«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛАШ ИДЕЯСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
2014 ж. 19 желтоқсан
5576
0
Алаш идеяларын бүгінгі және келер күндерге жаратуға бағытталған бағдарлама жобасы
2014 жылдың 13-інші желтоқсанында Астана қаласында «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің Пленумы болып өтті. Онда Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының жаңа Саяси бағдарламасы қабылданды. Бұл партия өміріндегі үлкен оқиға. Партияның Орталық кеңесі сондай-ақ тағы бір аса маңызды шешім қабылдады. Партияның Саяси бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде әзірленген «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының жобасы» негізге алынып, оның аса маңызды құжат екендігі ескеріліп, ол барлық партия ұйымдарында екі ай ішінде кеңінен талқыланып, Жыл басы - наурыз айының 22-і қарсаңында партияның жоғары басшы органдарының бірімен қабылдануы үшін ұсынылатын болды. Бұл іс жүзінде Партияның жаңа Саяси бағдарламасымен қатар Алаш тақырыбы бойынша жеке Бағдарлама қабылданатын болып отыр деген сөз. «Ақ жол» партиясы үшін атқарылуға тиіс шаралардың практикалық жағы маңызды. Біздің дәстүрге енген Жалпыұлтты байқауымыздың, оның қорытындыларымен шығып жатқан кітаптар сериясы тіпті де тегіннен тегін «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» аталып отырған жоқ. Алаш біз үшін өткен шақ қана емес, ол біз үшін осы шақ және келер шақ. Бізге Алаш тарихына жаңаша көзқараспен қарап, атқарып жатқан істерімізді дамыта отырып, Алаш идеяларын, бастамаларын, құндылықтарын бүгінгі және келер күндердің кәдесіне жаратуға бағытталған, замана талабына сай кешенді іс-шаралардың жиынтығын қамтып тұжырымдау керек болды. Бағдарламада Алашорданы (2017 жылы құрылғанына 100 жыл толады), Әлихан Бөкейхан (2016 жылы туғанына 150 жыл толады) бастаған Алаш арыстарын лайықты ұлықтау бойынша нақты ұсыныстарымызды жария етіп, Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары мен көзқарастарының қысқаша тұжырымдамалық негіздерін жасадық. Соған сәйкес бағдарламалық міндеттеріміз бен оны орындаудың тетіктерін белгілеуді жөн деп таптық. «Ақ жол» демократиялық партиясы, әрине, қолда бар мүмкіндіктер аясында әрекет етеді. Біздің қолымыздан тікелей келетін іс бар, біз ықпал етіп, атқарта алатын іс бар. Партия өзінің саяси-ағартушылық жұмыстарында - мемлекет пен қоғамды дамытудың келiсiмдi жолдарын қарастыру мақсатында тиісті мемлекеттiк органдармен, тарихи-ғылыми ортамен, қоғамдық бiрлестiктермен, өзге де Алаш тарихына бей-жай қарай алмайтын ұйымдармен өзара ынтымақтастығын дамытып, бiрлесiп iс-қимыл жасауға ұмтылады. Бағдарламада көрсетілген міндеттердің көпшілігін Қазақстан Республикасының үкіметінің қатысуынсыз шешу қиын. Сондықтан да «Ақ жол» партиясы өзінің Парламенттегі фракциясы арқылы Үкіметтің тарих, қазақ және қазақ елі болашағының алдындағы жауапкершілігін үнемі есіне салып, тиісті шаралар қабылдауды, қабылданған шешімдердің орындалуын талап ететін болады... «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың бастамасымен Алашқа қатысты жеке Бағдарлама жасауға талпыныс жалпы, Қазақстан Республикасы партия құрылысы тарихында тұңғыш рет болып отырғандықтан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің алаштанушы ғалымдарын бірлесіп жұмыс істеудеміз. Маңызы зор құжатты дайындауға аталған университеттің елімізге танымал алаштанушы ғалымдары Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлы кеңестерімен, нақты ұсыныстарымен атсалысты. Алаш десе «ішкен астарын жерге қойып», «жарғақ құлақтары жастыққа тимей» еңбек етіп жүрген осы абзал азаматтарға ынта-ықыластары мен нақты қолдаулары үшін зор алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Бағдарламаны өзі басқаратын, бүгінде бар қазақтың үніне айналған – «Қазақ үні» газетіне басып, жұртшылық талқысына ұсынуға мүмкіндік жасап отырған Алаштың ардақты азаматы, арқалы ақыны, әріптесіміз Қазыбек Исаға ризашылық сезімімізді білдіреміз. «Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталы оқырмандарына, жалпы осы тақырыпқа қызығушылық танытып, ой-пікірлерімен бөлісушілерге, Сіздер көтерген өзекті мәселелер мен құнды ұсыныстарыңыздың Бағдарламаның соңғы нұсқасында ескерілетінін хабарлаймыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы өтетін 2015 жылдың ұлттық тарихымызды ұлықтап, ұлтты әлемге танытуда және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруда үлкен рөл атқаратын, ұрпақтар эстафетасының сипатын иеленіп, қазақ тарихының кезеңдік белестері болып саналатын Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын атап өтуге байланысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды байыптап, тиянақтайтын жыл болуын тілейміз!Сәбит Байдалы, «Ақ жол» партиясы ОК хатшысы
«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛАШ ИДЕЯСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының
2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің
идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі
БАҒДАРЛАМАСЫ (жоба)
Бағдарлама қабылдаудың мақсаты және қажеттілігі
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елеулі табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды. Тұрақты нарықтық экономика орнықтырылды, тиімді мемлекеттік институттар құрылды, азаматтық қоғам дамып келеді. Қазақстандықтардың жаңа буыны өсіп жетіліп, өскелең өмірге қадам басты. Еліміздің экономикалық келбетіне елеулі өзгерістер енгізу үшін шикізат ресурстарын экспорттауға тәуелділікті азайту, отандық өндірістің және жоғары технологиялық секторлардың үлесін арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Әлеуметтік жаңару саясаты республика азаматтарының әл-ауқатын көтеруге және әлеуметтік көңіл күйін жақсартуға бағытталуда. Қазақ халқы рухани құндылықтарын, тілін және мәдениетін қалпына келтіріп, дамытуға мүмкіндіктер алды. Бұған ел ішіндегі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім оң ықпалын тигізуде. Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасуымыздың, орнықты сыртқы саяси бағытты ұстануымыздың арқасында Қазақстан жаһандық дүниеде лайықты орнын ала бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміз басшылыққа алатын жаңа саяси бағытын жариялады. Ежелгі ата-бабаларымыз – түркі жұрты қағандарының «Мәңгілік ел» манифесінде «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып»; ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының Алаш әнұранында «Енді Алашты ешкімнің Қорлығына бермейміз, Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп қалдырған «Мәңгілік ел» идеясы тарихи сабақтастықта қарастырылып, көне мемлекеттілік дәстүрлер жалғастырылып, жаңғыртылып, елдің болашағына қызмет ететін ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасына айнала бастады. Тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінің алғашқы сандарының бірінде (1913 жыл) ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Н. Бөкейхан: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді» деп жазса, Алаш көшбасшыларының бірі, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Бүгінгі қоғам кешегі күннің бауырынан туады» деген екен. Қазақтың қасиетті Ұлытауында Елбасымыз «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деп Ата тарихқа деген салиқалы ұстанымын айтса, оның артынша бастама көтеріп, елімізде 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатын болып, оған арналған іс-шаралар жоспары Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілді. Мұның өзі тарихшылар және басқа да ұлттық тарихты зерттеушілер алдына қазақ мемлекеттілігінің бастау көздеріне қайта оралуға, деректерді қайта саралауға шақырып отыр. Бүгінгі Қазақстан республикасы аталатын мемлекетіміз – ХY ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Бабаларымыздың ұлы істерін ХХ ғасырда жалғастыруды ниет еткен Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғанының көрінісі. 