ҚАЗАҚТЫҒЫНАН ЖЕРІП, КАЗАК АТАНҒАНДАР КІМДЕР?

0 «Қазақтардың көшпелі еркін тірлігі Азияда дүниеге келіп дамыды. Орыс­тардан шыққан казактар бұған тәнті бол­ғандығын олардың жылнамаларындағы деректер айғақтайды. 1444 жылы қоршауда қалған Мәс­кеуге казактар келіп, татарлармен соғысады. 1517 жылы Украинада Белгородқа (Аккерман) шабуыл жасайды. Көшпелі түркілерде еркін өмірді аңсаушылық, ша­һарларға шапқыншылық ұйымдастыру орыс-казак­та­рынан бұрын басталған…  Алтынорданың ыдырауы ке­зінде ұсақ халықтар арасындағы талас-тартыстың сал­дарынан әртүрлі рулар далаға қоныс аударып, қазақ қауым­дарын құра бастады. Сондай-ақ, орыс-казактары да әртек­тес тайпалардан одақ құрып, казактар деген атауға ие болды». «Қазақ шежіресі» деген еңбегінде Шоқан Уәлиханов қазақ пен казак туралы осындай мәлімет келтіреді. Әңгіменің өзегін ұғып отырған боларсыз?.. «Жетісу қазақтары».  Олар өздерін осылай таныстырады. Былайғы жұрт – казачество атайды. Дұрысы – Казак. Жоқ, мен қате жазбадым. Иә, олар – казактар. Осы казактармен мына біздерді, яғни қазақтарды былайғы жұрт көп шатыстырады. «Қ» әріпін «к» әріпіне айналдыра салса болды, орны ойсырап «казак» болады да қалады. Бұл қазіргі қаріптің бір кемшіл тұсы. Латыншамыз да оңып тұрғаны шамалы. Әлемдік, әсіресе, халықаралық жарыстарда біздің елдің атауы біресе – Kazakhstan, ал енді бірде - Qazaqstan делінді. Дұрысы – Qazaqstan.  Айтпақшы түрік бауырлар әлі күнге дейін бізді Kazakhstan деп айтады. Әуелде бұл нұсқаны өзіміз алып тастадық, әлгіндегі казактармен дау болмас үшін. Отаршыл Ресей де кезінде ұр да жық казагымен бұратана қазақты  шатастырмас үшін, бізді бірде «киргиз» демеді ме? Кейде «киргиз-кайсак» деп атады.

Казак ... «Козак», «казак» – татар сөзі. Мағынасы: "азат кешелер", "азат әскери кешелер". Бұл славян және одан кейін орыс тілдеріне борыштан (салықтан) азат, ерікті, ержүрек және атты жауынгер деген ұғымдарды білдіретін сөз ретінде енген. Осыдан-ақ кім екендерін білген боларсыз?!

Казактар – поляк, неміс, осман түріктерінің түртпектеуінен қашып, Еділ, Дон өзендерін паналаған славяндардың жырындысы. XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап кейіннен Жайық казактары деп аталып кеткен ерікті казак қауымдастығы құрыла бастады. XVI ғасырдың 80-жылдарында Дон казактарының бір бөлігі Мәскеу мем­лекетінің әскерінен жеңіліп, атаман Ермакпен бірге Сібірге кетті. Бұл жерде олар Сібірді басып алуға қатысты. Екінші бөлігі Волга бойымен Каспий теңізіне түседі. Жайық бойымен жүзе отырып, Үлкен Ноғай Орда­сының астанасы - Сарайшық қаласына келеді. Сарайшықты талқандап, теңіз арқы­лы қайтадан Донға кетеді. 1808 жылғы Ережеге сәйкес, Сібір ли­ниялық әскері казактарды қызметке өз қа­ру­ жабдықтарымен, киім-кешегімен және жылқыларымен алуға тиіс бол­ды. Сібір казак әскерлерін құрған кезде патша үкі­меті бірінші кезекте казактардың полицейлік рөл атқаруы керектігін ескерді. Ал енді Сібір казак әскерлері «барлық бүлік­шілерді тыныштандырушы және жуасытушы» ретінде өздерінің міндеттерін қаты­гездікпен орындады. Шындап келгенде, қарақшыларлардың әрі не бергі жағы.

       Қазақтық ҚАҒЫНАН ЖЕРІП, казак атанғандар кімдер?

Қош, әңгіменің өзегіне оралсақ. Әуелде «ешкімге соқтықпай жай жатқан еліміздің» кейпіне енді. Енбеске шаралары да қалмаған-ды. Кейін маңайындағыларды өздеріне тартты. Басқасы басқа, оларға біздің де Отандастарымыз қосылды. Қазақ атауынан бас тартып, өз қағынан жеріген кімдер дейсіз ғой? Таныс болыңыдар, Талғат Шәріпбаев, Алмабек Сайдақбеков және Ерлан Қошқарбаев. 1 Екеуі де Шымкент қаласының тумалары және ана жаққа өтпес бұрын Шымкент қаласының тумалары болған. «Қазақ қағынан жеріп, казак болардай бастарыңа не күн туды?» деген сұрағымызға қос бауыр:  «Мұның бәрі саясат. Шындығы сол, казактар мен қазақтар бірлесіп ортақ жауға шапқан. Мұның дәлелі - Сұраншы батыр. Енді тентек кімде жоқ. Төбелес ара-тұра болып тұрады ғой... Ал, қазақтың казактыққа өтуі жақсы үрдіс». Жағамызды ұстадық... Не үшін өтті екен? Ә, айтпақшы сылтау бар емес пе? Қос бауырлар: «Сұраншы батырдың ұрпағымыз», - дейді. 1860 жылы Сұраншы батыр қол жиып қоқандықтармен соғысады. Себебі де жоқ емес, Түркістанды тізе бүктіру мақсатымен немесе керісінше, Сұраншы батыр казактарға қосалқы күш ретінде қатысады. Айтпақшы осы Сұраншы батыр қазақ па, әлде казак болған ба? Ол жағы беймәлім, бірақ бүгінгі ұрпақтарының қай жақта екені айтпаса да түсінікті. Қош, Талғат Шәріпбаевтың фотогалериясымен де танысыңыздар: 23 Ант қабылдағанын да көрдік. Қабылдап болысымен Құран сүйіп, басын қойғанын да тамашаладыңыздар. Болды, жетер! Одан әргісін көруге сіздің де менің де дәтім шыдамайды. Бұнымен осы бөлімді аяқтағым-ақ келеді, бірақ атасына нәлет Ерлан Қошқарбаев болмағанда. Қазақтың құдығынан су ішіп, соңында түкіріп кеткендердің қатарында Ерлан Қошқарбаевта бар. Фамилиясынан да таныған боларсыз? Иә, атақты Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың немересі. Міне, ол. 4 Бұл ол үшін – абырой, тиісінше мәртебе.  «Отанымды және казачествоны қорғауға ант етемін!» деп Құранды сүйіп, ант етті. 5 Құранын ұстап, ант берсін, туын сүйгені не қылғаны?! Қой, олай емес шығар десеңіз, міне, көріңіз әлгі «жүгермектің» не бүлдіргенін. Көрдіңіз, көкейіңізге түйдіңіз. Не үшін? - деген сұраққа Қошқарбаев бүй деп тіл қатты: «Казачествоға келуіме атамның еш қатысы жоқ, менің достарым бар, мен солармен біргемін». Бұрын қазақ болып, қазір ана жақта жүрген үш дос, үш бауыр бірге суретке де түсіпті. 6 Бұдан басқа Асылхан Артықбаев деген тарихшысымақ біреу жүр, «Отан шекарасының күзетін казактардың қолына беру керек» деп шатты-бұтты бірдеңесін айтып. Бұл дегеніңіз – тап-таза аюдың аузына өзің барып түсу ғой. Тарихшы болмақ түгілі, есі дұрыс бір қазақ ондайға көне ме? Әрине, жоқ! Соңғы кезде қаптап кеткен одақтардан бас тарта алмай діңкелеп жүргенде, шекараны казактарга тапсырып қою – өз көріңді өзің қазумен пара-пар дүние емес пе?! Артықбаевтан әлгі Талғат пен Алмабектің жауаптары артық па дедім... Мүмкін, сіз айтарсыз, «мұнда тұрған ештеме жоқ. Казачество - ол әскери тап қана», - деп. Бірақ сол казактардың Қазақстан халқы Ассамблеясына ұлт ретінде тіркелуін қайда қоямыз? Респуб­ликада 12 филиалы бар «Союз казаков Степного края» деген өңірлік қоғамдық бірлестікке қатысыпты. Интернет ақтарған деректер осылай дейді. Қауымдастыққа «большой круг», «атаман» дегендер басшылық жасайды екен, ал бұл сөздердің төркіні әскери қызметке байланысты емес пе, осы?! Мәселен, «әскери шеңбер» («войсковой круг») – казактардың жалпы жиналысы. Мұнда атаман сайланады. Ал оның күн тәртібінде қандай мәселе қаралады десек, орыс зерттеушілері оны: «Войсковой круг решал вопросы объявление войны и заключения мира, посылки войск царю, а также приема и отправки посольств. На кругу «дуванили», т.е. делили добычу и государево жалованье» делінген. Сонда біздің «төл казактарымыз» мұндай басқосуда қандай проблеманы талқылайды?-деген заңды сұрақ туындайды. Казактардың өмір сүрулері бізге ұқсайды. Қой бағады, жылқы ұстайды. Үйлері ағаш үй. Жылқы демекші жай жылқы емес, ақалтекелерді үйір-үйірімен кісінетіп отыр. Мақсаты – ақылтекемен абройлы көріну. Түбінде не жатыр дейсіз ғой? Өздеріне қосылғандарға ат сыйлап, қатарларын көбейту.

