адам қалдырмасын!». Авар халқында бұдан өткен жаман қарғыс жоқ» - дейді. Мені әрі-сәрі етіп, санамда әлдеқашан көмескеленіп үлгерген ойларға қозғау салған да осы сөздер болды. Дәл осы тақылеттес «Үй, Орыс болғыр...», «Орыс болып кеткір» деген секілді қарғыстарды да қазақ қарттарының ауызынан әлденеше рет естігенім бар. Бірде қаралы үйге көңіл айтуға бардық. (Әрине, жығылғанды сүйеп, жылағанды жұбатайық деген мақсатпен). Жаназа намазы оқылып, жарықтықты соңғы сапарға аттандырар сәтте артта қалған ұл-қыздары «айқайға» басты. «Родная мама. Не ухади. Как без тебя будем жить!». Ай, дүние-ай десеңші, ақтық сәтте де балаларының ауызынан «анашым-айды» естімеген шешені (мүрдені) аяп біз тұрмыз. Осыны ойлағанымда жон арқам мұздап сала берді. Қарғыс қалт кетпеген екен. «Орыс болғырдың» орындалғанына бұдан артық не айтуыңа болады...
***
Жаратушы Ие бізден кейін дүниеге келетін сандаған ұрпақтарды тегіміздің негізінде жаратады. Тек (ген) – болашақ ұрпағымыздың генетикалық коды. Мұны медицина ғылымы әлдеқашан дәлелдеп қойған. Түр-түсіміз бен мінез-құлқымыздың ата- анамызға, ағайын-туыстарымызға айнымай ұқсауының құпиясы осында жатыр. Олай болса, тек дегеніміз адам, яғни өзіміз екен. Демек, тектің бүлінуі біздің, ал біздің бүлінуіміз күллі ұрпағымыздың адасуына жол ашады.
***
Адамдарды «сыйлатудың» ең оңай жолы– атақты болу.
***
Бүкіл кесепаттың бәрі адамның өзін-өзі жақсы көруінен басталған.
***
“Алаш” – қазақ халқының ары мен абыройы, обалы мен сауабы.
***
Азаттық – Алланың бізге тартқан ең үлкен сыйы. Қалай бағаласақ, Жаратушы да бізге дәл солай жауап қатады.
***
Жалғандағы жалғыз медетім – тәуелсіздігім. Осы жолда дариядай қан, теңіздей тер төгілді. Тәңірім азаттығымды баянды қылса екен.
***
Әлемдегі барлық зат Құдайдың құдіретіне бойсұнады. Бағынбай, бойсұнбай, адасып жүрген адамзат баласы ғана.
***
Алланың тілін алмаған қазақ – Абайдың ақылын қайдан алсын?!
***
“Ашулансам ызалана алмаймын, күлсем қуана алмаймын”… Адам өстіп те өмір сүреді екен. Кейде ішқұса қарияны ойлап (аяп) жанардың боталайтыны бар.
***
Қалайша күйінбейсің! Бір түндікке ие бола алмай жүргендердің дені билікке жетіп, дүйім бір елдің ақылманы атанып, қараша халықтың обалымен ойнап отыр.
***
Көз шектеулі. Біз көбіне көргенімізге ғана сенеміз. Құдайға сенбей, иланбай жүргеніміз де содан. Асылында, көздің құзіреті жетпейтін қаншама шындықтар бар. Маңдайымызға біткен қос жанарымыз біздің тіршілік етуімізге ғана жеткілікті. Ал, дүниенің түпкі мәні мен Хақтың хиһметін тану үшін үшінші көз (таным) қажет. Абайдың “Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі”- деп отырғаны осы.
***
Өмірде жіберген өкінішіңді ешуақытта қайтара алмайсың. Есесіне бұдан кейін де өкінбеуіңе көп мүмкіншілігің бар.
***
Жаратушы жалғыз Раббым сеннен тілейтінім: харам тамақ жеуден, қарыз ғұмыр кешуден сақта.
***
Өз елінде өмір сүруге дәрменсіз өгей тілді өзге біреу қайдан үйренсін.
***
Билікке еш өкпелеуге болмайды. Қазақта: “Халқың қалай болса бөркің солай”- деген қанатты сөз бар. Асылында, биліктен халық үлкен. Оның көзі ашылып, танымы түзелмейінше билік те түзелмек емес.
