Абылай аңсаған азаттық

abylay_khanАбылай аңсаған азаттық Бұл емес едi...
Болып бiр кеттiк,
Қу құлқын,
Құр өңеш елi.
Өз халқын
Өгей,
Жүрегiн жарадар еткен,
Жағдайды мынау –
Жауыма тiлемес едiм.
Қайда барсаң да,
Жемқорлық –
Пұл беретiнiң.
Қайда барсаң да,
Кемтарлық –
Бiр көретiнiң.
Тәуелсiз елдi телмiртпей
Қара бақырға,
Бiлемiн,
Нағыз –
Азаттық бiр келетiнiн!
Келедi нағыз
Азаттық –
Арыздандырмай.
Алпауыттарға
Қаратып,
Қарыздандырмай.
Ұғатын ұлтым
Ұрпағым,
Келедi бiр күн,
Ынсапсыздарды
Ысырып –
Парыздан жұрдай.
Алдымда әлi –
Уақытты ұтатын күнiм.
Жұлдызды – маңдай,
Айды – арқа
Тұтатын күнiм.
Тағдырға
Тәнтi күй кешiп,
Көсiлiп жатып,
Таза су iшiп,
Таза ауа жұтатын күнiм.
Абылай едi –
Сақтаған тұлпарларымды.
Абылай едi –
Баптаған сұңқарларымды...
Бұл күнде тiптi,
Беймәлiм,
Бәлекет шықты –
Тұғырдан қуып,
Тұқыртып құртар дарынды.
Ұландар қайда,
Шындықты шырақ қылатын.
Қырандар қайда,
Шыңдарды тұрақ қылатын.
Әрекет шықты,
Әрiден тамырын тартып,
Бәлекет шықты –
Түрмеге бiр-ақ тығатын.
Бiр әлем шықты,
Реңi қырсықтың атын,
Бiр әуен шықты,
Үнемi сыңсып тұратын.
Бәлекет шықты –
Киiктердi қырып салатын,
Әрекет шықты –
Гептилмен тұншықтыратын.
Арыстан сынды мерт болмай
Атылып
Айға,
Аптықпа, жаным, әр iстiң
Ақырын ойла...
Ақ туын ұстап,
Ақырып теңдiк сұрайтын
Абылай сынды –
Баһадүр –
Батырым қайда?!
Бостандық бердiк,
Босатып қақпаннан босқа,
Араша сұрап,
Арланбай ақталған досқа.
Бар атақ сонда
Оранып үлде мен бүлде,
Марапат мүлде қалмады –
Мақтаннан басқа.
Құйғытып ұшқан
Қырғидың қиды қанатын.
Өсек бiр дұшпан,
Ұйтқытқан үйдiң арасын.
Қаймығып, қыңбай
Адамнан ары бiр таза,
Күн бар ма, шiркiн,
Адалдан сыйлық алатын.
Қайратым қайда,
Кеудемде қалшы, қуатым.
Кездессе қырсық жолыңда жаншып уатып,
Алқалы топта
Абайдай әдiлдiк айтып,
Махамбеттердей –
Хандарға қарсы тұратын!
 
300 ЖЫЛДАН СОҢ...
(ТОЙДАН КЕЙIНГI ОЙ)
Үш ғасыр –
Абылайдың туғанына.
Үш ғасыр –
Халқым бақыт қуғанына.
Жете алмай келе жатыр
әлi күнге,
Табылмай бiр рахат
қу жанына.
Үш ғасыр –
Орындалмай ойдағы әлi,
Қазақтың
Қызып-қайнап бойда қаны.
Жиылдық Көкшетаудың
 бөктерiне
Хан тойын – үш жүз жылдық
 тойлағалы.
Қайтемiз босқа шашқан
 шығынды аяп,
Қойдық-ау,
Ұлылықты ұғынбай-ақ.
Кең төсi –
Сарыарқаның жетпедi ме,
Көкшенiң қолтығына
тығылмай-ақ.
Аралас жүректерде азап –
 үмiт
Қойғандай тiрiлердi
жазалы ғып...
Жайдары
Жаздың күнi жетпегендей,
Қар жауып,
Қырау түстi –
Қазан ұрып.
Суырып суық желi
 көбесiнен,
Қалың бұлт кетпей қойды
 төбесiнен.
Қар жауды жапалақтап,
Ұшқандай-ақ,
Абылай садағының
 жебесiнен.
 Көз жасы аққандай-ақ
қан аралас,
Құйды кеп –
Қара жаңбыр қар аралас.
Даланың сахнасы –
Сан-сапалақ,
Сауғалап,
Сағалауға пана қалмас.
Бастықтар жайлы жерде,
Iшкерiде,
Мәз болып жегенiне,
 iшкенiне.
Желдi де, дауылды да
жолатпайды,
Жылтырақ киiп алған
 үстерiне.
Өңшең бiр,
Өндiр жастар –
Қыз-жiгiттер,
Бозала таңнан тұрып
бiздi күткен.
Жастарды тоңып қалған
 тоқтатпайды,
Iргесiн аулақ салып
 iзгiлiктен.
Жастарды аямайды жаурап
 тұрған.
Жас гүлдер жапа шектi
 қаулап тұрған.
Халықтың көз жасындай
Қара жаңбыр,
Төбеден төпелейдi –
саулап тұрған.
Ал жастар,
Бiрақ мұны елемедi.
Қыздырап тойға деген
 делебенi.
Жабығып,
Жалықпады –
Жатса-дағы
Малынып салқын суға
 денелерi.
Ұшырып ән сұңқарын,
жыр кептерiн,
Тарқатпай, ыдыратпай
 дүрмектерiн.
Тойында атасының бiр-ақ
 тiлек:
Орындау ойына алған
 мiндеттерiн.
Өңшең бiр,
Өрен жастар алғыр – берен,
Жұбатып жан жүрегiн
ән-жырменен.
Шайқасып
Баяғының батырындай,
Айқасып
Қар аралас жаңбырменен.
Дүбiрi –
Дүрлiктiрiп
Аспан-жердi,
Ат жарыс,
Ата тойы – басталды ендi...
Оралып –
Көз алдыңда дөңгелейдi,
Шабыс жоқ,
Баяғыдай асқан белдi.
Тоқ бәйге,
Құнан бәйге,
Ұлан бәйге –
Құйрығы жүйрiктердiң
 бұлаңдайды.
Естiртпей жүргiзушi сөзiн
 мүлде,
Қалың ел қиқу салып –
ұрандайды.
Дүлдiлдiң топқа түскен
бағын ойлап,
Бiреуi – “А, Құдайлап...
– Абылайлап”.
Бiр тұлпар тiзгiн
тартып iркiледi,
Арттағы арындының
бағын байлап.
Бойында тұлпар шабыт,
 қыран қуат,
Көрген жан қалай шыдап
 тұрар бiрақ?!
Үдетiп топ iшiнен алға түстi,
Үмбетов Ғабит мiнген
бiр арғымақ.
Мәреден өте шықты
оқтай зулап,
Арғымақ әлi де тың,
әлi қунақ.
– “Жасасын, Үмбетов!”
 – деп,
– Үмбетов! – деп,
Қалың ел қиқу салып
кеттi шулап.
Үмбетов үндемедi,
Сырбаз неткен!
Қалың ел тiлек етiп тұрған
көптен.
Қаумалап
Ат иесiн кеттi бәрi,
Халықты жеңiсiмен
бiр мәз еткен.
... Ырза ғып,
Алқалы топ,
Ата тектi,
Артынан екпiндетiп
екi ат өттi.
Үдетiп,
Үш ат өте берген сәтте,
Iшiнен бiр ат жерге
жата кеттi.
“Жатты”, – деп
Жай айтамын, түстi құлап.
Болдырып бойындағы
күштi қуат.
Дүние-ай,
Жеткен жерi осы болды –
Жануар
Ұшып едi ышқынып-ақ.
Хас тұлпар
Оза шапқан көптен берi,
Келiптi тағы дода –
топ көргелi.
Алқынып,
Алып-ұшып
Алматыдан,
Осы екен –
Жарықтықтың жеткен жерi.
Осылай ажал жеттi
Ақтабанға,
Асырап –
Алты ай бойы баптағанда.
Хас тұлпар қайтедi ендi,
Асыл тұлпар,
Асында
Абылайдың шаппағанда.
Болжалдап кiм бiледi
алдағысын,
Баяғы жүйрiктердiң
жалғап iсiн.
Келiптi Алатаудан
құстай ұшып,
Төсiнде Сарыарқаның
 қалмақ үшiн.
Қайтейiн босқа созып
зарды бөтен,
Тағдырдың тартқан iсi –
 жарлық екен.
Жануар
Жеткен екен табу үшiн,
Жерiнен Құлагердiң
 мәңгi мекен.
Сарыарқа,
Кербез Көкше,
Бақ – ғаламат,
Бересiң ерге – сынақ,
Атқа да – азап.
Тұяғы Құлагердiң
тиген жерде,
Дамылдап тыныс алып,
Жат, Қазанат!
Тағдырдың осы шығар
бiр жарлығы,
Ұғасың тарихыңнан –
Жырдан мұны.
Үш жүз жыл өткеннен соң...
Ас бергенде –
Абылай
Атасының құрбандығы!
САРАЙШЫҚ – САРЫ УАЙЫМ
Жатпай-ақ,
Жылын санап, айын күтiп,
Жоқ болып –
Тал, қарағай,
Қайыңды түп.
Қаланы Грозный
Құрта алмаған,
Барады –
Жайық жұтып,
Жайық жұтып...
Бiрақ та,
Берiлгенмен уайымға құр,
Бұл сұрақ,
Зиялының ойында жүр.
Қылғытып жұтып жатыр
Қиналмастан,
Қалаға –
Жайық та бiр,
Жайын да бiр.
Халқымда кiнә бар ма,
Қуған бақыт.
Өтедi –
Зымырандай
Зулап уақыт...
Сарайшық –
Сары уайым
Санамдағы,
Барады –
Бiрте-бiрте суға батып.
Хақым жоқ отыруға
төрге күнде,
Қарасам еңсем түсер
 ел көркiне.
Жатқанмен жер астында
Бұл мен үшiн –
Сарайшық,
Сары алтыным –
Жер бетiнде.
Бұл күнде,
Жаным жадау,
Көңiл жарым.
Тарихтан –
Таптым сенен өмiр дәнiн.
Жоғалып су түбiне
 кеткенiңше,
Сарайшық –
Маған медет сенiң барың.
Халқымның кiм бiлмейдi
 ғұрпы-салтын,
Күн қайда жұртым үшiн
 жұлқысатын?!
Жұтылып қайда кетiп бара жатсың,
Сарайшық,
Құмы – күмiс,
Кiрпiшi – алтын.
Тарихын кетсе-дағы
Тасқа басып,
Десем де,
Елiм тыныш,
Аспан ашық.
Кетiлiп,
Су түбiне кетiп жатыр,
Алғашқы
Алашымның
Астанасы.
Алашты бiр-бiрiне қандас
 қылған,
Тағдырға
Тәнтi болдық заңдастырған.
Астана болар елге
Әлi талай –
Айырылған қиын екен
Алғашқыдан.
Көрсетiп,
Қалың елге бар айшығын.
Жыр болып
Шартараптан тарайтын үн...
Тарихтың таңбасы едi,
Көз алдымда,
Сызылып бара жатыр
Сарайшығым.
Сарайшық
Бұғып жатыр ақ қояндай,
Басынан
Баптамасаң
Бақ таярдай.
Несiне басқаларын
 әспеттеймiз,
Алғашқы Астананы
сақтай алмай.
Сақталған кеудесiнде
 талай сыры,
Алаштың
Алла берген
Сарайшығы,
Сөзiмнiң сен едi ғой
бар асылы,
Көзiмнiң сен едi ғой
қарашығы.
Жүргенде
Бұл дүниенi думан етiп,
Тұрғанда
Тұғырымыз
Туға бекiп.
Онсыз да кемтiгiмiз
аз болғандай,
Бара ма,
Қазынамыз суға кетiп.
Әу бастан
Ақжайық пен Есiл егiз,
Ғажайып қала салдық
 төсiне бiз.
Сыңарын
Суға берiп, қарап тұрсақ,
Айқайлап мақтанамыз
 несiне бiз?
Бұл жайлы айтылады
нағыз аңыз,
Көлдетiп,
Көздiң жасын ағызамыз.
“Кеттi, – деп, – кеме
батып”, – естушi едiк,
Бiр қала суға кетсе
неғыламыз?!
Сен менiң шынарымсың
шын көрiктi,
Ғасырсың,
Күй кешпейсiң күнделiктi...
Халықтың көз алдында
Қастерлеген
Аруды суға кеткен
кiм көрiптi?!
Сөзiмнiң бұл демессiң
 базынасы,
Амалсыз
Айтып тұрмын – қажығасын.
Көзбе-көз суға кетiп
 бара жатыр,
Қазақтың тарихының
қазынасы.
Сарайшық,
Жай қала емес
Астана ғой,
Айырылсақ
Астанадан масқара ғой...
Төтеннен тулап жеткен
Тасқын емес,
Тегеурiн қоя бiлсек –
Тастан оңай.
Қайтейiн,
Қайран қала “перуайым”,
Түседi сенi ойласам
 сары уайым.
Астана –
Сен мен үшiн көкте жұлдыз,
Астана –
Сен мен үшiн,
Ару – Айым!
ҚАШАҒАН ҚАШЫП БАРАДЫ
Кезде мынау –
Бауыр бүтiн,
Бас аман,
Қайда қашып бара жатыр
Қашаған.
Не жұтса да жұмырына
 жұқпайтын,
Алпауыттың
Араны ма,
Жасаған.
Қарызданып,
Ұтылатын
Ұпайға,
Қайран халық,
Тағы да ендi жұтай ма?
– Ел аманда,
Жұрт тынышта –
Қашаған,
Қайда қашып бара жатыр?
– Қытайға!
Оған куә бiр
Құдайым көктегi,
Ара түспей Байлары
мен Бектерi,
Өз жерiнде
Байыз тауып жата алмай,
Қиын болды-ау,
Қытай асып кеткенi.
Айта қалсаң
Ызы-қиқу,
Қиындау,
Жылдам келiп,
Жылдам кеткен
Жиын-жау.
Қазакеңнiң
Жыртығына жамалмай,
Қытайлардың құлқынына құйылды-ау.
Көрушi едiм
Тәңiр берген сыйындай,
Жатушы едiм,
Етек-жеңiм жиылмай.
Өзгелердiң өзегiне түстi ме,
Өз несiбем өзiме ендi
 бұйырмай.
Қара алтыным айналған
соң ақшаға,
Бұйырады,
Өзiңе емес,
Басқаға.
Ата-бабам алып берген
Байлықты,
Әлдекiмдер талап жатыр,
Масқара!
Есептемей пайдасы
мен шығынын,
Ен байлықтың ашып
қойды тығынын.
Қара қытай қаймағына
 қарық боп,
Қара қазақ жалап
жатыр жұғынын.
Бәз бiреулер жатып
алып тасадан,
Бұл сұмдықты өз
қолымен жасаған.
Сатқаннан соң
Ұясына ұйытпай,
Қытайыңа
Қашпай қайтсiн –
Қашаған!
Қытай жақта –
Алатаудың басы бұлт,
Көршiлерiм алғаннан
соң басынып.
Алпауытың толтыра алмай
Апанын
Ағып жатыр...
Ағып жатыр асығып.
Ей, қазағым, тiзгiнiңдi
 нық ұста.
Дұшпаныңның
Дүмпуiнен ығыспа.
Батпан құйрық
Батысымның мұнайы
Бара жатыр,
Бетiн бұрып
Шығысқа!
АСПАННАН
ГЕПТИЛ
ЖАУҒАН КҮН
Кеңiрдегiме гептил
 кептелiп.
Шама-шарқым шектелiп...
Күшiмен тасқан,
Мысымен басқан
Репетсiз
Ресейдi –
Кеттiм мен де жек көрiп.
Мемлекет
Қара халқына
Қарбаласта –
Су шашушы едi.
Бұлар – У шашты.
Құстарды ұясынан ұшырмай.
Аңдарды жусатты.
Қара жердiң қыртысын
қайырып,
Құмды тас қылды.
Адамдарды
Денсаулығынан айырып,
Дiмкас қылды.
Аспан асты –
салдыр-гүлдiр,
Перiштем малғұн болды.
Дүниенiң басы айналып,
Даң-дұң болды.
Аспаннан гептил
жауған күн,
Басымнан бағым ауған күн.
Өзегi талып
Өзеннiң,
Кеткенiн көрдiм тартылып,
Шөккенiн көрдiм таулардың.
Даламды гептил
жапқан күн,
Балақтан иттер қапқан күн.
Шенеунiктер шекiсiп,
Бiреуiнiң көзi шығып,
Бiреуiнiң бетi iсiп...
Бiрiн-бiрi жұлып жеп,
Бiрiн-бiрi сатқан күн.
Болаттарым майысып,
Қабырғасы қайысып,
Түрменiң дәмiн татқан күн.
...Жалпақ жатқан,
Жұртымды,
Аязы ұрып
Ақпанның.
Жаным шықпай шақ қалдым.
Тапа тал түс тапталдым.
Сөзiм өтпей наданға,
Қасқырға емес,
Адамға –
Күнi туды
Қақпанның!
ҚЫРЫЛЫП
ЖАТЫР КИIКТЕР
Шыдамай қайғы-күйiкке,
Сүрiнiп жатыр
Сүйiктi ел...
Бұғынып жатыр
Бiр кезде
Бұлт шалған басын –
Биiктер.
Ұрынып жатыр
Апатқа...
Қырылып жатыр
Киiктер!
Айналып
Уға
Бақ мекен,
Қырылып жатыр
Ақ бөкен.
Аямай
Аң мен құстарды
Барды –
Болып
Жат – бөтен.
Аққуды атқан
Айуан
Киiгiңдi де атады.
Күнәға әбден батады.
Оқтамай тұрмас қаруын,
Тоқтамай сөзге аталы.
Ұлтына
Таудай атағы,
Жұртына –
Жаудай шатағы.
Тып-типыл
қылып төңiрегiн,
Содан соң тыншып жатады.
Кең дала –
Керiм,
Биiк төр,
Жұпарын жанға
Жиып көр.
Қиянатынан Бiреудiң
Қырылып жатыр
Киiктер.
Сөзiмдi тыңдар жан болса,
Қарлығып даусым
талғанша,
Шығып ап,
Асқар тау болса,
Айқайлап айтқым келедi:
– Қы – қы – ры – ыл – ып
жатыр...
Киiктер!
 
ЖАПОН ЕЛIНЕ САТЫЛҒАН
ЖОЛБАРЫС
Шетелге бала берiп,
Аң сыйлаған
Адамзат
Жүрек айнып,
Жан сыздаған.
Азаптың талай түрiн көрер әлi,
Қазақтың тағдырына
қамсыз қалған.
Аралап жүретұғын
орман iшiн,
Табатын содан ғана
қорғанысын.
Сарылтып,
Сағындырып қойдың неге,
Жолбарыс тектес елдiң
Жолбарысын.
Бiлгенге мақұлық қой ол да
 күштi,
Бiз бiрақ, айтып тұрмыз
Болған iстi.
Тұқымын көк бөрiнiң
Бiле тұрып,
Несiне шетке қақтық
Жолбарысты.
Баратын
Жан ауыртар қадамдарға,
Несiне түсiндiрем
Надандарға.
Апыр-ай,
Туған жерiн сағынатын,
Жолбарыс
Артық екен
Адамнан да!
Үйрендiк шетке шығып
ән айтқанға.
Өзiңдi данышпанға
санатқанға.
Елiнде еркiн жүрген
Жолбарысты –
Не пайда,
Темiр торға қаматқанда.
Барыңның пайдаланып
бәрiн бөтен,
Ұтылар
Ұстамаған малын бекем.
Қызығы өздерiнде
аз болғандай,
Жапондар
Жолбарысқа зәру ме екен?!
Болмасын осындайда
өкпе неге,
Көруге өткен-кеткен
көп келе ме,
Батырды Жолбарысқа
 теңеушi едiк
Қаңғыттық сол батырды
 шетке неге?!
Тау-дала болған оған
талай мекен,
Жолбарыс еркiндiктi
қалайды екен.
Сыртынан қазақ көрсе
құрақ ұшып,
Соққылап темiр торды –
Сабайды екен.
Жат елдi мүмкiн емес
пана дерiң,
Сау қалмас,
Сауықтырмай
Санада емiн.
Жатыр ол темiр торда
арпалысып,
Сағынып қазақ иiсiн,
Дала демiн.
Бақытың тұрған кезде
қолдан ұшпай,
Жағада тербелерсiң
тал-қамыстай,
...Жүр ме екен қайран
 ерлер,
Жат өлкеде
Қамығып торға түскен
Жолбарыстай!

Серiк ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