Тас төбесіне тау құлағалы келе жатса да тырп етпейтін аса салмақты мына мені алаңдату-абыржыту, үркіту-үрейлендіру – қиынның қиыны. Одан да мүшкіл бір дүние – Оспанхан Әубәкіровтың «жалғыз қалғанда қалпағымен әңгімелесіп, бәтеңкесімен ұрсысатын...» сөзшең кейіпкеріне қарама-қарсы болса да, оңашада рахаттана ойға беріліп, қиялымен қия шарлайтын бұ пақырыңызды бірдеңеден жалықтыру.
Иә, менің оңайлықпен ішім пыспайды. Тіпті әлдебіреудің жылаңқарағы жоқ сылдыр су әңгімесінің өзін айрықша ықыласпен тыңдап... отырғандай қалып таныта аламын. Шын мәнінде оның бетіне бедірейе қарап, арасында бас изеп отырғаныммен, басқа – өзіме қажетті һәм қызықты нәрселерді ойлап кететінім де рас. Яғни, ширек ғасырға созылған шикі спектакльдің өзі мені аса зеріктіре қоймайды.
Сондықтан да мен сонау өзім мектеп бітірген жылы басталған Көпсериялы Көркем Қойылымның бұдан әрі де жалғаса беруінен еш қорықпаймын. Өйткені, айттым ғой – оңайлықпен жалықпайтын адаммын. Рас, бастапқыда, Қойылымның алғашқы серияларында сергек едім. Оның үстіне, көз алдымдағы іс-әрекет те, айтылған сөз де, тасталған ұран да әу баста тартымды һәм қызықты болатын. Сахнадағы саңқылдаған үн, сайраған әуенге әбден елігіп, ентелегенім сондай, елді киіп-жарып, көптің алдына шығып кетуге сәл қалғанмын. Бірақ көп ұзамай оқиғасы қайталанып, сөздері сұйылып, әртістер жасандылыққа ұрынып, Қойылым жұрттың ішін пыстыра бастады. Тіпті ештеңеден зерікпейтін менің өзім бір-екі рет қалғып кете жаздадым. Сахна төріндегі сайыпқырандардың сөзі бір басқа, ісі бір басқа боп, өзгеріп кетті. Залдағы жұртшылық ептеп наразылық танытуға көшті.
Бірақ көрерменмен жұмыс істеп үйренген Театр қызметкерлері екі арада тұрып алып, залдағылардың наразылығын сахнадағыларға жеткізбеді. «Мына жұрт неге шулап жатыр, тыныш отырып тамашалай ма?» деп әншейін сұрап қойғаны болмаса, сахнадағы актерлер мен оның сыртындағы режиссерлер шын мәнінде залдағы елдің неге наразы болып жатқанын білгісі де келген жоқ. Наразылық күшейе түсті. Тәртіп бұзған бірнеше шыдамсыз көрерменді сақшылар ұстап алып, ұрып-соғып, ақыры залдан шығарып алып кетті. Қайда әкеткендерін білмедім.
Бұдан соң жұртшылық ренішін ашық білдіруге батпай, оңашада өзара күңкілдеумен болды. Шығып кетуге болмайды – рұқсат жоқ. Қойылымды көре берейін десе – қызықсыз; жәй қызықсыз болса мейлі-ау, енді әртістерің залдағыларды көпе-көрнеу мазақ қылуға көшіпті! Амал жоқ, төзе тұруға тура келеді.
Көпсериялы Көркем Қойылым әлі күнге жалғасып жатыр. Көрерменнің көңілі қазір көтеріңкі. Рас, спектакль сапасының күрт жақсаруынан емес, сахнадағы әртіссымақтардың ақылға сыймайтын өтірік ойындарына күлуден. Біз күлген сайын сахнадағылар да шабыттанатын болса керек, бұрынғыдан да рабайсыз, бұрынғыдан да қисынсыз, бұрынғыдан да күлкілі бірдемелер ойлап таба береді. Сірә, мына түрлерімен көрерменнің ішегін үзіп, ақыры өлтіріп тынатын шығар.
Мен бұл Қойылымның әлі жалғасып келе жатқанынан қорықпаймын. Шетсіз-шексіз дүние жоқ, мәңгі жүре беретіндей көрінген «Санта-Барбара» да бітті ғой! Сол сияқты мұның да бір нүктесі қойылар.
Менің қорқатыным – кейі-і-і-і-ін, мына спектакль финалына жеткен соң да, залдағы көрерменге басқа көрініс, басқа бағдарлама ұсынылғаннан кейін де, бізді «Шіркін, сол Көпсериялы Көркем Қойылым ғажап еді ғой, иә?! Жалпы тарихта дәл сондай халықтың көңілінен шыққан, дәл сондай қызық, дәл сондай мазмұнды Қойылым болып көрген емес-ау! Және ешқашан болмайтын да шығар!» деп, тағы да өтірік қол шапалақтатып, тағы да өтірік тамсантуға мәжбүр ететіні. Мен осы болашақ қорытындыдан қорқамын.
Сәкен СЫБАНБАЙ
oinet.kz