МҰХТАР ШАХАНОВҚА МАХМҰТ ҚАШҚАРИ СЫЙЛЫҒЫ БЕРІЛДІ
2015 ж. 14 сәуір
4732
12
Біраз уақыт бұрын баспасөз беттерінде Пәкстан Ислам Республикасының Президенті Мамнун Хусейн мырзаның қазақтың атақты ақыны, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа күллі мұсылман әлемінің жоғарғы сыйлығын табыс еткені туралы қуанышты хабар жарияланып еді. Жуырда Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында Әзірбайжан-Түркия қоғамының (ATEV) бекіткен Махмұт Қашқари атындағы Түркі әлемінің Халықаралық сыйлығы тұңғыш рет М.Шахановқа салтанатты түрде табыс етілді.
М.Шахановтың Әзірбайжан Республикасында болуы құрметіне мемлекеттік телеарнадан екі дүркін, бір рет бір жарым сағат, екіншісінде қырық бес минут тікелей эфир ұйымдастырылды. Бұл шара ақынға деген Әзірбайжан оқырмандарының ыстық ықыласын әйгілесе керек. Тікелей эфирде ақын әлемнің көптеген мемлекеттерінде материалдық байлықтың, спорттың, жеңіл әндердің бірінші қатарға шығып, адамды адами биікке көтеретін рухани құндылықтардың ең кейінгі қатарға ысырылғаны туралы айтты, бір кезде Шыңғыс Айтматов екеуі бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» (Ғасыр айырығындағы сырласу) атты кітапта өзбек бауырлар арасында туған ағасының қызы туған інісінің баласына тұрмысқа шыға беретіндігін, мұндай әрекеттердің адами болмысқа едәуір деңгейде залалы болатынын, тіпті бір қырғыз ғалымының адам түгілі малдың өзі төрт ұрпаққа дейін қосылмауы керектігін дәлелдегені жайлы әңгімеледі.
Сонымен қатар М.Шаханов «Құз басындағы аңшының зарын» Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтың оқып, Айтматов екеуімен арнайы жолыққанын, кейіннен И.Каримовтың өзбек бауырлар арасында осы қалыптасқан дәстүрге қарсы арнайы заң шығартқанын айтты. Тікелей эфирге қатысып отырған Әзірбайжанның белгілі ақыны, Парламент депутаты Сабыр Рүстемханлы осындай дәстүрдің әзірбайжан ұлтында да бар екенін, кезінде Айтматов пен Шаханов көтерген мәселе төңірегінде Әзірбайжан елінде де арнайы заң қажеттігі туралы, осы мәселеге бұдан былай өзінің де бел шеше араласатындығын мәлімдеді.
Әзірбайжан бауырлар сонау Совет Одағы салтанат құрып тұрған кезеңде Наурыз мерекесін тірілткені үшін және одақтас республикалардың тілдеріне мемлекеттік мәртебе берілуіне себепкер болғаны үшін М.Шахановқа алғыс сезімін білдірді.
М.Шаханов Түркі әлемі зиялылар одағының төрағасы ретінде Әзірбайжан Республикасында Зиялылар одағының бөлімшесін ашты. Бөлімше басшысы болып Әзірбайжан Парламентінің депутаты, белгілі ақын С.Рүстемханлы бекітілді.
Н. ЖҮСІПБАЙ.
Г. САДЫРБАЕВА.