2017 жылы – «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы, ал одан бір жыл бұрын, 2016 жылы – сол қозғалыстың көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы. «Алаш» қозғалысының қызметі, оның ұстанған жолы және бағдарламасы ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда іргелі негіз қалағаны ақиқат. Жұртшылық Алаш идеясы – сол кезеңнің мемлекетшілдік идеясы болғанын, Алаш қозғалысы – жаңашыл жасампаздықтың, түп негізден ажырамай Еуропалық бағдарда дамудың көшбасшы бағыты ретінде қалыптасқанын байыптап келеді. Алаш ұғымының өзі бұрынғысынша «Керегеміз – ағаш, ұранымыз - Алаш» деген елдік ұстаным болған кездегідей ұғынылып, қазақ этнонимінің синонимі ретінде ұлттық құндылық болып орныға бастады. ХХ ғасырдың басындағы Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлерінің Алаш атын партияға да, үкіметке (ұлт кеңесі) де беруі – тарихқа адалдықтың, сол уақыттағы және болашақ бағдарды анықтаудың жолы еді. Кез келген халықтың тарихында гуманизм идеялары әйтеуір бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірін жасайды. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, ол азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналған. Абай дәуірінде «Бас-басына би болған» қазақ, Алаш тұсында бас біріктірді, ой біріктірді, қимыл біріктірді, елді бірлікке шақырды, еркіндікке сендіре алды. Оның негізінде Отанына, халқына, ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Алаш зиялыларының гуманизмі – олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі. Алаш қозғалысының нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ренессанстық сипатынының тамыры да осында. Қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шыққан, ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш қайраткерлерінің жүріп өткен жолын, ерлікке баларлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қымбатты құндылық. Сондықтан, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы осы екі мерейтойды да, тарихи заманалық аса маңызды оқиға ретінде бағалап, мемлекеттілік дәстүрдің сабақтастығын одан әрі бекіте түсу үшін, мемлекеттік деңгейде атап өту қажет деп санайды. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып, ұлттық тарихымызды ұлықтап, ұлтты әлемге танытуда және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруда үлкен рөл атқаратын 2015-ші жылдың – сондай-ақ, ұрпақтар эстафетасының сипатын иеленіп, қазақ тарихының кезеңдік белесін бейнелейтін 2016 – «Әлихан Бөкейхан», 2017 - «Алаш» жылдарының іс-шараларын байыптауға даярлық жылы ретінде есте қалғаны тіпті абзал болар еді. «Ақ жол» партиясы ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылатынын жариялаған партия. Алаш құндылықтары біздің партиямыз үшін басты саяси бағыт болып қызмет етеді. Бұл туралы сайлауалды тұғырнамамызда мәлімделген, бұл бағытты «Ақ жол» парламент қабырғасында да және одан тыс жерлерде берік ұстанып жүр және бұл жолдан таймайды. «Алаштың» базалық құндылықтары – ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің теңқұқықтылығы: Партияның Саяси бағдарламасында көрсетілген негізгі мақсатын орындауға, яғни әрбір азаматтың еркін дамуына, оның құқықтары және бостандықтарының сақталуына, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасының ұдайы көтерілуіне, сондай-ақ қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси өрлеуіне жету үшін қажетті жағдайлар жасауға қызмет етуі тиіс. Біз, Алаш аманатына адалдық танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғыза беруіміз керек. Яғни, біз үшін бұл теориялық ғана емес, ең алдымен, қоғамымыздың жаңғыруына, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе. Алаш қозғалысының, Алаш қайраткерлерінің мемлекеттің құрылысына, әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық мәселелерге, демократиялық, ұлттық-мәдени құндылықтарға қатысты көзқарастарының бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де қажеттілігі еш күмән тудырмайды. Бүгінгі «Мәңгілік ел» мұраты да Алаш жолын зерделей түссек, баянды болмақ. Алаштың дүниетанымын өткен шақпен ғана байланыстыру олардың рухтарына жасаған қиянат деп есептеу керек. Сондықтан да «Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға да тарату және олардың ХХ1 ғасырда да, әсіресе қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғыртуға қажеттілігі жөнінде 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықты қамтыған ортамерзімдік Бағдарлама (әрі қарай Бағдарлама) қабылдайды. Онда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жұртшылыққа танымал алаштанушы ғалымдарының ойлары мен ұсыныстары ескерілді. Алаш мұрасы – тым ауқымды мұра. Сондықтан да біз Алашорданы, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарын лайықты ұлықтау бойынша нақты ұсыныстарымызды жария етіп, Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары мен көзқарастарын негізінен үш бағытқа бөліп, оның тұжырымдамалық негіздерін жасай отырып, соған сәйкес бағдарламалық міндеттеріміз бен оны орындаудың тетіктерін белгілеуді жөн деп таптық. БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ 1.«Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы, демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы. Кез келген ұлт үшін мемлекеттілік басты құндылық болып табылады. Әлихан Бөкейхан айтқандай, мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық. Алаш идеясының өзегі де ұлттық мемлекеттік дербестік. Алаш көшбасшылары қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтты. Қазақтың белгілі тарихшысы Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтсақ «ХХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатысы басталды. Оның басы-қасында «Оян, қазақ» ұранымен шыққан, демократиялық Ресейдің құрамында қазақ елін еуропалық жолмен дамытуды, жаңғыртуды көксеген реформаторлар (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай) бастаған ұрпақ жүрген еді» («Егемен Қазақстан», 1996 жылдың 6-ыншы желтоқсаны). Түркістан автономиясын жариялаған Алаш қайраткерлерінің жапондықтарды үлгі тұтқан шығыстық (Мұстафа Шоқай) бағыттағы ұстанымдары да маңызды. Жапонияның өзі Еуропадан үйрене отырып, ілгері дамудың жолына шыққанын ескерсек, олардың ұстанымдарында алшақтықтар көп емес. Сол себепті де «Ақ жол» партиясы тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі – Еуропалық Одақпен ынтымақтастық болуы тиіс деп санайды. Қазіргі таңда егемен еліміз Еуропаның жетекші елдерімен үнқатысудың деңгейін едәуір көтеруге қол жеткізді. Еуропа мемлекеттері, олардың жоғары деңгейдегі технологиялық дамуын ескерсек, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруда біздің басты экономикалық серіктесіміз, Қазақстанның басты сауда және инвестициялық әріптесі болып қала беруі аса қажет. Сол себепті елде біздің азаматтарымыз үшін визалық режімді либераландыру жөнінде дәйекті жұмыстар атқарылғаны жөн. Қытай мен Ресей секілді екі алып елдің ортасында отырған бізге Еуроодақпен де сенімді серіктес болу өте маңызды. Сонымен қатар тағы бір маңызды бағыт – Түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтастығынан, мәдени, рухани, саяси және экономикалық қарым-қатынасын нығайтудың қажеттілігінен туындайды. Тегі бір, тілі бір, тарихы ортақ түркі халықтарының тұтастығын Алаш қайраткерлері де аңсаған. Мағжан жырлап, арман еткен Ер түріктің рухы оянып, түбі тектес, тереңге тамыр тартқан мәдениетімізді, тарихымызды түгелдеп қана қоймай, жаhандану дәуірінің иіріміне төтеп беру үшін, әлем халықтары арасынан ойып тұрып өз орнымызды алу үшін ағайын түркі халқы болып тұтастануымызға жұмыс жасау керек. «Ақ жол» партиясы осы асыл арманды жүзеге асыруда түркі халықтарының атажұрты саналатын Қазақстан мемлекеті көп күш-жігер жұмсауы керек деп есептейді. Бұл бағытта Түркі тілдес халықтарының ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынасының стратегиясының жасалуына Қазақ елінің бастамашылдық танытып отырғанын біздің партиямыз қолдайды. Дүрбелеңге толы дүниеде елдің ешбір сына қағылмастай тұтас болуы айрықша маңызды. Ол үшін, ең алдымен