АЛАШ ҰРАНЫ ЖӘНЕ БӨРІ ТОТЕМІ!!!
2014 ж. 01 тамыз
18686
1
Түркі тектес халықтардың арасына кең тараған таным бойынша Алаш - ортақ ұран және түпкі баба. Ал бұл ұғымдар халықтың тотемдік наным-түсінігіне байланысты қалыптасатыны белгілі. Сондықтан «Алаштың» төркінін тотемдік түсініктерден іздеген жөн. Мұнда ә дегеннен ауызға ілінетін тотем – қасқыр. Көшпелі түркілер өздерінің шығу тегін қасқырдан (бөріден) таратқаны көпшілікке мәлім. Айталық, көне көк түркілердің билеуші әулеті өздерін «Ашина», яғни «қасқыр тектес ұрпақтарымыз» деп санаған. Түркі тектес башқұрт (бас+құрт(қасқыр)) халқының атауында да «қасқыр» ұғымы орын алған. Қазақтың Кіші жүзінде «Қызылқұрт» деген ру атауы бар. Сонымен қатар қазақтар ұрысқа шыққанда бөрі бедерленген байрақ көтеретін болған. ХІХ ғасырда өмір сүрген Сүйінбай ақын бөрілі байрақ туралы:
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерілсе,
Қозып кетер қайдағым, - деп жырлған еді.
Ұранға айналып, байраққа бедерленген ұғымның көне бастауы тотемдік наным-сенімдерге тірелетіні сөзсіз. Өйткені жауға қарсы айбат көтеріп, рух шақыратын нышандарда кездейсоқ мағына болмайды және онда халықтың наным-сеніміне қатысты түсініктер мен ұғымдар орын алады. Соғыс немесе ұрыс үстінде жауласушы жақтар ұран сөзі арқылы өздеріне жәрдемге, көмекке келетін тотем бабасын, аруақ иелерін, сондай-ақ мұсылман әулие-әнбиелерді, пірлерді шақырады. Байрақ көтеру арқылы жауынгерлерді жігерлендіреді. «Қазақ халқының, - деп жазады Қ. Халид,- «ұран» дейтін сөзі бар. Қыздыру, жиналу, қайрат беру мағынасында айтылады. ...Әр рудың өзіне тән ұраны болады. Егер өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыс бола қалса, «Алаш, Алаш» деп шақырады»[2, 72].
Алаш сөз жоқ, «өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыста» шақырылатын ұран. Бұл - бір. Ал ұранға арғы ата-баба есімдері алынатыны мәлім. Мұны қазақ аңыздарының мазмұндары да айқындайды. «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш, алаш» деп шабыңдар. «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты» [3, 153], - дейді қазақ аңыздары. ендігі бір тұста аңыздар: «Бұрын қазақ бөтен халықпен шектессе, біреуі «Алаш» деген ұранды шақырса, бәрі бірыңғай болып, тез жиылып, тілек қосып қалады екен» [4, 57]. Демек, Алаш ұраны әке орнынан да жоғары ұғым, яғни тотем баба екендігін және тілегі бір туысқандық ұғымда қолданылғанын байқаймыз. Біздің пайымдауымызша, Алаш - көшпелілердің бөрі тотемі. Ол қасқырды, яғни тотем бабаны тұспалдап атауынан қалыптасқан ұғым. Тотем бабаны тура атамай, тұспалдап атау көп халықтардың дүниетанымында сақталған. Мысалы, қазақтар сол қасқырдың өзін «бөрі», «ит-құс», «сырттан» деп те атайды.
Бұл мысалдардың логикалық қисыны біздерді бөрілі байрақ пен «Алаш» ұранын бірін-бірі толықтыратын ұғымдар қатарына жатқызуға жетелейді. Оның бірі сурет түріндегі белгі болса, екіншісі сол суретке «жан бітіретін» ұран сөз. Екеуі де көне рухтың-бөрі ұғымының сипаты. Сурет ретінде сақталған байрақтағы бөрі бедерінің тотемдік сипаты анық болса, сөзбен жеткен «Алаш» ұранының түпкі мағынасы өте көмескі.
Түркілік «Алаш» ұранының көне мағынасын ашуға алғаш талпыныс жасағандардың қатарына қазақтың ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының атын атауға болады. Олар бұл сөзде халықтың көне дүние танымына қатысты ұғым бар екендігін дұрыс ұғынды, дәл болжады. Мысалы, көрнекті Алаш қайраткері Ә. Бөкейхан ұран туралы мынадай пікір білдірген еді: «...Ни один из этих родов не отказывается от подчинения, кроме своего родового частного «урана» (боевой клич), общенародному «алаш» обязываещему каждого киргиза беспрекословно идти на помощь обиженному собрату, забывая даже междоусобицы и хотя бы в виду сильного неприятеля и неминуемой от него смерти. Эта-то своеобразная и интересная жизнь киргизов отразилась, как в зеркале, в их разнообразной и богатой устной поэзии. Многие из этих произведений носят на себе следы глубокой древности и печать отдаленного прошлого жизни, быта и верований киргизов» [5, 319 ].
«Ажал кебінін киетін қауіпке қарамастан «Алаш» ұранының соңына еретін қазақтың» көне дүниетанымында «Алашқа» қатысты көмескі таным бар екендігін М. Дулатов та атап өтеді. Ол былай деп жазады: «Қазақтың не себептен алаш, не себептен қазақ, үш жүз атағанын баяндайтын бұлардан басқа да ертегілер бар… Бірақ мұндай ертегілер қазақтың аты, тегін зерттеушілерді ойға қалдырарлық жері бар. Мәселен, қазақ, я алаш, қалай да болса, бір кісі-ру басы емес екені рас-ау, әйтпесе біріне-бірі қайшы келе берсе де, көптеген халық аузында сөйленіп ертегі болып жүргеніне қарағанда, «қазақ», «алаш» сөздерінің түбінде бір көмескілік бар ғой дегізетін. Тарихшылар мұндай ертегі сөздерді де ескерусіз қалдырмай, түбінде салыстыра, қорыта келе бір дәлелді мағына шығаруға болар деген үмітпен жинап жазады. Бірақ әлі күнге шейін ондай сөздерді қолданып бір нәтиже шығарған жоқ» » [6, 318].
ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Алаш зиялыларының тарапынан қойылған бұл мәселе әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Біздіңше, Алаш ұранын жалпы халықтық дүниетаныммен, атап айтқанда, түркі-моңғол кеңістігіндегі халықтардың тотемдік наным-сенімімен және көшпелілік таныммен байланыстыра зерттеген дұрыс. Өйткені «Алаш» - қырғыз, қарақалпақ, ноғай, өзбек сынды көшпелі түркі халықтарына да ортақ ұран [2, 72]. Г.Потанин айтуынша, «Алаш» ұранын моңғолдар да қолданады [7, 265]. Қазақ тарихшысы М. Тынышпаев қырғыз бен қарақалпақтар қазақтармен жүз арқылы емес, ортақ «Алаш» ұраны арқылы бірігетінін атап өтеді.Түркі-моңғолдық туысқан халықтарды Алаш ұғымы арқылы жақындатып тұрған басты нәрсенің бірі - тегі мен тілі бір туысқандық қана емес, көшпелі тұрмыс-тіршіліктен туындайтын дүниетанымның бірізділігі.
Дүниетанымның бірізділігі көшпелі халықтардың сыртқы жауға бірге тізе қосып күресу үміті мен тілегіне де сүйеу болады. Көшпелі түркі халықтарын, яғни «алашты» бір шаңырақ астына біріктіруге ұмтылу көрінісі қазақ тарихында бірнеше рет орын алған еді. Айталық, ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде хандық билік пен отаршылдық езгіге қарсы көтерілістің жетекшісі Сырым батыр көшпелі тіршілік ететін алты алаш халқын-қарақалпақ, сарт, өзбек, қазақ, түркмен, естектерді(башқұрт) орыс үкіметіне қарсы бірігіп күресуге шақырғандығы туралы аңыз сақталған. Ол: «Мы – каракалпаки, сарты, узбеки, казахи, туркмены и эстеки- все эти шесть народностей должны обьединиться и выступить войною против русского царя, иначе он поодиночке разобьет каждого из нас» [8, 236],- деген үндеу тастаған.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары да қырғыз халқын Ресейдің отарлау саясатына қарсы көтеруге ұмтылғаны тарихтан белгілі. Олай болса, қазақтарда Алаш ұғымына қатысты дүниетаным өзге түркі тектес халықтарға қарағанда тереңірек сақталған және онда далалық өлкеде еркін көшіп-қонып жүрген тәуелсіз көшпелі тұрмыс ардақталатын сарын сақталған. Бұл сарын Мәшһүр Жүсіп жазбаларына тіркелген аңыздың мазмұнынан айқын көрінеді. Аңыздың қысқаша мазмұны мынадай: «Бұқара ханы (назар аударыңыз:отырықшы өлкенің ханы-А.Ә.) Қызыл Арыстанның анадан ала туғандықтан Сырдариядан әрі өткізіп (далалық өлкеге-А.Ә.) қуып жібереген баласы Алаша уақыт өте келе ел болып қатты күшейеді. Оны естіген хан Қотан, Қоғам, Қондыгер, Қобан, Майқы билерге елші жіберіп баласын қайтаруды сұрайды. Билер өз тарапынан жүз жігіт жігітті жіберіп қайтсын деген хан тілегін жеткізгенде Алаша хан маңындағылар:
«Аты бестісінде қартаятын,
Жігіт жиырма бесінде қартаятын,
Көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ,
Еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын,
Тымақты тақияға айырбастайтын,
Пышақты қасыққа айырбастайтын,
Тары мен бидайдың нанын жегенге,
Жаумен көженің суын ішкеге құтыратын,
Бөдененің бір санын жегенге күпті болатын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасығаннан басқа қызығы жоқ жерде не ақыларың бар?», - деп жауап қатып, отырықшы өмірді жақтырмайтынын жеткізеді. «Біз енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік» деп Алашаны Ұлытаудың басында хан сайлайды»[3, 128-129].Аңыздың соңы көшпелі қазақтарға билік құрған Алаша ханның тұсы халық тұрмысының бағы жанып, татулығы жарасқандығын мәтел сөзбен жеткізеді:
«Кеше Алаш, Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Үйіміз ағаш болғанда,
Ұранымыз Алаш болғанда,
Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!»[3, 153]
Аңыздағы «үйіміз - ағаш» деген тіркес - көшпелі тұрмыстың басты символы кигіз үйдің бейнесі. Ал «Ұранымыз алаш болғанда//Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деген жолдар «Алаш» ұраны арқылы көшпелі қазақ руларының Үш жүз болып біріккендігінен хабар беріп тұр.
«Алаш» сөзінің қасқыр ұғымын беретін мағынасының түзілуіне көшпелі моңғол-түркі тектес халықтардың көне түсінігі арқау болған. Оған Шыңғыс ханның арғы шыққан тегін баяндайтын көне мифтік аңыздың тікелей әсері бар деп есептейміз. Ол - моңғол тектес тайпалардың шығу тегін баяндайтын Алаң-Қоға (сұлу) туралы көне миф.
Көне миф мазмұны моңғол тайпасын Бөрте Шынуа (бұл есім қасқыр деген мағына береді) мен Марал сұлудан таратады. Олар Көк Тәңірнің жебеуімен теңізден өтіп, Бұрхан Қалдын деген тауды мекен етеді. Бұлардан бес-алты ұрпақ өткеннен кейін Борықшын атты бала туады. Борықшыннан Дұба соқыр мен Добу мерген деген екі бала дүниге келеді. Добу мерген Алаң сұлу деген қызға үйленеді. Алаң сұлу Добу мергенге тиген соң Белкүнтей, Бекүнтей есімді екі ұл туады. Ал, Дуа соқырдың төрт баласы бар еді. Дұба соқыр өлген соң, оның балалары Добу мергенді көзге ілмей, келеке етіп, өз жөндеріне кетеді... Сөйтіп жүргенде, Бобу мерген ғайып болады. Добу мерген ғайып болғаннан кейін Алаң қоға ерсіз жүріп, Бұқа Қатығы, Бұқұчи Салчи, Боданшар Мұнқақ есімді үш ұл туады. Белкүнтей, Бекүнтей екі ұлы шешелерін мына ұлдарды қалай туды деп жасырын әңгіме етіп: «Ағайын-туыстарда өзі тұрғылас адам жоқ. Сонда бұл ұлдар кімдікі болды? Мына Мақалық Байғұдай адамы басшылық етеді. Соныкі шығар?!»,- деп шүйіркелескенін Алаң қоға сезіп, көктемнің бір күні сүрленген қойдың етін асып, бес ұлын қасына шақырып, қатарластыра отырғызып бір-бір жебе ұстатып: «Ұлдарым, осы жебені сындырыңдар!», - дейді. Ұлдары сындырып тастайды. Және тағы да жебені біріктіріп ұстағанда, оны ешкім сындыра алмайды. Сонда шешесі Алаң Қоға бүй дейді: «Екі ұлым, сендер мына туған үш ұлды кімнің балалары болды деп күдіктенесіңдер! Күдіктенгендерің дұрыс! Әр түн сайын сары шегір адам келіп, құрсағымды сипап түңілік, маңдайшыдан сәуледей еніп, күн мен ай жарқырап шығар шақта сары ит болып, жаланып-жұқтанып шығып кететін еді. Соған қарап мен бұларды тәңірдің ұлдары ма деп ойлаймын! Қараша адамға теңеп, сөз етпей-ақ қойыңдар! Күндердің күнінде қиырдың қағаны, ұлыстың иесі болған тұста, сонда ұғасыңдар, сендер! Қара басты кісілер емес. Әйтеуір, сен екеуінің көлеңке-нөкерлерің болсын!» дейді. Екі ұлы үн қатпайды. Алаң қоға тағы да ұлдарына өсиет етіп:
«Сен – бес ұлым, бір құрсақтан тудыңдар,
Сен бесеуің тату болмасаңдар –
Жаңағы жалғыз жебедей оңай жеңілесіңдер.
Жаңағы біріккен жебедей бірлікті болсаңдар –
Сендерді кім жеңе алар еді!», -дейді.
Содан кешікпей Алаң қоға ғайып болады» [9, 30-34]. Мифтің жалғасы Алаң сұлудың күйеусіз тапқан үш ұлының кенжесі Боданшардың ұрпағынан Шыңғыс ханның дүниеге келгені туралы баянға ұласады. Демек, Шыңғыстың арғы тегінде Көк Тәңірі қолдаған бөрі тотемінің ізі болса, бергі атасында иттің ізі бар. Қазақ ұғымы - үшін ит пен қасқыр бір тұқым. Қазақтар қасқырды кейде ит (ит-құс) деп те атайды. Сондықтан болар Алаң қоға туралы айтылатын мифтің қазақ арасындағы нұсқасында көктен түсетін сәуле қасқыр бейнесінде: «Дуюн – Баян имел сыновей от первой жены; потом он взял Алангу; умирая, он сказал своей жене Алангу, что он будет приходить к ней в виде света, а уходить в виде волка. И он приходил, а уходя восклицал: «Чингис! Чингис!» У Алангу родился сын Чингис. Братья сказали: «Ребенок родился без отца! Значит он прижит от незаконного мужа». Они хотели убить Чингиса. Чингис, будучи еще мальчиком, бежал вверх по реке Курлен...» [10, 64].
Моңғол тілінде қасқыр деген ұғым «чино, шина, шоно» деген сөзбен беріледі. Алаң қоғаға сәуле болып келіп жүрген тотем, аруақ – қасқыр. Осыдан барып түркі-моңғол тектес көшпелілер өздерін Алаң мен «шононың» ұрпағымыз деп танығанға ұқсайды. «Алаң» мен «шынның» кіріге бірігуінен «Алаш» сөзі түзілген, «Алаш бабалары», «Алаш ұраны» сынды ұғымдар қалыптасқан.
«Чино» сөзі, яғни қасқыр Темучин, Шыңғыс есімдерінде де орын алған. Бұл орайда, «Ақсақ құлан-Жошы хан» аңызының бір нұсқасында Жошының әкесі Шыңғысты Алаша хан ауыстыратынын еске салғымыз келеді [11, 395-400]. Үш жүз қазақтың Кіші жүзі Алшын деген тайпа бірлестігінен тұрады. Осы атаудағы «шын» сөзі қасқыр ұғымының моңғол тіліндегі баламасына жақын. Қазақ тарихшысы М.Тынышпаев «Алаш» ұранын негізінен Алтайды жайлаған Алшын тайпалары алып келген деп есептейді [12, 72-73].
Келтірілген мысалдар Алаш сөзіндегі «шын» (чин) ұғымының көне миф арқылы халық танымына орныққанын көмескі болса да байқатады. Ал сол кіріге біріккен сөздегі алғашқы сыңар «Алаң» атауы қайда деген сұрақ туары анық. Бұл тұста келтірілер мысал өте аз. Алаш сөзінің ұрандық сипатын ашатын ұғымдарды қазақ фольклоры мен жырау-жыршы шығармаларынан тани аламыз. Халықтың көне түсінігінен мол хабары бар жыраулардың бейнелі сөздерінен «Алаң» атауын немесе сол ұғымды беретін сөздерді кездестіруге болады.
Алдымен ХҮІ ғасырда өмір сүрген атақты жырау Қазтуғанның толғауынан үзінді келтіреміз. Оның «Еділмен қоштасу» атты толғауының бастауы «Алаң» деген сөзді бірнеше рет қайдалаудан басталады:
Алаң да, алаң, алаң жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт...
Осындағы «Алаң» сөзі көне аңыздағы Алаң қоға бейнесі. Толғауға бұл сөздің арқау болып отырғанының бірнеше себебі бар. Біріншіден, аңыздағы Алаң сұлу бес ұлының басын біріктіріп, бірлікті өсиет еткен болатын. Екіншіден, әкесіз туғандықтан елден қуылған Шыңғыс ханды Майқы би бастаған 12 би баланың шешесі Алаң сұлудың жөн сілтеуімен тауып алып, жұртқа әкеліп хан ететін [10, 64-65]. Толғау тілімен айтсақ, «ақ ала орда» тігеді. «Алаң жұрт» - бір анадан туған ұлдардың жұрты әрі бірліктің символы. Ал бірлігі мықты жұртқа ғана «орда» тігіледі. Орда – биліктің, яғни Шыңғыстық биліктің символы.
Алаң қоғаның бес ұлына берген өсиеті тұспалды бейнелі сөзбен Махамбеттің толғауында да айтылады:
Біз бір енеден бір едік,
Біз енеден екі едік.
Екеуіміз жүргенде,
Бір-бірімізге ес едік.
Бір енеден үш едік,
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік,
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік.
Махамбеттің беске дейін санамалап отырған тұстары Алаң қоғаға қатысты айтылатын көне аңыздың көркем өлеңдегі көрінісі. Ақын «төрт» деген сөзді айтпайды. Өйткені аңызда төрт ұл деген дерек жоқ. Ақын Алаң қоғаның күйеуден тапқан екі ұлы мен құдіреттің қолдауымен дүниеге келтірген үш баланы қосып «бір енеден бес едік» деп аңыздағы бес баланы мегзейді. Ол өлеңде енеден туған бес балаға атадан (Өтемістен) туған он бала қосылып, «жер қайысқан қол едік» деп жырлайды.
Ақынның «Бесеуіміз жүргенде// Алашқа болман деуші едік» деген жолдағы сөздер – бірлікті насихаттау және Алаң сұлудың бес баласына бірлікті өсиет еткен қайта бір еске салу. Махамбет ақынның аталмыш толғауы бірлікті, тегеуіріні мықты күштілікті аңсаған тілектен туған.
Қорыта келгенде, көшпелілерге «Алаштың» ұран болып жүрген себебі бірнешеу. Біріншіден, ол - Еуразия кеңістігінде ХІІІ ғасырдан бастап тұтас дүниетанымға айналған шыңғысизмнің бастау арнасы. Екіншіден, Алаш -бір ана мен тотем бабадан тараған ұғымның түсінігі. Үшіншіден, Алаш -бірліктің символы. Осындай жинтық ұғымдардың негізінде «Алаш» көшпелілердің ұраны айналған. Біздің ата-бабаларымыздың рухы бедерленген азулы аң, дала көкжалы-бөрілі байраққа қаны қалай қызатын болса, «бөрінің ұрпағымыз» деген мағына білдіретін «Алаш» ұранына да солай қаны тулайтын болған.
Әбсадықов Алмасбек Ахметұлы
А. Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университеті
Пайдаланған әдебиеттер:
- Сейдімбек А. «Алаш» атауы қазақ хандығын жасақтаудың антропонимиялық концепт тұрғысында //Мемлекеттілік және Ұлы дала: Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. Астана, 2006.-224 б.
- Халид Құрбанғали Тауарих хамса (Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. -Алматы: Қазақстан, 1992. -304 бет.
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 8 том. Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006.-452 б.
- Қазақ шежіресі // «Айқап» (Құрастырушылар: Ү. Субханбердина, С. Дәуітов.
- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. -367 бет), - дейді.
- БөкейханӘ.Таңдамалы.Избранное.-Алматы:Қазақ энциклопедиясы, 1995.-478 б.
- Дулатов М. Шығармалары: Өлеңдер, қара сөздер, көсем сөз./Құрас. М. Әбсембетов, Г. Дулатова. Алғы сөзін жазған Ж. Ысмағұлов. –Алматы: «Жазушы», 1991.-384 б.
- История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков.Том ҮІІ. Потанин Г. Н. Исследования и материалы. / Составление тома и указателей, транскрипция текстов, историографический очерк К.Ш. Алимгазинова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. -600 с.
- Вяткин М. Батыр Срым. Учебное издание. Алматы: «Санат», 2002.-344 с.
- Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері. ІІ том. Лұбсанданзан. Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығының туындыларын құрастырып, түйіндеген Алтын тобчы (Алтын түйін) демек-дүр. Алматы: Дайк-Пресс, 2005.- 305 б.
- Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина. (Архивные материалы и публикации). Алма-Ата, «Наука», 1972.- 382 с.
- Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз. //«Дала уалаятының газеті». -Алматы: Ғылым, 1990. -584 б.
- Тынышпаев М. Великие бедствия... (Актабан-шубырынды). –Алма-Ата:Жалын, 1991.-152 с.