ЮНЕСКО ӘЛЕМДІК ТҰЛҒА ДЕП ТАНЫҒАН ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНДЫ БІЗ ТАНИ АЛДЫҚ ПА?
2016 ж. 17 ақпан
8445
2
Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы – ЮНЕСКО аясында!
2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өтеді, турасын айтсақ – өтуге тиіс. ЮНЕСКО өзінің кезекті 38 сессиясында осындай қаулы қабылдады. Енді сөз кезегі 1905-1930 жылдардағы тарихи оқиғаларды, оның ішінде әсіресе Алты Алаш көсемінің өмірі мен сан қырлы қызметін және құн жетпес мұрасын зерттейтін ғалымдарда. Алайда үкімет қазынада қаржы жоқтығын айтады.
ЮНЕСКО Бас конференциясының өткен жылғы 2-18 қараша аралығында болып өткен 38-сессиясы «мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» өзінің Атқарушы кеңесінің ұсынысын бекітті. Ол туралы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілетті уәкілі, Қазақстанның Париждегі Елшілігінің жоғары лауазымды қызметкері Сатыбалды Бұршақов хабарлады. Әлиханның мерейтойына қоса Қазақстан атынан Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауидің дүние салуына 850 жыл және Алматы қаласына 1000 жыл толуын мерейтойлар мен айтулы оқиғалар тізіміне енгізу туралы бірқатар өзге ұсыныс берілгенін атап өту керек. Алаш Автономиясының 100 жылдығына қатысты тағы бір ұсынысты Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясы қолдамады. Алаш мемлекетінің құрылуы саяси оқиға болғандықтан ЮНЕСКО-ның қазіргі критерийлеріне сәйкес келмейді екен.
Тоқтала кететін тағы бір маңызды жайт. 2015 жылдың 6 ақпанына қарай ЮНЕСКО Атқарушы Хатшылығына өзіне мүше 32 мемлекеттен 58 сұрау түсіп, оның 41-і қазіргі критерийлерге лайық деп танылып қабылданған.
ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі наурыз-сәуір айында болып өткен өзінің 196-сессисына дейін-ақ айтулы даталарды тойлаудың қайта қаралған бағдарламасын бекітіп үлгерген-ді. Жаңа бағдарлама айтулы даталардың ықпалын күшейту үшін, оның ішінде методологиясын, қаржыландыруын жетілдіру, географиялық және гендерлік тепе-теңділігін, мониторинг жасау мен бағалануын, кезеңділігін жақсарту және тағы басқа критерийлерін жақсарту үшін қабылданған. Қайта қаралған бағдарламада, мысалға, мүше мемлекеттерге 2 жылдық кезеңге берілетін айтулы даталарды екеуден асырмау ұсынылған, оған қоса мүше-мемлекеттер өз ұсыныстарын кем дегенде екі мемлекеттің немесе аймақтық топтың қолдауына сүйеніп беруі шарт. ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі халықаралық мерейтойлар мен айтулы даталарды өз аясында тойлаудың қайта қаралған бағдарламасын алғаш рет алдағы екі жылдық кезеңде, яғни 2016-2017 жылдары қолдануға бел буыпты. Өз кезегінде Қазақстан 2016-2017 жылдарда атап өтетін мерейтойлар тізімін Әбірбайжан мен Ресей Федерациясының қолдауына сүйеніп ұсыныпты.
Жаңа критерийлер мен ұсыныстарды қабылдаудың жаңа шарттары келіп түскен ұсыныстардың санын алдыңғы екі жылмен (2014-2015) салыстырғанда іс жүзінде 3 есеге дейін, атап айтқанда 159-дан 58-ге дейін дерлік қысқартқан. Ұсыныстар қатаң шарттар бойынша іріктеліп алынған: «ұсынылған айтулы дата - оқу-ағарту, ғылым, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық ғылым мен коммуникациялар саласындағы Ұйымның (яғни ЮНЕСКО-ның) идеалдарымен және мақсаттарымен еш даусыз тығыз байланыста болуға тиіс, сондай-ақ халықтардың өзара жақындасуын, төзімділікті, бейбітшілік идеалдарын, мәдениаралық диалог пен өзара түсіністікті ынталандыруы керек». Бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның қайта қаралған бағдарламасы мен жаңа басым құндылықтарына лайықты айтулы даталар мен мерейтойлар іріктеліп алынған. Олар даталардың жоғары деңгейде (аймақтық және халықаралық) атап өтілетін жоспарлы іс-шаралармен сабақтастығы болуына да көңіл айдарылған.
Оған қоса, ең бастысы, ұсынылған айтулы дата «шынайы бүкіләлемдік маңызы бар даңқты қайраткерге қатысты болуға және оған қатысты ұсыныс ол дүниеден өткеннен соң ғана берілуге тиіс, ал айтулы оқиғалар болса – олардың еш даусыз өз елінен де кең танылған, аймақтық не бүкіләлемдік маңызы болуы керек және Ұйымның (яғни ЮНЕСКО-ның) идеалдарымен, құндылықтарымен ұштасып, Ұйымның мәдени әрқилылығы мен универсалды ерекшелігін көрсетуге тиіс».
Бір сөзбен айтқанда айтулы датаға арналған жалпыұлттық, аймақтық немесе халықаралық іс-шаралар қарастырылуы керек, ол іс-шаралар алдын-ала жоспарланып, оларды ұйымдастырып өткізуге ЮНЕСКО-ға мүше мемлекетте не мемлекеттер тобында жеткілікті қаржы-қаражат бөлініп қоюы керек.
«Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» танылған Әлихан Бөкейхан – кім?
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (05.03.1866 - 27.09.1937) – төре-сұлтан тұқымынан шыққан, Орта жүз ханының тағында отырған соңғы хан-сұлтандардың бірі - Бөкейдің тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген.
Сонау Омбыда оқыған 1886-1890 жылдары-ақ Әлихан Ресей империясының отарлық езгісінде отырған туған Алты Алашының тарихын, мәдениетін, көшпелі шаруашылығы мен кәсібін зерттей келе, отаршыл империяның жүргізіп отырған жыртқыштық, озбырлық саясатына қоса туған халқының тұрмыс-тірлішігіне деген сыни көзқарасын білдіре бастады. «Қыр халқы, - деп жазады Қыр ұғлы – Әлихан 1889 жылы «Дала уалаяты газетінде» жарық көрген бір мақаласында, - бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін (өле өлгенше. С.АҚ.) бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».
Сол жылғы екінші бір мақаласында Әлихан қазақ қоғамында заманына лайық мәдениеттің, адамгершілік, моралдық құндылықтардың аяқасты болғанын өкінішпен атап көрсетеді. Орыс империясының аяусыз езгісінен көне дәуірден келе жатқан төл мәдениеті ұмыта бастап, жер-суынан айрылып құрдымға ентелеген қазақ қоғамында, оның пікірінше, шексіз тұтынушылық пен байлардың қалың бұқараны қанауы, болыс билігі үшін руаралық талас-тартыс, «күшті ру» немесе «жақсы қазақтардың» «нашар қазақтарды» аяусыз езіп-қанауы кең етек алып отыр. «Біздің қырға бір жөні жоқ ғадат неше заманғы рәсімдер жүреді, - деп жазады Ә.Н. (Әлихан Нұрмұхамедұлы) 1889 жылы, - Біреуді күшті кісі я күшті тұқым деп адал-арам болса да жалпылдатып жүреді. Біздің заманның законымыз, ұлығымыз жоқтай, мақұлықменен қаңғырып жүргендей күшті тұқымдар нашар тұқымдарды ренжітеді».
Сонымен бірге Әлихан «қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һешнәрсе қылмайды» деп ойламайды. Оның кәміл сенімінше, қазақтар «қайратты, жұмыстың бәріне жарайды... Бірақ (оларды) қозғау керек». «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол ... заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таң қалар я ойламай қатырар», - деп Қыр ұғлы (Әлиханның алғашқы лақап атының бірі. С.А.) Алты Алашының жарқын болашағына зор үмітпен қарады. Әзірше, алғашқы мақалаларында ол орыс келімсектерінің отарлау саясатының қысымымен көшпелі мәдениет пен шаруашылықтан бір жерге байланған тұрмысқа амалсыз көшудің азабын көріп отырған қазақ, оның көзқарасынша, «рухани дамуының балалық шағында жүр».
Омбы техникалық училищесін аяқтаған соң, ең алдымен қазақ халқының ата-баба жерін келімсектерден қорғау керектігін бүкіл сана-сезімімен сезген Әлихан 1890 жылы С.-петербордың Орман институтына түсіп, онымен қарама-қатар астаналық императорлық университеттің заң факультеті курсын экстерн әдісімен оқып, 1894 жылы ормантанушы-ғалым және заңгер деген екі диплом алады.
1894-1903 және 1925 жылдар аралығында Әлихан Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген Қазақ елінің жерін, әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халық шаруашылығын, төрт түлік малы мен санын, табиғаты мен ауа райын зерттеген 4 ғылыми экспедициясының жұмысына қатысады. Осы жылдары Әлихан бүкіл отаршыл империяға танылған ғалым, Қазақстан бойынша теңдессіз білгір сарапшы ретінде танылып, туған елі мен халқының тарихы, экономикасы, мәдениеті, шаруашылығы, оның ішінде дәстүрлі мал шаруашылығы және жері туралы бірнеше іргелі ғылыми монография, ондаған очерк, мыңнан аса мақала мен еңбек жазып жариялайды. Алты Алаш көсемінің осы күнгі қарай анықталып жиналған шексіз бай мұрасының жалпы көлемі 16-18 томдық жинақты құрап отыр.
Әйгілі энциклопедиялық ғалым, Қазақстанның теңдессіз білгірі, журналист, көсемсөзші
Әлихан өзінің сан қырлы ғылыми және публицистік қызметін қоғамдық-саяси күресімен қарама-қатар атқаруға мәжбүр болды. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі кезінде ол ұлт зиялыларының Ахмет Байтұрсынұлы, жақып Ақбайұлы, Міржақып Дулат, Раимжан Мәрсекұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы сынды алдыңғы қатарлы өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, бүгінгі күні «Алаш» деген атауымен белгілі ұлт-азаттық қозғалысының жаңа толқынын бастады. Өзінің 1910 жылы С.-Петерборда «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстың формалары» жинағымен басылып шыққан «Қазақтар» («Қырғыздар») атты әйгілі тарихи-анықтамалық очеркінде Қыр баласы – Елағасы өзі бастаған осы зиялылар тобын «батысшылдар» деп атайды: «Таяу келешекте қырда, бәлкім, екі саяси партия ұмйыдастырылатын шығар... Олардың бірі ұлттық-діни аталуы ықтимал және қазақтардың өзге мұсылмандармен бірігуі оның идеалы болып табылады. Екінші батысшыл бағыты осы сөздің кең мағынасында айтқада – қазақ даласының болашағын саналы түрде батыс мәдениетін жүзеге асыра отырып көреді».
Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейханды - оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, оның саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.
«Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарда 8 жылын өткізсе, Мәскеуде – шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті.
«Алаш» қозғалысының басы-қасында жүріп, Қыр баласы - Елағасы халқының жазбаша тарихын жазу, таныту мақсатында ұлтының тарихын тиянақты зерттеді, Алтын Орданың заңды мұрагері болып табылатын, бір кезде қуатты мемлекет болған Қазақ хандығының бірліктен, күш-қуатынан айрылып, отарлыққа түсуінің объективті де субъективті себептерін анықтады. Ол, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей империясының отарлау саясатына ең ауқымды қарулы қарсылық көрсеткен Кенесары хан көтерілісінің өз мақсатына жете алмауының тарихи себептерін де зер сала зерттеді. 1903 жылы С.-Петерборда Әлихан екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясын жариялады. Бұл шығармасында ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, Хандықтың кейінірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құрамын деп оның отарына айналуы, ақыр аяғында Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттігінен айрылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап берді. 1910 жылы Қыр баласы – Елағасы өзінің ең танымал «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.
Өз туындыларында Әлихан түрлі тарихи жағдаяттардың салдарынан Ресей империясының отарлығына душар болған башқұрт, татар, хақас, қырғыз, Қырым татарларлы, ноғай, алтайлықтар сынды басқа түркі халықтарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін де, ол халықтардың қазақпен арадағы рухани, мәдени байланысын, олардың отарлық езгідегі ауыр халін де мейлінше кең қамтып өтеді. Бұлтартпайтын мұрағат құжаттары мен түрлі естелікке қарағанда, 1917-1920 жылдары Әлихан Ресейдің өзге түркі-мұсылман халықтарының көсемдерімен таяу болашақта біріккен түркі-мұсылман елі – Түркістан мемлекетін құру мүмкіндігін талқылайды. Сол кездегі құбылмалы саяси ахуалды ескере отырып, Алты Алаш көсемі оны «Шығыс Ресей мұсылмандарының федерациясы» деп атады ұсынады.
Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан қайғылы болса да маңызды бірнеше тұжырымға, оның ішінде тарихи және, ең бастысы, саяси қорытындыға келеді. Олардың біріншісі: Алты Алаштың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айрылуының ең басты сыры – бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүздерді біріктіре алмады. «Бұрынғының көбі, - деп жазды Түрік баласы (Әлиханның қазақша лақап есімінің бірі. С.А.) 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында, - күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді». Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кешкен, қайталанбас салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, - деп жазды Қыр баласы – Елағасы Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде, - тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.
Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған Алты Алаш көсемінің екінші маңызды саяси тұжырымы - қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан да мүмкін емес. Қалың қазақты өзін өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшісінің көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болып табылады. «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, - деп ашық атап көрсетті «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 3 санында тағы да сол Түрік баласы, - Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы».
Ресейді түпкілікті қайта құру арқылы ұлттық тәуелсіздікке жету
Сонымен қатар, отаршыл Ресейдің өзін түпкілікті реформалап, оны самодержавиеден федеративтік демократиялық парламенттік мемлекетке айналдырмай, қалың қазақтың ұлттық тәуелсіздікке жете алмайтынын да Алаш қозғалысының көсемі кімнен болса да артық сезді. Сол себепті де ол 1905 жылдан Ресейдің ең ықпалды оппозициялық саяси ұйымы – Конституциялық демократия партиясына кірді. І Мемлекеттік дума депутаттығына сайланған 1906 жылы Әлихан самодержавиені құлатуды көздеген орыс масондарының «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» (1910 жылға дейін «Темірқазық» - «Полярная звезда». С.А.) ложасына мүшелікке қабылданды.
Әлихан «Алаш» қозғалысындағы үзеңгілестері мен пікірлестерінің алдына ұзақ мерзімге негізделген ауқымы кең стратегиялық мақсат-мүдделер қоятын. Ол мақсат-мүдделердің бір бөлігі 1905 жылғы әйгілі «Қарқаралы петициясына» ойып жазылған-ды. Олардың бірден бір жемісі – 1917 жылға дейін-ақ қазіргі заманғы әдебиеттің проза және поэзия үлгісіндегі тың туындылары - тұңғыш қазақ романдары, очерктері, әңгімелері, пьесалары, поэмалары, өлең жинақтары шыға бастады. Оның ішінде ұлы ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының төл шығармалары мен Пушкин-Лермонтовтан аударған туындыларының тұңғыш жинағы,, Сұлтан-Махмұттың «Қамар сұлу», Міржақыптың «Бақытсыз Жамал», Спандиярдың «Қалың мал» романдары, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахметтың И.Крыловтан аударған «Қырық алты мысалы» және т.т. бар еді.
