Мұхтар Мағауин: Қазақсыз Қазақстан
2013 ж. 12 қазан
5184
12
Баяғыда, бала кезімде естіген өзгеше бір сөз қайта-қайта ойыма орала беретін болды. 1951 – бұдан алпыс екі жыл бұрынғы кеп. Мен он бір жастамын, 5-класта оқимын. Кезекті география сабағында мұғалім Америка құрылығын еуропалықтардың ашуы, жаулауы, игеруі және ондағы құлдық тәртіп туралы әңгімеледі. Менің (болашақ пәленбай деген жазушы) тарихи танымым, әдеби білігім өз жасым ғана емес, өз тұсымнан да біршама жоғары еді – орта мектеп оқулықтары бойынша адамзат тарихынан жалпылай дәріс алғам және әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған елеулі шығармаларын түгелдей дерлік оқып тауысқам, оның ішінде Америкадағы нәсілдік жағдай туралы Гарриет Бичер-Стоудың романы да бар. Енді, мұғалім қара түсті зәңгілерді Африкадан тұтқындап, кемелерге салып, жолай қырылғаннан қалғанын жаппай құлдыққа түсіретіні туралы айтқанда, мен еріксіз бір сұрақ қойып едім. «Зәңгілерді соншама жерден тасығанша, неге жергілікті халық – үндістерді құлдыққа жекпейді?» – деп. Сонда мұғалім айтты: «Отаршылдар үндістерді біржола қырып тастағанды тиімді санады. Егер оларды аман сақтап, құлдықта қалдырса, заманнан заман өткенде өсіп-өнеді, теңдікке ұмтылады, содан соң мына жер – біздің ата-мекеніміз деп күреске шығады, ал келгінші құлдар қаншама жетіссе де, бұл жер менің ежелгі жұртым деп дауласа алмайды. Сондықтан отаршылдар ел иесі байырғы халықты түп-тұяғымен жойып жіберу қажет деп санады».
Әлі күнге қайран қалам. Советтік заман идеологиясына мүлде қайшы, осыншама терең ұғымның тамыры неде? Өзі ойлап тапты ма, әлде кейінде жоққа сайған ұлттық сананың арыдан жеткен жаңғырығы ма? География мұғалімі Төлеуқан Жақыпов – ол кездегі ең басты жоғарғы оқу орны ҚазПИ-дің алғашқы толқын түлектерінің қатарынан екен. Алаш-Орда идеалдары әлі көмескі тарта қоймаған кезеңде қалыптасқан. Дайын тезисті санаға сіңіру үшін де үлкен пайым, парасат керек. Қайткенде де, қарапайым ауыл мұғалімінің көкірегінде тұнған мұң мен зілдің салмағын кім білген. Ақыры өзі де отаршыл алапаттың құрбаны болды – арада екі жыл өткенде, дәл іргеде жарылған қуатты, ең алғашқы сутегі бомбасының зардабынан айықпас сырқатқа ұшыраған ағайындар қатарында шәйіт кеткен еді.
Ол – Совет (Кеңес емес!) өкіметінің заманы. Енді – Тәуелсіздік аталатын жаңа дәуір. Бірақ бүгінгі Қазақстан өкіметінің (қазір «билік» дейтін болыпты) осындағы байырғы жұрт – қазақ халқына қатысты жүргізіп отырған барлық шаруасы, нақты саясаты мен көпе-көрнеу ішкі пиғылы бұдан екі ғасыр бұрынғы Америка құрлығындағы отаршылардың жергілікті үндіс халқына қатысты төтенше шараларын еске түсіреді. Әлбетте, тікелей, жаппай қырып-жою жоқ, оған мүмкіндік те табылмас еді, әйткенмен, тереңнен, нақты ойластырған және ішінара жүзеге асып та жатқан жүйелі қарекеті ешқандай күмәнсіз, ақиқат байламдар жасауға негіз береді – қазіргі Қазақстан өкіметі осы ел мен жерді мың жылдар бойы мекендеп келген қазақ халқына қарсы түбегейлі, пәрменді жұмыс жасап жатыр. «Егемендіктің» алғашқы бес-он жылында еппен, жымысқы қимылдап еді, соңғы он жылдықта, оның ішінде кейінгі екі-үш жылда ашық соғыс жариялады.
Енді жалпы жұртқа белгілі, аз-мұз сауаты бар, тым құрыса жарым-жартылай көзі ашық кез келген қазаққа мағлұм бүгінгі ахуалдың ең көрнекі, негізгі жағдаяттарын еске түсіре кетейік.
Осы «Егемендік» аталатын жиырма екі жыл ішінде:
– ежелгі қазақ жерінің асты мен үстіндегі барлық қазына мен байлық талауға түсті;
– адал еңбек емес, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, заңсыз иелік нәтижесінде жеміт байлар тобы және бар мүмкіндігі шектелген, күнкөріс жағдайының өзі қиындаған тақыр кедейлер табы қалыптасты;
– қазақ ауылы қирап, тозып бітті, үлкен шаһарлар төңірегіне қайыршылық пен шарасыздық жайлаған, тұрмыстық қызметі тапшы, кембағал, қотыраш қалашықтар өсіп шықты;
– белгілі бір әулет, ұйымдасқан топ, билеуші тап азғана уақыт ішінде қисапсыз байлық, барлық игілікке жеткен жағдайда, ел иесі, жер иесі жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы күн озған сайын төмендеп барады;
– ел ішінде жаппай коррупция, жойдасыз жемқорлық етек алды;
– аса зор көлемдегі және ұсақ-түйекке дейінгі парақорлық үйреншікті, дағдылы тұрмыс кебі ретінде қалыптасты;
– мемлекеттік қызмет, кез келген мансап – міндетті парыз емес, тек қана ішіп-жеу, байлық құрау, жеке бастың қажетін ғана өтейтін тиімді тетік деген түсінік орнықты;
– сот, прокуратура, құқық қорғау, заң мекемелері әділет атаулыны аяққа басып, тек жоғарыдан түскен нұсқау, немесе жеке бас пайдасы тұрғысынан ғана жұмыс жасайтын болды;
– қылмыскердің жазадан құтылуы, кінәсіз кісілердің бас еркінен айрылуы – үйреншікті құбылысқа айналды;
– күдіктіні жауапқа тарту кезінде, сотталғанның жазасын өтеу мезгілінде адамгершілікке қайшы әрекетпен азаптау, жанын қинау, тіпті ұрып өлтіру – совет тұсындағыдан да қатал, гестаполық тәсілдермен үйлес тұтқын тәртібі – әдепкі жағдайға саналды;
– ауыр тұрмыс, заңсыздық пен ұрлық-қарлық, адал еңбекпен мал табу мүмкіндігінің қиындығы, бейсауат жүрген кісінің өзінің жеке басының қатерлі жағдайы, арам байлар мен әкім-қаралардың жүгенсіз мінезі – жалпы жұртты аздырып, әділет, адалдық, кісілік туралы ұғымдар аяқ-асты болды;
– үлкендер дүниеден түңілсе, жастар үмітсіз торығу дертіне шалдықты, ақыры кәмелет жасына жаңа толған, тіпті толмаған өрендердің өзіне-өзі қол жұмсауы – әлемде жоқ деңгейде өріс алып отыр;
– мүлде бейкүнә, немесе көлденеңнен күдікті жеке кісілерге, халықаралық деңгейде ешбір теріс тізімде жоқ діни, рухани топтарға қарсы, олардың отбасын, жақын туыстарын қоса қамтитын мемлекеттік террор заң аясына сыйғызылды;
– үлп еткен наразылық, қарсылық атаулы аяусыз жанышталып жатыр;
– оппозиция қуғынмен, қудалаумен тозып бітті;
– баспасөз еркіндігі, жиын, ереуіл құқығы шектелген;
– үлкенді-кішілі әділетті сайлау атаулының елесі де жоқ, демократиялық құндылықтар құрғақ сөзбен алмасты;
– үстем тап – бұрынғы компартиялық номенклатураның әдіс-амалы, ісі мен күшінің екпінімен Қазақстан шегінде бір ғана кісінің өкімі – сырттан сыпайылап айтылып жүргендей, авторитарлық билік емес, тежеусіз диктатура орнады;
– осында айтылған және айтылмаған қаншама сорақы себептер нәтижесінде Қазақ елі бүгінде бүкіләлемдік шикізат отарына, ал Ресейдің еркі кем, бұйдалы, шын мәнісіндегі басыбайлы иелігіне айналды.
Әйтсе де, бұл арада біздің айтпағымыз – мүлде басқа мәселе. Отар елдің де шектеулі, азды-көпті құқығы болады. Отар елдің өзіндегі халық қадарынша тіршілік жасап, өсіп-өніп жатады. Оның үстіне манадан бері тізбеленіп отырған мәселелер біржақты көрінуі де мүмкін. Дау айтушылар табылады. Ұланғайыр жетістігіміз бар, бізде керемет, бәрі тамаша демек. Өз тарабымыздан үстесек, жалғыз қазақ емес, кез келген, кіріптар кептегі, немесе мемлекеттік құрылым өркендеп дамудың оңды жолын таңдай алмаған, артта қалған елге тән сыпат. Әлемде бұдан біршама бұрын еркіндік алғанымен, отарлық, жартылай отарлық бұғаудан шыға алмай отырған, кембағал қалыптағы қаншама жұрт бар. Қорқау өкімет, парақор шенеунік, заңсыздық пен зорлық-зомбылық, ауыр тұрмыс пен шарасыз тығырық – жалғыз біздің ғана еншіміз емес. Халқының әл-ауқаты бізден әлдеқайда төмен жағдайлар да ұшырасады. Алысқа тартпай, көршілес республикалар – еңбекке жарамды азаматтары ел ақтап кеткен туыстас ағайындарды еске салайық.
Бірақ біздің не Африкада, не Азияда болмаған және болуы да мүмкін емес, атойлап тұрған айрықша бір сыпатымыз бар. Ол – билеуші таптың өз халқына қатысты арам пиғылы және теріс әрекеті. Нақтылап айтсақ, жер иесі, соған орай ел иесі де болуға тиіс жергілікті, байырғы жұртқа қарсы күресі. Одан әрмен анықтап айтсақ – бүгінгі Қазақстан өкіметінің қазақ халқына қарсы, жоспарлы түрде, табанды, әрі дәйекті жағдайда жүзеге асыруға кіріскен ең басты жұмысы – әлем тарихы, халықтар шеруінде ұшыраспаған өзгеше құбылыс. Бірақ ақылға сыймас іс емес. Түп-тамырына бойласақ, заңды, табиғи жағдаят деп таныр едік.
Бұл арада қазіргі Қазақстан билігі – кешегі Советтік өкімнің жалғасы деп білу – мәселенің бір ғана жағы. Қашанда отаршыл тәртіптің ең негізгі тұрғысы – жер иесі болып табылатын халықты біржола құрту еді ғой. Патшалық Ресей, әсіресе Қызыл Ресей қазақ халқына зәбір мен қиянаттың барлық түрін қолданды, ақыры 1932–1933 жылдарғы ғаламат ашаршылық нәтижесінде ұлы халықтың сағын сындырды, бірақ қанша қырылса да, қазақ жер бетінен біржола өшпей қалды, сондықтан «Тың көтеру» науқаны ұйымдастырылды, байырғы жұрттың үстіне орысы бар, орманы бар, тағы қаншама халықты әкеліп төкті, сөйтіп жер иесін елеусіз азшылыққа айналдырды. Алайда ақыр түбінде дүние кері төңкерілді, бәрі өзгерді, тек бұрнағы коммунистік билік өз орнында қалыпты. Әуелден-ақ қазақты кемшін санаған, отаршылдың қызметіндегі, қарғылы қауым. Өкім атауы өзгерсе де, ұғым мен таным бұрынғыша. Оның үстіне, жаңа, төтенше бір түсінік қалыптасыпты. Ұлттық санадан тыс өкіметте жеке бастың пайдасы бірінші орынға шықпақ. Ел мүддесі есеп емес, мемлекеттік тұрғы – осы жеке басқа ғана қызмет ететін, сатуға, пайдалануға қолайлы, қажетті тетік қана. Бұл жолда сыртқы қиындықтарды жеңу оңай – күшті көршінің қалаған, сұрағанын бере беру, тіпті алыстағы алпауыттың өзінің қолын қақпау. Атың абырой тауып, билігің беки түседі, сырттағы жұртқа сенен жақсы кісі жоқ. Ал ішкі қиындық, соншама елеусіз болса да бар, немесе әжептәуір болып шығуы мүмкін. Оның аты – қазақ дейтін халық. Осы қазақты жуасытса, дауысынан айырып, жігерін жасытып, күшін қайтарса, бар мұраты орнына келмек. Сөйтіп, «Егемен» өкіметтің, атаулы, жалғыз кісі емес, компартияның жәдігөй мектебінен өткен тұтас бір қауымның қазақ халқына қарсы қауіп-қатерсіз, бейбіт, бірақ қатаң, әрі аяусыз соғысы басталып кетті.
Осы ішкі майданның жалпы жұртқа мағлұм негізгі бір тұрғыларын атап өтейік.
Бүгінде билік басында отырған парт-номенклатураның қазақ тәуелсіздігін қажетсімеген, бұрнағы отарлық кепте қалуға жанын салған, алыс-жақын төңірегінен мүлде бөтен, құлдық санасы – Орыс-Совет империясы ыдырай бастаған кезде айрықша көрініс берді. Туған халқының қаншама қан төккен, жүз елу жылдық мұраты сөз емес. Өз бастары ноқталы болса да, алдында астау, жеке жағдайы тым жақсы. Ақыры Балтық пен Украина тұрыпты, іргелес Орта-Азиялық елдер, оны айтасыз, империя ұйытқысы Ресейге дейін өз тәуелсіздігін жариялап біткен кезде, қақаған қыс, иен жұртта қалған Қазақ ССР-ының сатымсақ өкіметі мен қуыршақ Жоғарғы Кеңесі амалсыздың күнінен «Егемендік» алуға мәжбүр болды. Бұл екі ортада Мәскеумен аралықта қандай келіссөз атқарылғаны әзірше жабық тұр, кейін архивтен «Біз Ресей құрамында қалғымыз келеді» деген ғарызнама-өтініш шығып жатуы да ғажап емес, оның айқын мысалы – жаңадан туған республиканың қаншама ай бойы рубль аймағынан кеткісі келмеуі, яғни, Ресейге тәуелді қалатын экономикалық бірліктен айнымауы дер едік. Ақыры бұл кіріптарлық талап та қабыл алынбады, Ресей біздің жандайшаптарды рубль аймағынан теуіп шығарды, бұдан соң, төл теңгеміз айналымға түскенше, бұл кезде қолданудан шығып кеткен Ресей рублі вагонымен, составымен келіп, бүкіл Қазақстан ахуалына қаншама зиян тигізгені мәлім.
Өз ақшамыз шықты, бұл – тәуелсіздіктің ең көрнекі, нақты белгісі деп, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ арада бес-он жыл өтер-өтпесте осы ұлттық теңге Егемен өкіметіміздің көзіне жын болып көріне бастады. Банкноттар бетіндегі Абылайдың, Абайдың, Шоқанның, Құрманғазы мен Сүйінбайдың суреттері жоғалып, барлық жаңа ақша бұрынғы бір теңгелікте бедерленген Фараби бейнесімен алмастырылды. Бұл жағдай – әуелдегі үш теңгеліктен жүз теңгелікке дейінгі банкнот құнсызданып, айналымнан түскен себепті деп түсіндірілді. Әлбетте, Фараби де қазақтан алыс емес, ортағасырлық Отырардан шыққан түрік, сонымен қатар әлемдік тұлға, араб мемлекеттерінің ақшаларынан да көрініс тапқан, ендігі қазақ теңгесіне де жарасып тұр, бірақ Абайдың және басқа алыптарымыздың бейнелері де таңбаланса қайтер еді? Болмайды екен. Мұны аз десеңіз, жаңа ғасыр шегінде қазақ теңгесінің бетінде сандық бағасын айғақтаған жазу орыс тілінде де жазыла бастады. Яғни, бүкіләлемдік отар, оның ішінде Ресейдің атаусыз боданы мәртебесіне жеткен елдің шартты ақшасында айқын ұлттық нысан болмауы қажет екен. Тәуелсіз ел емессің, асып кеткенде Ресейдің бір бөлшегісің! – деген қағида, қатаң ескертудің әуелгі бір, нақты, көрнекі айғағы.
Осы теңгенің ұлтсыздануымен қатар, өмірдің барлық саласында да Қазақ елін тұтасымен ұлтсыздық кебіне түсіру – пәрменді, жоспарлы науқанға айналды. Сыпайылап айтқанда. Бәрін түгел таратып, бажайлап тізбелесек, тұтас бір кітап, әлденеше кітап жазылар еді.
«Егемендік» заманның алғашқы күндерінен бастап-ақ халықтың ақыл-ойы, жан-жүйесі, қорғанышы мен қамқоры саналатын ұлт зиялыларына қарсы күні бүгінге жалғасып келе жатқан былғаныш науқан басталды. Бұл кезде баяғы Колчак айтқан бас көтерер бес жүз қазақтың саны еселеп өсіп, әлденеше мыңға жеткен. Тайлы-таяғы, түп-тамырымен түгелдей құртып жібере алмайсың, сондықтан өрісін тарылтып, тұқыртып ұстау саясаты іске қосылды. «Зиялы қауым дегеніміз – зиянды қауым!» – деген жәдігөй ұран шығып, оған жалбағайлар мен далбақайлар қосылып, баспасөз бетінде тура жиырма жылдық науқан ұйымдастырылды. Бұл, бүгінгі сатымсақ өкімет үшін шынында да зиянды қауымның ең қомақты бөлігін – ғылыми интеллигенция құрайтын. Енді университет профессорының айлық ақысы апталық көжесіне жетпейтін болды. Қатардағы ғылым кандидаттары мүлде тапшылық жағдайда қалды, кейінгі талапкер жастардың бары – ғылымнан кетіп, жоғы – бұл жаққа жуымайтын болды. Көп ұзамай-ақ Ғылым академиясы таратылды. Құрметті академиктерге алданыш стипендия тағайындалды. Осы екі жағдай – Жоғарғы оқу мен Ғылым академиясының жұтқа ұшырауы – Қазақстандағы ғылым атаулының дағдарыс, тоқырауы ғана емес, кері кетуі, уақыт оза келе мүлде дерлік жойылуына ұласты. Бұл – бір оқпен атылған екі қоянның алғашқысы ғана. Екінші қоян – ғылым төңірегіндегі танымы кең, кеудесі зор, қашанда үлкен құрметте болған оқымысты қауымның ұжымдық құрылымы жойылып, бар тіршілігі сұрықсыз, қораш жағдайға түсіп, ғылым ғана емес, саясаттан да аулақтап, халқының сөзін сөйлеуден қалуы, үлкендері шаршап, өліп-жітіп, кішілері қажып, түңіліп, қоғам өмірінен шеттеуі деп білейік.
Советтік заманда ұлттық партия қызметін атқарған, қаһарлы желтоқсан оқиғаларының кезінде де халқының мұң-зары мен ашу-ызасын білдірген Жазушылар одағы да осы кепке ұшырады. Аты бар да, заты жоқ. Бұрын жазушылар кітап шығарып ақша алса, енді кітабын шығару үшін ақша төлейтін болды. Осы әрең-пәрең кітаптың өзінің таралымы жоққа жақын – бір мың, екі, үш мың. Қаламақы туралы айтудың өзі әдепсіздік саналады. Қазақ кітабы ешқандай қосымша пайда түсірмейді екен. Бұл кітап Совет өкіметінің алғашқы елу жылында да ешқандай пайда түсірмеген, бірақ сол замандағы аға жазушылар қап-қабымен ақша алған. Біз көрген соңғы жиырма бес жылда да қаламақы бұрынғыға жетпегенімен, әжептәуір болды, бірақ тақыр-таза зиян, яғни басып шығару үшін қыруар төлемі бар өлең кітаптарына тоқтау қойылмады, прозаның есебінен жабылатын, осындай, шығыны мол жинақтар шығарып жатқан ақындардың қаламақысы – түсімі көп прозашылардан артып та кететін. Егер баяғыдай елу-алпыс мыңмен шығарса, бүгінгі кітап та көп түсім берер еді. Ұлттық мәдениет, оның ішінде рухани қазына санатындағы көркем әдебиеттің мән-маңызы ақшамен есептелмейтінін айтып жатудың өзі артық. Аз ба, көп пе шығын жұмсалып отырған оқу, тәрбие жұмысы, сот пен полиция, тіпті әкімшілік, басқару мекемелері, ең аяғы бүгінгі қолжаулық парламентіңіз мемлекет қорына көпе-көрнеу санап беретін қандай қаражат құйып отыр екен. Мұның бәрі есеп емес. Ең бастысы – жазушылар қауымын жаныштау, бар дауысынан айыру, алаш жұртына ықпалын жою болатын.
Сонымен, жиырма жыл орайында алдыңғы ақсақалдар кетті, оған жалғас қарасақалдар қожырады, кейінгі жастар үйсіз, күйсіз, кітапсыз, жалаңаяқ жағдайға түсті, күн көсемді мадақтап өлең-жыр жазған, өкіметтің барлық саясатын қолдаған бес-алты сатымсақ жазарман болмаса, қалған қауымның бар дерті ғана емес, көпшілік жазуы да ішке түскен, күңкіл әңгімесі кухнядан аспайтын жағдайға жеткен.
Оқымысты, шығармашы жұрт – бүкіл зиялы қауымның дүниеден түңілмес қисыны жоқ. Халқына дауысы жетпейді, беделі кем, абыройы шамалы. Бүгінгі өкімет ақылын алмайды, айқайын естімейді, бәрін керісінше, өз қалауымен жасап келеді.
Біз зиялы қауымның әрқилы ахуалын, қоғам өмірінен қалай шеттегенін айтып отырмыз. Мұның бәрі туған халқыңның кембағал жағдайдағы ауыр тұрмысымен салыстырғанда түк те емес. Ауылдағы жаппай жұмыссыздық, қалалы жерге жеткен жастардың жүкші, арбашы, күнделікті жалдамалы кебіндегі сұрықсыз өмірі, қажымас қазақ әйелдерінің қара базарды жағалаған қалт-құлт тіршілігі – барды саусақпен санап, жоқты түгендеп біте алмайсыз. Жиырма екі жылдық жаңа отар жағдайында бүкіл қазақ жұртының мінез-құлқы өзгерген, дүние танымы басқа бір арнаға түскен, ниет-пиғылы бұзылып, бар мұраты тек қана күнкөріс қамына тірелген. Мұны аз десеңіз, «тәуелсіздік таңының» дүние тарыла бастаған алғашқы жылдарының өзінде «Қазақтың жауы – қазақ!» – деген ұран көтерілді. Театр сахнасынан баспасөз бетіне көшіп, күнделікті, жалпы жұрт аузындағы лепеске айналды. Бұл ретте біздің шалағай артистеріміз бен шаласауат журналист, жалбағай жазушыларымыздың еңбегі айрықша болды. 90-жылдардағы «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінде және «Жұлдыз» журналынан басқа барлық басылымдарда ең басты ұран болған, бұралқы ғана емес, ұлт тағдыры үшін мейлінше қатерлі қағиданы әуел баста жеке бір кісі ойлап тапты дегенге күмән келтірем. Жоғарыдан түскен нұсқау – жандайшаптар көтеріп жіберген, санасыз тобыр одан әрмен қоздатып әкеткен. Қайткенде де, қазақ қоғамының іріп бара жатқан, азып, тоза бастаған өтпелі кезеңіне тән көрініс болатын. Ойлап қарағанда, бұл ұраннан жалғыз-ақ қорытынды шығар еді. Қара қазақ біріне бірі жау болғанда, биік мәртебелі өкіметің неге қарауындағы халқына дос болуы керек?! Сендер біріңді-бірің түтіп жеңдер, бәріңді қосып, тәбеті тәуір өкіметің жәукемдесін. Шынында да солай болып шықты.
Егемендік межесі бес-алты жылға толар-толмаста қазақтың атамекен жерін сату туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Халықты жаңа бір игіліктің артықшылығына үндеп, әр тараптан пікір тартқан дүдәмал оспақтан соң, сырттай, тезінен дайындалып, үкімет қостап, алғашқы оқылымы парламентте мақұлданып та үлгерді. Осындай сұмдық хабар естілісімен, қазақ зиялылары түгел көтерілген еді. 1999 жыл, шілде айы болатын. Жазушылар одағының мәжіліс залында бүкіл шығармашылық ұйымдардың, ғылыми интеллигенцияның ең беделді өкілдері бас қосып, бір ауыздан қатаң қарсылық айтылды, сөйленген сөздің біразы және арнайы қарар республикалық баспасөз бетінде жарияланды. Сонымен тоқтау болып еді. Әйткенмен, арада үш жыл өтер-өтпесте парламент жер сату туралы мәселені төтесінен, қайта көтеріп, бүкілхалықтық талқыға салмастан, қайрылмас шешім қабылдапты. Жер сатылды.
Қазақ халқының арғы ата-бабадан бері, мыңдаған жыл бойы иеленген, төңіректің төрт бұрышынан анталаған жаумен қайтпай қаржысып, қисапсыз қан төгіп, кейінгі ұрпағына мирас еткен жері. Бұл – бүгінгі Назарбаев өкіметінің қазақ халқына қарсы жасаған қылмыстарының ішіндегі ең сұмдығы болатын. Жер сатылды. Табанымыздың астындағы жалғыз тиянақ. Кім алды, не қалды? Қазір бізге шет жағасы ғана мағлұм. Ежелгі қазақ топырағы қолы жеткен, нақтылап айтсақ, елбасы бастаған өкіметімізге көмектес, сыбайлас, жаны жақын, жат жұрттық қорқаулардың талапайына түсті. Ежелгі Қазақ елінің ең құнарлы өңір, ең құйқалы қоныстарының қаншасы атаңның өзі атын естіп білмеген жалмауыздардың иелігіне кесілгенін бүгінгі біз білмесек те, кейінгі заман айқындап береді.
- Адамзат тарихында неше түрлі дарынсыз, ақымақ, жалтақ, тауансыз, тіпті ақыл-есі кеміс, есалаң патшалар болған, алайда елімен қоса жерін де сатып жіберген ғажайып кемеңгер патша біздің қазақтың ғана еншісіне бұйырыпты.
- Қазақтың есептен шығарылуының, бұрын болмаған мемлекетінің қазір де елесі жоғының ең айқын мысалы – «Бір жүз қырық ұлт» теориясы. Мән-мағынасы: қазақ – атаулы республика шегіндегі жеке-дара жұрт емес, осы елде «шат-шадыман тұрмыс кешіп, ынтымағы жарасқан» 140 халықтың қатарындағы қауым деген ұстаным. Қазақ – өз ата-жұртында мемлекет құрушы, жетекші халық емес, көптің бірі деген сөз.
- Ең ғажабы, осыншама содырлар жайлаған Қазақстанда әлі күнге бірде-бір атаулы террористік шабуыл болмапты. Түсінікті жағдай, біздің қырағы чекистер алдын алып жатыр ғой. Өкіметім солай деп сендіргісі келеді. Алайда ақымақтың өзіне түсінікті жағдай. Мұның бәрі – қазақты жаныштау, үркітіп, қорқытып қою, бар еркінен айрылған көнбіс, исалмас тобырға айналдыру әрекеті ғана. Ақыры – Жаңаөзен. Міне, біздің қаһарман қорғаушыларымыздың бауыры жазылып, бусана атқан күні. Алайда бар арманын түгесе алмаған сияқты. Кез келген сәтте әлденендей наразылық білдіріп, бас көтерген жұртты жамсатып салуға дайын отыр. Жұрт болғанда – тек қазақты ғана.
- Ақтөбеде, немесе Атырауда бір орысты атып көрсін. Алматыда әлдебір ұйғырдың, Шымкентте қайсыбір күрдтің мұрны қанап көрсін. Егер Маңғыстауда ереуілге шыққан, тіпті шықпаған, көшеде жай ғана серуендеп жүрген бес орыс болса, біздің сүйікті өкіметіміз мылтық атпақ түгілі, таяғын көтермес еді. Егемен билік үшін ең қатерлі жау – қазақ болып тұр. Заңнан тыс, сондықтан да қорғансыз, не істесең де, қарымтасы, қайтарымы жоқ деп біледі.
16–20.ІХ.2013,
Карловы Вары
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 34 (210) от 10 октября 2013 г.