Арман СҚАБЫЛҰЛЫ. " НАҒЫЗ ҚАЗАҚ - ҚАЗАҚ ЕМЕС..."
2014 ж. 29 мамыр
3113
0
Осы бір алпамса денелі, қара жігітті алғаш рет қашан, қайда көргенім есімде. Ақтөбеде әлдебір үлкен жиында мінберге шығып, көсіліп сөйлегені бар. Түр тұлғасы өзіміздің ауылдағы кейбір құрдастарға ұқсап тұрғанмен, орысша сөйледі. Мен де қырсығып қалдым. Атағынан ат үркетiн арнадан келдім емес пе! Жиын соңынан болған баспасөз мәслихатынан соң, тек қана қазақша сауалдар қойып, өзін біраз қинағаным да есімде. Жауап бере алмады. Алматыға келген соң, "Жеті күннен" тағы бір түйреп өттім...
...Өмір деген қызық қой. Әлдебір себептермен жұмыстан кетіп, бос жүрген кезім еді. Мәскеулiк журналист досым хабарласып, сол күні кешке бір үлкен адаммен жолықтыратынын айтты.
-Сен туралы айтып қойдым, -деді, -Сыртыңнан біледі екен! Кешікпе!-деп трубканы тастай салды.
Айтқан уақытында барып, екеуміз оның қабылдау бөлмесінде күтіп отырдық. Өзі сыртта жүр екен. Сол жерде білдім ғой, күтіп отырған дөкейiміз -әлгі өзім сынаған- Азат Перуашев екен! Мен кетуге ыңғайландым. Өзін сынап жүрген адамды кім жұмысқа ала қойсын? Үлгермедім. Есіктен өзі де көрінді. Жүре сөйлеп келе жатыр.
-Мына жігіт жайында айтқан болсаң, мен оны жұмысқа аламын! Бұл кісіні жақсы білеміз ғой...
Қараптан қарап қысылғаным-ай, сол жерде..."Таспен атқанды, аспен атқандай" болды-ау! Не керек, сол жерден білдей бір партияның баспасөз хатшысы болып бір-ақ шықтым.
Қазақша білмейді деген қара баламыз жұмыста да, үйде де тілін бұрап болса да тек қазақша сөйлейді екен. Өзі Ресейде білім алған. Ана тіліне шорқақтау болғаны да содан болса керек. Мені де осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін жұмысқа алды деп ойлаймын. Жүрген жерінде қазақтың әдет-ғұрып, салт -дәстүр жайындағы әңгімелерге аса мән беріп, жадына түйіп жүретінін сан мәрте байқадым. Сондай күндердің бірінде Ұлттық баспасөз клубында журналистермен мәслихат болатын болып, жанталасып жаттық. Жиын басталар алдында ғана Азаттың сол күні туған күні екенін, тіпті мүшел жасқа кірейін деп жатқанын естідік. Біздің жұмыс ұйымдастыру ғой. Жиналған әріптестердің құлақтарына сыбырлап қоя салдық. Баспасөз мәслихаты енді қызды-ау дегенде қасқыр журналист-Жанарбек Әшiмжан сөз алып, Перуашевті туған күнімен құттықтады. Мүшел жаста жақсы көретін затын сыйлау керектігін де айтуды ұмытпады.
-Рахмет,-деді Азатымыз,-Қазір қалаған затыңызды айтыңыз!
Жанарбек бауырым біреуге есе жіберіпті дегенді өз басым естімептім. Көп ойланбай сарт еткізді.
-Анау алдыңызда жатқан күнқағар очкидің ұнап тұрғаны...
Жанарбектен басқалар да қалыспады. Біреу галстугін, біреу қаламын дегендей...
...Азатпен бес жылдай бірге жүрдім. Саясат деген сайқалдың төңірегінде алыпқашпа әңгімелер тым көп айтылады ғой. Азаттың тегіне күмәнмен қараған әңгімелерді сол кезде көп естідім. Ондайлар әлі де бар.Осындайда ойға оралады. Сол жылдары Ақтауда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевты күтіп тұрғанбыз. Әкім Азатты көре бір әңгіменің шетін шығарған.
-Азат, мен сенің әкең Тұрлыбектi жақсы білемін, -деді, -сексенінші жылдардың соңында "Қазақ тілі" қоғамын құрып, ана тілінің абыройы үшін айқасқа түскендердің бірі еді...
Мен үшін бұл да күтпеген жаңалық болды сол кезде. Ал, кеше осы ғаламтордан Азаттың атасы Перуаш жайында жазбаны оқып, тіпті таң қалдым. Сонау аласапыран заманда Алашорданың мүшесі болған, сол үшін репрессияға ұшырап, атылған бұл адам жайында тебіренбей оқу мүмкін емес. Түрмеден газет бетіне сүтпен жазып жіберген Перуаштың өлеңін ауыл адамдары күйе жағып, қарайтып оқып, жаттап алған екен. Өлеңнің әр жолынан сол заманның трагедиясын анық аңғарылып тұр.
Қадыр ағамның өлеңі бар ғой, "Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра..."деген. Мен нағыз қазақ деп жалаң сөз емес, жасаған ісімен дәлелдеп жүрген азаматтарды айтар едім. Азекең қазір Алаш арыстарының мұраларының халыққа жетуіне мұрындық болуда. Оны жинастыруға, жарық көруіне қаржылай көмегін аяған емес. Бұл азамат жайында кейіннен бір кеңірек жазам ба деп жүр едім...Алаш арысы болған атамыз жайлы мына дерек еріксіз қолыма қалам алғызды. Ал, сүтпен жазылған өлеңді "Қазақ үні" сайтынан оқып алуға кеңес беремін.
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