Қыр баласы – Елағасының өзі Батыс Еуропа, орыс, көне грек, Шығыс әдебиеттерінің үздік үлгілерін кеңінен насихаттайды, қазақ әдебиетін француз Ги де Мопассанның, ағылшын Оскар Уайлдтың, орыс Лев Толстой, Антон Чехов, Владимир Короленко шығармаларының, әңгімелерінің, көне Еуропа әдебиетінен Эзоп пен Үнді мысалдарының, Қырым татарлары туралы әңгімелерінің аудармаларымен байытты. Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларына, Міржақып, Сұлтан-Махмұт, Спандиядардың романдарына сын жазып, қазіргі әдебиеттанудың, оның ішінде абайтанудың классикалық үлгісін көрсетіп, негізін қаласа, «Қара қыпшақ Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Мырза Едіге» эпостарын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жинақ етіп бастырып, зерттеп, қазақ фольклористикасының пайда болуы мен дамуына зор серпін берді.
«Алаш» идеясының жеңісі
«Алаш» қозғалысы мен қайраткерлерінің алдына қойған ауқымды стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін ұлт жақсыларына ғана емес, қалың бұқараға да түсінікті, сана-сезімі мен жүрегіне ұялайтын идея қажет болды.
Әлихан Алты Алашын ру-руға не жүзге, бай не кедейге, білімді не надан, текті не қарадан деп жік-жікке бөлген емес. Ол қазақты бір ұлт деп көргісі келді, соған жетеледі.
Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан ұсынған «Алаш» идеясы зор нәтижеге, жеңіске жеткізді. Бұл идея оның ойында көптен бері жүрді. Мысалға, «Қазақтар» лчеркінде ол «Алаш – миф болса-дағы қазақтың ортақ атасы» деп жазса, 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сараарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісі» («отечественник». Т.Б.) деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:
Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;
Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, -
дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісісі мағынасында», - деп атап көрсетті.
1917 жылдың қарашасында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ жерінде сайлауға түскен үш партия – «Үш жүз», бәлшебектік социал-демократиялық жұмысшылар және «Алаш» партияларының ішінде жалғыз «Алаш» ұранды партия бақталастарын ойсырата жеңіп, 43 депутаттық мандатқа ие болды. Бұл тарихи сәт 1917 жылға қарай отарлықта отырған қазақтың «Алаш» идеясы, туы және ұранымен ұлт болып қалыптасқанын аңғартқан сәт болды. «Алаш» идеясы қазақ ұлтшылдығының идеясы, ұраны болып, ұлттық бірлік пен қайта өрлеудің туы ретінде 1930-жылдардың соңына дейін салтанат құрып тұрды.
«Алаш» идеясын алға тартқан Әлихан: қазақ ұлтшылдығы – ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрді, ата-баба жерін, отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті.
Сонымен бірге 1917 жылдың желтоқсанында Алаш ұлттық-территориялық автономиясын жариялап, оның төрағасы, премьер-министрі болып сайлана келе, Әлихан Бөкейхан бұдан былай қазақтың қайта құрылған елі көпұлтты, көпдінді және сан мәдениетті, бірақ көп мәдениетімен тұтас мемлекет болатынын болжады, Автономия жариялаудың қарсаңында «Қазақ» газетіне солай деп жазды да. Оны Алаш автономиялық мемлекетінің 25 мүшеден жасақталатын Халық кеңесі – Алаш-Орда үкіметінен 10 орынға өзге ұлт өкілдерін шақыруы айқын дәлел бола алады. Міне сол орынның бірін орыстың көрнекті ғалымы, публицисі Григорий Потаниннің алғаны тағы бар.
«Әлекеңнің мінезі, - деп жазды туған інісі Смахан төре 18 қойын дәптерден тұратын естеліктерінде, - еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың ешнәрсесін алмайтын. Өлгенде 2,5 кез жер керек, - дейтін».
Ия, Алты Алаштың көсемі өзін 1937 жылдың шілдесінде Мәскеуде ақырғы рет тұтқынға алып, ату жазасына кескенде, қызы Қанипа – Елизавета мен немересі Ескендірге қалдырған бар «байлығы» - Мәскеудегі 7 бөлмелі коммуналдық пәтердің бір бөлмесі, кітаптар жинағы, фотоальбом, өзінің шақшасы және қолжазбалары болыпты.
Халқының ұлттық мемлекетін қалпына келтіру жолында қасық қаны қалғанша арпалысып, бүгінгі шекарасының негізін белгілеп кеткен Алты Алаш көсеміне атылғаннан кейін өзі айтып жүретін 2,5 кез қара жер де бұйырмады. Даңқы жер жарған Алаш көсемін 1937 жылдың 27 қыркүйегінде өлім жазасына кесіп, үкімді сол күні-ақ іске асырған советтік билік оның сүйегін Мәскеудегі Дон зиратында өртеп, күлін 5 мыңнан астам құрбанның күлі шашылған зиратқа (ОГПУ-НКВД құжаттарында № 1 шұңқыр немесе «Ямо № 1» деп көрсетіліп келген. С.А.) түн жамылып астыртын төге салған. Ол зират Кеңестер Одағы – СССР күйреп келмеске кеткеннен кейін құпия болып келіп, кездейсоқ жағдайда 2009 жылы ғана аңғарылды.
Әлихан Бөкейханның ХХ ғасыр басындағы ғылыми-публицистикалық шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі іс жүзінде қазақ халқының ұлттық-сана сезімінің оянып, Алаш ұлттық идеясының маңайына бірігіп, Қазақ хандығының ыдырауынан кейін 2 ғасырдай өткенде қайтадан біргей ұлт болып қалыптасуына жеткізгені сөзсіз. Мысалға, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу Орталығы 1985 жылы жариялаған « Қазақтар 1917 жылғы дейінгі орыстар туралы. Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Т. Рысқұлов» (Society for Central Asian Studies. «Kazakhs on Russians Before 1917. A. Bukeykhanov, M. Dulatov, A. Baytursynov, T. Ryskulov». Reprient series № 5. Oxford, 1985.) атты зерттеуінде Әлихан бастаған батысшыл Алаш зиялыларының атқарып кеткен қызметіне «олар мәдени ренессанс», яғни «мәдени төңкеріс жасады» деген баға берді.
Қазақстанға Совет өкіметі орнатылған соң, Әлихан бастаған «Алаш» зиялылары, ресми биліктің барлық тетігінен аластатылуына қарамастан, 1930-жылдарға дейін дерлік оқу-ағарту, жоғары білім беру, ғылым және өнер саласында үстемдік етті. Осындай қысқа уақыттың ішінде Әлихан өз үзеңгілестерімен қазіргі қазақ мәдениетінің, орта және жоғарғы білім беру саласының, сондай-ақ ғылымның тарих, философия, этнография, әдебиеттану сынды қоғамдық, гуманитарлық және астрономия, физика, матерматика, жаратылыстану және т.б. салаларының негізін қалап үлгерді.
1917 жылғы төңкеріске дейінгі, әсіресе елге Совет өкіметі орнағаннан кейін, 1920-1930-жылдарғы дейін дерлік Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан баулып, тәрбиелеп өсірген ұлт зиялылары қазақ әдебиеті мен өнерінің, жалпы қазақ мәдениетінің айқын ұлттық ерекшелігін сақтауға бар күш-жігерін сарп етті.
