ОТАН ҚОРҒАУШЫ САРБАЗДАР ЕРЕКШЕ МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ
2014 ж. 06 мамыр
4742
2
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Қ. Мәсімовке
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Біз Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында тұрмыз. Әскери қызмет адамзат ғұмырының ерекше және аса маңызды түрі болып табылады. Тарихтың барша кезеңдерінде біздің отандастарымыз өмірін әскери қызметке арнап, қолдарына қару алып, елімізді қорғауға дайын тұрған. Елін сүю, Отанын қорғау қашанда ер жігіттің парызы болған. Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев сияқты батырларымыздың есімі бәріміздің жадымызда. Сарбаздардың жауынгерлік еңбегі бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Елімізде кейінгі жылдары әскери қызметтің шынайы жағдайы түбегейлі түрде өзгерді. Осыған байланысты, әскери кадрлар қызметіне уәждемелік сипатта көңіл бөлуді күшейту қажеттілігі үдеп отыр. Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қарулы күштерінің қатарында қызмет атқару жастар арасында беделін арттырудың ықпалды түрлерінің бірі мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды медалдар және ерекшелік белгілерімен марапаттау болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің 40 пайызы ғана мерзімді қызмет әскери қызметшілері есебінен құралады. Мерзімді қызмет әскері негізінен қарапайым азаматтардың балалары екендігі құпия емес. Әскери өмір тәуекелді және қауіпті. Борышын өтеуге кетіп, табытпен оралып жатқандары қаншама... Мысалы, Арқанкергенде орын алған қайғылы жағдайда қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері кімнің есінде қалды?! Отан алдындағы әскери борышын өтеу - ол мақтаныш, жоғарғы абыройлы өлшем болуы тиіс. Өкінішке орай қазір жастар арасында кейде әскери міндетін өтеушілерге әлеуметтік кемітушілік нышандары да байқалып, мүсіркей қарайтындар да табылып жатыр. Мерзімді қызмет уақыттың бос өткізілуімен байланыстырылмас үшін, оны әскери борышты табысты өткізу символдарымен, яғни ведомстволық медалдар және үздіктілік белгілерімен марапаттаумен қолдау қажет. Әскердің және әскери қызметті насихаттау, мәртебесін көтеру мақсатында, мерзімді қызметті өтейтіндердің әскерден кеудесіне медаль мен белгілер тағып қайтуы, өскелең ұрпақтың алдында әскери қызметтің беделін арттырумен қатар, өз Отанына қызметтік борышын атқарған азаматтың өзін-өзі бағалауын күшейтуіне зор ықпал жасайды. Сондықтан, ел алдындағы жауынгерлік парызын адал өткерген азаматтарымыз алғысқа лайық. Оларға құрмет арқылы жастардың рухын көтереміз. Елімізде ведомстволық наградалар тізіміне сәйкес, мерзімді әскери қызметтегі сарбазға тек төс белгілер ғана беріледі. («Шекара қызметінің үздігі», «Қазақстан қарулы күштерінің үздігі», «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі», «Үздік құтқарушы-жауынгер», «Спортшы-жауынгер»). Бұл белгілерге тек санаулылары ғана қол жеткізе алады. Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде мерзімді әскери қызметте болудың өзі де ерлік. Сондықтан біз сарбаздарымызды төс белгілерімен ғана емес, медалдармен марапаттағандығымыз жөн деп есептейміз. Ал, медальдарға келсек, 10 жылдан 20 жылға дейін мінсіз қызмет атқарған үшін берілетін «Мінсіз қызметі үшін» медаліне мерзімді қызмет сарбазының қолы мүлде жетпейді. Егер, халықаралық тәжірбиеге жүгінсек, Ресей Федерациясында мерзімді қызмет солдаттарын марапаттау жүйесінде 40-тан астам ведомстволық медалдар мен белгілер қарастырылған болса, АҚШ қарулы күштерінде мемлекеттік наградалармен қатар, мерзімді қызмет солдаттары әскери және әскери емес жетістіктері үшін АҚШ қорғаныс министрлігінің бірқатар ведомстволық медальдарымен марапатталады. Сонымен қатар, бұл елдерде мерзімді қызметін өтеген солдаттарға жоғарғы білім алуға білім деңгейіне қарамастан мемлекеттік гранттар қарастырылады екен. Осыған байланысты, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жастардың Отан алдындағы азаматтық борышы мен негізгі Конституциялық міндетін орындауға деген патриоттық сезімін оятып, құлшынысын арттыру, мерзімді әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында, Отан қорғаушы күніне немесе әскери қызметтің аяқталуына байланысты мерзімді қызмет сарбаздарын марапаттауға арнап Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі әскерінің «Адал қызметі үшін» ведомстволық медалін табыстау және Отан алдындағы міндетін үздік атқарған сарбаздарға мемлекеттік гранттар арқылы жоғарғы білім алу мүмкіндігін, тағы да басқа әлеуметтік қолдаулар көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.Құрметпен, «Ақ жол» Парламенттік фракция мүшелері: А.Перуашев, А.Тұртаев, Е.Никитинская, Н.Жазылбеков. М.Қазбекова, Т.Ерғалиев, А.Әбілдаев, С.Қадралиева