- «Shyn.kz» сайты «Түркі әлемінің бірлігі деген сылтаумен жиі бас қосып тұратын бір топ бар. Соңғы кездері бұл топтың жиындары жиі өтеді. Бұлар мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін «төңкеріс технологтары». Ұйымдастырушылардың бірі Айдос Сарым» деп айды аспанға бірақ шығарыпты. Сіз не дейсіз?
- Шынын айтсам, «shyn.kz» сайтының жазғандарына назар аудара бермеймін. Шыннан гөрі жыны басым сайт деп санаймын. Алайда атым аталып, түркі бірлігі деген қасиетті, стратегиялық маңызы бар тақырыпқа қарсы пікір айтылғандықтан ғана қысқаша жауап беруге тырысайын. Түркі бірлігі, түркі мемлекеттері мен дәулеттерінің интеграциясы еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қалудың бірден бір жолы, тәсілі. Егер әлдебіреулер бұдан қауіп көріп тұрса, олар қазақ тәуелсіздігінің, түркі идеясының жауы демекпін. Бұған қарсы тек еуразияшыл, ресейшіл күштер болуы ықтимал. Және де өзінің діни көзқарастарын ұлтынан, жерінен биік санайтын, "Ислам халифатын" іштей армандап жүрген топтар да бұндай идеяларға қарсы шыға алады. Өз басым әр бағыттағы, саладағы түркі бірлігін аңсайтын үлкенді-кішілі жиындарға қатысып, кейбіріне мұрындық болуға тырысып жүргенімді ешқашан жасырған емеспін. Кезінде Ресейдегі түркілердің, оның ішінде татар, башқұрт сияқты ағайынның империяға қарсы күресі еліміздің отарлануын кем дегенде 200-300 жылға дейін шегерді. Бүгін осы ұлттардың басына қауіп төніп отыр. Ұлт, этнос ретінде жойылып кету қаупі де бар. Оларға рухани, ақпараттық, саяси қолдау көрсету - біздің ағайындық, адами, ұрпақтық, туысқандық борышымыз, тарихи міндетіміз деп санаймын. Сондықтан өмірі мен ұлтының шынын аяқасты етіп, оны жалған утопиялық көзқарасы мен нанымына ауыстырып алғандарға осылай ғана жауап берер едім. Бірақ, дәл бүгінгідей жалған ақпарат таратуға негізделген тірлігін жалғастыра беретін болса, өз басым қарап отырмаймын. Сот бар, құқық органдары бар дегендей.
- Жалпы бір байқағанымыз осы күндері shyn.kz секілді сайттарда, әлеуметтік желілерде бір топтың «жанайқайы» жиілеп кетті. Мемлекет атынан, мемлекеттің заң шығарушы органдарының атынан сөйлеуді құзретіне алды. Бұларға мұндай құқықты кім берген және неге сонша өздеріне сенімді?
- Мені таң қалдыратын мынадай жағдай бар. Бүгінгі билік, оның жанындағы кейбір топтар қазақ елі мен мемлекетінің жайын, тағдырын, болашағын ойлап жүрген ұлтшыл топтарға емес, өзінің шынайы ойын жасырып, қазақ деген тақырыпты бетперде етіп, тақия киген діни бағыттағы топтарға арқа сүйегісі келеді. Шындап келетін болсақ, осы бағыттағы кейбір азаматтарға қазақ мемлекеті де, оның президенті де бес тиын. Түпкі армандары кез-келген жолмен билікке жету, осында ИГИЛ сияқты халифат орнату. Соған бола президентті құдайға да, пайғамбарға да теңеуден қорықпайды. Осынысымен жақындап алғысы бар. Қазақ ұлтшылдары, шынайы қазақ ұлтшылдары, мысалы, президентті сынауы мүмкін, оны жақсы көруі немесе жек көруі мүмкін, бірақ ұлт, жер, мүдде мәселесіне келгенде мемлекеті мен ұлтына ешқашан қарсы келмейді. Билікпен сөз таластыруы мүмкін, бірақ билікті құлату үшін мемлекетті құлатуға ешқашан бармайды, оған жол бермейді.
- Cізді «кері төңкерісші» санаушылар таксимен жүретініңізге де "алаңдапты". Көлік сатып алу ойыңызда жоқ па?
- Өз басым автокөлік дегенді білмеймін, түсінбеймін. Баяғыда бір-екі рет рульге отырып, досымның көлігін ұрып алғаным бар. Сосын бұл маған жақпайтын дүние екен деп шешкем. Икемім жоқ, не қылайын?! Сондықтан көптеген жағдайда кешікпеу үшін таксимен жүретінім шындық, ғылыми факт. Мүмкіндігі болса, асығатын жер болмаса жаяу жүрер едім. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, адамның ағзасы ширығады, күш алады. Және де осындай қисық пікір жазушы жігіттерге таңым бар. Не деген бишаралық десеңізші! Қырыққа келіп, отбасымды асырай алмасам, өзімнің жүріс-тұрысыма жағдай жасай алмасам маған сын емес пе? Әлде олардың түсінігінде ұлт мәселесін айтып жүргеннің барлығы кедей-кепшік болып, тезек теріп жүру керек пе екен? Таңданамын! Қазақ мәселесін айту үшін крестьяннан шыққан жарлы-жасыбай болу керек деген тап-таза советтік ұстаным емес пе? Егер ұлт мәселесін айтып жүрген азаматтар өзінің басының жағдайын жасай алмаса, отбасысын қамтамасыз ете алмаса, қажет кезінде таксиге міне алмаса, онда елінің, ұлтының жағдайын қалай жасамақ? Аталмыш мақалада "мемлекеттен үй алған" деген сияқты да жалған пікірлер де бар екен. Шыным мынау: тұрып жатқан үйімді өз ақшама сатып алғанмын, мысалы. Сондықтан ауызна келгенді айтып, жұртты шатастырып, үре берудің өзі олардың діни ұстанымымен қалай жанасатынына таңым да жоқ емес. Өздеріне ұнаса үре берсін. Мемлекеттің соты бар, одан қалса Құдайдың соты да жоқ емес. Қайсысынан көбірек қорқады екен өздері?
Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ
Дереккөз: skifnews.kz
Қазақ ұлтшылдары билікті сынауы мүмкін, бірақ мемлекетіне ешқашан қарсы келмейді
2015 ж. 05 наурыз
2931
8