Алаш деп соққан жүрегі

Арап   Өзімнің шығармашылықпен айналысқан жолымда бір байқағаным, араласып – құраласып жүрген замандасың туралы сөз айту бір жағынан жеңілдеу болғанымен, екінші жағынан белгілі бір мөлшерде қиындау. Өйткені, ондай жағдайдың жауапкершілігі өз алдына, ал сенің жазған-сызғаныңа оқырман көзімен  қатар кейіпкер ретінде қалам тербеген адамның пікірі, көзқарасы қалай болады деген алаңдаушылық сезім болатындығын азды-көпті тәжірибемнен байқағандаймын. Ал оның мән-жайы, кейіпкерің сенің сөзіңнің қалай шыққанын, дұрыс - бұрыстығын, түйіп айтқанда ақиқатын бірден байқайды. Сонымен бірге ол адамның өмір жолы, қызметі мен сіңірген еңбегі, қоғамдағы орын - беделі белгілі бір мөлшерде тар шеңберден асып, ауқымдырақ болса, соның қайсысы маңызды, қалай бастап, қалай аяқтаған жөн... деп тығырыққа тірелетін жағдай болып тұрады. Осы жолы да, ойға алған іске кірісейін деген шешімге келгенде айтылған мәселе алдымызды кес-кестегені жасырын емес. Дегенмен, нартәуекел деп қолға қалам алдық. Ал оған себепші болған таяуда қолымызға тиген «Алтай – Ертіс кітапханасы» сериясымен «Фолиант» баспасынан жарық көрген профессор Арап Еспенбетовтің екі томдық шығармалар жинағы. Сұлтанмахмұт мұрасын ардақтаған ғалым Еспенбетов Арап Сләмұлы - әдебиет зерттеушісі, сұлтанмахмұттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы (1993), профессор (1994), ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері (1987) ... деген деректерді 2010 жылы Павлодардан шыққан «Сұлтанмахмұт Торайғыров» тұлғалық энциклопедиясынан оқыдық. Айтты айтпады, бар болғаны 27 жыл өмір сүрсе де қазақ халқының аңсаған ой-арманын, данышпандығын бойына сіңірген, оның өмірі мен тұрмысын, әлеуметтік сана, рухани бейнесін түгелдей қамтып жырлаған, қыршын жас кеткен талантты ақын С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына арналған энциклопедияға кіруге лайық тұлғаның бірі ғана емес бірегейі де осы Арап Сләмұлы деп есептейміз. Оны жоғарыда сұлтанмахмұттанушы ғалым деп атап кеткен айшықты сөз ғана емес, ары қарай жалғасқан көлемді мақаланың өн бойынан байқайсыз... Ал біз жоғарыда аталған қос томдыққа оралып, тағлым аларлық кейбір тұстарына тоқталайық. Бірінші томға ғалымның қазақтың үлкен екі ақыны Ш.Құдайбердіұлы мен С.Торайғыровтың мұрасына арналған зерттеулері еніпті. Шәкәрімтану ғылымына арналған бірінші бөлімде ақынның беймәлім болып келген көсемсөздері зерделеніп және тағы бір тың тақырып Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт арасындағы рухани байланыс мәселелері сөз болса, ал екінші бөлімінде С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы жан-жақты қарастырылған. Жалпы, сұлтанмахмұттану саласы ғалымның ғылымдығы саналы ғұмырының ең өзекті тақырыбы, ғылыми кредосының айшықты мән-маңызын ашқан сүбелі арнасы деп түсінеміз. Ашылмаған аралдар секілді, тың тақырыптардың көпшілікті айтпағанда алғашында зиялылар тарапынан құптаушылық, түсінушіліктің бола бермейтіні бар. Айталық, не айтса да тауып айтатын, қысқа да нұсқа сөзімен нысанаға дәл тигізетін біртуар ақын Қадыр Мырза Әлінің биыл 100 жылдығы тойланып жатқан атақты жазушы І.Есенберлин жөнінде: «Есенберлин Ілияс қызық еді, Ерейменнің сілемі, үзігі еді. Арк­тика мұзындай тақырыпты,  Алғаш рет бір өзі бұзып еді» деген жыр жолдары бар екен. Иә, шын мәнінде солай болғаны белгілі. Өйткені, І.Есенберлин бұған дейін сіресіп жатқан тоңды бұзып, өзінен кейінгі қаламгерлерге қазақ тарихына апарар жол салып берген тұлға еді. Осындай ұқсастықты А.Еспенбетовтің өмір жолы, қызметі мен шығармашылығынан байқағандаймыз. Өйткені, сонау 60-ші жылдардың аяғынан Сұлтанмахмұт шығармашылығын зерттей бастаған тұста кейбіреулердің ғылымдағы жолын енді бастаған жас туралы «бұл баланың өзі Абай ауылының тумасы, Қайым Мұхамедхановтан тәлім алған, шәкірті, сондықтан зерттейтін тақырыбы абайтану мен мұхтартану емес пе, артында бәлендей мұра қалмаған Сұлтанмахмұтты зерттеймін деп не опа табар дерсің?» дегендей қаңқу сөздер болғанын құлағымыз шалған-ды. Алайда «талапты ерге нұр жауар» дегендей, ізденгіш, ыждаhатты жас осынау пікірлердің бәрін жоққа шығарып,  сұлтанмахмұттану ғылымына дендеп бойлап, қажымай-талмай еңбек етті. Әрине, оның бұл тақырыпта өзіндік сара жол салуына әйгілі ұстаздары Б.Кенжебаев, З.Қабдоловтардың да акыл-кеңесі, тәлім-тәрбиесі зор екендігін жоққа шығаруға болмас. Сонымен, сөзіміз жалаң болмас үшін ғалымның осы саладағы атқарған еңбегіне назар аударайық. 1973 ж. Қазақ ССР-і «Білім» қоғамының тарапынан «С.Торайғыров» кітапшасын шығарды (проф. Б.Кенжебаевпен бірге). 1974 ж. қазақ және орыс тілдерінде С.Торайғыровтың тұңғыш ғылыми-библиографиялық көрсеткішін құрастырып шығарды. Онда ақын мұрасы жаңаша, соны сипатпен пайымдалып, өміріне қатысты мәліметтер Мәскеу, Қазан қалаларындағы мұрағаттардан алынған құнды деректермен толықтырылды. 1975 ж. «Сұлтанмахмұт Торайғыров лирикасы» деген тақырыпта (ғылыми жетекшісі – проф. Б.Кенжебаев) кандидаттық диссертация қорғады. 1992 ж. «Ғылым» баспасынан «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атты монографиясы жарық көрді. Бұл ғылыми еңбекте ол ақынның «Айтыс», «Таныстыру», поэмаларын, «Алаш ұраны», «Жаңа кітап», «Топырақ», «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына» деген шығармаларын алғаш рет баспа бетіне жариялап, ғылыми айналымға енгізді. 1993 ж.  ҚР ҒА-ның Әдебиет және өнер институтында «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады (ғылыми кеңесшісі – академик З.Қабдолов). 1993 ж. «Ғылым» баспасынан шыққан ақынның академиялық үлгідегі шығармаларын құрастырушылардың бірі ретінде ол жинақтың түсініктерін түзуде Торайғыровтың мұрасын жинауға қатысты Ж.Аймауытовтың, Б.Кенжебаевтың, М.Жармұхамедов пен Б.Ақмұқанованың түсініктерін, текстологиялық саралау жасауда ақынның 1922, 1933, 1950, 1967, 1987 жж. жарық көрген кітаптарын, «Айқап», «Абай», «Таң» журналдары, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған мақалаларды жан-жақты салыстыра қарап, ғылыми сараптамадан өткізген. 2008 ж. «Раритет» баспасынан «Шәкәрім және Сұлтанмахмұт» деген монографиясы жарық көрді. 2010 ж. шыққан «Сұлтанмахмұт Торайғыров» тұлғалық энциклопедиясының редакциялық алқасының мүшелігіне еніп, ондағы жарық көрген негізгі мақалалардың авторы болды. Міне, бұл  А. Еспенбетовтің сұлтанмахмұттану ғылымына қатысты сіңірген еңбегінің тек «құрғақ» деректер мен дәйектер арқылы біз санамалаған көрінісі ғана, ал оның астарында қырық жылға созылған тынымсыз ізденістер мен ой-пайымдаулар, жанкешті еңбектің жатқанын баса айтқымыз келеді. Оның өзі бүгінгі жас ғалымдардың келешектегі зерттеулеріне біршама жүк болар деген ойдамыз. Қайым мен Арап немесе ұстаздан ұлағат Зиялы қауым, қазақ жұртшылығы Қайым Мұхамедханов есімін жақсы біледі. Ол – Қазақстанның тұңғыш әнұранының (гимн) авторы (1945) болған ақын. Әдебиетші. Жазушы. Драматург. Абайтанудың хас білгірі. М.Әуезовтің дос інісі, оның өмірі мен шығармашылығын алғашқылардың бірі болып, зерттеп зерделеген ғұлама ғалым. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Міне, осындай айтулы тұлғаның Семейдегі педагогикалық институт қабырғасында төрт жыл дәрістерін тыңдаған шәкірті, кейін отыз жылдай бір кафедрада қызметтес болған үзеңгілес әріптесі – Арап Еспенбетов. Бұл жерде жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Камен Оразалин, академик Ғарифолла Есім, профессорлар Қуандық Жүсіп, Қинаят Шаяхмет секілді елге белгілі кісілердің де ерек тұлғадан дәріс алып, тәлім–тәрбиесін көргенін айта кеткеннің артығы бола қоймас. Сондықтан болашақ профессордың қандай адамның мектебінен өткенін бағамдай беріңіз. Ғалым өзінің Қайым Мұхамедханұлы туралы жазған «Санамызға нұр құйды» (2005) деген естелігінде «Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабайұлы есімдерін алғаш Какең аузынан естідік. Бірде Сұлтанмахмұт ақынның бізге бейтаныс өлеңдерін жатқа оқып еді» - десе, келесі бір жолда  «... абайтануды ғылыми қалыпқа түсіріп, жүйеге келтірген, негізін салған Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Бұл тарихи, ғылыми шындық. Қайым аға – Мұхаңның ісін ілгерілеткен, абайтанудың ауқымын кеңіткен екінші тұлға. Бұл да – ақиқат.», - дей келе, тағы бір жерінде «Абайтану – Қайым Мұхамедхановтың да шәкірттердің де сүйікті курсы. Оның себептері бар. Абай тақырыбы – ғылыми жетекшісі М.Әуезов  ізденістерінің негізгі нысаны, бас тақырыбы. Ұстазының үлгісімен Абайды, оның ақындық айналасын зерттеуді өмірдің мақсатына айналдырған», - деп жазыпты. Ал осындай сөздерді айтып отырған шәкірті Араптың да ұстаздан көрген үлгі-өнеге, тағлымын бойына сіңіріп, олардың жолын лайықты жалғастыра білгенін оның шығармашылығынан анық  байқаймыз. Оның айқын дәлелі ғалымның жоғарыда аталған қос томдықтың екінші кітабына енген «Абай арманы – барша қазақтың арманы», «Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері». «Абай мұражайы және өлкетану», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Абай оқыған кітапхана», «Әбіш Жиреншин – абайтанудың көрнекті өкілі», «Абайдың туған күнін шатастырмайық», «Семей мұрағаты және мұхтартану тарихынан», «Мұхтар Әуезов көсемсөзі академик Р.Нұрғали зерттеуінде» және т.