Серік Ақсұңқарұлы: Алаштан асып туған Арыстан ең
2016 ж. 07 қаңтар
4867
0
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН
(1866-1937 ж.ж.)
Теріске жүзін Жазмыш бұрғанда елдің, Мен Сенің Лебіңмен бір тұрған Желмін. Арқада Қызыларай –Ақсораңың, Бір түйір топырағымын туған жердің; Ел-жұртын Періштедей жебеп жүрген, Ежелгі Эпос дейтін Жырдан келдім. Түу алыс шұғыладан мұнарланған, Бейнеңді Шыңғысхандай— Нұрдан көрдім! Қазақтың ханға кеткен есесі көп, Сен соны қайтарам деп,- Құрбан болдың! Адамзат шеруінде, Сапары—ұлы,- Заты—ірі, Аруағы, Атағы—ірі,- Арғы Атаң Шыңғыс хан-ды, Одан асқан Түріктің жоқ қой Ұлы Баһадұры! Бақ құсы сол еді—деп- Дүниенің, Бас иіп тұр, әнеки, Жаһан ұлы; ... Сұм Ғасыр жерін де илеп, Елін де илеп, (Кетсе де заманына кейін күйлеп,)- Шұбар Төс, Шынжыр Балақ Тұқым еді,- Алтайдан—Дунайыңа дейін— Билеп!— Жүрегін пендеде жоқ сезім билеп, Садақпен— (Мылтық қылмай,- темірді илеп); Шұбар Төс, Шынжыр Балақ Осы Тұқым,- Алтайдан—Дунайыңа дейін— Билеп!— Ханшайым—күңін, құлын—патша қылды, Кетпеді жерін де илеп, Елін де илеп! Тәңірінің Шапағатын шашпақ еді, Керемет кеудесіне керім күй кеп; Ормандай Орда қылды Орыс Елін! (... Ол кетті бір күйкі ойды кейін күйлеп...). Құл-құтан! Атаусыз қап өшкен... Қыртты-ай!- Темірдей тас бауырды тескен құрттай; Ғұмырың ескен желдей болмай, қайран, Күңірентіп көк аспанды көшкен -бұлттай!— Үзілді! Шығып жұртқа жаман аты, Алланың Алашыңа аманаты— Елес боп көз алдыңнан көше берді-ау, Түсіңе кірген Түрік Қағанаты... Бұ жұрттың өңі кірмей,- шырайланып, Болары бір сұмдықтың Құдайға анық; Аяғы—көкте, басы—жерде қалдып,, Дүние кете барды шыр айналып... Ел көшті, Елден бұрын Төре көшті, Соңынан Жақсы-Жайсаң өре көшті; Төре кеп өз төріне отыра алмай, Төлеңгіт бір-бірімен төбелесті... Ішінде Бейімбет жоқ, Қыртымбай—бар- Тексіздер төрде отырып, мұртын майлар; Қазақтың қыдыр қонған ұлын жыйнап, Қамады зынданына Мырқымбайлар! Сондай да сұрқылтай бір заман болды, Ойранын жасап... О да тамам болды; Шыңғыс хан көкжиектен көрінді де, Атаңның Аруағы Саған қонды; Қайырсыз аяқталып қайта құру*, Түріктер Алашыңа алаң болды; Жерден бір Мәді шығып, Сонау көктен Ғайса кеп түскендейін амал болды... Қазақ деп аталатын Халық барын, Дариға-ай! Он сегіз мың ғалам көрді!!! «Бодан жұрт! Қалай Ұлт боп құралмадың, Аярдың неге алдында бұлаңдадың?!»- Шалынып құлағына Құрандағы Үн, Сол кезде шықты Сенің Ұландарың**; Іргесін сөгіп Мерез Мемлекеттің, «Мені енді босатқын!»- деп ұрандадым! Анамнан Арда Азат Ұл боп туып, Біреуге құл-құтан боп тұра алмадым; Құдайдың ақ жолына түсіп, сонда, Құдая, жортып шықты құландарың; Азаттық— Әлімсақтан ұлы арманым, Ат басын қалай соған бұра алмадым?! Арамнан қайтсем тартып алатұғын, Ақ-адал еншісі сол Бір Алланың! Бір өзі—Бір Ұлыс пен Заман—аты- Түсіме кірді Түрік Қағанаты. Түсіме кірген Түрік Қағанаты- Алланың Алашыңа Аманаты! Алаштан асып туған Арыстан ең, Айдаһар, Аюмен де алысқан ең; Болғанда бауырың—бүтін, басың—аман, Алланың Аманатын табыстар ең; ... Алаштың азат күнін көре де алмай, Арманда кеткен, қайран, арыстар ең! Дүниені дүрліктіріп келгенсіңдер. Ұлт Ары, Ұяты, Ұлы Зердесіңдер; Сен сынды қаймағы жоқ, ұсақ ұлыс, Көк су боп, Көктей солып, Жерге сіңер! Теріске жүзін Жазмыш бұрғанда елдің, Мен Сенің Лебіңмен бір тұрған Желмін. Арқада Қызыларай –Ақсораңың, Бір түйір топырағымын туған жердің; Түу алыс шұғыладан мұнарланған, Бейнеңді Шыңғысхандай— Нұрдан көрдім! Ел-жұртын Періштедей жебеп жүрген, Ежелгі Эпос дейтін Жырдан келдім. Сен—кеттің... Соңыңда бір қауым қалған, Мен—Желмін, Қасымдарың -Дауыл болған; Мағжан-Жасын болды! Мұқағали- Жаралды сол жасын мен жауындардан; Замана бізге аздап жеңіл тиді, Сендерге зілмәуірден ауыр болған... Көп жылдар көктей өте шықсы-дағы, Көз жазып қалған жоқсың бауырлардан! Алланың асқарынан аласарман; Адайдан, Үйсін, Арғын-Қара Шордан,- Атырау-Арқа –Алатау-Асқар Алтай! Армысың, Ұлы Далам- Алашордам! Көкірегің сенің де—арман, менің де-арман, Өзіңдей— менің де ерек елім болған. Ақсұңқар—әкем сенде күйеу болып, Һалифа—шешем сенде келін болған. Ез демей, Туған күні-ақ ер дегенсің. Қамшымды күміспенен зерлегенсің. «Серік»-деп, Есімімді өзің қойып, «Әлди»-леп, Бесігімді тербегенсің! Жүрекке жұрттың мұңы барып қонған, Алашта менің алдым жарық болған. Құдықтан құлайын деп тұрған кезде, Құлақтан, Сенсің - Ұстап алып қалған! Меруерт, алтын, гауһар—алқаң болған, Кіндіктен топыраққа арқаңдалған,— Мен Сенің Жамбылыңмен мағымұрланып, Мен Сенің Абайына аң-таң қалғам! Ежелден ішің де—ашық, тысың да—ашық, Жүрсең де түн жамылып, түсің қашып; Туады сенен әлі Әлімхандар, Лепірген Лениндердің мысын басып! Айдыны—аққу қонған Ғажапстан, «Қазақ!»- деп қаңқылдайды қаз алыстан. Аспанда Алла—Жалғыз, Жер бетінде - Сен - Жалғыз, Жаппар Ием , Қазақстан! ...Баяғы дүние жоқ, баяғы ауыл, Қонатын алтын бекет таяды-ау бір. Келеді арып-ашып ат үстінде, Толғатып Алаш - Анам - Аяғы ауыр! Көкте - Күн, Көңілімде - қанағатым, Жаһаннан жан берісіп, жан алатын,- Мен іздеп келем Бекзат Әлиханның Түсіне кірген Түрік Қағанатын... *Қайта құру-Перестройка **Ұландар- Желтоқсан, 1986 ж. Серік Ақсұңқарұлы 24.09. 2015 ж. qazaquni.kz