***
Мемлекетті һәм оны құраушы қазақ халқын бір организм деп қарауымыз керек. Мәселен, қолымызға кішкентай ғана шөгір кіретін болса сол үшін ыстығымыз көтеріліп, жанымыздан маза кетеді. Бір организмнің залалданғанынан болып бүкіл ағзамыз жайсыз күй кешеді. Өмірдің осындай ғана қарапайым қағидасынан біз де, билік те мол тағылым алуға тиіспіз. Біз әр қазақты өз ағзамыздай сезінгенде ғана төрт құбыламыз тең бақуатты мелекетке айналамыз.
***
«Пысықтық» деген үлкен бір мектеп. Әр ғасырда осы мектептің өкілдерінің ғана айы оңынан туып тұрған. Рас, пысық болу үшін ақылды һәм айбарлы, білімді не білікті болудың еш қажеті жоқ. Ақын, Жұматай Жақыпбаевтың : «Жұмақ деген бұл өмірде бар нәрсе, Оған өңшең жағымпаздар кіреді.» - деген өлеңі бар. Бұл өлеңді жіліктеп, жіпке тізіп түсіндірудің еш қажеті жоқ қой деп ойлаймын.
***
Отарлық сананың сарқыншақтарынан әлі күнге құтылар емеспіз. Қазақ тарихындағы ілгері-кейінгі тұлғаларға жаппай тас мүсіндер тұрғызу соның айғағы. Шынтуайтында тас мүсіндер салудан тарихымыз түгенделіп рухымыз бүтінделмейді. Олардың ескерткіштерін құрметтегеннен гөрі еңбегіне көп көңіл бөлсек жарар еді.
***
Біздің тарихи сауатымыз жершілдік пен рушылдықтан әлі аса қойған жоқ. Бейне бір Байтұрсынұлы Қостанайға, Мағжан Қызылжарға, Әлихан Жезқазғанға ғана керек секілді. Бұл тұлғалар бір аймақ (регион) пен бір рудың емес, исі қазақтың мақтанышы емес пе!?
***
Әр қазақ баласының; сүйгені Алла, сүйенгені әділет, қорғайтыны азаттық, қорқынышы надандық, ауруы Абай болуы тиіс.
***
Жақсылық – тікенек арасына жасырынған бейне бір жеміс секілді. Сол жемістен дәм татуың үшін, өкпеңді сан өшіріп, өкшеңді сан қанатасың.
***
Мұсылманның шын дәлелі оның сақалы мен тәсбиғы емес, көпке көрсеткен жақсылығы мен шарапаты.
***
Ой тұрақты, сөз оңғақ. Уақыт өзгерген де сөз де өзгереді. Дәлірек айтсақ, уақытпен бірге жаңа сөздер мен сөзжасамдар жаратылады. Ғасырдың өтімді һәм өкпек желі – сөзді сарғайтады, кеміктейді, түсін оңдырады. Жемір уақыттың желі мен жаңбырына тек бір ғана нәрсе шыдас береді. Ол – ой. Ой болғанда пенделіктің элементінен ада, періштелік саф таза ой.
***
Денеге басылған таңба өшер, өзгерер, бірақ санаға басылған таңба өзгермек емес. (Мейілі оған мыңжылдықтар мен ғасырлар өтсін.) Сол мөрдің төс табанындағы штрих белгі (таңба) – құлдық психология. Бұл белгі біздің санамызға бұдан бірнеше ғасыр бұрын бедерленген болатын. Кейін сол індет атадан балаға, баладан жөргекке көшті. Менің бар ұққаным құлдық мөр мәңгілікке соғылады екен. Ол өшуі үшін, сол саналардың иелері пәниден көшуі керек. Әйтпегенде азаттықта ешқандай мазмұн, мәнерлі қасиет қалмайды. Құлдықтан құтылудың жалғыз-ақ жолы осы ма деп ойлаймын...
***
Біз көп болса жүз жасармыз. Ал ұрпақ мың, тіпті миллион жасауы мүмкін. Демек, миллион жыл жасағың келсе ұрпаққа қызымет ет, соның сырласы мен құрдасына айнал.
***
Техника өскен мен сана өскен жоқ. Біздің санамыз әлі де надандық түнегінде. XXI ғасыр болса да атақ пен ақша үшін адам төбелестірудің әлемдік өнерге (олимпиядаға) айналуы осының дәлелі. Шіркін-ай деңізші, парасат пен иманның, ар мен ақылдың жарысы қашан өткізілер екен.
R.S Иә, біз өзімізше осылай дедік. Сөзімізде жастықтың албырттығы мен танымның кемістігі болса ғафу етерсіз, құрметті оқырман.
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ qazaquni.kz