Қазақтың «Алаш» ұлт-азаттық және қайта өрлеу қозғалысының өшпес халықаралық маңызы – Ресей мен Кеңес империясының отарлау және орыстандыру саясатына қарусыз, қантөгіссіз қарсылық көрсету принципі мен стратегиясын ұстануы, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру мақсатына қазіргі қазақ мәдениетін қалыптастыру арқылы қазақ қоғамын дамыту арқылы жетуге ұмтылуы болатын. Бұл принцип пен стратегия бүкіл әлемге әйгілі солтүстік америкалық Генри Дэвил Торо, үндіс махатма Ганди және т.б. философиясы мен күрес құралын көзге елестетін. Батыс Еуропаның мәдениеті деңгейіндегі Қазақ елін құру мақсатын жүзеге асыру үшін, - деп сенді Әлихан Бөкейхан, - алдымен отаршыл Ресей империясының өзін түбегейлі қайта құрып (реформалап), самодержавиеден федеративтік парламенттік-демократиялық мемлекетке айналдыру қажет. Тарих тұрғысынан алғанда қысқа кезеңнің ішінде Алаш зиялыларын бастаған Әлихан Бөкейхан ежелден қалыптасып келген көшпелі мәдениеттің негізінде қазақтың қазіргі тілі мен әдебиетін, жалпы мәдениетін дамытып, бейбіт жолмен алдымен Ресей құрамында, одан кейін Кеңес империясы құрамында болған ұлттық мемлекетті қайта құра алды.
«Алаш» қозғалысының аймақтық тарихи маңызы да зор болды. Атап айтқанда ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық қайта өрлеу қозғалысы Орта Азияны мекендеген туыс түркі халықтарының ұлттық сана-сезімін оятып, өзін-өзі басқаруға ұмтылуына күшті серпін берді. Әлиханның тапсыруымен 1917 жылдың қарашасында Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай, Серікбай Ақайұлы және т.б. Алаш қайраткерлерінің ұымдастыруымен Қоқан қаласында Түркістан мұхтариатының пайда болуы, сол жылдың желтоқсанында Орынборда Алаш автономиялық мемлекеттің (Қыр баласы – Әлихан «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналында жазған мақалаларында «автономия болу- мемлекет болу» деп жазды. С.А.), ал 1918 жылы Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлының тікелей қатысуымен Түркістан кеңестік автономиясының құрылуы – ақыр аяғында Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанның және Қарақалпақстан автономиясының дүниеге келуіне жеткізді.
Өз отанында танылмаған әлем деңгейіндегі даңқты қайраткер
Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтқанда, ЮНЕСКО сынды ең беделді деген халықаралық ұйым Алты Алаш көсемін бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер деп, Бас конференциясының 38-я сессиясында «мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға ЮНЕСКО қатыссын» деген ұсынысты түпкілікті мақұлдады. Бұл ұсынысты ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі өзінің ұсынысын 196-сессиясының биылғы 17 наурыздағы жиынында қабылдаған болатын (сессия хаттамасының 22 тармағы).
Ендеше Қазақстан үкіметі 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150-жылдығын ЮНЕСКО аясында лайықты тойлау үшін мерейтойлық іс-шараларды жоспарлау және ұйымдастыру туралы тиесілі қаулы қабылдап, оған жеткілікті қаражат қарастыруға кірісуге тиіс. Алайда, «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының сауалына премьер-министрдің 2015 жылғы 12 қарашада жолдаған жауабында атап көрсетілгендей, «қаржы-экономикалық ахуалға және бюджеттің қысқартылуына байланысты 2016 жылға мерейтойлық іс-шараларды өткізуге арналған мақсатты қаржы қаражаты көзделмеген», «осыған байланысты мерейтойлық іс-шаралар мемлекеттік органдардың ағымдағы жұмысы шеңберінде және бюджеттен тыс қаражатты тарту есебінен өткізіледі», сондай-ақ «Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру мәселесі бойынша арнайы комиссия құру орынсыз» (бұл жауап-хаттың көшірмесі қолда бар). Алты Алаш көсемінің 150-жылдығын ЮНЕСКО аясында тойлауға аз не көп шығын қажет деп тон пішпей-ақ, 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығын республика деңгейінде тойлауға... 23 миллиард қарастырылғанын еске сала кетейін.
Сұлтан Хан Аққұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
«Алаш» ҒЗИ директоры.
qazaquni.kz