Елім деп еңіреп өткен 

«Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі»

«XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауына қатысқан ғылыми жұмысты оқырмандар назарына ұсынамыз

1. Елім деп еңіреп өткен 

Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы азапты сапарында қазағым деп тәні өртке шарпылған, алашым деп жаны дерттен алқынған перзенттердің бірі көрнекті ғалым, білікті аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгілі қоғам қайраткері Елдес Омарұлы әділетсіздікпен арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан біртуар тұлға. Елдес Омарұлы Қостанай өңірінің Тобыл болысында, қазіргі Таран ауданына қарасты Қожай ауылында 1892 жылы туған. Әкесі Омар ерте хат таныған, ауылдағы сауатты кісілердің бірі болған. Елдес әуелі Ыбырай Алтынсарин ашқан Қостанайдағы екі жылдық қазақ-орыс мектебінде білім алып, кейін Орынбордағы мұғалімдер институтын үздік бітіріп шығады. Қарт мұғалім Қапаш Шуақаевтың айтуына қарағанда, Елдестің арғы аталары Орта жүздің қыпшақ руының ішіндегі Қарабалықтың белгілі билері болған. Қоржынкөл ауылының маңайында ертеректе Қаракөз деген елдімекен болыпты. Кейінгі жылдарға дейін сол жерде диқандар бригадасы тұрған. Қаракөз Омардың туған шешесі екен. Жаугершілік жылдары қалмақтан тұтқынға келген қыз екен деген де әңгіме бар. Елдес аға өзі қызмет атқарған жылдары елдегі балаларды да оқуға алдырып, адам қылуды көздеген, талаптанған жастарға қолдау жасап, қолғабыс беріп отырған. Осы кісінің жәрдемімен оқып шыққан, кейін оқуларын Орынборда жалғастырған қостанайлық жастардың өзі бір төбе. Олардың ішінде Ахмет Тәшбаев, Жүсіпбек Жақаев, Қайдар Ибрашев секілді кезінде ел басқарған азаматтармен бірге Рақатқызы Күләй, Күлқадиша, Күләйім, Қатира есімді қостанайлық қыздар да болған. Елдестің туған шешесі Шолпан жастай қайтыс болады. Ал Омар атайдың екінші әйелі Ғалия бертінде, 1953 ж. қайтқан. Қаратомарға жерленген. Омардың үш ұл, бір қызы болған. Елдестің інісі Ескендір сұм заманның құрбаны болып кетсе, Ғалиядан туған Әбдеш аурудан 1948 жылы көз жұмған. Бүгінде жасы тоқсанға келген Биғанша Райысқызы Елдесті көзі көрген кісі. Омарқызы Мәруаш болса Қайыңдыкөл ауылында (қазіргі Белинский атындағы АҚ) тұрып, тоқсаныншы жылдары қайтыс болды. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Омар ақсақал жетпістен асқан екен. Сол жылдардың өзінде көнекөз қария ауыл адамдарына майданнан келген хаттарды, газеттерді оқып беріп отырған. Кіші баласы Әбдешті ағаларының ауыр жолын қумасын деп әдейі оқытпайды. Өмірінің соңғы күні жайнамаз үстінде өтіп, намаз оқып жатқан кезінде өмірмен қоштасады. Аңдаған адамға ағаның өмір жолы да «тар жол, тайғақ кешуден» құралғанын байқау қиын емес. Елдестің сүйіп алған жары Эльза Адамовна Берте Ташкенттегі неміс елшісінің қызы екен. Олар тұңғыш ұлдарының атын Кенехан қояды. Сол тұстағы достары оны еркелетіп Генрих десе, орыс жолдастары Андрей деп атаған, сүйтіп батыр атасының атын еншілеген жігіттің үш бірдей есімі болыпты. Кенехан Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ұшқыш болып, фашистерге қарсы шайқасады. Ал әкесі тағдыр азабы балаға тимесін деп сақтық жасады ма екен, кім білсін, әйтеуір, оның туу туралы куәлігінде баланың аты-жөнін Генрих Берте деп жаздырады. Асыл ағаның артта қалған жалғыз ұрпағының одан кейінгі тағдыры белгісіз. Елдес ағаның қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалуға тиісті үлкен еңбегі оның Ахмет Байтұрсыновпен бірге 1926 жылы Әзірбайжанның астанасы Бакуда өткен түркологтардың, яғни, түркітанушылардың бірінші құрылтайына (съезіне) қатысуы. Мұнда ол қызықты баяндама жасайды, баяндамасы мамандар тарапынан жақсы бағаға ие болады. Елдес аға Оқу комиссиясының мүшесі болған жылдарда да өнімді еңбек етеді, қазақ мектептері үшін арнаулы оқулықтар жазып, бірқатар кітаптарды орыс тілінен қазақ тіліне аударады. Ғалымның көптеген кітаптары Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көреді. Бұл кітаптардың біразы тілтануға, қазақ тілінің грамматикасына арналса, енді біразы хрестоматиялық негізде құрастырылған. Қалай болған күнде де ғалым қазақ мектебі үшін ауадай қажет оқулықпен қамтамасыз етуге өзі де жан аямай кірісіп, өзге кісілерді де осы мақсатқа жұмылдыра білген. Қазіргі уақытта кейбір тілші-ғалымдарымыз бен аудармашылар орыс тіліндегі көптеген сөздердің баламалары мен қазақша атауын дәл таба алмай, бас қатырып жүрсе, әрі ұстазы, әрі досы болған Ахмет секілді Елдес аға да көптеген қазақ сөздерін ұтымды әрі шебер қолданады. Мәселен, Ақаң публицистиканы көсем сөз, афоризмді ділмар сөз деп атаса, Елдес аға ана тілінде жарық көрген геометрия оқулығын пішіндеме, тригонометрияны кескіндеме деп аударған. Ал математиканы есеп-қисап деп атаған. Евней Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сәрсенғали Әбдіманапов: «Ана тілі» газетінде (доңыз жылы, шілденің 20-ы) жарық көрген «Математика қазақшалауға көне ме?» деген мақаласында кезінде математикадан алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған Елдес Омарұлы еңбегіне үлкен баға беріп, оның «Пішіндеме» оқулығында теорема – түйін, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пішін, трапеция – қостабан деп аталып, қазаққа өте түсінікті тілде жазылғанын атап көрсетеді. Елдес ағаның тағы бір інісі, бұл күндері Қазақ техникалық университетінде қызмет атқаратын ғылым докторы, академик Марат Қапашұлы Шуақаев өзінің монографиялық еңбегін атақты атасына арнады. Марат Мәскеудегі Орталық кітапханадан Елдес ағаның бірнеше кітабының көшірмесін де алып келді. Сол тұста Қазақ Мемлекеттік баспасының тапсырысы бойынша басылған бұл кітаптар таңдай қақтырмай қоймайды. Мәселен, 1923 жылы Орынборда жарық көрген «Физика» кітабы (бірінші басылым) 400 беттен тұрады. Ал 1928 жылы Қызылордада шыққан «Пішіндеме» (геометрия) кітабының бірінші және екінші бөлімдері (екі кітап) 6000 дана таралыммен жарияланған. Кітаптағы гравюраларды А.Иванов деген орыс суретшісі орындапты. Елдес ағаның өз қолымен жасаған «Әліппесі» баспадан кітап болып шығып үлгірмеген. Оны кезінде ауыл ақсақалы Асылбек Тәшбаев оқып көріп, «бұл кітапта қазақтың біріңғай байлары мен билерінің сөздері мысалға келтірілген екен, мына күйінде кітап болып шығуы екіталай ғой!» дегенінде, ғалым: «Болашақта бізге осындай кітаптар қажет болады, жата берсін, керек тастың ауырлығы жоқ!» деп жауап беріпті. Қолжазба күйінде қалған тағы бір оқулық әдебиет танытуға арналған. Онда ғалым Өтебайдың «Ақ алтын», Қалқаманның «Сырдария», Ілиястың «Құлагер», Сәбит Мұқановтың «Өмір ертегісі» және «Теміртас», Бейімбеттің «Бекберген мектебі» секілді шығармаларынан үзінділер келтіреді. Ғалымның шешендік үрдісі де оның сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларында анық байқалады. Мәселен, «Араб таңбасы» туралы еңбегінде «ескішілдік деген не?» деген сауал қойып алып, іле-шала: «Ескішілдік деген бұрыннан үйреншікті болып, бойына сіңіп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйреніп қалған қазақ жігіттері қазақша жаза алмайды. Пішіндемеде кездесетін түрлі атауларды қазақ әрпімен белгілесек, олар бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үріккеніндей осқырынып қарайды... Міне, ескішілдік деген осы. Өзінің үйреніп қалғанынан басқаға осқыра қарайтындық», – дейді. Осынау сөздер күні бүгін де мағынасын жоймаған, біздің қазақ қауымына арнап айтылған сөз секілді әсер етеді. Кезінде қазақ зиялылары осындай сөздерге құлақ қоймағаны өкінішті, әрине! Елдес Омарұлының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы (3626 іс, 61-ші бума) 1935 жылдың 10 маусымында өз қолымен толтырған жеке парақшада (личный листок по учету кадров) 1892 жылы 29 ақпанда шаруа отбасында туғанын, Орынбордағы Қырғыз мұғалімдер мектебіне 1907 жылы түсіп, оны 1911 жылы бітіріп шыққанын, ал 1918-19 жылдары Алашордада қызмет атқарғанын атап жазған. Осы құжаттағы арнаулы сауалдарға Елдес аға орыс тілінде: «работал председателем Кустанайского отделения Алаш-Орды и комиссаром Алаш-Орды по Кустанайскому уезду в 1918-19 г.г. Постановлением коллегии ОГПУ осужден по ст. 58, пар 10 и 11, заключением в концлагере 10 лет. Находился в заключении с 1929 г. по 1933 г. В июле 1933 г. освобожден досрочно», – деп жауап берген. Ал еңбек тізімінде негізгі мамандығын оқытушы және әдеби қызметкер деп қосарлап көрсеткен. Осыдан-ақ Елдес Омарұлының Қазақстанның оқу-ағарту ісіне қыруар еңбек сіңіргенін көреміз. Қазақша жазу туралы жаңа ережелерді де Елдес аға дайындап, оған Қазақстан Республикасының сол тұстағы оқу комиссары Нұғыман Балаұлы,қазақ комиссиясының бастығы Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ комиссиясының жаршысы (секретарь) Елдес Омарұлы қолдарын қойған. Ғалымның орыс тілінде жазған «О сочетании звуков казахского языка» деп аталатын еңбегінде қазақ тіліндегі 43 дыбысқа, соның ішіндегі 9 дауысты және 34 дауыссыз дыбысқа терең талдау жасалған. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Елдес Омарұлы қазақтар араб жазуын қолданғаны дұрыс па, әлде латын әрпіне көшуі қажет пе деген пікірталаста сөйлеген сөзінде араб таңбасының артықшылығын ғылыми деңгейде дәлелдейді. «Тағы да жазуға келгенде, біздің оңнан солға жазуымыз әбден дұрыс, – деп жазады ғалым, – өйткені, адамның табиғаты жаратылысында солай. Мәселен, жіп иіргенде қазақтың әйелдері оңнан солға қарай иіреді. Солдан оңға қарай иіруге олардың табиғаттары көнбейді, ыңғайлары келмейді. Жазу да осы сияқты. Тек біздің орысша жазып үйреніп қалғандарымыз ғана оңнан жаза алмайды. Сонан соң солдан жазуды мақтап, жорта жылдам жазылады деп, тәжірибесіз демагогтікке салынады». Елдес Омарұлы: «Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен қай ұлттан боласың деп сұрасаң, қазақпын деуге арланып, жапонмын дейді», – дей келіп: «Бұл не?! Қазақтан жиренгендік. Ақылы соған өлшенгендік. Латын әрпін аламыз деушілер де қазақтың қазіргі әрпінен жиренеді. Ол олардың орысша үйреніп қалған әдеттерінен шыға алмай, сырты сұлуға еліктегенінен шыққан әдет» – деген қорытынды жасайды. «Еңбекші қазақ» газетінің 1931 ж. 24 шілдедегі санында Бақтияр деген ақын «Жаңа әліп жолында» деген өлеңінде: «Арабшы, жаңа әліпші Екі жақ боп тартысты. Ахмет,Елдес, Мұхтарлар Арабқа жұмсап бар күшті» – деп жазғанында да сол кездегі саясат пен уақыттың табы бар. Елдес: «Біз латынның әрпін аламыз дегенше Иауропаның (Европа дегені) мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Мәдениетсіз біреудің іші қуыс тонын киюден пайда шамалы. Біз не нәрсенің де сәніне қызықпай, дәніне қызығуымыз керек... Орынсыз латыншаны ортаға салғанша өз әріптеріміздің кемшілігін толықтыралық, соны қолданалық. Бізді мәдениетке жеткізбей жүрген түрік әліпбиі емес, сондықтан оны жазықсыз құрбан қылудың орны жоқ» (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сьезі. Бірінші қырғыз ғылыми сьезінің еңбектері. Қазақ мемлекеттік баспасы. Орынбор, 1925 ж.) – деп пайдасыз айтысты тоқтатуға шақырған. Елдес Омарұлының қазақ және орыс қарым-қатынастарына байланысты пікірі де турашылдығымен ерекшеленеді. Орынборда 1922 жылы «Қазақ календарында» жарық көрген «Қазақ тарихынан» деген мақаласында («Қазақ тарихы» №1, 2008 ж): «Кенесары, Наурызбай, Есет, Сырым әрқайсысы әр жерде болып, жалпы қазақтың басын қоса алмаған соң істері берекелі болмаған. Амалсыз Арқадағы ел орысқа қарап қалған. Ол кездегі Сыр елі Қоқанға бағынған. Ұлы жүз бен қырғыздар шектес Қытайға қосылып кетуге ыңғайланған. Сөйтіп қазақ баласы бұрынғыдай өз алдына ел болмақ түгіл әрқайсысы әр патшалыққа тозып кете жаздады. Осыдан шошынып және Кенесары, Сырымдардың тәжірибесінен жалпақ далада жайылып жатқан қазақтың баласын бір жерге жиып, әскер түзеп, іс қылуға болмайтынын түсініп, Сырдағы Досбол би Арқадағы қазақтың хандарына, билеріне хат жазып, бұларды Сырға шақырған. Досболдың есебі, қазақ өз алдына ел бола алмағанымен, әр патшалыққа тозып кетпей, қайда болса да бір жерде болуы еді. Бұған Арқаның орысқа бағынған хандары түсінбей, Досболдың сөзін аяқсыз қалдырды. Бірақ, онымен Досболдың тілегі болмай қалған жоқ. Көп ұзамай Сыр елі де орысқа қарады, қазақ Қытайдан өз алдына ел бола алмағанымен, тозбай, түгелімен бәрі бір патшалыққа қарады. Қазақ бытырамай түгел бір жерде болса, түбінде өз алдына ел болмасқа мүмкін емес. Арқаның қазағын Сырға шақырған Досбол соны біліп шақырып еді. Досбол болашақты сәуегейлікпен емес, қырағылықпен болжаған» – деген пікірін білдіреді. (Жалғасы бар)     Ақылбек ШАЯХМЕТ                                                                                                                                                                                             Ахмет Байтұрсынов атындағы                                                                                                                                                                               ҚМУ Медиа-орталығының директоры,

                                                                                                                                                                                                          жазушы, 

                                                                                                                                                                               филология ғылымдарының кандидаты