Біз қарға тамырлы қазақпыз! Осыны ұмытпайық!

1382092733_nac1Құрбан айттың намазына барғанмын. Кештеу келіп қалған екенмін, тіпті мешіттің ауласына да кіре алмадым. Адамның көптігі соншалық- жолға газет төсеп, намазға сап түзедік. Менің жанымда өзім қатарлы бір жігіт, сосын жасы үлкендеу жігіт ағасы азамат тұрды. Уағыз тыңдап, намаз оқыдық. Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледік, жаратқаннан. Намаздан кейін де сол үшеуіміз бірге қайттық. Жолдың бойында қаптаған қой сатып жатқан машиналар, құрбандыққа шалатын мал таңдап, сатып алып жатқан адамдар. Ал кейбіреулері сатып алған қойларын сүйретіп бара жатыр. Үлкен қарбалас. Жасы үлкендеу жігіт ағасы былай дейді: «Халықтың ниеті түзу-ғой. Әнеки, мешітке сыймай жатырмыз. Анау қой сатып жатқан машиналардың жанындағы кезекті қараңдар. Мына қой жетектеген жігіттерді қараңдар, құдды бір құмырсқаның илеуіндей құжынап жатыр. Осылардың барлығы құдайдан елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, қазақтың береке- бірлігін сұрайды-ғой. Жаманшылық пен ауыртпашылық тілемейтін шығар? Мұндай қарбалас енді бүткіл Қазақстанда болып жатыр-ғой. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ел басқарып отырған жігіттер бұны түсініп, қадіріне жетсе екен». Жөн сұрасып едік, кіші жүздің азаматы болып шықты. ДАТ газетінің бір нөмерінде (19.02.2013 ж) И.Тасмағамбетовке арналған 4 облыстың қариялары жазған үндеудің мәтінін жариялапты. Бұл үндеуге зейін қойып қарасаң, қазақтың береке-бірлігін құдайдан сұрап тұрған жоқ. Ала қойды бөле қырқып, үй ішінен үй тігіп отырғысы келетіндей. Оның тіпті тарихи «негіздемесін» де жасап қойыты. Әйтеуір толып жатқан қыжыл мен өкпелеу. Кіші жүзді басқа қазаққа қарсы қойып жөн- жосықсыз айыптау. Осы үндеуді жазғандардың дегені болып, батыстағы төрт облыс оқшаулана қойды делік. Сонда Алматының, Астананың, Шымкенттің, Тараздың, Қызылорданың маңында орналасқан ондаған, тіпті жүздеген «кіші жүздік» ауылдарды кері көшіріп ала ма? Нағашысын, жиенін, қайын жұртын, дос-жарандарын бетке ұстап барып, батыс облыстарда тамыр жайып қызмет істеп жүрген ұлы жүз бен орта жүздің қазақтарын көшіріп жібере ме? Ал И.Тасмағамбетовтың өзін қайда қояр екен? Жоқ әлде біз құрбан айттың намазына тұрған күні батыстағы осы шалдар мен қариялар тек кіші жүздің ғана береке-бірлігін тілеп, басқа қазаққа жаманшылық пен ауыртпашылық тіледі ме екен? Солай сияқты. Өйткені өкпелеу дегеніміз- қарғыстың жылаңқы түрі. Бүткіл қазақты қарғайтындай не болыпты сонда? Ұлы жүз бен орта жүздің кінәсі алдымен Хазардан, сосын Қоқан мен Хиуадан Каспий мен Арал арасын азат етіп, біртұтас қазақ болғанымыз ба? Бұл енді жөнсіз қарғыс, жөнсіз өкпе. Қазақта: «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деген мақал бар екенін ұмытпаған жөн болар. Марқұм Қалтай Мұхамеджанов – жарықтық Қалағаң айтушы еді: «Қазақ қарға тамырлы» деп. «Батыстың қазағына тисең оңтүстіктен нағашысы араша түседі, шығыстың қазағына тисең орталықта жиені араша түседі, солтүстіктің қазағына тисең батыста бөлесі араша түседі, сөйтіп бір қазаққа тисең бүкіл Қазақстан бүлкілдейді», - дейтін, жарықтық. Расында да солай. Менің нағашыларым - қожа, қайын жұртым - орта жүз, жиендерім мен құдаларым кіші жүз. Ал жора – жолдастарымның ішінде бар қазақ бар десе де болады. Қалай қарасаң да, біз- қазақ бір тұтаспыз. Оның үштен бірін бөліп алғанда, қалған екі бөлігі де, бөлінген бір бөлігі де жеке-дара бақытты, бай , қуатты бола қоймас. «Көппен көрген ұлы той» деген бар. Ұлы жүз бен орта жүзді кінәлай бергенше оның пікірін сұрамайсың ба? Бәлкім, сенің табаныңа кірген тікенек менің маңдайыма кірсін деп жүрген шығар?                                                                                         Нұғман Аралбай, профессор