ЕЖЕЛГІ СЕМЕЙ – КӨНЕ ТҮРКІ ҚАЛАСЫ!!!
2014 ж. 01 тамыз
13961
5
(«1718» - құлдық таңбасы)
Құрметті әлеумет!
Осындай бір сәттерде, тілекке тілек қосылған, қуанышқа қуаныш қосылған қалың бір жұртты көргенде «Ел болып қана қойғамыз жоқ, ес жидық!» деп ойлаймын.
Еліне тұрман болған, жұртына құрбан болған кешегі ерлердің аруағын асқақтатып, бүгінгі ел жоқшысы бола алатын көзі тірі азаматтардың тілегін бірге тілесуді дәстүрге айналдырып келе жатқандаймыз.
Әйтпесе, бір-бірімізді көре жүріп, көрмегенсуден, біле жүріп білмегенсуден, ер бағын да, ел бағын да талай-талай байлап тастаған тұстарымыз аз ба еді?!
«Алаштың біріксе алмайтын қамалы жоқ, бірікпесе құл болудан басқа амалы жоқ» деген екен Міржақып Дулатов.
Ғылым болсын, білім болсын, еңсемізді енді көтеріп, етек-жеңімізді енді-енді жиып, аяқ-қолымыз енді-енді кеңитін тұста, оқшау қамды қойып, ортақ қамның жолында өнегелі іс көрсетудің орнына, әуелден астауға таласып үйренгендіктен, көлге жапсаң да кимелесіп, бір-біріне су ішкізбейтін шөлдің жылқысындай жоқтан өзгеге кіржіңдесіп, бір бірімізге тіс көрсетуге тырыссақ, қас масқара сонда болар еді!
Бүгін мынау ұлыстың ұлы күні Семейдей байтағымызда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ұлы жиында бас қосып отырғанымыз қандай жақсы, ағайын!
Миллиардттаған жылдармен өлшенетін ғарыш тарихында, миллиондаған жылдармен өлшенетін тіршілік тарихы мен адамзат тарихында «ұлт», «мемлекет» дейтін ұғымдардың шыққаны кеше ғана еді.
Соған қарамастан, бодандықтың қамыты сан ғасыр мойнын қажаған қазақ халқы үшін «ұлт, мемлекет» деген ұғымдар аңсаған арманы, тәңірідей киелісі еді. Ұлы Түрік Қағанатынан басталған мемлекеттігіміз мың жылда мың өліп, мың тірілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 маусым, 2007 жылғы Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласы Семей қаласы болып қайта аталғандығы – УАҚЫТТЫҢ өткен тарихтың өзіне түзету енгізетін ғажайып құдіреті бар екенін білдірсе керек.
Семей – біздің еліміздің арғы-бергі тарихындағы тағдыры ерекше, даңқы зор қала. Оның өткеніне көз салсақ, ғұндар мен көне түркі заманын былай қойғанда, орта ғасырлардың өзінде Семей кенітті қоныс екенін аңғарамыз. Ол Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің 16 қаласының ішіндегі Астаналық мәртебесіне ие елді-мекен.
Сондықтан алашына «Семей» атын қайтарған Елбасына мың алғыс!
Мен ғалым емеспін, бірақ осы қалада тұрғаныма тоғыз жыл болды. Алғашқы үш жылда жетімдіктің күйін кештім. «Мұрты едірейген, көзәйнегі шақырайған осы кім еді?» деген сұрақ алдымнан шықты да тұрды. Бүгін «Менің Семейім, менің қалам!» дейтін дәрежеге жетсем, жаңа жеттім. Сондықтан бұл қаланың өткені мен бүгініне, тағдырына бей-жай қарай алмайтын жағдайдамын!
Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдың жүзі болды. Менің өкінетінім, көне шаһар Семейдің төрт жағынан келіп кірсеңіз де осы «1718» деген қасырет белгісі жарқырап алдыңыздан шығады. Және керілген қой терісіне жасалған қаланың гербі! Онда кәдімгі жеті ғимарат, «жеті палатаңыз» жеті «палаткаға» айналып, жеті шатыр болып кете барған! Бүгінгі «Қазақстан-Семей» телеарнасында «Жеті шатыр» хабары әлі мәртебесінен түспей тұр.
Мен алдымен, сөзім дәлелді болу үшін, осы қалада тұрып, қаланың тарихымен көптен шұғылданып жүрген, өлкеміздің ортанқолдай ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаттары Амантай Исин, Мұхтарбек Кәрімов, Ерлан Сайлаубай, философия ғылымының кандидаты Асан Омаров және басқа танымал зиялылар қол қойған «Семей қаласының жасы туралы тұжырымдама» деп аталатын тарихи құжаттан ұзақ үзінді келтіремін. Онда былай деген: «Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасының ең үздік жетістіктері археология және тарих салаларына келетіні аян. Соның бір нәтижесі - Сарыарқа төсінде бұрын қалалар болмаған- мыс деген көзқарас соңғы жылдары түбегейлі өзгеріп отыр. Бір ғана мысал алсақ, Елорданың дәл іргесінен Бозақ деген қалашықтың орны ашылып, ғалымдар оның ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергенін анықтады.
Ал осы кезеңде Ертістің ұзына бойында Қимақ конфедерациясының он алты қалашығы болғаны тарихшы қауымға бұрыннан жақсы мәлім жай еді. Міне, соның бірі Павлодар мен Шығыс Қазақстан Облыстарының межесі «Семияр» селосының маңынан табылып, археолог ғалымдарды елең еткізді. Қазіргі күні көне кенттің орнында үлкен қазба жұмыстары жүргізіліп, жер қойнауынан көптеген құнды айғақтар алынуда.
Ендігі сөз арқауы – Қыпшақ-Қимақ қағанатының бас ордасына келейік. Оның қазіргі Семей қаласының орнында орналасқаны туралы болжамды жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар 1988жылдан беріде баспасөз бетінде айтып, жаза бастады. Өйткені, осыған сілтенетін археологиялық ескерткіштер де, жазба мағлұматтар да жеткілікті болды. Бұлтартпайтын дәлел ретінде әйгілі көне құрылыс – «жеті мешіт» жайлы естіп, он сегізінші ғасырда Санк-Петербургтен орта Ертіс жағасындағы орыс бекінісіне арнайы келген Миллер және Паллас сынды атақты ғалымдар айтқан деректерді ерекше атау қажет. Сондай-ақ, Тәмим ибн Бәкірдің, Әл-Идриси мен Гардзинидің мәліметтері орта ғасырларда Семей орнында үлкен сауда қаласы тұрғаны – тіректі тұғырымыз. Мәселен, Әл-Идрисидің ХІ ғасырда сызылған картасы ескі шаһардың Ұлы Жібек жолы бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқанын дәлелдейді.
Бірден айтайық, жаңағыдай дерек-дәйектер, жаңалық емес, бәрі де ғылыми айналымда бұрыннан бар. Мысалы, «Қазақ ССР тарихы» кітабының І томының 395-бетінде жаңа аталған араб географы Әл-Идрисидің еңбегінен: «Қимақ астанасы – темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ішінде базарлары, ғибадатханалары бар ірі қала» деген мағлұмат келтірілген.
Ал көне шаһардың болғанын Қазақ Совет энциклопедиясының «Семей» (10 том, 114-бет) және «Қимақ қағанаты» (6-том, 557-бет) деп аталатын көлемді мақалаларында келтірілген мол мағлұматтар толықтай таныта алады. Бұл, әсіресе, бұлтартпастай дәлелденген жайыт» делінген.
«Семей қаласының жасы туралы тұжырымдама» осыдан аттай алты жыл бұрын ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің талқылауынан өтіп, қолдары қойылған еді. Одан бері Семей қаласының соңғы екі әкімінің алдына кіргізілді...
Мен енді семейлік ғалым Асан Омаровтың «Қазақия» деп аталатын кітабындағы «Семей қаласы тарихының хроникасы» (Маңызды даталар) деген бөлігінен тағы да үзінді келтірейін деп отырмын. Себебі бұл маңызды даталар «тұжырымдамадағы» Семейдің жасына қатысты кезеңдерді нақтылай түседі.
Сонымен хроника:
840-940 жж. Көне Семей шаһары Қимақия мемлекетінің астанасы. Осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ Одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтереді.
Х ғасырда көптеген араб саяхатшылары, ал, ХІІІ ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырады.
1368 жылы өзінің қалың әскерімен Бұқара, Самарқанттан шығып, қазақ сахарасын қиып өтіп, Орта Ертіс бойына ат басын тіреген Ақсақ Темір құлап жатқан жеті тас мешітті қайта қалпына келтірген деп жорамалданады.
1616 жылдың 25 сәуірінде орыс патшпсы Михаилдың Грамотасында «Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек» деп көрсетіледі. Бұл құжат – Грамотаны орыс ғалымы Г. Миллер Тюмень архивінен тауып алып, ғылыми айналымға енгізді.
1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф. Н. Байков Ертіс жағалауындағы ірі құрылыс – «Жеті тас мешітті салдырған бұхаралықтар екен» деп ресми орындарға рапорт жолдайды. (ҚСЭ. 10-том, 114-бет)
1660–1758 жж. Көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қала Тархан Доржы деген дінбасы атымен Доржынкит (немесе Доржынкент) деп аталды. Қалмақтар будда дінінің ламаизм деген бағытын ұстанған.
1670 жылдары Жеті мешіт Доржы прәдардың басшылығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастырлерінің кейпіне енді. Бұл туралы 17-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген архэолог-зерттеуші Н. Абрамов дерек қалдырды.
Енді, осы жерде сәл шегініс жасайық. «Е, бәсе, Семей - қалмақтың қаласы екен ғой!» дейтіндер осы жерден бас көтереді. Болса, қайтеді! Қалмақ та киіз туырлықты, ағаш керегелі көшпенділер. Түп атасын қусаң – ол да түркі, төскейде – малы, төсекте – жаны қосылған ежеллден туыс ел. Екі елді айырып, өшпенділіктің отына май құйып, бір-біріне айдап салған Орыс-Қытай империялары. Әйтпесе қалмақ халқы Қазақ Ордасының құрамында тұрған кезеңді де біз жақсы білеміз. Оған дәлел, 1595 жылы Ораз-Мұхамет Ондан Сұлтан мен атақты тарихшы Қадырғали Қосымұлы Жалайыри орыстардың қолына түсіп, Москваға айдалып барғанда, сондағы Қазақ Ордасының Елшілігі Ораз-Мұхаметке хат тапсырады. Онда «Ағаңыз Тәуекел – Қазақ Ордасының билеушісі, ініңіз Шах-Мұхамет Қалмақ Ордасының билеушісі» делінген. Бұл хат күні бүгінге дейін Мәскеудің Орталық архивінде сақтаулы. Яғни, Қалмақ Ордасы Қазақ хандығының құрамында Еңсегей Бойлы Ер Есім заманынан бірге болып, жаңағы Ораз-Мұхамет оқиғасынан қырық жыл өткенде, яғни, 1635 жылы Еміл өзені бойындағы Еміл қаласында Орыс саясатының ықпалымен қалмақтектілер бас қосқан құрылтайында «Жоңғар» империясын жариялайды! Сондықтан, Қытайдағы орыс елшісі Федор Байков Доржнкент қаласында өз үйінде жүргендей тайраңдап жүр. Ал, «Осы қаладағы жеті тас мешітті Бұқаралықтар салдырған екен» десе, Доржын піпадардың шындыққа қиянат жасамаған ізгілігінің арқасы деп ұғу керек.
Енді Семей тарихы үшін «аса маңызды» датаға келеміз, Ол—1718! Ғалым Асан Омардың «Қазақия» кітабында :
1718 жылы Көне Семейден 10 шақырым төмен, оң жағалауда Петр Бірінші патшаның жарлығы бойынша әскери қамал – «Семьпалат»-тың іргетасы қаланды, - делінген. Бұдан басқа «бәленшебай дата», Асан Омаров бұны қатардағы етіп жаза салған, бірақ Семей үйте алмай отыр. Асанның тізімін ары қарай біз жалғастырамыз:
... 1995 жылғы 7 тамызда Семейде Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы ЮНЕСКО ның туы астында басталды.
2007 жылдың 21маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласы Семей қаласы болып аталды.
Бірақ біздің даталарымыз да Семей үшін онша мәнді болмай тұр...
Әрине, бұндай белгілі даталар Семей қаласының ғұмырында жүздеп саналады. Бірақ, қалайда «1718» деген дата басқалардан бөле-жара алынып, ерекше айшықталады. Ол бірінші Петрден бұрын басталған орыс патшаларының отаршылдық саясатын жалғастырушы Советтер Одағы үшін аса маңызды еді!
1718 жылы Бірінші Петрдың әмірімен бүгінгі «Старая крепость» ауылының орнына келіп түскен орыс әскері «нан-тұз» алып келген жоқ, зеңбірегін зіркілдете сүйретіп, мылтығын кезеп, қылышын жарқылдатып, қаһарын шашып келген! Және оны «орыс-қазақ» достығы деп мәймөңкелетудің де керегі жоқ, жаулаушының аты жаулаушы!
Осы бекініс алпыс жыл өткенде түгі қалмай өртеніп кетіп, гарнизон 1778 жылы көне шаһар Семейге келіп кіреді.
«Семей» деген сөз күні бүгінге дейін көбіне «Семипалатинскының» қазақшаланған транскрипциясы ретінде түсіндіріліп келеді. (Усть-Каменогорскіні Өскемен деген сияқты)
Ал, Шыңғыс қаған Орта Ертіске келген он үшінші ғасырдың алғашқы ширегінде бұл шаһар ертістің бойында еңсесі биік жеті ғибадатханасы бар қайнаған сауда орталығы деп білуіміз керек. Шыңғыс қағанның құрметіне «Найманкүре» «Шыңғыстау» атанса, сол кезде Семейтау бар. Қаладан бар-жоғы 50 шақырым жерде тұрған таудың атауын қалаға жақындастырғымыз келмейтіні өкінішті-ақ. Қайсыбір түркі дүниесін зерттеушілердің сөзіне қарағанда «семей» сөзі көне түркі тілінде «ғибадат ететін, құлшылық ұратын мекен» дегенді білдірсе керек.
Ал, логикалық ойлау жүйесіне салып тербетсек, Шыңғыс қағанның атақты «Отырар керуені» жер түбіндегі Қарақорымнан емес, осы Семейден аттанғанын болжау қиын емес сияқты.
Қазіргі уақытта «2018 жылы Семей қаласының 300 жылдығын тойлаймыз!» деп, баспасөзде де, теледидарда да жалаулатып жүргендер аз емес. Білмеген у ішеді деген. Соның көпшілігі өз қандастарымыз! «Көшпенділерде қала да болмаған, мәдениет те болмаған, болуы да мүмкін емес!» дейтін евроцентристерді алыстан іздеп керегі де жоқ, олар біздің айналамызда толып жүр. Олардың «тарихшы» деген жоғарғы білімдері және табақтай-табақтай дипломдары да бар. Бірақ олар КПСС тарихын ғана біледі! Ал Қайым Мұхаметханов КПСС тарихын «бандиттердің тарихы» дейтін. Сөйтсек олар «қызыл террор» дегенді мемлекеттік жүйеге енгізген кереметтер екен ғой! Қазір терроризммен бүкіл әлем күресуде!
Бірді айтып, бірге кетпейік. Мысалы, сексенінші жылдарда «Верный бекінісінің іргетасы қаланған күн» деп Алматы қаласының 250 жылдығын тойлау мәселесі көтерілген болатын. Бұған қазақ зиялылары қарсы тұрып қана қоймай, Алматының көне қала екенін дәлелдеп шықты. Абырой болғанда сол кезде қала ішінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде біздің заманымыздан үш мың жыл бұрын сол қалада соғылған алтын, күміс теңгелер саудырап шыға келгені...
Қазақтың ұлы ғалымдарының бірі Ақжан Машани көзі тірісінде цензура өткізбеген, тек өлген соң ғана жариялауға мүмкін болған, шығармалар жинағының 15-томынан тағы да бір ұзақ үзінді келірейін деп отырмын:
«Тарихи шындыққа жасалған қиянат туралы бірер мысал келтірейік, - дейді Ақжан ағамыз, - Қазақстанның кен қазу тарихын алайық. Кен тастары, бұл да тарихи мұра, - таңбалы тастардың бір түрі ғой! Қазақстан жерінде көптеген кен байлықтарының көзі бар екені мәлім, және олардың көпшілігі ерте замандардан белгілі болған. Айтайық, осыдан төрт, бес мың жылдар бұрын Жезқазғанның мыс кені, Алтай мен Арқаның алтын, күміс, қалайы, қорғасын, мыс, мырыш, темір және көмір кендері, Алатаудың, Қаратаудың қорғасын кендері қазылған. Сол қазылған кен орындары, оны қорытқан орындары, онан шыққан металдарды жергілікті халықтардың қолданған деректері айқын. Соны қазған, сол кендерге ие болған халықтардың мекендері, қойылған зираты, тасқа салған таңбалары, ескерткіш–мұралары сонау Сібірден бастап Қаспий жағасына дейін кең таралған. Оның барын ешкім жоя алған жоқ. Бірақта, сол бай мұраны сол жерді ерте заманалардан бері мекендеп келген халықтар – қазіргі қазақ халқының бабалары екенін мойындамай, бұрмаланып келеді. Батыстық отаршылар: «Көшпелі халықтарда мынадай кен қазу мәдениеті болуға мүмкін емес» деген жалған жорамал таратқан. Демек, қазақ халқының өз жерін өзіне жат етуге тырысқан» дейді Ақжан Машани «Өгізхан» мақаласында
Өз ата-бабаларымызды өзімізге жат, дұшпан етіп тәрбиелеген жетпіс жылдық құлдық сана - анасына оқ атқан мәңгүрттікке әкелді. Оның көршегесі босағанмен, әлі суырылмай тұр!
2018 жыл Семей қаласының 300 жылдығы емес, «Старая крепость» ауылының үш жүз жылдығы. Орыс бодандығының қамытын киген құлдық таңбаның үш жүз жылдығы! Оның несі қуаныш, несі мереке?! Соны түсіне алмай дал боласың?
Осы құбылыстың символындай болып, Өскемен қаласының Киров көшесінде «Декоративная скульптура, посвященная основателям Усть-Каменогорской крепости» деп аталатын, мың да тоғыз жүз тоқсан сегізінші жылы орнатылған Раппопорттың жаулаушы-жаһангерлерге арналған ескерткіші тұр! Советтік заманда салынбаған ескерткіштің тәуелсіздік жылдарда орнатылғанын қайтерсің! Бассыз үйдің иті осырақ. Иә, ұлттық идеологиясы жоқ мемлекетте сепаратизмнің ауық-ауық бас көтеруі заңды құбылыс болса керек...
«Огромном, таинственном континенте под называнием «Азия», до сих пор остающемся во многом загадочным, потому что населявшие его в былые времена могучие народы были вполне умышленно оклеветаны, оболганы, провозглашены примитивными дикарями, на которых «цивилизованная», «высококультурная» Европа просто-таки обязана взирать сверху-вниз с нескрываемым превосходством вполне объяснимой брезгливостью» деген екен біздің замандасымыз, белгілі тарихшы Александр Бушков, өзінің «Чингисхан, неизвестная Азия» деген кітабында.
«Өркениет тек қана батыстан басталған» дейтін бүгінгі Евроцентистердің ата-бабалары 731 жылы «Үлкен Күлтегін ескерткіші» жазылғанда, ашығын айтқанда, әліпті таяқ деп білмейтін надан, бір-бірін тас балтамен төпелеп жатқан жабайылар болатын.
Ал, «Үлкен Күлтегін ескерткіші» Күлтегін батырдың жоқтауы емес, МЕМЛЕКЕТТІК ТРАКТАТ! «Күндіз – отырмадым, түнде – ұйықтамадым, қара терімді шұбырттым, қызыл қанымды жүгірттім, түрік бұдыны сен үшін!» Ел үшін еңіреген ер! Тұлға! Бұл көне, кешегі емес, бүгінгі өркениеттің биігі!
Европа жер-көкке сыйғызбай мақтайтын Ескендір Зұлқарнайынның елу-ақ мың әскері болған, Ал, Күлтегін Күн Түбіне жортқанда алты жүз мың қолмен жер қайыстырған!
Сол «Үлкен Күлтегін ескерткішінде» бүгінде қазақ халқының құрамында жүрген алты рудың аты жазылған. Олар: Найман, Керей, Қоңырат, Жалайыр, Меркіт, Оңғыт (Уақ). Бұлар Ұлы Түрік Қағанатының алты ұстыны, алты тірегі, алты қуаты деп көрсетілген.
Сондықтан да біз, қазақ халқы, Ұлы Түрік Қағанатының тікелей мұрагеріміз!
Сондықтан да бұл ескерткіштің ұстыны 2001 жылы, Тәуелсіздігіміздің он жылдығы қарсаңында, Иманғали Тасмағанбетовтың бастамасымен, Елбасының қолдауымен, Астанаға әкелініп, Евразия университетіне қойылды!
Қазақстан аумағынан табылған төрт алтын киімді адамдардың үшеуі Шығыс Қазақстан облысынан табылуы заңдылық, әрі өркениет қайдан басталатындығының алтын белгісі! Берел мен Шілікті, осы, 2013 жылдың 25 мамырында Тарғабатайдың күнгейінен табылған Алтын Тәжді Үржар Қанышайымы – соның айғағы. ӨРКЕНИЕТ батыстан шығысқа емес, керісінше, Шығыстан Батысқа қарай, Алтайдан асып, Күн Түбіне қарай қанат жайғанының белгісі бұл!
«Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми тұрғыдан әшкерелеу шарт» дейді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында.
Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру – үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.
Иә, қорта айтқанда, Семей 1718 жылы орыстар салған бекініс емес, ол тарихқа 840 жылдан мәлім көне шаһар. Арғы жағында ол қай уақытта салынды – оны анықтау болашақтың үлесінде.
Құсмілия НҰРҚАСЫМ,
Семей қаласы