Қазақ күйінің Ақжусаны!!!
2014 ж. 16 желтоқсан
4049
1
Қазақ өнеріндегі ең күрделі де киелісінің бірі КҮЙ!!! Күй десе есіңе не түспейді. Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың "Күйші" поэмасындағы ерен сүреттеулер мен ғажап шумақтар көңіліңнің төріне қонақтап, жүрек қылын шерткен қазақтың қоңыр бір әуені естіледі.
"...Буынсыз он саусағы күй қағуға,
Көңіліне тыңдағанның от жағуға.
Бал тамған бармағынан домбырашы
Жан терге түсіп отыр мынау дуда.
Күйшінің қошаметке көңілі тасып,
Бес бармақ маймаң қақты перне басып.
Толқынтып тоқсан күйді дүрілдетті,
Көңілді бірде шымшып, бірде қасып.
Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып,
Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,
Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің-
Бәрін де лақылдатып төгіп шашып" дейді ғой ұлы ақын.
Қазақ күйшілік өнері туралы сөз болғанда ойымызға Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей секілді күйдің хас шеберлері түседі. Қазақтың күйі бүгінде бояуын, сазын жоғалтпады. Оған дәлел қазіргі кезде күймен тыңдарманды сүйсінтіп жүрген күйшілер. Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек бастаған алып бір күйшілер шоғыры бар. Аға буынның тәлімін көріп, талайды тамсантқан жас күйшілер де, жас болса да өз орыны бар күйшілер де жоқ емес. Солардың бірі Ақжусан Имамғазықызы. Ақжусанның есімі бүгінде күй сүйер қауымға кеңінен таныс. Дина Нүрпейісова мен Әпике Әбенованың ізбасары бүгінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде оқиды. Жуырда Ақжусан Францияның Париж қаласында Париж қалалық театрының ұйымдастыруымен өткен қазақ музыкасына арналған шарада қазақ күйінің құдіреттілігін танытып қайтты. Аталмыш шара Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор, шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбай мен Ақжусан Иманғазықызының концертімен ашылды. Қазақ мадениеті мен музыкасы туралы деректі фильмдер мен балаларға арнап қазақ ертегілері корсетілді. Домбыра жасаушы әйгілі шебер Жолаушы Тұрдығұлов домбыра жасаудан шеберлік сыныбын өткізді. Сондай-ақ белгілі зерттеуші, күйші Абдулхамит Райымбергенов, жыршы Ұлжан Байбосынова мен күйші Ақжусан Иманғазықызының қатысуымен қазақ музыкасы туралы дәрістер оқылды. Париж жұртшылығы қазақ музыкасына ерекше қызығушылық танытты.
Тағы бір айта кететіні, Ақжусанның ерекшелігі шертпе күйді шебер орындаушылығында. Ақжусан Әпике Әбеновадан кейінгі шертпе күйдің ерен орындаушысы. Оған күй зерттеушілері де күй майталмандары да толықтай қосылатыны сөзсіз. Қазақ күйінің Ақжусаны Астана қаласында жеке концерт беруге дайындалып жүргені белгілі. Олай болса қасиетті күй мерекесін алдағы уақытта тамашалай аламыз деген ниеттеміз.
qazaquni.kz Ұлттық порталы