Наурыз тойы құр жылтыраққа айналып кетпейді ме?

1334299052_2-banerӘз НАУРЫЗ мейрамының адамзатқа берері өте көп. Наурыз айы туысымен жер ананың өзі бусанып, тіршілікке жан біте бастаса, көктемнің алғашқы шуақты күнімен аналарымыз, қыз-келіншектерде бір ерекше күй кешеді. Осы көктеммен басталған, 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінен тойлатын мерекелік көңіл күй, әрине ұлыстың ұлы күні -Наурыз мейрамына ұласады. Мұсұлман халқының төл мейрамын біздер, Егемендік алғалы ашық тойлай бастадық, алайда менің айтайын дегенім, ол Әз Наурызды қазақтар сол Кеңестік қитұрқы заманда да тойлағанды, оған бала кезімізден біздер куә болып өстік. Тек ашық насихатталмайтын, себебі Қызыл Империяның солақай саясаты орыстан басқа қалықтың мәдениетін, өнерін, сал дәстүрін, тілі мен дінін жою болатын. Ата –әжелеріміз, ұрпағының амандығы үшін, осы Наурыз мейрамын ауылдарда ұрланып тойлаушы еді, өйткені 37-нің зобалаңын көрген ол кісілер тәуекелге бармай ақылмен намазын оқып, наурызын тойлап жататын. Тойлағанда бүгінгідей киіз үй құрып, ұрандатып, атойлатып, аудан, қалаға ауылдарды жинамайтын. Әр ауылдың ақсақал, қарасақал қариялары, ақ жаулықты әжелеріміз өз шаңырақтарында дүние мүлкін қақтырып, ескісін жаңартып, жаңасын төрге жайып, наурыз көжесіне шақырушы еді. Наурыз көже қандай шіркін, сүр қазы қосылып дәмі тіл үйіріп бір ерекше болушы еді.Соғымнан шыққан еттің сүрге айналып, үй төбесіндегі бақандарға жайылытын шағы ғой, ауылдағы үлкендер бір бірін шекеге шақырып, аталар шапандарын, жаңа бөріктерін киіп, әжелер болса қызылды жасылды камзолдарын киіп, кимешектерінің де ең әдемісі байланатын.Сандық ақтарылып ішіндегі бала немереге, жаңадан түсер келінге, ұзатылар қызға жиналған дүниелерін де қағып, күн шуағына шомылдырғаны қандайды.Шашбау,білезік, құс тұмсықты сақиналар, құдағи жүзік, күмістері жарқырап тізбегі көздің жауын алатын, әже-енелерінің сырын білетін үлкен келіндер жағы үндемей шаруаларын істеп жүрсе, жас келіндер жағы қызығып ұстап көріп, құлақтарына сырғаларды өлшеп, шаш теңгелерді тағынып жатқанына бізде қызыға қараушы едік… … Менің әжем Сандуғашты ел сыйлап, ақыл сұрап, әділдік іздеп жұрттың келгенін көз көріп құлақ естіді. Кішкентайымыздан әженің баласы болып өскен біздер туған анамызды «апа» деп көрмеппіз, атын атаушы едік Бәтен деп. Осы Сандуғаш әжем біздің энциклопедиямыз еді, тірі шешіре, тарихтың көзі болғаны біздің жастай діни сенімдерге, адамгершілікке тәрбиеледі. Әжеміздің алдын келін түгіл ел басқарған әкім қара, үлкендер де кесіп өтпеуші еді. Арғын Таз руынан шыққан атақты алдияр Бабақайдың немересі Сандуғаш әжеміз атамыз Нұрманға айттырылып келгенде 9 тоғыз бастаған көш керуен болған деуші еді көргендер. Ал енді осы әжеміздің беделінің өте жоғары болғанын әжеміз 1993 жылы 93 жасында қайтыс болғанда көрдік. «Қара қазаны ортаймаған әжем ай» -лап жылаған туысқан әкелеріміз Қаражан ағай сол жылдары өзі де 70 жастағы қария еді. Байдың ұрпағы, алаш қозғалысының атқа мінерлері болған әкесі Нұрғали мұғалім итжеккенге айдалып кеткенде жас жетімектерді осы әжеміз Сандуғаш отауын тігіп, алдына мал салып бергізген екен, сол кәмпеске кезінде өзінің де шаңырағы шайқалып, балалары бірі әкесі үшін сотталса, бірі ұрпағын сақтау үшін Талдықорған жеріне бас сауғалайды, сонда да мойымаған әжеміз елдің бірлігін, Қыпшақ қаз Бекбауыл атамыздан тараған Шіли, Шора руының Байғабыл өзенінің бойында, ата жұртта бір үйдің жандарындай болуына ықпал жасап, оқуына, үй болуларына, еңбек етулеріне көмегін заттай да басқалай да беріп отырған екен. Мен, осы Наурыз тойында әжемді айтып отырғаным ұрпағына қазағымның асыл мерекесін, Әз Наурызымызды, олар сол кеңестік өкіметтің тозынан сақтап ұрпағына жеткізе білгені, қалай еске алмаймын, осындай әжелер ғой қазақтың салтын да дәстүрін де бізге жеткізген. Ия, күн мен түн теңелетін Жаңа күн –наурыз, ол мұсылманның жаңа жылы, төл мерекесі, Наурыз көжені ұсынып, сақтаған сыбағаны жақын туысқа, көрші көлемге үлестіретін, жомарттықтың, нағыз қазақы қонақжайлықтың сәні мен мәнін көрсететін осы мерекені жәрмеңке саудаға айналдырып бара жатқанымыз көңілді қынжылтады, бейне бір Наурыз тойы ұлттар мен ұлыстардың шеруіне айналып бара жатқаны төл мерекеміздің мерейін түсіріп, мәні мен мағынасына кірбің ұялатуда.. Ал осындай көзбояушылық, аста төк шашылу қазаққа керек пе, әлде орысқа керек пе? Орыстар кеше Крещенский аязын, масленицасын біздерге ұсынбай ақ өткізіп жатқан жоқ па. Неге осы қазақ өз үйімізде, көрші қолаң, үйге келген қонақпен бірге тойламай ұлттық санамызға жат пиғыл істерді істейміз. Неге ауыл әкімдері өз ауылының ортасында жұртпен бір болмай, құрт -майын салық салып жинап, киіз үйлерін әр үйден алған жасауларымен арқаланып аудан, қалаларға келеді. Тіккен үйлеріне қарапайым халық дәм ауыз тиіп жатса құба құп дер едік, әттең «комиссия» келгенше не есігі ашылмайды, не бесігі тербетілмейді! Жалпы Наурыз мейрамын тойлау біздің Қазақ елінде әр аймақта ауа райының реңіне қарай, табиғаттың ерекшеліктеріне орай тойланып жатады. Батыстағы бауырларымыз жаңа ай туысымен жұлдыздың 14ші күні бастап, көрісу рәсімдерін жасап жатса, оңтүстікте наурыз тойына көктемгі егіс жұмыстарымен ұштастырса, солтүстіктегі қауымға ақ қар, көк мұз үстінде киіз үйлерін тігіп, мерекелік шараларды ұйымдастыру ежептәуір қолайсыздықтар туғызады, сонда да Әз Наурызымыздың шат шадыман мерекелік көңіл хошы халықтың бір бірін мейраммен құттықтап, көңілдегі кірбің, іштегі бір өксік ой пиғылды өзгертіп, адамдардың бір біріне бауыр, дос екенін пайымдатқандай, кешірімді болуға, ағайындыққа шақыратыны хақ дүние. Енді осы Наурызды неге біздер сол қызылдатқан ұрандатқан дәстүрге айналдыруға тиіспіз? Неге біздер үйлерімізді әктеп, ауламызды тазартып, тек көңіл кірбіңіңен тазарып қоймай әлеуметтік ортамыздағы келеңсіздіктер саладарын жоюға арнамаймыз, неге біздер көшет егіп, жер анаға құрмет көрсетпейміз.Наурыз мейрамына берілген 3-4 күндік демалыс үй аралап қыдыруға берілмеген шығар, неге біздер көп болып көлемдеп әр ауылдағы, қалаларда әр ауланы, балалардың ойын алаңдарын, демалу парктеріне барып әлеуметтік жаңаруға ат салыспаймыз, әлде оған да нұсқау керек пе. Халықпен бірге салтанатты шеру, ұлттық тұрғыдағы салт- дәстүрді насихаттаған жиындар бір келкі, жылда қайталанатын ойын сауық болмауы тиіс. «Алла бір, пайғамбар хақ, дінім исламды» жан дүниеме құйып кеткен әжелерге дұға бағыштап, Алты Алаш жұртын Наурыз тойыңыз құтты болсын, бірлігіңіз жарасып, ырысың асып төгіліп, әр шаңырақта Жаңа Күн жарқырасын, Наурыз тусын демекпіз! Биылғы жылқы жылы шабыстарыңыз талмай, аламанның мәресінен көрінуге жазсын әр қазағыма! Жал құйрығы жайылып, алдына келген қазақтың жауын тістер, артынан келген қаскөйін тепкен тұлпар-қазанаты болған жылқының жылы жайлы болсын,ағайын!

Сүгірбай Нұрман, Арқалық қаласы

qazaquni.kz