АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ
2013 ж. 23 желтоқсан
3920
14
Арқаның құба жонында,
Арыстан ойнар шарқ ұрып...
Шалкиіз жырау
Жақұттайын Астана жарқырап бір, Тұрған кезде жүре ме ел қалтырап құр... Оңтүстіктің жігітін сынағандай,- Ақ бораны Арқаның арқырап тұр... Ұласпай-ақ ұлтымның назы дауға... Дәстүрінен қазақтың қазына аула, Дауылынан даланың шырша құлап, Пирамида сарайы азынауда... Үзілмеген ғасырлар үміт әнім, Зар заманды мен қалай ұмытамын... Солтүстіктің суығын енді міне, Тәуелсіздік отымен жылытамын! Азаттық деп қоныңдар, атқа бәрің, Басты ордадан белгілі бақ табарың. Елуде де ес жимай... жүрген кезде, Қағып алды жынымды ақ бораның... Тәуелсіздік үшін қон, атқа бәрің! Арыстары Алаштың астанаға Аңсар еді – орнапты бас қалаға. Небір заман зауалын тартқан қазақ, Енді бүгін аяздан жасқана ма? Көк туды бір көруге келген елге, Айналмасын Астана тас қалаға!?. Жүректерде қалды ғой сыздап елес... Мұзбалақтар асады мұзда белес!.. Бостан елдің бораны күш береді - Желтоқсанның баяғы ызғары емес!.. Дүбірімен дүлділдің жарыс көрген, Шабыттының бірі едім шабысқа ерген. Азат буын ақыны қалай қалар, Қазақ туын көтерген Намысты ерден!.. Ірі ел болу үшін де іргеміз кең, Күтер үлес халқымыз күнде бізден. Ақ жол тілеп алыстан мен де келдім, Арыстары Алаштың жүрген ізбен!.. Тереңіне өткеннің батсаң мың күн, Келешекте – ордасы бақшаң гүлдің. Кенесары көшесін көктеп өтіп, Абылай мен Абайға ат шалдырдым!.. Еркіндіктің Есілде айт өлеңін, Жұлдызды түн сыр ашса, қайтер едің?.. Ойың менен бойыңды түзетеді, Темірқазық жердегі - Бәйтерегім! Ұлттық сана ұғым боп санатты ерге, Найза болсын намысы қанатты елге. Қыспағында заманның қияға ұшар, Қараөткелім айналсын дара өткелге... Тайғақтан жол тар кезде ел тауыпты алдан, Жат та бізде аз емес жауып қалған... Сақтан деймін - құмарлар қазынама, Сақ батырдан саф алтын сауыт қалған!.. Бабаларым бахадүр өткір едің, Аңсап күнім Азаттық өтті менің... Көк байрақты көргенде Ақ ордадан, Көкке мәңгі өрлесін деп тіледім! Қазыбек ИСА 19.12.2013.