«МЕН ДЕ АМАН КЕЛЕРМІН…»

4
1497

Биыл Алаш идеясын насихаттағаны үшін құрбан болған Перуаш Кәрімұлының туғанына 100 жыл толады.

 

«МЕН ДЕ АМАН КЕЛЕРМІН…»

 «Сен Төкенімнің исі бар жаңа көрпені сұрағаныма ренжіме… Құлыным, ақырғы сүйіскенім деп ойлама. Құдайдан тіле, үміт ет…  Ал, күнім, тағы айтамын: шыдамсыздық өлтіреді. Одан да басқадан өлу – шәһіт деген. Бірігіп адам болыңдар. Күнкөріп, өмір сүру әрекетіне кірісіңдер.  Мен де аман келермін».

Алаш идеясы үшін құрбан болған Перуаш Кәрімұлының   

отбасына жазған соңғы хатынан.

 

Тұлпарлардың тұсаулап талаптарын,

Сұңқарлардың  қырыққан қанаттарын…

Көз жасымен сарғайып кеткен сол бір,

Ақтарамын тарихтың парақтарын…

 

Бұлағай күн…

Бұл күнде бұлдыр бәрі…

Басымыздан бақытты күнді ұрлады…

Көсемдері мінбеге шыққан сайын,

Кісендері түрмеде сылдырлады…

 

Ұлтым деген ұлыға жебе тартып,

Зұлмат кезең көрсетті неге тарлық?!.

Арыстарын Алаштың атуменен,

Жесірлер мен жетімдер елі атандық…

 

Қазақ деген қашаннан халық ұлы,

Әлихандар айтуда әлі мұны…

Алаш үшін айдалып кете барды,

Кәрін төккен заманда Кәрімұлы…

 

Отты әкенің ойлары демеп мәңгі,

Күтуменен таңдары көп атқан-ды…

«Азат болса ұлы елім, бір күндері,

Мен де аман келермін!»-деп аттанды…

 

Құрбан болды ұлты үшін тектілерім,

Көрер күннен, құдай-ау, көп тілерім…

Жазылған хат ең соңғы болса дағы,

Үміт соңғы болмайды деп білемін…

 

Әрбір сөзден сезіліп анық демі,

Хатта жатыр жиналған халық кегі…

Махаббат пен ғадауат жырын айтар,

Соңғы хаттың сом алтын  әріптері…

 

Қанды қасап қазақтың құртып үнін,

Тажалдың бұл таба  алсын кім тығынын…

Алашым деп аттанған ажалға да,

Ұлыларды күтуде ұлты бүгін…

 

Ойлы болса, оңай ма, кім-кімге де,

Күмістеліп шықпайды күлкім неге?..

«Мен де аман келермін»-деп ойлаймын,

Әр күніміз күрес қой бұл күнде де…

 

Бітпесе де, қазақтың әлі мұңы,

Жақсылыққа жориды бәрі мұны…

76 жылдан соң…

Өзі айтқандай,

Келді бүгін еліне Кәрімұлы!..

 Қазыбек ИСА  

14.01.2014.

 

4 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз