ҚОР БОЛҒАН ҚАЙРАН СӘКЕН! 

Бұл тағдырдың қысастығына не шара бар екен? Атаман Анненковтың азап вагонында талай ауыр бейнетті басынан кешіп, тар жол, тайғақ кешулерден өткен Сәкен Сейфуллиндей сұңқар ақынды оның өз қолымен орнатқан Кеңес өкіметі НКВД абақтысына қамап, көзіне көк шыбын үймелеткен ғой.

Сәкен «халық жауы» деген жаламен 1937 жылдың 24 қыркүйегі күні қамауға алынған. Бұл сұңқар ақынның қамал алар 40 жастың қырқасына енді ғана көтерілген кезі. Бірақ, Сәкен қамал мен орданы 30 жасына жетпей тұрып-ақ алған болатын.

Ол 1922 жылдың желтоқсан айында Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып сайланған. Бүгінгі тілмен айтқанда – республиканың Премьер-Министрі. Сол кезде Сәкен бар болғаны 28 жаста ғана екен!

Ол осы жоғары лауазымды қызметте жүрген кезінде туған хал­қы­ның өшкен атын жарыққа шы­ға­рып, «қырғыз» делініп келген халқын «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп республикалық «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Қолына билік тигенде бар мүмкіндікті пайдаланып, «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс қағаз қазақ тілінде жүргізілсін, ол қазақ аудандары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1 шіл­деден ары қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің бар­лығында да іс қағазы қазақ тілінде жүргі­зілсін» деп тайға таңба бас­қандай етіп, Декрет шығарып бергені тарихтан мәлім.

Бастапқыда тергеушінің «жапон тыңшысы көрінесің» деген жала сөздеріне жаны күйген қайран Сәкен тарпаң мінезіне басып, оны орындықпен атып ұрмақ болып аласұрыпты. Жалына қол тигізбейтін арда ақынның әлі де асау тұлпар кезі ғой. Сағы сына қоймаған. Сөйткен Сәкенді арада бірер ай өткенде НКВД абақтысында қызыл жағалы жендеттер адам жаны төзгісіз азаптаулар мен ит қорлықтарды көрсетіп, мүсәпір күйге түсірген.

Бір сәт Сәкеннің мына екі суретін салыстырып қараңыздаршы. Бірінші суретте басына құндыз бөрік, үстіне құндыз жағалы сәнді пальто киген ол сұлулықтың символындай болып, бота көздерімен мөлдірей қарап қалған. Тәні де, жаны да сұлу арлы азаматтың адал бейнесі ғой бұл!

Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

Өлеңнің құшағына сия алмайтын.

Қазақты көргің келсе, дәл осы деп,

Көрсетсе дүниеге ұялмайтын, - деп жазған сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің сөзінен асырып не айта алғандаймыз?

Ал енді Сәкеннің НКВД түрмесінде түсірілген мына соңғы суретін көрудің өзі қорқынышты. Асыл азамат қандай адам төзгісіз азаптар көрген десеңізші! Ауыр соққыдан оң жақ көзі ақиланып, бұл кезде көруден қалған да сияқты. Сағы сынған, сақалы өскен. Бір кездері мөлдірей қарайтын бота көздерінде ешқандай өмір қызығының белгісі қалмаған. Сүлесоқ, мән-мағынасыз, үмітсіз күйге түскен қажыған адамның дәрменсіз кейпі бұл.

Адам төзгісіз ауыр азаптаулардың арасында НКВД жендеттері Сәкенді аяқтарынан жоғарыға мал сияқты асып қойып, қазақтың қаршадай балаларына:

- Атаңа нәлет Сейфуллин!

- Халық жауы Сейфуллин!-деп бетіне түкіртіп, мұртын бір талдап жұлдырған деген де дерек бар. Сонда бұл қорлыққа шыдай алмаған асыл азамат:

- Мен көндім! Қағазға қол қояйын, балаларды алып кетіңдерші Құдай үшін!-деп жылапты.

Қор болған қайран Сәкен!

Алақанға салып, аялап ұстауға тиісті ардақты азаматты осынша мүсәпір күйге түсірген, атаман Анненковтың азап вагонының өзі сағын сындыра алмаған сұңқар ақынды өзіне таңылған жалаға қол қоюға мәжбүр еткен сталиндік зұлым жүйеге не деуге болады? Қаталдығы мен сойқандығы жағынан ол тіпті фашистік гестапоның өзін орта жолда қалдырғандай.

Сәкен НКВД абақтысына қамалғаннан кейін 3-4 айдан соң жары Гүлбаһрам онымен 5-10 минут кездесуге әрең дегенде рұқсат алыпты. Сонда бұрын мойныма әжім түседі деп тұтас денесімен бұрылып қарайтын, көйлегінің жағасына кір түсірмейтін, шалбарының қыры сынбайтын, денесінен қымбат иіссудың жұпар иісі бұрқырап тұратын сері Сәкенінің елесі де қалмағанын көрген жары алғашқыда оны танымай қалыпты. Сәкен жарының қойған сұрақтарына да жауап қатпай, мәңгіріп отыра берген көрінеді. Көк желкесінен:

- Болыңдар! Уақыт бітті!-деп қарауыл солдат төніп тұр.

- Сәкен-ау, тым болмаса өзің қолыңнан түсірмейтін Аяныңды неге сұрамайсың?-деп жылапты сонда жары.

- А, не дейсің? Ол әлі тірі ме еді?-деп Сәкен селк ете қалыпты.

- Қой, қайдағыны айтпа. Аяның үйде, сені сағынып жүр,-дейді Гүлбаһрам.

- Әй, бір жаман түс көріп едім...-деп күмілжіпті Сәкен. Бұдан әрі сөйлеуіне мүмкіндік бермей, қарауыл солдат Сәкенді тас камераға қайта дедектетіп, алып кетіпті.

Ақыры Сәкеннің сол түсі айна-қатесіз тура келді. Тұлпардың артында қалған жалғыз тұяқ Аян көп ұзамай Алматыдан қашып шығып, Көкшетауға бет алған анасының қолында жолаушылар поезының ішінде қатты ауырып, қайтыс болған.

Гүлбаһрам бір татар кемпірдің көмегімен кішкентай Аянын мұсылмандар қорымының бір шетіне көмген екен. Осы бертінде көкшетаулық азаматтар Аянның басына «Бұл жерде Сәкен сұңқардың бір тал қауырсыны жатыр» деп белгі тас қойды.

Сәкен 1938 жылдың 26 ақпанында өзіне ату жазасын кескен «үштік» сотының үкімі шығар алдындағы соңғы сөзінде:

- Мен тергеу кезінде ауыр азаптауларға шыдай алмай, жазушы Галина Серебрякованың контрреволюциялық ұйымға қатысы бар деуге мәжбүр болдым. Сол сөзімнен бас тартамын. Адал адам ретінде өлгім келеді!-депті.

НКВД жендеттері қанша жерден «сындырса» да, сын сәтте Сәкен Сейфуллин қатайып, өзінің бекзат болмысына қайта оралған. Бұл – айтар ауызға ғана оңай.

Ақбоз атты құлатқан – жала-керме,

Магаданға мола іздеп бара берме.

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге! - деп Алаштың ақберен ақыны Ғалым Жайлыбай айтпақшы, Сәкен – қазақ халқының көгінде мәңгі жарқырап тұра беретін жарық жұлдыздарымыздың бірі.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қарағанды қаласы