Әлихан Бөкейхан жайлы тың деректер мен құжаттар (ФОТО)
2016 ж. 21 қаңтар
9734
1
«Хан баласының мойнында қазақтың өтелмеген қақысы бар еді, соны ақтауға тырысам, қазаққа қайтсем де қызмет қылам» деген Әлихан Бөкейханов тірісінде қандай жан еді? Айтқан сөзін орындай алды ма? Бұл сұрақтың жауабын тарихтың қатпар беттерін ақтарып отырып табамыз. Иә, ол өзінің алға қойған мақсатына жетті. Қазақ елінің тағдыры талқыға салынған сын сағатта оқыған азаматтардың басын қосып, тұңғыш Қазақ Республикасының негізін қалады. Ол құрған Алашорда үкіметінің ғұмыры ұзақ болған жоқ. Бірақ сол аз уақыттың өзінде талай дүниенің басын қайырды. Қазақтың қазақ екендігін, азат ел бола алатындығын көрсетті. Биыл Әлихан Бөкейхановтың дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Қазақ халқының қуанышына бұл мереке ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін болды. Ұлт үшін еңбек етіп, өмірін құрбан еткен бабамыздың тойына біз де өз үлесімізді қосайық деген ниетпен Санкт-Петербург Ұлттық мұрағатынан алынған Әлихан Бөкейхановқа қатысты құжаттардың бір парасын жариялап отырмыз. Бұл құжаттарды Қарағанды «Болашақ» академиясының кітапхана қорына Ұлт жанашыры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы ДУЛАТБЕКОВ тапсырған. Материалдарды пайдалану барысында мұрағат иесіне сілтеме көрсету міндетті. Суретте көрсетілген аттестат қазақ көсеміне Ресейдің Санкт-Петербург Орман институты кеңсесінде берілген.
Құжаттар: