Еліміздегі ең көне қалашық Сайрамды жергілікті тұрғындар ойрандап жатыр
2014 ж. 21 сәуір
3113
1
Оңтүстік Қазақстанда еліміздегі ең көне қалашық Сайрамды жергілікті тұрғындар ойрандап жатыр. Тарихи жәдігерлер жатқан жер қазылып, құрылыс алаңына айналып кеткен деп хабарлайды КТК арнасы.
"Жасырын түрде жерді қазып, осы жердегі біздің мәдени мұра жәдігерлердің барлығын қиратып, қоқысқа лақтырып тастады. Ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізілмеген осы жерде", - белгілі археолог Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, құрылыс дүкенінің іргетасын осы жылдан бастап көтере бастапты.
Ежелгі қалашықтың орнына салынған оны кездейсоқ ғаламтордан байқап қалған. Ал, мұнда арнайы рұқсатсыз қазуға болмайды.
Дегенмен, коммерциялық нысанның құрылысын бастап жіберген кәсіпкер бірде-бір тиісті құжат көрсете алмаған. Сорақысы сол, қиратылып жатқан тарихи нысан жергілікті әкімдіктен тура қарыс қадам жерде тұр. Алайда, оларда араласуға құлық білдірмепті.
Еске салсақ, тура бір жыл бұрын Сайрам әкімдігінің жанында жұртты шулатқан құрылыс жүргізіліп, ол жерден Ақсақ Темір заманындағы тиындар табылған болатын. Кейін ондағы жұмыстар түбегейлі тоқтатылған. Ал, бұл жолы көне жәдігерлер қоқыспен бірге тағы тарих қойнауына кеткелі тұр.
"Нақты осы жерде 9 ғасырдың және 16-шы ғасырдағы жүрген заттар және жәдігерлер сонымен бірге жойылып кетті. Жергілікті билік бәрін біледі. Бірақ, әдейі соған немқұрайлы қарап отыр білмеген құсап. Бұл бірінші оқиға емес. Жылда болатын жағдай", - дейді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев.