«Ақ жол» демократиялық партиясы Алаш зиялыларының шығармашылық мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу, жалпы ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына насихаттап тарату мақсатында дәстүрлі өтетін «XXI-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын жариялаған еді.
Байқаудың шарттарына сәйкес 4 номинация бойынша келіп түскен жұмыстарды арнайы құрылған Қазылар алқасы алдын-ала іріктегеннен кейін байқаудың екінші кезеңі қараша айының ішінде Семей және Алматы қалаларында өткізіліп, онда байқаудың алғашқы жүлдегерлері анықталған болатын.
Енді, осы екінші кезеңнен жүлдегер атанғандар 13 желтоқсан - тура Алашорда үкіметі құрылғанына 96 жыл толған күні Астанада өткен «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық конференциясында баяндамалар жасап, бас бәйгелерді сарапқа салды. Оған республиканың әр жерінен келген байқауға тікелей қатысушылармен қатар «Ақ жол» партиясының кезекті сиезіне келген делегаттар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.
«Ақ жол» ҚДП төрағасы, Партияның Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Астанадағы жалпыұлттық байқаудың қорытындысын шығаратын осы конференцияның жұмысын кіріспе сөзбен ашты. Жиналғандарды ұлы мейрам – Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығымен және қазақ елінің азаттығы үшін күрескен Алашорда үкіметінің құрылған күнімен құттықтап, Жалпыұлттық байқауға қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің елімізге аттары танымал алаштанушы ғалымдарынан құрылған Қазылар алқасының мүшелерін таныстырды. Олар, атап айтқанда: осы университеттің проректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабек (Қазылар алқасының төрағасы), әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, және профессорлар: экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел, саясаттану ғылымының докторы Нәубет Қалиев.
Өз кезегінде Дихан Қамзабек «Ақ жол» демократиялық партиясының Жалпыұлттық байқауының қорытындысын шығаруға арналған «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми-практикалық конференциясының, партияның осы тақырыптағы өзге де маңызды шараларына Еуразия Ұлттық университетінің қолдау білдіретінін айтты. Ол Байқаудың бұдан бұрынғы екі кезеңінен өтіп, төрт номинация бойынша финалға шыққан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің 3-ші курс студенті Талғатбек Манаш әл-Машанитегін, тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаеваны, ҚР БҒМ мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдыралинаны, Семей мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі Арай Әлімжанованы, Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес академиясының 4-курс студенті Мұқағали Қаимовты, Қостанай Мемлекеттік университетінің Медиа-орталығының директоры, ақын, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхметті, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының құрметті азаматы Көшкінбай Елікбаевты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-ші курс студенті Маралбек Базылбековті, Семей қаласындағы республикалық «Абай» журналының бөлім меңгерушісі Мұратбек Кенемолдинді, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-перзиденті, филология ғылымдарының докторы, халелтанушы Ғарифолла Әнес пен саясаттанушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық ұйымының төрағасы Әбілхан Төлеуішевті жұртшылыққа таныстырды.
Әрі қарай жиын тізгінін қолға алған «Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалы байқау-конференцияға қатысушыларға өз баяндамаларын жасау үшін кезекпен сөз бере бастады... Нәтижесінде Қазылар алқасының шешімімен «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының 1-ші: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша Жанна Қыдыралинаның «От Алаш к независимости Казахстана: преемственность идей» атты еңбегі; 2-ші: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша Мұқағали Қаимовтың номинация тақырыбына сәйкес эссесі; 3-ші: «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша Ақылбек Шаяхметтің “Елім деп еңіреп өткен” атты ғылыми-танымдық очеркі; 4-ші: «Бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылда жарияланған белгіленген тақырыптар бойынша үздік публицистикалық материал» бойынша финалдық сатыға жіберілген екі жұмыста: Мұратбек Кенемолдиннің республикалық «Абай» журналында жарияланған «Архивтен алынған айғақтар» циклімен үш Алаш ардақтысы туралы: 1. Тұрағұл Абайұлы және Алашорда үкіметі, 2. Бияш деп елі еркелеткен, 3. Алаштың Ахметжаны атты мақалалар топтамасы және Ғарифолла Әнес пен Әбілхан Сейтімұлы Төлеуішевтің «Халел тұғыры» атты еңбегі бас бәйгелерге лайық деп танылды.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев олардың әрқайсысына 250 мың теңгеден сыйақы тапсырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығын «Ақ жол» демократиялық партиясының грамоталарымен марапаттады. Бұл шараның дәстүрлі түрде өте беретінін, келесі жылғы Алаш қозғалысының 97 жылдығына арналған «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының шарттары жаңа жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатынын хабарлады.
Жалпы «Ақ жолдың» «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты биылғы Жалпыұлттық байқауы Алаш зиялыларының мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу және оны қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына тарату, соған жұрттың, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту болып табылатын өзінің негізгі мақсатын орындады. Білім, ой жарысына қатысқандардың және аудиторияларға жиналғандардың көпшілігі жастар болғандығы, олардың Алаш мұрасына қызығушылығы осы шараны ұйымдастырушыларды қуантып, Алаш арыстарының идеяларын керек ететін жоқтаушылар, оны одан әрі тарататындар келешекте де табыла беретініне үміт ұялатты.
А.Т.Перуашевтің «Ақ жол» демократиялық партиясының «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының қорытындысын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференциясын ашардағы сөзі
ференцияға қатысушылар!
Бүгін - Қазақ елі тарихындағы айрықша күн. Алашорданың құрылғанына тура 96 жыл толған – Алашорда үкіметінің туған күні. Осыдан бір ғасыр жуық бұрынғы Алаш арманының іске асқанының көрінісі – ол бүгінгі Егемен Қазақстан. Ал біздің «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының қорытындысын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференциямыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығының қарсаңында өтіп отыр.
Мен Сіздерді бүгінгі Алашорда күнімен және алда аталып өтетін ұлы мейрамымыз - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға шаттық, береке-бақыт тілеймін.
«Ақ жол» демократиялық партиясы өзін «Алаш» қозғалысының ізбасарларының бірі деп жариялағаны мәлім. Бұл тұжырым сайлауалды Тұғырнамамызда да, Партияның өзге де құжаттарында көрінісін тапқан. Біз Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің идеялық мұраларын тарату және оны бүгінгі күннің кәдесіне жаратуды маңызы зор іс деп санаймыз.
Сондықтан да былтыр - 2012 жылдың 23 қарашасында «Ақ жол» демократиялық партиясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің қолдауымен Алаш қозғалысының 95 жылдығына арнап, «ХХІ ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференция өткізген болатын. Конференция өзінің көздеген мақсатына жетті. «Алаш» көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін концепциялық мағынасы бар екендігін конференцияға қатысушыларға сезіндіре алдық.
Содан да болса керек, конференцияның жаңғырығы жер-жерге тарап, Алматыда, республиканың басқа да өңірлерінде «Ақ жол» партиясының филиалдарының қатысуымен Алаш тақырыбына бірқатар шаралар өткізілді. Аталған конференцияның, одан кейінгі Алматыдағы Халықаралық Бизнес академиясымен бірге өткізген «Алаш мұрасы – ұлттық бизнестің негізі» атты Дөңгелек үстелдің материалдарын ғылыми жинақ етіп шығардық. Жинақтан Ақ жолдық депутаттардың Алашқа қатысты Үкіметке жолдаған сауалдары мен оларға берілген жауаптар да орын алды.
Кітапты барлық облыстық және қалалық филиалдарға 50-100 данадан тараттық. Ал өзіміздің сенімді серіктесіміз Еуразия Ұлттық университетіне тікелей 100 данасын бердік. Жалпы, біз бұл кітапты конференцияда жасалған мазмұнды, ғылыми негізделген баяндамалар тарихшылардың, саясаттанушылардың, әлеумет, қоғамтанушылардың, жас ғалымдар мен студенттердің тағы басқалардың назарына ілігіп, болашақ зерттеулерге, ғылыми ізденістерге көмегі тисе деген ниетпен шығардық.
Сондай-ақ, бұл қадамды «Ақ жол» партиясының «Алаш» қозғалысының 2017 жылғы 100 жылдық мерейтойына арналған жүйелі шараларының беташары деп те санауға болады. Біз Алаштың 100 жылдығына дайындыққа Үкіметті уақытты созбай, бірден кірісуге шақырғанбыз.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында «Өткенінен сабақ алмаған ел табысқа жете алмайды» деп атап көрсетті. Біз Алаш аманатына адалдық танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғыза беруіміз керек. Мен әрдайым айтып жүргенімдей, бұл біз үшін теориялық ғана емес, бұл ең алдымен, қоғамымыздың жаңғыруына, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе.
Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, демократиялық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын, жаңа заманның талаптарына сай зерделеп, зерттеуді жаңа серпінмен жалғастыру қажет. Оның бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де қажеттілігі күмән тудырмайды.
Сол себепті де біз сол конференцияда Алаш тақырыбындағы ғылыми еңбектерге, тарихи, журналистік зерттеулерге студенттер, жас ғалымдар және журналистер арасында бәйге жариялайтынымызды, оның қорытындысын жыл сайын шығарып тұратынымызды мәлімдегенбіз.
Содан кейін көп ұзатпай «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқаудың шарттарын бұхаралық ақпарат құралдарында жарияладық. Бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз деген ниетпен оның шарттарын аталған кітапқа да қостық.
Біз Байқаудың екінші кезеңін кезінде Алаш қаласы атанған, Алашорданың алғашқы астанасы десек те болады – Семей қаласында аштық. Онда Байқаудың 1-ші және 2-ші номинациялары бойынша жарыс өткізілді. Ал Байқаудың 3-ші және 4-ші номинациялары бойынша жарыс Алматы қаласында өтті.
Енді, міне, Астанада «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми-практикалық конференциясында, Жалпыұлттық Байқаудың екінші кезеңінің жеңімпаздары баяндамалар жасап, Бас бәйге үшін бақтарын сынайды.
Атап айтқанда, танысып қойыңыздар, осы университеттің проректоры, Қазақстан Ұлттық академиясының коррепондент-мүшесі Дихан Қамзабек (Қазылар алқасының төрағасы), әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Амантай Шәріп, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, профессорлар: экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел ағамыз және саясаттану ғылымының докторы Нәубет Қалиев ағамыз.
Сондай-ақ, біз Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Батташұлы Сыдықовқа және біздің осы Жалпыұлттық Байқауымыздың бүкіл процесінде Қазылар алқасының жұмысын басқарып, тікелей көмектескен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, университет проректоры Дихан Қамзабекке ризашылығымызды білдіріп, шын жүректен шыққан алғысымызды айтамыз.
Сонымен бірге мен Сіздерге «Ақ жол» партиясы ұсынған 5 адамның Елбасының Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы Жарлығымен мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапатталғанын хабардар еткім келеді. Оның ішінде Партиямыздың жетекші қызметкерлерімен қатар, біздің партия наградаға ұсынған, белгілі алаштанушы, тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев те бар. Ол «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, біздің қазылар алқасының мүшесі, Парламент Мәжілісінң екі шақырылым депутаты болған, белгілі қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел «Құрмет» орденімен марапатталды.