Мұстафа Шоқай Әмірені көргенде жылап жіберіпті...
2014 ж. 07 тамыз
4896
3
©Алаш айнасы иллюстрациясы
Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ болатын Жақында отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнін лейтмотив еткен шағын бейнероликтер көрсетіле бастады. Онда Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева секілді сахна шеберлері бастаған отандық өнер жұлдыздары Әміренің әнін жаңаша шырқайды. Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын дәл сол әнді әнші атамыз Париж сахналарында әуелеткен еді. Ұрпақ сабақтастығы, дәуір үндестігі деген осы болар бәлкім. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде белгілі музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкеріммен сұхбаттасудың реті келген. Жарқын аға қазақ халқының маңдайына біткен біртуар жұлдызы, қайталанбас талант иесі Әміре Қашаубаевтың даусын сонау 1974 жылы алғаш тауып, көпшілікке ұсынған еді. Жуырда ол кісі тағы да біраз тарихи тұлғалардың дауыстарын Мәскеуден алып келгенін атты. Әміренің орындауында фонографқа жазылған «Ағаш аяқ» пен «Балқадиша» әндеріне реставрациялық тазарту жұмыстары жасалғаны жайлы бізге қуана хабарлады.
- 1925 жылы Парижде өтпек Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін Кеңестер одағындағы әр республиканың маңдайалды әнші, күйші, бишілерін шақырту басталады. Шетелде КСРО имиджін көтеру үшін Сталиннің өзі идеологияға сондай тапсырма береді. Оны ұйымдастыру сол кездегі РСФСР халық ағарту комиссары А.В.Луначарскийге тапсырылыпты. Оның тақырыбы «декоративтік өнер көрмесі» болған екен. Соған байланысты Луначарский Семейге жеделхат жіберіп, Әмірені Парижге аттанатын делегацияның құрамына алдырғысы келеді. Жеделхат мәтіні былай болатын: «Семей қаласы, Шығыс көшесі, № 78 кварталда тұратын әнші Әміре Қашаубаев Париждегі Дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертіне қатысуға ризашылығы бар ма, осыны тез арада біліп, хабарлауыңызды сұраймын! РСФСР Ағарту Халық комиссары Луначарский». Қандай жағдай болғанын кім білсін, Семейдің сол кездегі шенеуніктері «бұл Әміре деген кім соншама Парижге баратындай» деп оны жібермей қояды. Болмағасын Луначарский екінші рет жеделхат жолдапты. Онда ол бірінші жеделхатқа жауапты тездетуді сұрап, Парижде болатын концерттің мемлекеттік маңызы барлығын жазған. Хабарды алысымен Әміре маусым айының ортасында жолға шығады. Бұл кезде Мәскеуде Париждегі Дүниежүзілік декоративтік өнер көрмесіне қатысу үшін әзірлік қызу жүріп жатқан еді. Үміткерлердің қатарында Украинадан О.Федеровская, Өзбекстаннан биші Тамара ханум, әнші Кари Якубов, Әзірбайжаннан Шевкет ханум Мамедова, Армениядан Сукиясов, Харибекишвили, Кахуров, Башқұртстаннан қурайшы Жұмабай Есенбаевтар болды. (Жұмабай Есенбаевтың атын атаған кезде Жарқын аға: «шіркін, ондай қурайшы дүниеде біреу-ақ қой», – деп тамсана басын шайқады. – ред.) Париждегі Концерт бағдарламасының сценариін дайындау Владимир Маяковскийге жүктеледі. Жалпы, осы жерде айта кетер бір жағдай бар. Негізінде Әміре мен В.Маяковскийдің арасында жақсы сыйластық байланыс болғанға ұқсайды. Осы жағы әлі зерттелмей жатыр. - Парижде Әміре атамыз неше концертке қатысқан? Олар қай жерлерде болды екен? - Бірінші концерт 20 шілде күні декоративтік өнер көрмесінің КСРО павильонында болды. Әртістер Париж театрларында барлығы 11 концерт береді. Барлығына да Әміре қатысып, «Бесқарагер», «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қызыл бидай» әндерін орындады. Әміре Париж сапарынан екі жылдан кейін Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Бүкіләлемдік музыка көрмесіне де қатысты. Айта берсе, әрине, дерек өте көп. Оны бір сұхбаттың аясына сыйғызу әсте мүмкін де емес. - Қазақстаннан тек Әміре ғана барған ба? - Иә, тек Әміре ғана барған. Сол кезде Парижде жүрген Мұстафа Шоқай атамыз Кеңестен келген делегацияны көргенде ерекше қатты қуанады. Тіпті, Әмірені көргенде жылап жіберіпті. Енді Мұстафа Шоқайға Кеңес үкіметі жау болғанымен, халқы жау болған жоқ қой. Олардың қасында бастан-аяқ бірге жүріп, қолғабыс берген. Парижді аралатып, қыдырып жүріп Мұстафа Шоқай естелік болсын деп, інілік ілтипатпен Әміреге бір жақсы костюм сатып әперіпті. Міне, бар болғаны сол ғана. Кейін осы оқиға әншінің басына бәле болып жабысарын қайран арыстар ол кезде ойламаған шығар? Елге қайтарында Мұстафа Шоқай Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарға қаратып хат жазып беріпті. Бірақ Әміре атамыз оны жолда ұрлатып алады. Париждегі ЭКСПО-25 сапарынан ол Кеңес әртістерімен бірге тамыз айының орта шенінде Мәскеуге, одан Қазақстанға қайтып оралды. - Әміре атамыздың өміріне қатысты қандай да бір тың жаңалықтар бар ма? - Шын мәнінде, оны сол кездегі үш әріптің жендеттері қатты қинаған көрінеді. Мұстафа Шоқай туралы сұраған тыңшыларға Әміре не дерін де білмейді. Саясаттан хабары жоқ, байғұс жаны қиналғанда әйтеуір әр нәрсені айта берген ғой. Бұны кезінде Серке Қожамқұловтың өзі менің құлағыма сыбырлап, «ішіңде жүрсін» деп айтқан еді. Тоғыз жыл бойғы тергеу мен қуғын сүргінге шыдамаған Әміре қатты қажиды. Сөйтіп ақырында 1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түні 46 жасында, қақаған қара суықта, Алматы көшелерінің бірінде қайран Алаш арысының өлі денесі табылады. Адамзатта сирек кездесетін ғажайып талант иесі осылайша келместің кемесіне мініп кете барды. Бейіті Алматыда жатыр. Николай Ановтың жазуы бойынша, тіпті, оған у беріп өлтірген дейді. Әміре туралы көп айтыла бермейтін тағы бір әңгіме бар. Әншінің ескерткішін тұрғызуға жетпісінші жылдардың ішінде Дінмұхамет Қонаевтың өзі тәуекел етіп, 7 мың рубль бөлгізді. Нәтижесінде Т.В.Андрющенко деген мүсіншінің қолымен 7 метр биіктікте еңселі ескерткіш жасалып шықты. Ел қатты қуанды. Бұл уақытта әнші ақталғанымен, әлі де болса қатігез режимнің қанды шеңгелі жұмсара қоймаған кез еді. Сол ескерткіш ақыры ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Міне, осындай да жағдайлар болған. Әміренің қандай әнші екенін Ромен Роллан, Анатолий Луначарский, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтер тамсана жазып кеткен. Қалибек Қуанышбаев ол жөнінде: «Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – дейді. «Париж апталығы» газетінде «Ғажайып дауыс иесі Әміре Қашаубаев ұлт аспабы домбыраның сүйемелдеуімен өз елінің жан-жүйені балқытқан әндерін салып берді» деп ерекше таңдана жазған мақалалар басылды (Париж қаласы, 1925 жыл, 24-31 шілде аралығы). Қалай айтсақ та Әміре қазақтың атын айдай әлемге алғаш шығарып кетті ғой. Бір қуанарлығы, алдыңғы жылы Семейде оған ескерткіш орнатылды. Ашылу салтанатына барып қатыстым. - Ол кісінің ұрпақтары бар ма, болса қайда екен? - Өз кіндігінен екі қызы болған Күлән және Күләш деген. Күләштің жолдасы Қостанай облыстық филармониясының концерт жүргізушісі болып қызмет атқарған Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Сейтім Жақыпов деген кісі болатын. Ұрпақтары Қазақстанның әр түпкірінде өмір сүріп жатыр деп естимін. Нақты білмедім. Әміренің өзі қайтыс болғанда зайыбы Оразке жүкті қалған екен. Айы-күні жеткен соң торсықтай ұл босаныпты. Серке Қожамқұлов нәресте есімін Әміржан деп қойыпты. Ұлыдан ұрпақ қалды деп бәрі қуанысыпты. Алайда қырқынан кейін ол да шетінеп кетеді. Әміре қайтыс болғанда күллі қазақ күңіреніп жоқтаған екен. Республикалық газеттерде сол күндері қаптаған некролог шығады. Сәкен Сейфуллин «Казахстанская правда» газетіне: «Шырқаған әнімен әлемді таңдандырған, Анри Барбюс пен Ромен Роллан тәрізді көрнекті мәдениет қайраткерлерін шын көңілмен сүйсіндірген әнші Әміре дүниеден озды», – деп тұрып керемет мақала жазған. - Әміре атамыздың дауысын алғаш рет 1974 жылы өзіңіз тапқан едіңіз. Қалай кез болдыңыз? - 1974 жылы Қырғызстанның сол кездегі бірінші хатшысы Т.Үсібәлиев деген кісі Д.А.Қонаевқа «Компартияның 50 жылдығы болғалы жатыр, соған орай Қырғызстанның барлық мықтыларының – Саяқбай Қаралаев, Естемес Тұрсынәлиев, Ұрқаш Мәмбетәлиев, Туғанбай Әбдиев секілді манасшыларының және әйгілі қырғыз орындаушыларының күйтабағын шығаруға көмектессеңіздер» деген мазұнда хат жазып, өтініш жасайды. Ол кезде күйтабаққа жазу студиясы Орта Азия бойынша Алматы мен Ташкентте ғана бар болатын. Содан Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің тапсыруы бойынша «Алматы күйтабаққа жазу студиясының» директоры Сейілхан Құсайынов мені шақырып алып, «кіріс» деді емес пе? Жұлқынған жас кезім, ә дегенше болған жоқ Қырғызстаннан бір-ақ шықтым. Бішкекте жарты жылдай тұрдым. Көлемді күйтабақ шығару үшін Қырғыз радиосынан біраз шығармаларды жазып алдық. Енді қалғанын Мәскеуден қоспақшымыз. Өйткені онда сапалы жазбалар өте көп болатын. Сөйтіп Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік мұрағаттың фоно-фото құжаттар және дыбыс жазу бөлімінде сақталған қырғыз қорын ақтарып, манасшыларды іздеп жүргем. Сол жерде қалың шаңның арасында жатқан қоңыр кітап қолыма түсіп, ондағы Әміренің есімі, ол орындаған әндердің тізімі, сондай-ақ фонографқа жазылған дауыс таспасының номері көзіме оттай басылды. Қуанғанымнан көзімнен қалай жас шығып кеткенін де білмей қалыппын. - Бір жоқты бір жоқ тапқан екен ғой. Сонда қырғыз бөлімінде жатыр ма? - Иә, солай. Қазақ бөлімінде жоқ, қырғыздарда жатыр. Кейбір жерлері өшіп кеткен. Соны көпшілік тыңдауына лайықтап, сол кездегі Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбековтың тікелей тапсырмасымен Әміренің әндері жазылған күйтабағын шығардық. - Әміре атамыздың әлі де болса, табылмай жатқан дауысы бар деп ойлайсыз ба? - Мәскеу мен Санкт-Петербург төңірегіндегісі әбден қаралды. Бірақ алыс шетелдік мұрағаттарда жатқандары болуы мүмкін. Ана бір жылдары бір кісілер Парижде айлап жатып, артына шам алып түсіп іздеп көрді. Біреуді жамандағаным емес, бірақ олар бір кезде жоғары лауазым атқарған жартылай ғалым, жартылай шенеунік адамдар болатын, өкінішке қарай таза ғалым емес еді. Әркімнен бір сұрап таба алмай қайтыпты. Жоқ іздеудің өзінің тәсілдері болады. Ол – инемен құдық қазғандай жұмыс. Соны білмеген адамға, әрине, қиын. Менде мынандай бір дерек бар. Сорбонна университетінің екі ғалымы доктор Шрамек пен профессор Перно Әміренің дауысын Парижде жүрген жерінде фонограф аппаратына жазып алған екен. Сол жазбалар университет мұрағатында бар болуы мүмкін. Немесе ұрпақтарынан сұрастыру керек. Өйткені олар мұндай жәдігердің бағасын білетін коллекционерлер еді ғой. - Олай болса, өзіңіз барып іздеп көрмейсіз бе? - Баруға болар еді, бірақ қазір денсаулық та жас кездегідей емес, оның үстіне, Алла бұйырса, алдағы екі-үш жылда жетпіс деген жер таянатын жас та қылаң бермек. Әрі оған үлкен қаражат керек. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің көмекшісі үйге телефон соғып: «Сізбен министр Мұхтар Абрарұлы сөйлеседі», – деді. Бастықтардан үнемі қашқалақтап жүретін байқұс басым, ойламаған жерден не боп қалды екен деп қапелімде қатты сасқалақтадым. - «Жәке, кеше ғана «Телқоңырды» («Қазақстан» ұлттық арнасындағы бағдарлама. – ред.) көрдім, – деді министр. – Сонда сіз Жүсіпбек Елебековтың 1935-40 жылдардағы жазбасы Мәскеуде сақтаулы деп айттыңыз ғой. Соны енді алып келіңіз», – деп бір-ақ кесті. Сонымен айтылған күні, жолға дайындалып, Астанаға жеттім. Керек-жарақтарымның бәрін түгендеп, жаныма Қазақтың ұлттық өнер университетінің магистранты Рүстем Нұркеновты көмекші етіп, министрлік өкілдері мені ары қарай Мәскеуге аттандырды. Осылайша Мәскеу мен Санкт-Петербургте екі айға жуық уақыт бойы мұрағат қопарып, іздеген жоғымызды таптық. Бүкіл үнтаспаға жазылған қорды ақтарып жүріп, қазақ өнерпаздарының 200-ден астам дауысын алып келдік. Оның ішінде Жамбыл бабамыздың өз орындауындағы отызыншы жылдарда жазылған, бұрын-соңды ел естімеген бір толғауы табылды! Кененнің, Қалқа Жапсарбаевтың, Қайып Айнабековтың, Маясар Жапақовтың орындауындағы үнтаспалары, т.б. толып жатқан жәдігерлер бар. Осы тізімнің ішінде жоғарыда атап өткен Әміре Қашаубаевтың Париждегі өткен дүниежүзілік ЭКСПО-1925 көрмесінде шырқаған әндері де бар. Бұл – қазақ мәдениеті үшін теңдесі жоқ, ұшан-теңіз байлық деп санаймын. Осы дүниелерді Қазақстандық тарап, қор қызметкерлерінен бұрын да әлденеше рет сұратқан көрінеді. Бірақ ресейліктер қыруар қаражат талап етіп, бұл мәселе кейінге шегеріліп қала беріпті. Мақтанғаным емес, 70-жылдарда Мәскеуде бірге қызмет істескен, әлі көзі тірі достарымды тауып, солармен ақылдаса жүріп, аудиожазбаның бәрін диск түрінде көмекшіміз екеуміз аман-есен елге алып келдік. Нақтылай айтқанда міндетімізді орындадық. Осы жұмыстарды іске асырып қаржыландырған М.Құл-Мұхаммедтей ұлтжанды азаматқа шын ниетіммен үлкен алғыс білдіремін. - «Бұл әннің бұрынғы әннен» қандай өзгешелігі бар? - Мәскеуден әкелінген дыбыстық жәдігерлер негізінен отызыншы жылдар мен елуінші жылдарда жазылған. Нақтырақ айтқанда, Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Ришат Абдуллин, Жамал Омарова, Роза Бағланова тәрізді әншілеріміз орындаған әндер, Жаппас Қаламбаев, Қали Жантілеуов, Әбікен Хасенов, Шанақ Ауғанбаев орындаған күйлер, Мұхтар Әуезов пен Ахмет Жұбановтың, Ғазиза Жұбанованың жасырық кездеріндегі дауыстары. Тыңдағанда таза естіледі. Тіпті 1925 жылы Шахмет Құсайынов орындаған Балуан Шолақтың әнін фонограф таспасына А.В.Затаевичтің өзі хабарлап жаздырған екен. Міне, Мәскеу мен Санкт-Петерборда сақталған үнтаспа жәдігерлері осындай ерекшеліктерімен құнды. Оның үстіне осы сапарымызда Әміре атамыздың Парижде орындаған «Ағашаяқ» пен «Балқадиша» әндеріне компьютерлік реставрация жасалды. Жақында отандық телеарналардан Әміре Қашаубаевтың орындауындағы Ақан Серінің «Балқадиша» әніне түсірілген бейнероликтер көрсетіліп жүр. Онда классикалық музыка орындаушылары Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева, Болат Тыныбеков, Зарина Есенаман секілді танымал өнер шеберлері мен «Нұр-мұқасан», «Ринго» топтары, әнші Әсем сынды эстрада жұлдыздары осынау кең тынысты ғажайып әнді Әміре аталарымен бірге шырқағандай әсер береді екен. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұл идеясы өте сәтті шыққан дер едім. Ендігі менің тілегім, Әміренің Парижде шырқаған осы әндері болашақта Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында асқақтап тұрса қандай ғажап болар еді! Қазақ баласының ЭКСПО көрмесіне осыдан бір ғасыр бұрын қатысып, ән салғаны мақтанып көрсетуге тұратын-ақ іс қой. - Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Мақсат Әділхан,
Алаш айнасы Суреттерге текстовкалар: №1 Әміре 1925 жыл. №2 Әміренің тұрғызылмай қалған, биіктігі 7 метр ескерткішінің сұлбасы. Авторы – Т.В.Андрющенко.