қазақтың бірлігі, қазақтың маңына топтасқан барша этностардың бірлігі керек. Ешкімді ұлтына, дініне, тіліне қарап бөлмеу, кемсітпеу – зайырлы, мәдениетті елдің белгісі. Алаш көшбасшыларының ұлылығы да сонда, олардың таптық жіктелуге де, ұлтшылдық томаға-тұйықтыққа да ұрынбауында. Олар қазақтың жоғын жабайы ұлтшылдық сарынмен жоқтамаған. Өзге азшылықтағы ұлттар өкілдерінің құқығын шектемейтін қазақ ұлтының елді біріктірушілік идеясын Алашорда үкіметін сайлаған съездің өзінде жария еткен. «Алашорда» Уақытша Ұлттық Кеңесінің құрамы 25 адам болып бекітіліп, 10 орынның қазақтар арасындағы орыс және басқа ұлттардың өкілдеріне қалдырылуының өзі көп жәйтті аңғартады. Ал бізде күні кешеге дейін Алашордалықтарды тек ұлтшылдық тұрғысынан қарастыру белең алғаны рас. Содан да Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты ұлтшылдық бағытта деп қана пайымдау кездеседі. Бізге Алаш идеясын біржолата ысырып тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға күш жұмсауға тура келеді. КСРО-ның үйіндісі астынан шығып тәуелсіздігін алған Қазақстанда ұлттық негіздердің, қағидаттардың жылт етіп көрінуіне секемдікпен қарау әлі де жалғасып келеді. Елбасының жұртшылыққа еліміздің атауын Қазақстан емес, Қазақ елі деп атауды ойластыруымыз керек дегенін «Ақ жол» партиясы қолдайды. Өркениет әлемінде мемлекеттің атауы мен азаматтық жігі ажырамас ұғым. Қазақстанның азаматы – «қазақстандық» емес, қазақ. Жаңа ұлт саясатын қалыптастыру және оны іске асыру барысында бүгінгі Қазақстан халқының 65 пайыздан астамын қазақтар құрайтыны, халықаралық құқықтық нормаға сәйкес, бір этностық топтың үлес-салмағы 67 пайызды құраған жағдайда ол ұлттық мемлекет болып танылатыны басшылыққа алынуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан көпұлтты емес, әртүрлі этностардың диаспорасы бар, мемлекет және жүйеқұрушы қазақ этносы басым ұлттық мемлекет болып табылады және халықаралық деңгейде оны ұлттық мемлекет деп көрсету заңды. Және оған барлық этникалық қауымдастықтар мүдделі болуға тиісті. Алаш идеясын әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек. Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» екенін, «бірліктен айырылған елдің қаңғып қалатынын» айтқан. Алаш қайраткерлерінің саяси-қоғамдық қызметтерінен тағылым алу біздің дамуымыздың басты құндылықтарының бірі. Олар Президенттің билігін «Алаш» партиясының бағдарламасы бойынша: «Үкімет басында Құрылтай жиналысы, оның арасында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президент тұрады»,- деп анықтаған. ХХ ғасырдың басында Президенттік басқарудағы мемлекеттердің санаулы болғандығын ескерсек, Алаш арыстарының мемлекет басқару ісінде құқықтық мемлекет құрудың алғышарттарын жасағандығы көрініп тұр. Партия Қазақстанда Президенттік билік бір формациядан екінші формацияға өтіп, тәуелсіздіктің іргетасын орнықтыру бағытындағы стратегиялық басты міндеттеріне жауап бере алғанын атап өте отырып, Қазақстан қоғамы елімізде кезең-кезеңмен саяси жаңғыруды жүзеге асырып, Конституциялық реформалар арқылы Қазақстанды президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға іс жүзіндегі түрлендіруге (трансформациялауға) пісіп жетілді деп санайды. Демократияның шынайылығына дәлел бола алатын «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» саяси жүйесіне кезең-кезеңмен көшуге кірісуді тым алысқа созбай бастау қажет. Мемлекеттік басқарудың бұл үлгісін алудың қажетті келесі шарттары: күшті көшбасшы, саналы азаматтық қоғам және дамып келе жатқан партиялық сегмент біздің елде бар. Алаш көсемдері сол кездің өзінде жергілікті өзін-өзі басқару идеясын қозғаған. Жергілікті биліктің міндеттеріне - білім беру, денсаулық сақтау және шаруашылық жүргізуді жатқызған, жергілікті биліктің экономикалық мәселелерді өздері шешулеріне қабілеттілігі және мүмкіндіктері барлығына ерекше көңіл аударған. Мемлекеттің бастауы – демократиялық бостандықтар мен адам құқықтарын қорғауда да Алаштықтар ұлтына, дініне, тіліне, нәсіліне, жынысына қарамай барлық азаматтардың құқының теңдігін, сөз, баспасөз бостандығын, саяси партия, қоғамдық ұйым немесе қауым құру еркіндігін, өкімет орындарының ешкімді заңсыз жолмен ұстамауын т.б. мәселелерді қозғап, қазіргі таңда да өзекті болып табылатын, озық ойлы идеяларымен ерекшеленеді. Қазіргі заманда азаматтардың құқығы мен бостандығына нақты кепілдікті тек қана заңдары мен тәртібі, құқық қорғау жүйесі жетілген қуатты мемлекет қана бере алады. Біз барлық мемлекеттік органдар мен олардың кез келген деңгейдегі басшылары тарапынан әрбір қазақстан азаматының жеке басының қадір-қасиетін, құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуді талап етеміз және соған қол жеткізуге ұмтыламыз. «Ақ жол» партиясы ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхан бастаған озық ойлы қазақ зиялылары құрған «Алаш» партиясының бағдарламасындағы «Әділдікке жақ болу, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болу» қағидатын өзінің бағдарларының бірі ретінде қарастырады. Заңсыздыққа, сыбайлас жемқорлыққа, жүгенсіздікке және шектен шығушылыққа әрдайым қарсы шығатын болады. Егемендігіне ие болған ел үшін территориясының тұтастығын қалыптастыру қандай маңызды болса, табиғи байлығы мен қоғамдық игілігін қорғап, экономиканы жаңғырту да сондай маңызға ие. Алаш қайраткерлерімен қазақ жерін сақтауда, қазақтардың автономиялық мемлекеттігін, тұрақты әскерінің, экономикасының, ұлттық мәдениетінің және тілінің негіздерін қалауда орасан зор саяси, заң шығарушылық, ғылыми жұмыстар жүргізілді. Олар тарихи деректермен республикамыздың шекарасын негіздей және қорғай алды, елдің жалпы дамуының бағытын анықтады және т.б. Жаhандану дәуірінде бұл идеялар мен бастамалардың баға жеткісіз құндылық болып табылатынына күмән жоқ. 2.«Алаш» қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту. Алаш партиясының, сол партияның негізінде құрылған Алашорда үкіметінің бағдарламасының интеллектуалдық-саяси деңгейінің жоғарылығы бұл мәселелерге де бүгінгі күннің биігінен, ертеңгі алар асуларымыздың талаптары тұрғысынан келгенді қалайды. Сол кезеңдегі беделді саяси партиялардың бағдарламаларынан бірде кем емес «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Алашордалықтар бірінші мақсатын: халықтың арманы болған өзін-өзі билеу идеясын қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорданы құрып, аз уақытқа болса да іске асырды. Алашорда көшбасшылары екінші мақсатын орындауға күш салып, елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғылары келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан «қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, сол заманның өзінде нарықтық экономикаға, ұлттық бизнестің дамуына үндеді. Алаш білімдарлары елдің шикізат базасы болып шектеліп қалуына қарсылықтар білдіріп, шикізатты сыртқа шығармай, қазақ жерінде өңдеудің қажеттігін айтқан, ал бұл мақсатқа фабрик-зауыттар, шойын жол салып қана жетуге болады. Олар қазақ шаруашылығында өнеркәсіптің маңыздылығына мән беріп, басқа салалармен салыстырғанда оның алатын орнының қаншалықты екенін бағамдай білген. Қазақстан экономикасының шикізаттық бағдарын барынша азайтып, оның орнықты өсімін қамтамасыз ететін құрылымдық реформалар жүргізіп, индустриялық салаларды белсенді дамыту бағыты Алаш ұстанымдарына сай іс-шаралар болып табылады. Алаш арыстары ұлттық өндірісті дамытуды табиғи жолмен жүргізуді дұрыс деп тауып, өндірістік қатынастарды кооперация арқылы жүзеге асыруға ұмтылды, барлық субъектілердің құқықтары тең дәрежеде қорғалып, адал, ашық жұмыс істеуі шарт деп есептеді. Бірінші кезекте дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту мен егіншілікпен айналысу арқылы ауыл шаруашылығы саласын көтеріп, жетекші де қуатты агроөнеркәсіптік мемлекет қалыптастыруды жақтады. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді еселеп ұлғайтуға әлеуеті жеткілікті. Ол үшін ауыл шаруашылығында өндірісті жедел индустриялық-инновациялық технологияларға ауыстыру қажет. Алашордалықтар жерге ең алдымен қазақ ие болып, жердің асты-үстіңгі байлығын қазақ пайдаланса деген ниетте болып, бұл мәселені «қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп қазақ қоғамы алдына өткір қойған. Олар жер, жеке меншік және кәсіпкерлік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған, оны экономикалық өсудің негізі деп санаған. Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясы әрдайым Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономиканы құрудың, жеке меншік, ең алдымен, шағын және орта бизнесті барынша қолдаудың табанды жақтаушысы болып келеді және бұл жолынан таймақ емес. Негізгі ұстанымдарының бірі ретінде шағын және орта бизнес саласына, кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар туғызып, оны дамыту тұрғысында, олардың құқығын қорғау бағытында белсенді қимылдар жасаудың шараларын ұсынған. Партия қазіргі заманның басты міндеті – елімізді өркендету мақсатында орта таптың қалыптасуына және нығаюына жәрдемдесуді өзінің тарихи миссиясы деп санайды. Қазақстанның табысты бәсекелестік қабілеттілігінің кепілі болып табылатын интеллектуалды ұлт құру аса маңызды. «Ақ жол» партиясы адам капиталының сапалы өсуі Қазақстанды дамытудағы жоғары басымдылық болуы тиіс деп санайды. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі, бірінші кезекте, өнімділікке, сапаға және адами ресурстардың икемділігіне қатысты. Ең дамыған отыздыққа кірудің негізгі шарты да елімізде адами капиталды дамыту. Адам әлеуетін дамыту индексіне сәйкес (БҰҰ ДБ) Қазақстан 2007 жылы 73 орыннан (177 ел арасынан) 2013 жылы 70 орынға (187 елдің ішінен) орналасқан. Бұдан да жоғары деңгейлі елдерінің тобына ену үшін экономиканың өнімділігіне жағдай туғызатын, Қазақстан болашағының флагманы – барлық деңгейдегі білім беруді және оны қолданудың аясын кеңейте беру қажет. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» - деп жазса, ал Халел Досмұхамедов: «Шын азаттықты білім береді» деп санады. Сондықтан да Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басты формуласы: білім – ғылым - өндіріс болуы тиіс. Адами капиталдың мүмкіндігін көтеруге сондай-ақ денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жүйесі де ықпал етеді. Білімі мен білігі мықты отандық кадрларды даярлап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үлкен маңызға ие. «Ақ жол» партиясы экономиканы әлеуметтік дамудың міндеттерін тиімді шешудің құралы ретінде қарастырады. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді. Партия экономикалық мәселелерге, әлеуметтік салаларға ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Әлеуметтік жаңғырту қоғамның рухани өмірінде болып жатқан үдерістермен санасуға, ұлттың сана-сезімінің, мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім жүйесінің нығаюына кепілдік беруге ықпал етеді, сондай-ақ, өкінішке орай, жастарымызды алғашқы құрбандықтарына ұшыратқан экстремизм мен діни радикализмнің пайда болуына алып келетін әлеуметтік себептерді барынша азайтуға тиісті. Рухани сана, білім, діни сенім сапалы болған кезде біздің қоғам қандай да бір ішкі-сыртқы біздің елге қарсы әрекеттерге дайын тұра алады. Бізге «Алаш» партиясының толерантты либералдық қозғалыс ретіндегі әлеуетін, ішкі генезисін барлық азаматтарға, әсіресе жас ұрпаққа, ашып көрсету ісіне ғылыми ортаны тартып, оларды осы партияның прогрессивті әлеуметтік-экономикалық идеяларын қалпына келтіруге жұмылдыруға ықпал етуге ұмтылу керек болады. Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік ресурстары, ең алдымен, ұлттық мүддеге қызмет етуге тиіс. Бұл кез келген одақта, ұйымдарда Қазақстан өнімінің және Қазақстан кәсіпорындарының басымдығы үшін күресуіміз керек деген сөз. Алаш мұрасын жалпыадамзаттық құндылықтар және ілгерішіл экономикалық ойдың үлгілері ретінде халықаралық деңгейге шығару және насихаттауға күш жұмсау қажет.- Алаштың рухани-мәдени тәжірибесінің, ұлттық құндылықтарға көзқарастарының қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі.