Семей қаласына Алаш атын қайтару керек

Семей қаласына Алаш атын қайтару керек. Бұл туралы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығының ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жайлы ОКҚ баспасөз мәслихатында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан Хан Аққұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. image description

«Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын тойлауға қатысты ғалымдар тарапынан дайындалған бірқатар іс-шара бар. Оның ішінде ең алдымен Алашорда автономиясы құрылған күні оның астанасы да белгіленген болатын. Ол – осы күні Семей деген атпен белгілі қала. Бірақ сол Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы болып тұрған кезде Алаш деген атауға ие болған. Әлихан Бөкейхан қол қойған Алашорда үкіметінің құжаттарына қарасақ, барлығында Алаш қаласы делінген. Сондықтан бүгінгі Семей қаласына Алаш атауын беру керек деп ойлаймыз» - деді С.Аққұлы.

Сондай-ақ, ол жалпы 2016 жылды Әлихан Бөкейхан немесе Алаш жылы деп атауды, сондай-ақ Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен облыс орталықтарындағы орталық көшелерге Әлихан Бөкейханның есімін беруді ұсынды.

«Жалпы 2016 жылды Алаш қозғалысына, Әлиханның Алаш қозғалысындағы үзеңгілестеріне арнап, бүкіл жыл бойы түрлі мерекелік, ғылыми-танымдық шаралар өткізіп, деректі фильмдер мен көркем фильмдер түсіру жоспарда бар», - деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Оның айтуынша, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы оның туған жері Ақтоғай ауданында да кеңінен аталып өтеді. Осы аудандағы Талдыбейіт деген жерде Әлиханның әкесі мен анасының, басқа да туғандарының қабірі жатыр. Әлиханға арналған тұңғыш ресми ескерткіш те осы Ақтоғай ауданында орналасқан.

«Әлихан Бөкейханов 1937 жылы атылғаннан кейін Мәскеу қаласындағы Дон зиратында жерленген. Осы зираттағы Кеңес үкіметі кезінде №1-ші деп аталған шұңқырға Әлиханның өртелген сүйегінің күлі жерленген. Жалпы Дон зиратында 5 мыңнан астам адамның сүйегі жатыр», - дейді ол.

BNews.kz