Мағжан Жұмабаевтың ішігі табылды
2015 ж. 24 қараша
3591
1
Қасқыр ішіктің бүгінгі иесі, Көкшетау қаласының тұрғыны Бәтима Аяғанова Қарағанды мұғалімдер институтын 1951 жылы бітірген. Ғұмырының 52 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз өз әулетінде 30-жылдардан бері сақталып келе жатқан қасқыр ішікті қымбат жәдігеріне санайды.
Ел-жұртқа ертерек таныстырмағанының сырын аманат жүгінің ауырлығымен түсіндіреді. Салмақтап көрдік, зілдей ап-ауыр екен. Желбегей жамылуға да рұқсат берілді. Апайдың айтуына қарағанда, жеті қасқырдың терісінен тігілген. Жоны қара қылшықтанған, түгі мен түбіті сол қалпы сақталған, сырты қалың, мықты шұғамен қапталған өнер туындысы дерлік. Шалғайы мол пішілген, қолтығы кең, жағасы ойықталып, мойын мен басты тұтас жабатын көл-көсір дүние. Илеуі әбден қандырылған ішік қабырғаның жасауын жарқыратып тұр. Қаншама уақыт өтсе де, өңін жоймаған. Түз тағысының қасиеті де мықты-ау. Бұл ішіктің тарихы да терең. Бәтима Әшірбекқызының әкесі Әшірбек ата қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданының аумағындағы Үлкен Қараойдың маңында 1883 жылы дүниеге келген. Анасы Шәкира Әубәкірқызы Кіші Қараойдың қызы. Анасының інісі, яки нағашысы Жақия Әубәкірұлы заманында Омбы қаласында білім алған. Кейін Бестөбенің маңайындағы Қызылқақ ауылында мұғалім болып еңбек етіпті. Бұрынғылардың айтуына қарағанда, жыр алыбы Мағжанмен әкесі де, нағашысы да дос-жар болса керек. Бәтима Әшірбекқызының білетіні, көзі ашық, көкірегі ояу, жақсылармен көп дәмдес, пікірлес болған, бір-біріне шуақ-шарапаты тиген әкесіне осы жәдігерді әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев сыйлаған екен. Сол кездері Кіші Қараой төңірегінде Кенетай есімді он саусағынан өнер тамған айтулы шебер болыпты. Қасқыр ішікті сол Кенетай шебер тіккен. Кейін арада талай жылдар өткен соң Бәтима Әшірбекқызының жолдасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырбек Хасенов Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, Қызылту ауданының «Херсон» кеңшарына партком хатшысы болып тағайындалады. Осы бір қуанышқа Бәтима Әшірбекқызының әкесі, яғни, қайын атасы: «Менің шаңырағымдағы ең қымбат мүлкім, Алаштың айтулы ақыны, жыр әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтан қалған жәдігер», деп сыйға тартса керек. Содан бері үйдегі төрт құлақты абдырада сақталыпты.