Тәуелсіздіктің 22 жылында не өзгерді?!

128Соңғы 22 жыл бедерінде қазақ халқы Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, күллі әлемге өзінің тегі мен тектілігін танытты. Ғаламшардағы бар адамзат көк аспанда қалықтап ұшқан қыран мен күлім қаққан Күнді көрсе, қазақты есіне алатын болды. Бұған еліміздің күн санап, саяси өрлеуі, экономикасының қарыштап дамуы, әлсін-әлсін спорттық бәсекелерде топ жаруы Азат елдің тәуелсіздігін сәт сайын мойындатып келеді. Кешегі азаттық жолында күрескен Сырым Датұлы, Есет Көтібарұлы, Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Кенесары Қасымұлылардың армандағаны осы емес пе еді? Десек те, 300 жыл бойы тегеурінді жүргізілген отарлық саясаттың идеологиясы біздің санамызға сіңгені соншалық, әлі күнге рухани тұрғыда тәуелсіз ойлануға, отарлық һәм кеңестік стереотиптерден толықтай айырылуға мүмкіндік бермей келеді...   Қазақ қалай бодан болды?  Кеңестік қатаң стереотиптерден айырылу үшін не істемек керек? Біріншіден, Қазақ «қалай бодан болды?» деген сұраққа дұрыс жауап тауып алғанымыз жөн. Қазақ ешқашан да сана­лы түрде бостандығынан бас тартқан емес. Мы­са­лы, ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Жоң­ғарлар шапқыншылығы салдарынан қазақ мемлекеті мен қазақ ұлты жер бетінен жойылып кетудің алдында тұрды. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің біраз руларын биле­ген Сәмеке ханның  Ресей бодандығын қабыл­дау актісіне қол қойды. Ол кездегі бо­дан­дық ұғымы вас­салдық қарым-қатынастың еу­ро­азиялық нұсқасы болатын. Яғни, қазақ хан­да­ры Бодандық актісі арқылы Ресеймен әске­ри-саяси одаққа бірігуді, елдің дербестігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуды көздеді. Бірақ бұған дейін Қазан, Астрахан, Қырым хан­дық­тарын күйретіп, Ноғай­лы мен Сібір жұртын тоз-тоз қылған Ресей импе­рия­сы қазақтарға аяу­шы­лық жасаған жоқ. Бұл саясат Кеңестер Одағы тұсында да жалғасып, қазақ ұлты отарлау езгісінің табанында тапталды. Тәуелсіздікті Қалай алдық? Екіншіден, «біз Тәуелсіздікке қалай қол жет­кіз­дік?». 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қа­зақ­­стан ресми түрде мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Бұл кезде Кеңестік Одаққа мүше елдердің көбі дербес ел атанып қойған болатын. Осы бір дерекке қарап, кейбір азаматтарымыз «біз Одақтан ең соңынан бөлініп шықтық» деп, тәуел­сіздікке амалымыз жоқтықтан қол соз­ған­дай етіп әңгімелейді. Яғни, олардың ойынша, біз өз ер­кімізбен бодан болып, ерік­сіз­дік­тен тәуелсіздік алған сияқтымыз. Тіпті Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болса да, осы бір қасаң тү­сі­нік­тен, қасаң стереотиптен арыла алмай келеміз. Біздің бабаларымыз бодандыққа еріксіздіктен мойынұсынды. Егер де сол қадамға бармаса, қазіргі Қазақ ұлты бол­мас еді... Біз тәуелсіздікті жариялау үшін кеңестік идеологияның шаңырағын шай­қалтқан, қазақ тарихындағы елдің рухын көтерер қасиетті күнді күттік. Яғни осы­лайша тәуелсіздік пен азаттық жолындағы ұлт-азаттық көтерілістердің арасына ру­ха­ни байланыс орнады. Егер де бұлай бол­ма­ғанда, азаттық жолындағы Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік ұғымын бір ар­наға тоғыстыру мүмкін емес еді... Ескі түсінік пен жаңа көзқарас шайқасы Біздің тарихшылар мен саясаткерлер халыққа ең басты осы екі саяси оқиғаның жілігін шағып түсіндіріп беруі керек еді. Сонда ғана отарлаушы елдің билігі аштық арқылы қазақтың тең жарымын қырып, босаған даланы «тың игеру» деген сыл­тау­мен басып алуға ұмтылғанын аңғарар едік. Бірақ, амал не, бұл мәселеде кешенді түрде алға жылжи алмай отырмыз. Десек те, осы 22 жыл ішінде кеңестік жүйені көрмеген қарлығаштарымыз өсіп жетілді, жаңа құндылықтар пайда болды. Мойын­дауымыз керек, ол құндылықтар әлі күнге кеңестік ескілікті көксейтін аға буынның көзқарасымен қайшы келіп жатады. Бұл қай­шылық салдарынан қазіргі қоғамы­мыз­­да екі дүниетаным, екі өмір сүру үр­дісі пайда болды. Орыстілді, қазақ­тіл­ді дү­ниетаным қалыптасып, екі әлем болып өмір сүріп жатырмыз. Орыстілді қоғам­ның басым көпшілігі қоғамға ке­ңестік кезеңнің психологиясымен, ке­ңес­тік ке­зең­нің ой-топшылауымен, ке­ңес­тік мен­та­литетпен, кеңестік көз­­қарас­пен қа­рай­ды. Ол көз­қа­рас­тағы аза­маттар де­мок­ратиялық, ұлттық мем­­лекет құруы­мыз қажеттігін әлі де бол­са түсіне алып отырған жоқ тәрізді. Сіз не дейсіз?  Нұрлан Сейдін, саясаттанушы: – Кеңестік кезеңде 70 жыл бойы қа­таң әкімшіл-әміршіл жүйеде өмір сүр­дік. Осындай жүйені көрген ел аз жыл­дың ішінде 180 0С өзгеріп кетті деу­ге келмейтін шығар. Десе де, «елу жыл­да ел жаңа» дейміз ғой. Мемлекеттік та­рих үшін азғантай уақыт болып са­нала­тын 22 жыл ішінде жаңа Тәуелсіз мем­ле­кет құра алдық. Мұның өзі – ке­ңес­тік стереотиптерден арыла баста­ға­ны­мыздың көрінісі. Мысалы, бұрынғы ке­ңес­тік жүйемен қазіргі жүйені мүл­дем салыс­тыруға келмейді. Біз то­лы­ғымен жаңа мемлекетті, жаңа мем­ле­кеттік құнды­лықтарды қалыптастыра алдық. Нарықтық қоғамға көшкеннен кейін «үкімет өлтір­мейді» деген қасаң қағидадан арылдық. Кеңестік кезең халықты бір шыбықпен ай­дап, бәрі бір ауызды, яғни Мәскеуді бағып оты­ра­тын. Қазір ашық қоғам орнап, әр адам өз ой-пікірін ашық білдіре алатын бол­ды, яғни демократиялық құн­дылық­тар­дың орнығуы бізге сөз бостандығын алып келді. Азаматтар еркін сайлауға қатыса, сай­лана алады. Кез келген кәсіппен айна­лысу­ға мүмкіндік бе­ріл­ген. Осының бәрі бізде кеңестік қасаң стереотиптердің жоқтың қасы немесе мүлдем аз қалғанын, біздің ел ол стереотиптерден толығымен айырыла бастағанын көрсетеді. Тәуелсіздіктің құны  Әрине, 300 жылдық бодандықтан тәуелсіз санаға жету оңай шаруа емес. 22 жыл ішінде Тәуелсіздігіміз жемісін беріп, ескі құндылықтарды жоққа шығара бас­тады. Енді азаматтарымыз бұрынғы кезді жиі еске түсіріп, «Үкімет асыраушы еді» деген қиялдан арылып, «мен елім үшін не істей аламын?» деген арман арғымағына мінуге тиіс. Өйткені біз тағдырдың тәлке­гімен отар ел болдық. Ресей империясы Қазақстанды уысында ұстаса, бүкіл Орта Азияға, Иран мен Ауғанстанға, Қытай мен Үндістанға ықпалын жүргізетінін білді. Демек, біздің Тәуелсіздігіміз іргемізде жат­қан Қырғызстан, Өзбекстан, Әзір­бай­жан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді көршілес ел­дерге де аса қымбат деген сөз. Біздің аза­маттарымыз осыны түсінсе, кеңестік кезең­нің стереотиптерден арылуға асығар еді.
Түйін Қазақ қай кезде болсын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» аңсайды. Сол аңсаған заманға жету үшін бабаларымыз қолға найза алды. Ғұламаларымыз Алашорданың идеясымен ағартушылық жол арқылы күресті. Енді, міне, Елбасының салиқалы саясатының арқасында сол бозторғайдың өзі алаңсыз «қой үстіне ұя салатын» дәуірге де жеттік. Осы күніміз мәңгіліктерге жол бастау үшін біз Тәуелсіздіктің қадірін арттырғанымыз жөн. Ол үшін қазақ қалауымен бодан болмағанын, Тәуелсіздікке мың сан шейіттердің қанымен ғана қол жеткізгенін айта беруіміз, айта беруіміз керек...