ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ
2015 ж. 16 қыркүйек
14886
6
Қазақ халқының Ресейдің отарлық саясатына қарсы үздіксіз жүргізген ұлт – азаттық күресінің құрамдас бөлігінің бірі – Алаш қозғалысы. Бұл қозғалыс қоғамдық құбылыс ретінде және өзінің ішкі сипаты мен мазмұнының күрделіліген байланысты Отан тарихы ғылымындағы аса өзекті мәселелердің қатарына жатады.
Зер сала қарағанда Алаш қозғалысының тарихы мен елімізідің бүгінгі тарихи шындығы арасында өзара байланыс пен сабақтастық бар екенін аңғаруға болады. Бұл сабақтастықтың өзегі – ұлттық мемелекеттілік мәселесі. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттілікті нығайту бағытындағы атқарылып жатқан істер өте маңызды. Мемлекеттің ұлттық негізінің беріктігі - әлемдік жаһандану үрдісінен туындайтын ұлттық болмысқа қауіп төндіретін кері әсеріне тосқауыл болудың бірден-бір кепілі болып табылады.
Қазіргі тарихи кезеңде бұл бағытты жүзеге асыру үшін тарих тағылымынан сабақ алып, ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру жолындағы Алаш қайраткерлерінің қызметін терең зерделеп, жетекші ойларын басшылыққа алуға тиіспіз.
2015 жылы бірнеше Алаш қайраткерлерінің мерей тойлары. Соның бірі - Әлібеков Ғұбайдолла.
Әлібеков Ғұбайдолла (Ғабдолла) 1870 жылы, Жымпиты уезінде (қазіргі Сырым ауданы) Қарасу болысында молдадан хат танып, Орал қаласындағы училищеде оқыған. Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын, семинарияда білім алған, ауылдық мұғалім болып қызмет атқарған. Бастапқы кезде Орал уездік полиция басқармасында тілмаш, кейін
Ойыл және Соналы болыстарының басқарушы қызметін атқарған. 1917 жылы Ақпан революциясы тұсында ол Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бірге біздің облысымызда Орал облыстық қазақ сьезін өткізуге атсалысқан. Ол Орал облыстық қазақ комитетінің төрағасы болды. Орал қаласында өткен облыс қазақтарының бірінші сьезінде Орал облыстық қазақ комитеті-Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында құрылады. Әлібеков Ғұбайдолла осы құрылған қазақ комитетнің төрағалығына сайланады. Комитетке мүше болып Ж.Досмұхамедов, Ы.Тоқберлиев, Х.Тасымов, Т.Сарбупиев, Е.Мұқанов, Д.Сәрсенбаев, Ғ.Әлібеков, Д.Күсіпқалиев, Б.Жанқадамов, Р:Қаржаубаев. Д.Жұлдызов, Х.Досмұхамедов, Ы.Топаев, Е.Әбенов, К.Жаленов, Ғ.Есенғұлов, С.Қаратілеуов, Б.Жұмағалиев, С.Омаров және Б.Тілепин сайланады.
Орал комитеті бірінші Орал облыстық қазақ сьезінің Жайық сырты бөлігіндегі бұрыңғы төрешіл-бюрократтық басқару жүйесін коллегальды халықтық басқару жүйесіне ауыстыру жөніндегі шешімінен туындаған барлық қаулы - қарарды жүзеге асырумен шұғылданды. Орал қаласындағы, уездегі қазақ қаржысына салынған жылжымайтын дүние – мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орындарын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, басқа қоғамдық ұйым-мекемелермен байланыс жасау ісімен айналысты. Әлібеков Ғұбайдолла сьезді кіріспе сөзбен ашып, оның төрағасын, екі орынбасарын және үш хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған. Сьез төрағалығына Жаһанша Досмұхамедов сайланды.
Әлібеков Ғұбайдолла Бүкіл Ресейлік мұсылмандар сьезіне делегат болып, осы сьезде сайланады. Орынбор қаласында өткен 21-28 шілдедегі бірінші жалпы қазақ сьезіне Әлібеков Ғұбайдолла Орал облысы мен Маңғыстау уезі атынан «Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат» ретінде бекітіледі.
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ сьезіне де делегат болып қатысады. Осы сьезде Жаһанша Досмұхамедовтың Алашорда автономиясын жедел жариялау туралы ұсынысын жақтап дауыс береді. Осы сьезде бүкіл Қазақтық құрылтай сьезінде республика үкіметінің құрамына сайланады.
Әлібеков Ғұбайдолла Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, 1918-1920 жылдары Батыс Алашорда қызметіне айрықша еңбек сіңіреді.
1920 жылдың 24 қыркүйегінен бастап, ол Қазақ АКСР-і юстиция халық комиссары, кейін бас прокурор қызметіне тағайындалды. Әлібеков Ғұбайдолла сот тергеу ісін жетілдіру, қылмысқа қарсы күрес шараларының жаңа бағдарын қалыптастыру мәселелеріне жете көңіл бөлді. Сондай-ақ алғашқы құқықтық құжаттардың жобаларын әзірлеуге басшылық жасап, заң үлгілерін түзеу барысында жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, тарихи таным –түсінігі ескерілуін талап етеді.
1921 жылы наурыз айында денсаулығының нашарлауына байланысты бастапқы ісін аяқтай алмай, туған еліне оралады. 1922-1923 жылдары Орал облысы Жымпиты уезі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген шағында қайтыс болады.
Биылғы жылы Әлібеков Ғұбайдолланың 145 жылдық мерейтойы аталып өтілуі тиіс. Алаштың арманы тәуелсіз Мемлекет құру болатын, осы жолда қызмет еткен Алаш қайраткерлерін ұрпақ білуі қажет.
Алаш қозғалысында белсенділігімен ел көзіне түскен қоғам қайраткерлерінің бірі - Бердиев Ғұбайдолла 1885 жылы Орал облысы Гурьев уезінің Қарашығанақ ауылында туған. Тегі - Байұлына жататын Беріш руының Бегіс бөлімі. Әкесі Есқали оқығаны болмаса да тоқығаны мол кісі болған. Атасы Мүсірәлі - Есбол өңірінде болыс болған белді қайраткер көп нәрсені көңіліне тоқыған білікті адам екен. Мүсірәлінің үлкен ұлы Досжан Бердиев Орынбордағы Неплюев кадет корпусының алты классын бітірген, Гурьев уезі бастығының тілмашы, әрі қазақ істері жөніндегі көмекшісі болды. Ғұбайдолланың елшілдік әлеуметшілдік бағыт ұстануына сол атасының ел арасындағы беделі де ықпал еткен.
Бердиев Ғұбайдолла бала кезінде Есбол ауылындағы «Қызыл үй» аталатын екі сыныпты орыс-қазақ мектебін бітірген, онан соң Гурьевтегі Романов училищесіне түсіп, оны аяқтайды. Сөйтіп жас кезінен орыс тілін біршама жетік меңгерген ол, Орал реалды әскери училищесіне түсіп, оқуын жалғастырады реалдық училищеде Б.Бисенов, И.Қашқынбаев, Ғ.Есенғұлов, Н.Ипмағамбетов, Ш.Күсіпқалиев, Ғ.Арықовтармен бірге оқиды. Кейінен Қазан қаласындағы мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде Бердиев Ғұбайдолла жасырын социал-демократтар партиясының мұсылмандар «ячейкасына» қатысады. Сол ұйымға қатыса жүріп қоғамда, әлеуметтік тарихи жағдайларды терең түсінеді. Оның бұл демократтық көзқарасы мен ұлтшылдық бағыты патша үкіметінің назарынан тыс қалмайды. Ақыры Қазандағы студенттер қозғалысына қатысқаны үшін қуғынға ұшырайды.
Орал қаласына келген соң «Қазақ конституциялық-демократиялық» партиясын құруға атсалысып, партияның бағдарламасын даярлау жұмысына қатысады. 1905 жылы Желтоқсанда Орал қаласында бес облыс өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда осы саяси ұйымның орталық комитетінің құрамына Б.Қаратаев, И.Тоқберлиев, Х.Досмұхамедов, М.Мұқановтармен бірге енеді. «Фикер» газетінің 1905 жылы 25 желтоқсандағы №5 «Қазақ конституциялық-демократиялық» партиясының программасын жариялауға қатысып бағдарламада көрсетілгендей, Ресейде монархиялық билікті шектеген пұрсаты конституциясымен тұжырылған жаңа тәртіп орнатуды жақтады. «Фикер» газетінің 1906 жылы біріктірілген №5-6 – де «кадет партиясына қосылушы қазақтардың бастапқы жиылысы» деген мақала жариялап, басқосудың маңызын қазақ халқына түсіндіруге ат салысады. Және мемлекеттік думаның сайлау мәселелері жөніндегі патша үкіметінің саясатын халыққа түсіндіруге атсалысты.
1911-1913 жылдары Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш ұйытқысы болған «Қазақстан» газетін шығарушылардың бірі - Ғұбайдолла Бердиев.
Ол 1917 жылы бірініші жалпы қазақ сьезіне Орал облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып ұсынылады. Сол жылы уақытша үкіметтің Гурьев уезіндегі комиссары болып тағайындалады.
1918-1919 жылдары Гурьев уезінің Қарабау болыстық жер басқармасын басқарады. 1919 жылы күзде туған ауылына оралады. Ол 1921 жылы көктемде аурудан қайтыс болады. Артында екі кыз, бір ұлы қалған. Қыздары Жаниха мен София 1949 жылы қайтыс болады, ұлы Мұхтар Бердиев Гурьев педучилещесінің түлегі, ол 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза табады.
Алаш зиялыларының басты мұраты – Қазақ халқының ұлттық төл тумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи мұрасын қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдауға күш салды. Алаш қайраткерлері халықты аман сақтауға, оны азамат соғысына байланысты елде етек алған апаттан қорғауға тырысты және сол жолда еңбек етті.
Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА
Ж.Досмұхамедов атындағы
«Қайраткер» қоғамдық қорының президенті,
т.ғ.к. БҚИГУ профессоры, алаштанушы
qazaquni.kz