КАЗАК–ҚазаҚҚА  туыс па?!

Казактар Қазақ жеріне қашан келді? Қазіргі «Жетісу және дала казактары» деп жүргендер кімдер?! Шаң-шаң архивті қопармай-ақ, шежіреден яки болмаса қазақ ауыз әдебиетінен алып қарайын десең кей кісілер «эмоцияға толы» деп кісімсінуі де мүмкін. Қош, олай болса Ресей мұрағатын қопарайық. Казак жазушысы Усов былай дейді: «Сібір казак әскерлері Жайық және Дон казактары сияқты өз бетінше өніп шыққан жеміс болған жоқ. Оны қолдан жасап шығарған үкімет еді. Халықтың еркінен тыс, түрлі әкімшілік реформаларды жүзеге асыру арқылы, жер ауып келген немесе қылмыскер әйелдерге үйлендіре отырып, казактардың қатарын жасанды түрде көбейте алды. Сондай-ақ оларға қоғамдық және өзін-өзі басқару мекемелерін ашып берді. Осының бәрі айналып келгенде, қазақ даласын отарлау үшін жасалған шаралар еді». Казак отаршыл орыстардың қолындағы шоқпары еді. Оған қандай дәлелің бар десеңіз, «Бірінші болып орыстардың Орта Азияны отарлаудағы біздің мемлекетімізге сенімді тірек болатын негізгі күші – казактар екенін көрсетті. Казактарды басқыншы күш ретінде пайдалана отырып, оларға басып алған жерлерін беру, арттарына аландамайтындай жағдай жасау арқылы біз көп жеңіске жете аламыз. Басып алған жерлерін өз меншігіне иеленген казактар, сол жерді кеңейту үшін-ақ, өздері жаңа жерлерді жаулай береді. Соның арқасында Ресей ол жерлерде де өз заңы, үкімін жүргізіп, бұратаналарды босқын етіп, тіпті оларды орысқа сіңіріп жіберіп отыра аламыз» - дейді орыстың Дукнасов деген авторы. "Жеңімпаз ойына келгенді істейді. Ал жеңілген көну керек. Себебі, ол жеңілді". Римнің бір данышпаны осылай деп сөз қалдырыпты. Айтылғандай-ақ екен. Біз жеңілдік. Орыс ойына келген ойранды жасады. Казактың қосындары тым қатігездік танытты. Оған дәлелді Түркістанның генерал-губернаторы болған Кауфманның Ташкент ақсүйектерінің алдында сөйлеген сөзінен табуға болады: «Бастапқы кезде біздің казактар қарақшылардан кем болмай, қазақтарды тонаумен айналысты. Сол казактардың бір тобы Ұлы жүз қазақтарының ауылдарына таңға жақын басып кіріп, бүкіл жылқыларын айдап және 3 мың қазақты өлтіріп кеткен. Осының арқасында олар қомақты пайда тауып отырған». Аз десеңіз тағы қосайын, онда казактардың озбырлығында шек болмаған. Алатау дуан бастығының полиция басқармасына жіберген №55 бұйрығында мына жағдайды көрсетеді: «Жыңғылды пикетінің жанында қыстап отырған Тіленші бидің ауылына түнде 3 орыс келіп, өгізі мен сиырын алмақ болғанда, әйелі сиырдың дауысынан оянып үйінен жүгіріп шығады, сол кезде олар әйелдің басын жарып, өлтіріп кетеді». Енді сіз айтыңызшы, казак қазаққа туыс па? 

СОҢҒЫ ТҮЙІН

Тағы қайталаймын, Казактар – поляк, неміс, осман түріктерінің түртпектеуінен қашып, Еділ, Дон өзендерін паналаған славяндардың жырындысы. Казактар 1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңе­сі­не Қазақстанның біраз аймағын Ресейге қосу жөнінде үндеухат тапсырған. Оны былай деп дәлелдейді: 1920 жылы РСФСР Совнаркомының шешімі бойынша Қазақ Республикасын құрғанда оның құрамына казактар тұратын «исконно русские территории» кіріп кеткен. «Сейчас это области – Уральская, Гурьевская, Кокчетавская, Павлодарская, Семипалатинская и некоторые другие» екен («Труд», 15.09.1990). Көрдіңіз бе, мәселенің төркінін?! Біреуді тәлкі ету немесе әшкерелеп жиіркенішті көрсету емес. Мақсатым, өзім қатарлы қазақ жастарының көзін ашып, көкірегін ояту. Санымыз небәрі 17 миллионның айналасы. Ал біздегі ұлттар мен ұлыстардың есептеңіз, 200-ден асып шығылады. Есептеп болсаңыз, әрқайсысы осылай 5-10-нан бөліп алғанда бізге несі қалады?! Қош, тарих пәнінен сабақ берген ұстазым Нұрбеков Жомарт: «Мына сендер, тарихты терең білулерің керек. Сонда ғана Отанды шын сүйіп, кімнің дос, кімнің жау екендерін шын мәнінде ұғынасыңдар. Достарың алыста, ал жауларың аттарыңды жамылып қастарыңда жүруі мүмкін» дейтін. Көп қоштай бермеуші едім. «Өткен күн өтті, өткенді қозғап не керегі бар еді?!» - дейтінмін. Сөйтсем, тарихыңды танымай өтсең, өкінер дүниең тым көп болады екен. Әйтпесе, атажаудың атауын алғаның қай сасқаның?! Көзім жетті. Бізге тарихты жай оқу жеткіліксіз, тереңдете оқуымыз керек. Айтпақшы осы тарих демекші соңғы кездері «Қазақ тарихын 1991-ден бастау керек» деген көпірме сөздер көбейіп кетті. Айтарым, тарих – тариф емес, оп-оңай ауыстыра салатын. Онсыз да мыңдаған құжаттар басқа елдердің мұражайында жатқаны аздай, миллиондағаны ашылмай баз қалпында жатыр.  Тайға таңбаны не үшін басады, білесіз бе?! Жоғалмасын, адаспасын, - деп. Демек, тай – біз, таңбамыз – тарих. Бір ғана ой, бір ғана мақсат, бір ғана тілек: таңбамызбен қоса тентіреп кетпесек болғаны.

Нұрбол БАЛҒАБЕКҰЛЫ

         Арқалық қаласы