б. мақалалары. Осы тұрғыдан келгенде «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз осы Арап Сләмұлы секілді үлкендер жолын жалғастыра білген «ұғымтал» та зерделі, ұлтжанды шәкірттерге арналған секілді. Алаш дегенде алабөтен жүрегі... Алаш дегенде ХХ ғасырдың басында қазақ даласы қала берді бүкілресейлік аренаға жарып шыққан Әлихан Бөкейхан бастаған алыптар шоғырын айтатынымыз белгілі ғой. Міне, осындай бірінен бірі өтетін сан қырлы марқасқалар арасынан өмірден жастай озып, Кеңестік биліктің қаhарына  ілінбей қалған Сұлтанмахмұт ақынның шығармашылығын сонау «тоқырау» заманынан  өзінің зерттеу нысаны ретінде таңдап алған Арап Сләмұлының тәуелсіз қазақ елінің таңы атып, арыстарымыз ақталып жатқанда Алаштану тақырыбынан шет қалған жоқ. Бей-жай қарамай, тың  ізденістерге барды, көсіле шапқан тұлпардай, шабытына шабыт қосты. Оны қос томдықтың беттерінен де анық көруге болады. Алғашқы кітабының бірінші бөлімінде бес арыстың біріне баланған Шәкәрім шығармаларының философиялық көркемдік мәні, Шәкәрімтанудың бүгіні мен болашағы, Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт арасындағы рухани байланыс, Шәкәрімнің көпке белгісіз болып келген көсемсөздері зерделенген. Сонымен қатар «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясына арнайы жазған мақалалары топтастырылыпты. Соның ішінде ғалым Шәкәрім мен Сұлтанмахмұтты жақындастыратын тарихи – биографиялық жәйттер және шығармашылығындағы философиялық, көркемдік ізденістердің үндестігін саралай келе «Абай – Шәкәрім – Сұлтанмахмұт арасындағы көзқарастағы бірлік, танымдағы туыстық таң қалдырып, таңдай қаққызады еріксіз», - деген ой түйеді. Сонымен қатар, тікелей Алаштану тақырыбына «Ой өзегі – Алаш әдебиеттануы», «Алаштың үні «Сарыарқа», «Көп қырлы талант» (Ж.Аймауытов туралы – Ө.С.), «Алаш арыстарының абайтануға қосқан үлесі», «Алаштың азаматы Бияш», «Қазақ баспасөзінің қарлығашы», «Жүсіпбек Аймауытов және Семей баспасөзі» деген еңбектерін арнады. Оларға үңіле қараған адамды алаш кезеңінің не бір қилы сәттеріне қатысты  ғалымның деректілік тұрғысынан қозғаған ой түйсіктері дәлелдігімен, тарихи-танымдық сипатымен ерекшеленеді. Бұдан басқа «Абайтанудың алғашқы қарлығашы» атты 1909 жылы Санкт – Петербургтен шыққан Абайдың тұңғыш кітабы жайлы зерттеуінде ақын өлеңдерінің тұңғыш рет жинақ дәрежесінде қазақ оқырмандарына жетудегі Әлихан Бөкейханның еңбегінің қаншалықты зор болғанын, Алаш көсемінің 1905 – 1908 жылдар аралығында Павлодар, Семей, Омбы абақтыларындағы тұтқындық қамытын киген ауыр жағдайына қарамастан Кәкітай мен Тұрағұлға ақыл–кеңес беріп, баспадан шығаруға барынша ықпал еткенін, қорытып айтқанда Әлекеңнің абайтанудағы орнын айқындай келе, осы саладағы Сұлтанмахмұт, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатовтардың да бір–бірін қалай толықтыра, қостағанын зерделеп, Абай мұрасын зерттеудің ұзақ – сонар бай тарихының басталу кезеңі жайында жаңаша көзқарас тұрғысынан айтқан пікірін «Абайтанудың туып, қалыптасуында Алаш қайраткерлерінің үлесі аса қомақты екендігін бар дауысымызбен жар салып айтуымыз абзал», - деп тұжырымдайды. Бұған қоса Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті қабырғасында ұдайы өтіп тұратын «Абай арманы» клубының отырыстарына белгілі алащтанушы ғалымдар Т.Жұртбай, С.Аққұлыны шақырып, олардың бұрын жабулы жатқан тарихтың ақтаңдақтары туралы сындарлы ой – пікірлерінің студенттер мен зиялы қауым өкілдерінің зердесіне жетуіне ұйытқы болып, кездесулерді ұйымдастыру, жүргізу шараларының басы – қасында өзі жүруі Арап Слямұлының Алаш дегенде жүрегі алабөтен екенін білдірсе керек. Тұлғалар туралы тұрлаулы сөз айтушы А.Еспенбетовтің шығармаларының екінші кітабындағы «Тұлғалар. Толғаныстар» және «Көзкөргеннің баяны» деп аталған бөлімдеріне ұстаздары мен тұстастары жайлы еңбектері еніпті. Онда ғалым қазақ әдебиеті тарихынан ойып тұрып орын алатын Сәкен Сейфуллин, Зәки Ахметов, Серік Қирабаев, Әзілхан Нұршайықов, Медеу Сәрсеке, Рымғали Нұрғали, Сейіт Қасқабасов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай секілді тарлаңдар мен жампоздар жөніндегі жүрекжарды ойларымен бөліседі. Ондағы тұлғалар болмысы, даралық сипаты, ақыл-ой асқарлары, қайраткерлік санаты, ғалымдық таным-көзқарасының тереңдігі жайлы толғаныстарын оқырман жүрегіне жол тауып, санасына ұялайтындай көңіл таразысына ерекше бір құрмет, ілтипатпен сипаттауынан ғалым-ағаның шеберлік дәрежесінің қаншалықты биікке көтерілген бағамдайсыз. Сонымен қатар оның қазақ халқының мақтанышына айналған ұстаздары, біртуар ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев пен Зейнолла Қабдолов туралы ой-толғамдарындағы олардың ғалымдық келбеті, қаламгерлік қарымы мен шеберлік қырын, ой сезімталдығы мен ақыл-парасат тереңдігін, бітім-болмыс, жаратылысы мен жайсаңдығын, құрмет ұялатар істері хақында риясыз көңіл, шынайы сезіммен ой өрнектеген еңбектері тартымдылығымен ерекшеленеді. Академик З.Қабдоловтың ұстаздық, қаламгерлік, ғалымдық қырларына арналған «Әдебиетіміздің абызы» атты мақаласында «Асылдарымызды дәріптеу, алыптарымызды асқақтату қашанда абыройлы міндет екендігін естен шығармауға тиіспіз» деп жаза келе... «З.Қабдоловтың ғылыми-шығармашылық мол мұрасы сөз өнерінің өркендеу жолындағы адастырмас темірқазығына айналып, заң құбылып, заман өзгерсе де өзінің құндылығын, мән-маңызын жоймай, уақыт озған сайын жалпы жұртшылықты рухани әсерге, эстетикалық ләззатқа бөлеуден айнымай келеді», - деген сөз айтады. Ал Б.Кенжебаев жайында ой толғау барысында:  «Егер де ғалымдар мен ақындарды білмекке құмарлық тудырады десек, шәкірттерінің бойына еңбекқорлық пен ізденімпаздықты дарытып өткен ғалым. Ұстаз ұлағатының арқасында оншақты ғылым докторы және қырықтан астам ғылым кандидаттары бүгінгі әдебиеттану саласында ғалым ұстанған сара жолды жалғастыруда. Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубаева сынды шәкірттері – қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері», -  деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырымды, бүкіл саналы ғұмырында ұстаздық пен ғалымдықты тең ұстап, қатардағы оқытушыдан университет ректорлығына дейін көтеріліп, көптеген шәкірттер тәрбиелеп, бір доктор мен жиырмадан астам ғылым кандидаттарын дайындап шығарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, бүгінде парасат биігіне шыққан тұлға – Арап Сләмұлы Еспенбетовтің өзіне де қатысты айтсақ, артық емес. Өйткені, жоғарыда өрілген ой-толғамдарымыз осының айшықты дәлелі деп білеміз.   Өмірзақ Сұлтанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты