Қаржаубай Сартқожаұлы. АЛАШ АТАУЫ ХАҚЫНДА

karjaubai Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,

Л.Н. Гумилев атындағы  ЕҰУ-нің жанындағы Түркітану, алтайтану ҒЗИ директоры,                                                                                                                                                                                                                                                          филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі,                                                                                                                                                                                                                   Халықаралық Кемал Ататүрік атындағы Түрік Тарих Құрылтайының (академия) мүшесі, түркітанушы ғалым

 

         АЛАШ АТАУЫ ХАҚЫНДА

  Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін «Алаш» атауына байланысты мақалалар ғылыми және көсемсөз басылымдарында көп орын алды. Өкініштісі, атаудың лингвистикалық және тарихи қабаттарына сараптама жасап ғылыми тұрғыда толық талдау жүргізілмей келді. «Алаш» атауына байланысты бұған дейін Ш. Құдайбердіұлы, Ә. Бөкейхан, Х. Досмұхамедов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, Н. Мыңжани, Ә. Хасенов, Б, Хасанов, Н. Уәли, Б. Кәрібаев, Т. Омаров, Х.М. Ғабжалилов, Ж. Артықбаев, А.Б. Дыбо және осы жолдардың авторы сияқты ондаған ғалымдар ой қозғап қалам тербепті. «Алаш» атауына және оның тарихына байланысты тарихи түпнұсқаларда фрагмент деректер сақталған. Онда:
  1. Б.з. ІІІ ғасрдағы қытай деректерінде (Дыбо. А.Б. 2008 с. 229).
  2. Қытайдың б.з. VІ ғ деректерінде (Ч.Ш. гл. 50. с. 10 а,в Таскин. 1984 с. 254).
  3. Тан патшалығының  дәуіріндегі қытай деректерінде (ТПХЮИ. гл. 199, с. 8б, 5-да, 3);
  4. Көне Хотон-сақ деректерінде (Emmerik-Skjaervo. I. 22-24; Б.з. VІІ ғасырға дейін).
  5. Байырғы түрік Білге қаған мәтінінде (Қ. Сартқожаұлы 2003. б. 269-270; 2013. б. 98, 107-108).
  6. М. Қашқари. Түрік сөздігі (В. Atlai аудармасы. 1935. 1986. т. І. 39; т. ІІІ. 205)
  7. Б.з. Х ғ будда дінінің уйғұр шрифті мәтінінде (Muller. F.W.K. Uigurica. III).
  8. Ш. Ш. Құдайбердіұлы. Түрік қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі. Алматы. 1991.
  9. Мирхонд, Хондемирлердің жазбаларында (Марериалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков. 1969. с. 209-210)
  10.  Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. Алматы 1999. с. 148.
  11.  М. Тынышпаев. История казахского норода. А-Л; 1993. с. 145-147.
  12.  Қ. Жалайыр. Шежірелер жинағы А., 1997. С-126.
  13.  Тарихи –и Абул-хайр-хани (МИКХ. 1969. 143, 145 б).
Бұл фрагмент деректердің сыртында түркі тілді, түркі тектес халықтардың біразының лексиконында «alač / alaš»атауы сақталыпты. Бізге жеткен осы құндылықтарды ғылыми айналымға түсіріп сараптама жасап көрелік. Жыл санаудың (ж.с) Х ғасырында санскрит тілінен байырғы түрік тіліне аударған будда дінінің судрасында (кітабында) мынадай сөйлем бар. Онда: «braman körkin belgürtip qaryčantri teginniŋ alaču tususynta joryjurerkin = [Индра құдай] барамин кейіпіне (бейнесіне) құбылып, Харичантри ханзада ордасының (alač) алдынан жүріп өтті (Uig. ІІІ. 62) ». Неміс ғалымы ф. В. К. Мюллер мұндағы «alaču» атауын «Шатёр» (асыр) деп 1922 жылы аударған. «Древнетюркий словарь» еңбекті жасаушылар 1969 жылы бұл аудармаға сынкөзбен қарамай көшіре салған. Патша ханзадасы көшпелі шатырда емес Ордада өмір сүретін болар. Ханзада Харичандри көшпелі түріктердің тұқымынан емес, отырықшы үнділердің әулеті екенін назарда ұстасақ, оның өмір сүретін үйі асыр емес, Орда болар-ау! Мәтіннің мағынасы бұл арада «alaču» атауы Орда екенін анық көрсетіп тұр. 1072-1074 жылдары жасаған М. Қашқаридың «Дивани Луғат-и Турки (Түркі сөздер сөздігі)» атты еңбекте «alaču» атауы екі мәрте белгіленген. Бірінші томның 136 бетінде (В. Атлай) «alaču – alačuq; cadir (шатёр)» деп аударған болса ІІІ томда «alačulandy» сөзін «alacuk edinmek» (В. Атлай) = (поставить для себе шатёр (ДТС. 31) деп аударған. Мәтіндегі «er alaču landy» сөзін В. Атлай: «еркек адам асыр тікті» (МК. ІІІ. 205); Өзбек тілінде жарық көрген С. Муталлибов нұсқасында «Ер кичик чодирга, olaчнққа эга бүлди (еркек кісі асырға, алачуққа ие болды)» (МК. ІІІ. 222) деп аударған. Ленинградта жарық көрген Байырғы түрік сөздігінде «Мужчина поставил себе шатер» деп тәржімелеген. С. Муталлибов «алачу» атауын В. Атлайға сүйеніп мағынасын «шатёр (асыр)» деп қойып алып, бұл аудармаға күмәнданып көне формасын «alačuq» деп қатар белгілеген. М. Қашқаридің сөздігіндегі «alaču» атауының мәтін түрк, өзбек, орыс тілінде берген авторлар көшпелілердің түрған «киіз үй» деп аталатынын, ал шатёр (асыр) ден басқа дүние екенін, естен шығарған. Олар үшін бәрі «шатёр (асыр)». Көшпелілердің хандары, ханзадалары жаз маусымында керегесінің көгі алтыннан, желбауы жібектен, шаңырағы мен уығы небір оюлармен өрнектеліп 8-10 қанат ақ ордада отыратынын ұмытқан. Ал жоғарыдағы Харичандри ханзаданың тұрағы Орда екеніне күмәнданбасақ «alaču (орда)», С. Муталлибов ұсынысы бойынша «alačuq» «кіші орда» деп түсінгеніміз дұрыс сияқты. Дәл осы «alaču» формасында ж.с. ХІ-Х-ғасырда байырғы уйғұр алфавитімен таңбаланған фрагментте де сақталған (Zieme. 1968. p. 56). Бұл атау ертеорта ғасырдағы Хотон-сақ тілінің лексиканында «alašcā» (khcr 79) «ālašcyaű Abl. P1» түрінде сақталған екен (Emmerick – Skjaerr. 1982. т. І. 22-24). Б.ж.с. VІІ ғасырында хотон-сақ тілінде жазылған санскрит, қытай, түрік (Уйғұр шрифтісімен жазылған) тілдеріне аударылған, әлемге әйгілі Suvarnaprabhasa (Суварнапрабхаса – Altun jarug – Алтын жарық)(Suv) сутрада «алаш» атауы осылайша екі мәрте белгіленіпті. Хотан – сақ тіліндегі мәтінде: «ttā rro rruiya kūšda u ttā rro hamtsa ālašcyau kšīrañā u ttu rro batu [kși] ru» Осы сөйлемнің санскрит тіліне аударылған мәтіні: «tān ca rāja-kulāni tāni ca nagarāni tāni ca rāšţrāni tāni ca višayāni» Аудармасы: «Бұл әрі хан әулеті, бұл әрі онымен қатар alaşcyaŭ (Ордалы) Хандық, бұл кіші хандық» С. Конов (S. Konov. 1941. s. 79; Х. И. Бейли (H.W. Bailey. 1979. s. 24)) дер аударған. H.W. Bailey осылайша аударма жасай отырып «alačuk» байырғы түрік тілінен хотон-сақ тіліне кірген атау деп көрсетіпті (Bailey. 1979. s. 510). Санскрит тіліндегі «rāstra, және vișaya атауларын хотон-сақ тіліне ksīrañā - хандық» деп аударған. «hamtsa ālașcyou kșīrañā – онымен қатар «ālașcyaú (алашы (ордасы) бар) хандық» деп түпкі мағынасын ұстай отырып тәржімасын берген. «ālașcyou kșīrañā – ордалы хандық, әрі batukșira – кіші хандық» екенін мәтінде айқын көрсеткен.  Batu – кіші, kșīrañā – хандық. Б.ж.с. VІІ ғасырда жазылып хотон –сақ, санскрит тілінде сақталған осы дерек бойынша сол дәуірде кіші хандықтың (немесе тайпалық одақ) ордасын «Алаш» деп атағанына осылайша куә боламыз. Үнділердің бір кішкентай хандығы Магадаха қаласын бір кездері «višaya» деп атапты. Бұл Раджагирха қаласының бір атауы екен. Санскрит тілінде Višaya (Вайшэ) – резиденция (орда) деген сөз. Раджагирха қаласын қазір Раджгир деп атайды. Осы қала қытай нұсқаларында haloša-ži  деп аталады деген ақпаратты қытай тарихшысы Жапон ғалымы К. Ширатори «haloša» атауы санскрит тіліндегі «Rāja»(Бұл атау санскри транскрипциясы бойынша «Rāštra»болуы да мүмкін) (Shiratori K. 1956.р. 192). Аталмыш атау көне қытай деректерінде де сақталған екен.
  1. БЖС. ІІІ ғасырындағы қытай деректерінде:
L(h)o –ša (karlgren 0069; 0048 a-b) «Керемет көрікті үй» бірінші иероглиф – «әлеуетті, дәулетті адамдардың керемет көрікті үйі» деген мағына береді. Ал екінші иероглиф «баспана, үй» деген мағына береді (Цихай. 2010-1007, 1381 беттер). Қытай иероглифінде екі түрлі мағына болады. a)     Иероглифтік – құрылымдық мағынасы b)    Иероглиф – транскрипциясының мағынасы. Жоғарыдағы L(h)o –ša сөзінің алғашқы иероглифі «үй» деген атауды білдірсе, екіншісі иероглиф «қонақ үй», «баспана», «жатақ» деген мағына береді. Бұл иероглиф транскрипциясының мағынасы болмақ. Ал, иероглифтік – құрылымдық мағынасы ағымдағы иероглиф транскрипциясының мағынасынан тереңдеп, сөздің ішкі мәнін, мәйегін иероглифтің қосымша сызықтары арқылы айқындап тұратын мәнін белгілейді. Жоғарыдағы бірінші иероглифте бұл жай бір қатардағы «үй» емес аса көрікті, салтанатты, әлде бір әлеуетті адамның үйі екенін иероглифтегі қосымша сызықтар арқылы білдірген. Ал екінші иероглиф ол баспана екенін қабат дәлелдеп көрсеткен. Өйтсе ж.с. ІІІ ғасырдағы қытай тілінің иероглифімен белгіленген l(h)o –ša (alaču-алаш) атауы көшпелілердің алты қанат ақ ордасын сөз етіп тұрғаны түсінікті.
  1.  l(h)- ši ~ helaši ~ alači деп белгіленген дерек б.ж.с. 581 жылы Түргештің (Батыс түрік) Таспар қаған (Тобо қаған) қайтыс болғаннан кейін ресми мұрагер болушы Далабаяннан (Далобян) мұрагерлікті тартып алып Түргеш хандығының хан тағына отырған. Ышбара (Шаболо кэхань) қаған оң қанатқа бес тайпаны кіргізіп, тайпа басшыларына «чор» лауазымын береді. Сол қанатқа тағы да бес тайпаны енгізіп басшыларына іркін (сыңзинь) лауазымын береді. Түрік хандықтары мен қағанаттарында әр қашанда оң қанаттың дәрежесі, сол қанаттан биік болған. Қоғамдағы осы иерархияны Ышбара қаған қағида ретінде ұстанған. Сол кезде оң қанаттың бір тайпасы (аудан) көсеміне «туциши хэлошчо» (түргеш алаш чоры) деген лауазым берген (СТШ. 215). Осы атауды белгілі қытайтанушы Б. Еженханұлы «алаш» деп жаңғыртқан (Б. Ежеиханұлы. 2006. -277, 305 бет. Түсініктеме №183).
Бұл тарихи дерекке логикалық талдау жасасақ Ышбара қаған еліне әкімшілік-территориялық бөлініс жасаған кезде оң қанаттың бас ордасы орналасқан ауданды  Туциши хэлоши (Түргеш алашы) деп атаған сияқты.
  1. Осылайша аудан, аймақтардың, тайпалардың орталықтанған ордасының атауымен атау дәстүрі Тан патшалығында да болған екен. Ж.с. 666 жылы бір ауданды (дуду) һэлан дуду деп атаған. Атау «Алаш» ауданы деген мағына береді. Тарихшы Лю Цзюньжэннің түсіндіруі бойынша Тан патшалығы дәуірінде көшпелілерді басқару үшін арнайы құрылған аудан. Орыны: бүгінгі Ланьчжоу қаласының шығыс жағындағы Ганьсу провинциясының бас қаласы тұрған жер.
Қытай тарихшысы Яо Вэйюан бұл атау туралы былай дейді: «һэлань – сюннудың (хунну) бір тайпасының атауы. Ту баста Иньшань (Дацин шань) тауының солтүстік бетінде мекен еткен. Кейін Алашань жотасына барып орын тепкен»  деп көрсетеді. (Малявкин А.Г. 1981. с. 145-146. прим-175).
  1. 744 жылы Көк Түрік қағанатын құлатқан байырқу, қарлұқ, басмылдардың тайпалық одақтар еді. Қағанатты құлатқан кезде Басмыл тайпалық одағының (хандық) көсемі Ашина Ши-ді жаңа орнаған қаған тағына отырғызып Хэла-пицзяь – хэкань деген хандық лауазым берген-ді. Синолог А.Г. Малявкин осы лауазым құрамындағы «Хэла (hela)», «Хэлань (helan)», «Хэлачжи (helaši)» атауларын «ala», «alakči» деп жаңғыртқан (Малявкин А.Г. 1989. с. 325. прим. 955) .
Сонымен қатар А.Г. Малявкин: «По сведениям источников, которым мы  располагаем, слова «хэла / хэле» встречается только в двух титулах басмылского и тюргешского каганов, а также как найменование города. Если Чэнь Чжунмянь, о котором говорилось, что «хэла», и «хэле» являются различными иероглифическими транскрипциями одного и того же исходного слова не ошибка, то возникает вопрос, почему в титулах вождей двух столь далеких племен (тюргеш, басмыл- Қ.С) употреблено адно и то же слова. В аналогичных титулах, встречающихся в китайских источниках, слова, стоящие на первом месте, обычно рассматрываются как фамилии или имена, являющиеся иероглифическими транскрипциями родоплеменных найменовании. Могли ли существовать у басмылов и тюргешей два рода с совпадающими названиями? А можеть быть, в основе этих транскрипций лежит другое слово, не имеюшее отношения к этнонимке, или даже разные слова?» (Малявкин А.Г. 1989. с. 172. прим. 257) деген түсінік беріп, орынды сұрақ тастайды. А.Г. Малявкин дұрыс айтады. Ол заманда бүгінгі, Үрімжі қаласының шығысындағы, Үрімжіден 250км қашықтықта орналасқан Жемсары қаласы орналасқан жерде көне Бесбалық қаласының қирандысы жатыр. Бесбалық қаласы ж.с. Х ғасырына дейін Басмылдардың бас қаласы (астанасы) болған. Осы алапта Басмылдар өмір сүрген. Ол заманда Түргештер Іле, Жетісу бойында мекен еткен. Бұл екі тайпа территориялық жағынан тым алыс емес. Шекарасы бір – біріне тиіп тұр. Ол заманда Түргештің он тайпасы да, басмылдарда тайпалық одақ дәрежесінде болған. Үлкен хандық, қағанат құра алмаған. Сондықтан тайпалық одақтардың ордасын олар өздері көнеден келе жатқан дәстүр бойынша алаш (alaču) деп атаған болуы керек. Қытайлар бұл атауды хэлачжи (alaču=alačuq)белгілеген. Оның дәлелі жоғарыдағы біздің анализ жасаған тарихи деректер. Біздің осы анализімізге байланысты түрік бітіг жазуы да дәлел бола алады-ау деген ойдамыз. Көк түрік қағанатының үшінші қағаны Білге қағанға арнап тұрғызған Білге қаған ұстының бірінші жолының ортасы эрозияға ұшыраған еді.  Бұл эрозияға ұшыраған мәтінді В.В. Радлов былайша көшірген. (4 әріп өшіп кеткен) ........ .... деп көшіріп төмендегі оқылымын берген. Онда: ....nta amty (a)l .... tysy ăr, toquz jdinikăr, külüg begleri, boduny .... Аудармасы: То ...........теперь..........мужи, приверженные беги и его народ [выразил ему свое почитание] .... Осы жолдардың авторы 2005 жылы «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» атты еңбегімізде түпнұсқаны былайша берген едік. Онда: (4 әріп өшкен):  ... Транскрипциясы: Anta al .... (4 әріптің орны бар) [al]ty esir, toquz oɣuz idi ediz jer külüg begler,  boduny ... Аудармасы: Онда игі ........... алты есір (тақ), тоғыз-оғыз иесі, едіз жерінің даңқты бектері халқы ..... (Қ. Сартқожаұлы 2005. -254, 255 бет) деп аудармасын берген едік. Кейін 2006-2012 жылдары аралығында Моңғолияға барып Білге қаған ұстындарындағы эрозияға ұшыраған әріп кескіндерін жаңғыртуға мықтап кірістік. Қуатты линзілерді пайдалана отырып, эрозияға ұшыраған әріп кескіндерін алғаш қашаған кездегі қашаудың ізін қуалай зерттеп жаңғыртуға тырыстық. Нәтижесінде жоғарыдағы мәтіндегі төрт әріпті жаңғыртқандай болдық. Онымен қатар бұрын жаңсақ көшірілген әріп кескіндерін орнына қойдық. Нәтижесін 2012 жылы жарық керген «Орхон мұралары» ІІ-кітапқа енгіздік. Онда: Түпнұсқасы: .... .... Транскрипциясы: ...anta amty al[ač], [al]ty esir, toquz - oɣuz kidiz kerekülig begler boduny ..... Аудармасы: ....бүгінгі алаш, алты тақ, тоғыз-оғыз киіз керегелі бектер халқы. Сонымен бұл сөйлем В.В. Радлов, П.М. Мелиронский, С.Е. Малов оқылымдарынан мүлде басқаша болып шықты. Бұл авторларда эрозияға ұшыраған жолдарды жаңғырту мүмкіншілігі болған жоқ. Аз уақытпен, айнымалы климатты Моңғол жерінде жұмыс жасау оңай болмады. Соның салдарынан түпнұсқа ту баста дұрыс көшірілмеген. Біз бүгінгі ғылым мен техника және уақыт мүмкіншілігін өз дәрежемізде пайдалана алдық. Нәтижесінде, Түрік қағанатын орнатушы қыпшақ тайпалық одағы алаш атанған алты тақ иесінің алты кіші орданың басын қосып әлемге әйгілі Түрік қағанатын (империя) орнату бақытына ие болды. Білге қаған мәтініндегі «alaču», «alty esir» атауларына түсініктеме берелік. Жоғарыда сараптама жасаған б.ж.с. ІІІ ғасырында жазылып сақталған қытай дерегіндегі «l(h)o –ša (alaču)», ІІІ ғасырда жазылған Хотон-сақ дерегінде «ālaşyau (alaču)», атауы санскрит дерегінде «batu kşiru (кіші орда)» деп аударылып сақталуы; және б.ж.с. 666 жылы құрылымдаған Гансудағы (аудан атауы); «хэлань (һэlan)»-ның санскрит тіліндегі мағынасы «алаш» (орда) деген сөз екендігі; Батыс Түрік (түргеш) хандығының ордасы орналасқан ауданның (тайпаның) атауы «Түргеш алашы» болса оның көсемінің лауазымы «Түргеш алаш чор» болуы;  Басмыл тайпалық одағының көсемі, Біріккен Түрік қағанатының (Ұйғур) алғашқы ханы Ашина Ши «һэлан-Пицзю-кэхань (Алаш Білге қаған)» лауазым алуы бізге «alaču (алаш)» атауының алғашқы мағынасын айқындап беріп тұр. Аталмыш тарихи деректер ежелгі Сюнну (Хунну=ғұн) дәуірінен бастап «alaču» деген атау болғанын, ол атау үлкен тайпалар немесе тайпалық одақ, кіші хандықтардың (княжество) ордасы екенін, әрі ол «кіші орда» деген мағына беретіндігін дәлелдейді. Өйтсе Түрік қағанат дәуірінде жекеленген алты тайпалық одақ (хандық) тардың тағын «esır» (есір), ордасын «alaču (алаш)» деп атағанына куә боламыз. Осы алаш (кіші орданың) басшылары бас қосып ынтамаққа келгенде түрік қағанатын (империя) құрып, Орталығын Орда деп атаған. Кезінде бұл алты тайпаға қыпшақ, тоғыз-оғыз, басмыл, қарлұқ, түргеш, отыз-оғыз тайпалық одақтар (алаштықтар – кіші ордалықтар) кірген сияқты. Біздің жоғарыда сарапқа салған «alaču» (алаш) атауының көне дәуірдегі атаудың алғашқы мәні. Нақтылап айтсақ атау мәтінің тереңдегі көне қабаты (слой). Түрік қағанаты құлап, түркі халықтары ыдырап бас-басымен кетіп басқаларға бодан болып кеткен дәуірде «alaču» атауы басқаша сипат алды. Әлемнің қақ жартысына билік жүргізген Түрік қағанаты тарих саханасынан кетті. Түркілердің біразы қытайлардың, бір бөлігі парсылардың, енді бір қаншасы қытандардың қоластында еді. Біраз бөлігі қуыршақ хандық құрып өз күнін өзі көрді. Отыз-оғуз атанған түріктердің біразы Селжүк мемлекетін құрып кешікпей еуропаға аяқ тіреді. Түріктердің Тәңірлік дінінің орнын Ислам, елдері біразын будизім иеленді. Халықтың дүниетанымы өзгеріп, ұлттық менталитетке, ұлттық психологияға аса үлкен төңкеріс жасалды. Күлтегін мәтініндегі Білге қаған өсиетіндей «батысқа, шығысқа да бардық, барған жерден не таптық» дегендейін билігінен, бірлігінен түркілер өз ара алыстай бастады. Түркілер ортасына сынадай сығылып кірген жат дін – жат идеология түркі этносын бір-біріне жауластырды. Біріне – бірі жаттың көзімен қарайтын болды. Халық Қағанат құрған дәуірін, бірлігін, ынтымағын аңсап аһ ұрды. Х-ХІ ғасырда орта Азияда түркі тектес Дешті қыпшақ, Оғыз, Селжүк, Хорезм, Қарахан сияқты бір неше хандықтарға бөлініп кетті. Соның ішінде бұрынғы Ұлы Түрік қағанатының тікелей ұрпақтары ХІ-ХІІІ ғғ аралығында «Ел-бөрі» ақ сүйектер (золотая рода) тайпасы билік құрған Қыпшақ хандығы саяси тұрғыдан да, әскери күш қуаты жағынан да бір шама қуатты болды. Бұрыңғы Көк Түрік империясымен салыстыра қарағанда, оның жұртына қайта өсіп шыққан шағын хандықтар еді. Өз ара бірлік береке болмады. Бұл хандықтар арасындағы соғыстар мен қақтығыстар қарапайым халықты ауыр жағдайға түсіріп отырды. ХІІІ ғасыр бастала салысымен Моңғолдардың ұлы жіңгір шабуылы басталып жарты әлемді қоластына қаратты. Моңғолдардың әлем тарихының сахнасына шығып келуі, түркі этносы үшін жаман болған жоқ. Шыңғыс хан 1196 жылы өзінің Меңгү – шівэйлерінің басын қосып Қамығ Меңгүлер хандығын құрды. 1206 жылға дейін түркі тектес жалайыр, қоңырат, найман, керей, оңғут (уақ), шығыс Түркістандық арсалан – ұйғұрларды қоластына алғаннан кейін орнатқан мемлекетін «киіз туырлықтылардың Моңғол ұлысы» деп атады (МҚШ ...). Бұл арада Шыңғыс хан «киіз туырлықтылар» деп көшпелі түркі, моңғол халқын айтып отыр. Бұл қағанат текқана бүгінгі моңғолдардың ата-бабасы меңгү – шівэйлерді ғана орнатқан Ұлысы емес бүкіл көшпелілердің, соның ішінде түркі моңғолдардың ортақ мемлекеті, ортақ жеңісі, ортақ ұлысы дегенді айтып отыр. Шыңғыс хан армиясының 5% ғана моңғолдар болды. Армиясының негізгі құрамы түркілер (керей, уақ, найман, жалайыр, қоңырат, қыпшақ, үйсін, дулат, кіші жүздің тайпалары) болды. Сонсоң жол-жөнекей жеңген елдердің ер-азаматтарын соғысқа уақытша пайдаланып отырды. Әлемнің бес үлкен дінін (християн, будизм, иудей, ислам, тәңіршілдік) бірдей құрметтеді. Бірінен бірін артық көрген жоқ. Барлығы да жаратушыны, жаратушы бір құдайды ұлықтайтын болғандықтан ол бір жаратушыға деген құрмет деп көрді. Өзінің бағындырған елін, жұртын, халқын бір ғана ұлы Йаса заңымен ұстауды бұйырды. Сөйтіп, әлемде тұңғыш мәрте жаһандану идеясын ұсынды. Нәтижесінде бір-бірінен алыстап кеткен түркі халқының басын қосты. Жошы – қыпшақ ұлысының (Алтын орда) соңғы дәуірінде, нақтырақ айтсақ Тоқтамыс хан заманында қазақтың ұлы даласында бір неше тайпалық одақтар пайда болып, Көк Түрік қағанаты орнар алдындағыдай өз-өз ордасын құра бастады. Олар тайпалық ордаларын «алаш» деп атай бастады. Моңғолстанда билік құрған Сұлтан Жүніс ханның екі ұлы екі кіші орда құрып алды. Бұл туралы Бабыр өз еңбегінде атап өткен. Үлкені Сұлтан Махмудтан гөрі кішісі Сұлтан Ахмет ел ішінде беделді болған сияқты. Ол Моңғолстанның көшпелілер арасында 1487 -1504 жылдары хан болды. Мирхонд мен Хондемир Сұлтан Ахмет ханды «Алашы хан» деп атаған. Ол халмақ, моңғол тіліндегі «алач- бас кесер, кісі өлтіруші» хан деген сөз емес. Керісінше, өзі жеке кіші хандық құрып бұрыңғы дәстүр бойынша ордасын «alaču» (алаш) деп атағандықтан «Алаш хан» атанған болу керек. Сұлтан Ахмет хан жауға шапқанда «алаш, алаш» деп ұран салып атой салуы басқа аталас хандықтардың аруағын шақырып ұран тастағаны. Жеңіліп бара жатса, немесе шабуылы сәтсіздікке ұшырайтын болса басқа алаштықтар көмекке келеді. Бұл арада Сұлтан Ахмет «Алаш хан» атанып ұран боп тұрған жоқ, бабалар аруағын шақырып ұрандатып тұр. Бабур – намеде Сұлтан Ахметтің «Алаш» аталған себебін қалмақтар мен моңғол тілінде «өлтіруші», «бас кесер» деген мағына береді дегені де дұрыс. Өйткені қалмақтар мен моңғолдар тілінде түріктің «алаш» сөзі солай түсініледі. Ол өз түсінігімен солай қабылдаған. Сондықтан бұл мағынасындағы ұран емес көне түрік мағынасындағы алты алаштың аруағын шақырған ұран. «Алаш мыңы» дегенге келсек ол дәуірде қазақ тілінде бірнеше кіші орда (алаштықтар) болды. Солардың жасақтаған мыңдығын «Алаш мыңы» деп атаған болу керек. Ал, үлкен хандық құрып, орда тіккен Бұрындықтардың мыңдығы, түмендігі ол басқаша аталады. Қазақ тарихына қатысты деректердің ішінде ерекше мән беріп шұқшия зерттейтін бір дерек – Алаш баһадүрге байланысты әңгіме. Масуд ибн Осман Кухистани дерегі бізді ерекше қызықтырды. Онда: «...[Абу-л-Хайр] – сұлтан обладатель ангельских качеств, в недежде на блогополучие и счастье остоновиля юрте (может быть Орда-К.С) Алаша-баһадуру, калантара большого аймака. Алаша – баһадур и прочие калантары того могущемтвенного султана, опоясались поясом искренной дружбы и служения и с утро до вечера беспрекослевено исполнияли службу. .... Алаш – баһадур и его аймак ... проявивших услужение и усердное моление, одарил дорогими халатами и такой царственной милостью, что невозможно представить больше этого, и остовил в его компетентом держании [право] распоряжения [своей] страной и имуществом ... » (тарих – и Абу-л-Харйр-хани. МИКХ. 1969. с. 143, 145). 1426 – жылдары Жұмадық хан мен Маңғыт әмірлері арасында болған соғыста хан қаза тауып 16 жастағы Әбілқайыр сұлтан қолға түседі. Оның Шыңғыс хан ұрпағы, билік әулетінен екендігін білген соң маңғыт әмірлері Әбілқайырға құрмет көрсетіп босатып жібереді. Жас сұлтан (жанында мықты, ақылды кеңесшілері болған болуы мүмкін) еш қайда бұрылмастан Қыпшақтың атақты батыры, әрі биі Алаш-баһадүр ордасына келіп паналайды. Ал, Әбілқайыр ханзада Шығыс әулетінің ақсүйектер тұқымынан. Неліктен Әбілқайыр ханзада Алаш-баһадүрге барды? Алаш-баһадүр іспеттес ұлы далада ондаған батыр бағыландар тұрғанды, неге олай жасады? деген сұрақ туындайды. Жоғарыдағы сілтемеге қарағанда Алаш-баһадүр сияқты бір неше «Тантара»-лер, алаш ордалар бола тұра Алаш-баһадүрге келген. Алаш-баһадүр ХІ – ХІІІ ғасырларда хандық құрған Қыпшақ тайпалық одағаның тұқымы. Қыпшақ хандығының билік тайпасы Ел-бөрінің әулетінен болуы мүмкін. Оның сыртында бұл қыпшақтар бұрынғы Көк Түрік қағанатын құрушы тайпалық одақ. Атақты Күлтегін, Білге қаған, одан бұрынғы Бұмын, Істемі (Дизабул), Мухан қағандардың тұқымы. Нақтырақ айтсақ түрік этносының хан тұқымының алтын ұрпағы. Жошы басқарған Шыңғыс хан армиясы Орта Азияны қоластына алғаннан кейін бұл тайпаның бұрынғы әлеуеті төмендегенімен түркілердің алтын ұрпағы екеніне Шыңғыс ханның өзі үлкен мән беріп санасып отырған. Ұлы қағанның осы бір саясатына ғалымдар бүгінге дейін назар аудара алмай келеді. Ұлы қаған 1224 жылы Жошы хандығын құрып, үлес жерін бөліп беріп, елін «Жошы-қыпшақ ұлысы» деп атауының өзі, бұл ұлыстың тілі қыпшақ тілі болуы, Шыңғыс ханның ұрпақтары басқарған басқа ұлыстары (Шағатай, Өгедей, Тулуй т.б). соғыстан түскен пайданың белгілі мөлшерін Жошы-қыпшақ ұлысына бөліп беріп отыруы, бұрынғы Көк Түріктің хан әулетіне көрсетілген басымдық, аса үлкен артықшылық әрі құрмет еді. Сол Ұлы қаған Шыңғыстың ұрпағы басына күн туғанда бірден Қыпшақ тайпасына келіп бас сауғалауы орынды. Өйткені Түрік тектес қауымның, қалың түркілердің хан тұқымына жүгініп, соның көмегін алу саяси жағынан да, әлеуметтік жағынан да Әбілқайыр үшін пайдалы болады. Жоғарыдағы Масуд ибн Осман Кухистан дерегінде Алаш-баһадүр, және басқа калантаралар «адал достықтың куәсі ретінде Әбілқайырға белбеу буындырып, қымбат шапан сыйға тартты, сый құрмет көрсетті» деген ақпарат қалдырған. Осман Кухистан бұл арада байырғы көшпелілердің билік жүйесіндегі дәстүр-салт, ритуалдарды түсінбегендігі байқалды. Сонау хуннудан бастап Шыңғыс ханға дейін байырғы көшпелілердің хандары мен қағандарын хан көтергенде ханның жеті асыл, қасйетті символын белгілеп табыстайтын болған. Олар:
  1. Аса таяқ, 2. Байрақ-ту, 3. Тәжі, 4. Хан белдігі, 5. Хандық камзол, 6. Хандық атағы (темужинге Шыңғыс хан атағы берілетіні сияқты), 7. Хан күлігі (аты).
Міне осы жеті символын байырғы Көк Түріктің алтын ұрпағы Алаш-баһадүр өз қолымен табыс етіп Әбілқайырды хан көтерген. Осман Кухистанның көзіне оттай басылып назарын аудартқан дүние хан белдігі мен хан камзолы болған. Сондықтан ол көшпелілердің басқа ритуалына мән бермей текқана белдігі қымбат бағалы шапанын (хан камзолы) ғана сөз еткен. Ал, Алаш-баһадүр, Көк түріктерден жалғасқан «Алаш» атауын ұран ретінде көтеріп алып жүргендіктен Алаш-баһадүр атанған болу керек. «Алаш» атауы ұранға айналған бұл кезең «Алаш» атауының мәні, мағынасы қоғамдағы міндет-мақсаты өзгерген мағыналық екінші қабатын (слой) көрсетеді. Алаш атауының үшінші қабаты мүлдем басқаша өзгеріске түскен. Дыбысталу формасы «alažyq (алажық)», «alačyq (алачық)», «alažuq (алажуқ)», «alačuq (алачуқ)», «alašyq (алашық)», «ylašyq (ылашық)», «alašyq (алашық)», «ulačyq (уалашық)», «alaža (алажа)» т.т.с.с (ЭСТЯ. 1974. с. 130). Мағынасы: сарай, баспана, үй, күрке, лашық. «Alačuk» (алашуқ) сөзіне лингвистикалық талдау жасалық. Ala+čuq; Ala – ала, шұбар,. Ала – әр түрлі өңнен, әр түрлі тектен, әр түрлі заттан құралған заттың сыны. Alaču / alačuq сөзінің алғашқы кездегі «ала» түбірінің мәні әртүрлі рулардан, тайпалардан құралған орталық баспананы білдіреді. Осы «ala» (ала) түбірге – ču / čuq жалғауы жалғанған. –ču / čuq жалғауы түбір сөзге (зат есім, сын есім, етістік  жалғанып зат есім тудыратын көне жұрнақ (Brockelman OGM § 26). – ču / čuq, - жалғауындағы аталмыш затты кішірейтіп көрсететін мағына береді (Doerfer ІІ102; ЭСТЯ. 1974. с. 132-133). Біздің сөз етіп отырған «alaču», «alačuq» атауларымыз әр түрлі ру, тайпалардан құралған кіші хандықтың, тайпалық одақтың ордасын белгілеп отыр. Осы әр түрлі тайпаның орталығы болған орда кіші орда екенін көрсету үшін – ču / - čuq жалғаулығы жалғанған. Қорытынды.
  1. Ж.с. ІІІ – ХІІ ғғ аралығында Алаш (alaču / alačuq) атауы ала-құла әртүрлі ру тайпаның басын қосып бір орталыққа бағындарған тайпа, тайпалық Одақ немесе «кіші хандықтың Ордасы» деген мағына берген. «Алаш» атауының бұл бірінші кезеңі (қабаты).
  2. Ж.с. ХІІ-дан бүгінге дейін қазақ ұлтын құраған тайпалардың ұраны болған. Бұл атаудың екінші кезеңі.
  3. Атаудың алғашқы қабатының (кезеңінің) «кіші орда» деген мәні өзгеріп, қазіргі заманда «баспана», «үй», «күрке», «лашық» деген мағынада түркі халықтарының сөздік қорында сақталған.
  4. ХХ ғасырда қазақ ұлтының балама атауына айналған. Бұл атаудың төртінші қабаты (кезеңі).
  Пайдаланған әдебиеттер  
  1. Divanü Lûgat-it-türk tercümesi. Çerren B.Atlаy. T. I. Ankara. 1986.
  2. А. Б. Материальный быт ранних тюрок. Жилице // Природное окружение и материальная культура пратюркских народов. М. 2008. С. 219-272.
  3. Жалайр Қ. Шежірелер жинағы. Алматы 1997.
  4. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Т. ІV (Аударып түсініктемесін жасаған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан) Алматы. 2006 ж.
  5. Құдайбердіұлы Ш. Түрік қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі. Алматы. 1991.
  6. Малявкин А.Г. Историческая география Центральный Азии. Новосибирск. 1981.
  7. Малявкин А.Г. Танские хроники о государствах Центральной Азии. Новосибирск. 1989.
  8. Махмуд Кошғорий. Туркий сузлар девони (Девону луғотит турк) Таржимошы С. М. Муталибов. Тошкент. 1960.
  9. Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVIII веков. Алматы 1969.
  10.  Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. Алма-Ата. 1999.
  11.  Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. М., 1974.
  12.  Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары 1-кітап. Астана. 2003.
  13.  Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары 2-кітап. Алматы. 2012.
  14.  Таскин В.С. Материалы по истории древних кочевых народов группы дунху. М., 1984.
  15.  Тарих-и Абул-хайр-хани // Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVIII вв. А-А., 1969.
  16.  Bailey A.W. Dictonary of Khotan Saka. Cambridge. 1979.
  17.  Brockelmann C. Osttürkische Grammatik der islamischen Literatursprachen Mittelasiens. Leiden. 1954.
  18.  Doerfer G. Türkische Elemente im Neupersischen. Alif bis. ta. Wiesbaden: 1965. Bd. II.
  19.  Emmerick R.E.: Skjærvø P.O. Studies ın the Vocabulary of Khotanese. Wien. I-1982; II-1987; III-1997.
  20.  Konov S. Khotansakische Grammatik. Leipzig. 1941.
  21.  Zieme P. Die türkischen Yosipas-Fragmente. MİO. Bd. XW. Hefi. 1. Berlin 1968.
  22.  Цы хай (Сөз мұхиты: Энциклопедиялық сөздік). Бейжін. 2010.
  Қысқарған атаулар ТПХЮЦ – Юэ Ши Тай-пин Хуаньюй цзи (Тай пин Син-гоның ел басқарған заманы (976-983 жж.)  туралы  белгілеу). ЭСТЯ – Этимологический словарь тюркских языков www.qazaquni.kz