ШӘКӘРІМ ҚОЛЖАЗБАСЫ ҚАЛАЙ САҚТАЛДЫ?

shakarim 1

Ақын Асқар Татанайұлы мен Алаш белсендісі Кәрім Дүйсебаев

  Шәкәрім қолжазбасын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізгендерді айтқанда үш адамды ерекше атауымыз керек. Олар: Шәкәрімнің кеңестік қудалаудан Қытайға қашып барған ұлы Зият Шә­кәрімұлы! Алтайдағы Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі Кәрім Дүйсебаев! Алтайдағы ақын-жазушы және журналист Асқар Татанайұлы! Асқар Татанайұлы 1906 жылы өр Алтай топырағында, Ертіс бойында туып, 1994 жылы Алтай қаласында дүние салды. Ол Қытай мемлекеттік Жазушылар қоғамының мүшесі болған, Алтайдағы Алаш жетекшілерімен серіктес болған қайраткер қаламгер еді. Сондай-ақ қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын жинау, сақтау жөнінде көп ізденістер жасап, өмірінің үлкен бөлімін халық мұрасын жинап, қорғауға арнаған. Әсіресе, бүкіл Қытай елі көлемінде жүргізілген «Мәдени зор төңкеріс» сынды қанды алапат кезінде басын бәйгеге тігіп отырып, асыл қазынамызды қорғап қалғаны бүкіл елге мәлім. Асқар Татанайұлының 100 жылдығын Қытай қазақтары да, Қазақстан елі де қатар атап өтті. asqar tatanai koben    Асқар Татанайұлының ұлы, жазушы-ақын Көбен Асқарұлының «Жас қазақ үні» газетінде 2008 жылғы №19-20, 22-23 сандарында жазғанындай, Асқар Татанайұлын оқытқан мұғалімдер Кеңес Одағынан қашып келген үлкен оқымыстылар болыпты. Солардың ішінде белгілі Алашорда қозғалысының белсендісі Кәрім Дүйсебаев Мұғалімдер жетілдіру мектебінің жауапты қызметкері, әрі бөлім мұғалімі болады. «Мен Кәріммен жақсы шығыстым. Ол кісі мені жақсы көргені сонша «керейшігім» деп атайтын. 2-3 жаста жалғыз қызы бар екен. Руы уақ, әйелі татар, кезінде көзі ашық, бай жерден шығып, Ресейде оқыған, жақсы тәлім алғаны, киім киісі, адамдарға мәмілесі, жүріс-тұрысынан байқалып тұрады. Өр Алтайда бәлендей жақын туысы жоқ секілді. Мені жақын бауырындай көріп кетті»-дейді. 1935 жылы қыркүйек айында Асқар Татанайұлы білімін толықтыру үшін отауын көшіріп, Алтайдың орталығы Сарсүмбеге келеді де, 3-4 бауырын да қалалық бастауышқа оқуға кіргізеді. Дәл сол кезде оны Алтай аймақтық үкіметінің хатшысы Мәңкей Мәмиев шақырып алып: – Біз Кеңес Одағынан бір баспа машинасын алдырдық. Оны әкелген Канавалов деген орыс ғалымы Құсайынов деген азаматқа айға жуық үйретіп, еліне қайтып кетті. Енді сол ғалымға көмекші болып сен істе, екеуің бірге істей жүріп үйреніп, келер жылы газет шығарасыңдар- дейді. Асқар кеңседен шыққан қалпында ұстазы Кәрім Дүйсебаевқа барады. Есіктен кірген заматта: – Сені айтқан мен. Сен менің жақсы, алғыр, елгезек оқушымсың, қаламгерлігің де жаман емес. Қорықпа, тез арада игеріп кетесің, мақұл болғаның жөн – дейді Кәрім ағасы. Сонымен, ұстазының тілін алып, газетке орналасады. 1935 жылы ең алдымен үкіметтің хат-хабар, жарлықтарын баса жүріп, жыл соңында таяғанда «Шыңжаң – Алтай» газетінің алғашқы санын да шығарады. shakarimuly ziat

Шәкәрімнің ұлы Зият

  Асқар Татанайұлы сол Кәрім мұғалімнің үйінде 1934 жылдың көктеміне Зият Шәкәрімұлымен танысады. Қазақстаннан келген зиялылардың онымен жас шамаласы да осы Зият болатын. Зият бастауыш мектепте мұғалім болып істейді. Сол жылы Асқар істейтін мектепкеде келіп, коцерт ұймдастырып, ойын қойып жүреді. Асқар газетке тұрғаннан кейін, тіпті жақындаса бастайды. Ол да өлең жазады екен. 1935 жылы 12-сәуір мейрамы қарсаңында бірге концерт дайындайды. Сонда ол оқушыларына орындатып, әкесі Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңінің әніне келтіріп, өлеңінің соңын өзі өзгертіп жазып, «жақсы оқушы боламын» деген мазмұндағы ән орындатады. Осыдан 1936 жылы «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына» кызметке кеткенге дейін бір қалашықта бірге, талай ойын-тойларда да бірге болады. «Әнді жақсы айтатын, әсіресе әкесі шығарған әндерді көп айтатын, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әнді мен Зияттан жаттап алдым. 1935-36 жылдары «Шыңжаң – Алтай» газетіне екі өлеңін де бастық» -дейді Асқар Татанайұлы. Асқар таныса жүріп Зияттан Қытайға қалай келгенін сұрағанда, ол бір топ адам Тарбағатай арқылы қашып өтіп, Алтайға Мәми бейсінің ауылына келгенін айтады. Ол ауылға туыстық, құдандалық қатынасы жоқ екен. Әкесі Шәкәрім «Қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресін» жазғанда Мәмимен хат алысып, хат берісіп, сол арқылы абақ керейге қатысты мәліметтерді алған екен.  

Зобалаңда

  Зият Шәкәрімұлы Үрімжіге аттанған сол 1936 жылдан кейін-ақ, халықтың бейбіт өміріне тағы да тынышсыздық келе бастады. 1933 жылы «12 сәуір» оқиғасында таққа шыққан Шыңшысай Шинжян халқына берген антынан тайып, 1937 жылы қазан айында өлкелік үкіметтің негізгі басшысынан Қожанияз қатарлы өлке дәрежелі басшыларды тұтқындайды. Осы орайда Сарсүмбеден Әсембай, Мәметхан дамолла, Ғұғыр чаңя, Ясын қажы қатарлы ұйғыр инабаттыларын да қолға алады. Бұл іс қала халқын қатты тіксіндіреді... Дәл осы кезде Кеңес Одағында оңшыл опортунист троицкийшілдерге қарсы күрес жүріп жатқаны естіліп жататын. Екі елдегі осы әрекеттердің бір-біріне байланысы бар екені анық болатын. Кеңес Одағы Қытай газеттерінде де, үкімет жиындарында да мақталып отырады. Осындай жұрт көңілі тынши алмай, енді не пәле тудырады деп жүрген күннің бірінде 1938 жылы қаңтар айының бас кезі, жексенбі күні Асқар Татанайұлы ұстазы Кәрім Дүйсебаевтың шақыртуымен түнімен жауған қарды омбылап отырып, оның үйіне барады. Есіктен кіре: – Керейшігім, келдің бе? Мен тағатым таусыла күтіп отырмын. Саған айтатын көп өсиеттерім бар. Заманның тыныш кезінде айтып алмасам, кім біледі, күн алдын, бір күн артын берген сұм заман!-дейді Кәрім Дүйсебаев. Ол кісі шкафынан бірнеше кітап алып шығады: – Мына қытайың, абақ керейің секілді кең қолтық ел екен. Ар жақтан өтіп келген ел абақ керейден де, Қытай елінен де жамандық көрмеді. Жамандық көрдім десем, Аллаға шет болармын. Бірақ, Шыңшысай мен Сталинның «достығы» түбінде бізге жақсылық әкелетін түрі жоқ. Қазір Сталин Совет елінің ішіне қоса, қолы жететін жердің барлығына тазалау жүргізіп, өзіне қарсы санағанның барлығын ақ-қарасына қарамай індете бастады. Айналаны күмәнқорлық індетінің микробы қоршады. Қуғын көріп келген бізді қойып, тұрғын халық сендерге де Шыңшысай оңай келе қоймас. Өйткені, бұл екеуі жолбарыс пен түлкінің достығындай «достық» орнатып отыр. Олар қазір тырнақтарын бүгіп, табандарымен бірінің бетін бірі сыйпағандарымен, түзім-бағыты, жүрер жолы бір-біріне қарама-қарсы екі ел іргелес отырған соң, өз-өзінен алаңдап, жоқтан өзгеден күдіктеніп, әлі-ақ тырнақтарын бір-біріне ала жүгіретін болады. Осы жағдай кеселінен, әсіресе көшпелі ел қазақ халқының тарихы, мәдениеті тозып, селге кететін жағдай туады. Сол тозып бара жатқан тарих пен мәдениеттің бірі - халхымыздың әдебиеті. Ендігі жерде сол әдебиетімізді сақтап қалу сен секілді азаматтардың борышы. Қазақтың қара өлеңі «әриайдайдан» бастап, зор дастаны «Қозы Көрпеш Баян сұлуға» дейін қанша жинай алсаң, сонша жина! Өміріңнің бір бөлігін осы іске арна. Бұл істің ақындық сапарыңа пайдасы тимесе, зияны тимейді. Әуелі, ақындық сапарыңа апаратын жол осы. Абақ керей мен Шынжаңда жасап жатқан қазақтардың қолында халқымыздың мол мұрасы, қаймағы бұзылмай тұр. Дәл қазірден кірісіп, соны сақтап қалу, ұлтыңа деген терең сүйіспеншілік. Бұл маңызды жұмыс. Бір адамның қолынан бәрі келе бермейді. Осы мұраны жинау бір әңгіме де, сақтау бөлек әңгіме. Қазір көп адамдар ертегі, өлең құмарлығынан жаттап алып айтып, жазып алып оқып жүр. Бірақ әдебиеттің келешегі туралы ойлап отырған жан жоқ. Ал, сен бұл іске азаматтық борыш тұрғысынан кіріс. Қазақтың азаматы болған соң, атаңнан қалған мұраға иелік ет. Оның иесі сен. Сен секілді қазақтың қарапайым азаматтары. Міне, сол мұраның бірі баяғыда мен өзіңе айтқан, жаныммен бірге от пен оқтың арасынан алып шыққан «Батыр Баян» мен «Қырық мысал» қатарлы мына кітаптар. Бұлар да ендігі жерде халық қазынасына айналады. Уақыты келгенде бұл авторлардың да басына бір әділдік келеді. Бұл шығармалар да өз орнын табады. Әңгіме осы кітаптардың желге ұшып, топыраққа тозып кетпеуінде. Саған айтайын деп отырғаным осы. Менен енді күн кетті. Үмітім де үзілді. Совет одағының мына консулының күні-түні бағып отырғаны біз. Олардың көз-құлағы өзімізбен бірге ілесе келіп отыр. Алдағы кезде сенің де басыңа күн туардай болса, ұрпағыңа, өзің жеткізген шәкірттеріңе аманатқа қалдырарсың. Халық мұрасын жинау сынды осы жұмысты мен де істеуді ойлағанмын. Бірақ, менің жағдайым, жасаған ортам, мені бұл іске бір адым да жақындатпады. Қоғам басыңа қысым салып, қуғын – сүргінге ұшыратқан соң күйіміз осы болды. «Ораза, намаз тоқтықта, ұшырасаң жоқтыққа, сәлдең қалар боқтықта» деп бекер айтпаған екен. Үмітім селге кетті, жиған –тергенім қолды болды. Мен біткенмен шәкіртім боп сен қалдың. Енді осыны сен жияр деп үміттенемін. Қазір Совет үкіметі халықты бай-кедей деп екіге бөліп алды да, халықтың әдебиетін де және оны жырлаған ақындарды да екіге бөлді. Бүгінге дейін анау Шортанбай, Бұқар жырау, Асан қайғыдан бастап, Шәкәрім, Мағжандарға дейін бәрі буржуазияшыл, байшыл ақын болды да, жазғандары буржуазия әдебиеті болды. Халықты мәдениет жақтан құлдыратып, рухани жақтан құлданып, өзіне тәнті еткізу деген осы. Кезінде Шыңғысхан жаулап алғанда да көрмеген рухани жақтан құлдануды, қазақтар 20 ғасырда көретін болды. Тұмау тиіп түшкіріп қалған қазақ «ұлы орыс халқының арқасында» дейтін болады әлі. Сен өз өмір жолыңда дүниені көріп, біліп, басыңнан кешіре жүріп, түсінетін боласың. Сонда кезінде істеп қалған кей ісіңе разы болып, уақытын өткізіп алған кей ісіңе өкінетін боласың. Қалайда болмасын, істеп қалған ісің сенің жеңісің болмақ. Бірақ, қандай бір іске кіріскенде де өзгенің не ауқымның жетегімен жүрме. Бүгін қате нәрсе ертең дұрыс болуы ғажап нәрсе емес. Мен саған сенің бейімділігіңе, қызығуыңа қарай халқымыздың әдебиетінің тағдырын айтып отырмын. Халық әдебиетінің тағдыры тұтас халық, Отан тағыдырына қатысты. Халқымыздың әдебиет байлығы ұшан теңіз, бұл ұлт парасатын, халық мәдениетін, ел тарихын көрсетеді. Осы әдебиетімізде басы «Әриайдайдан» тартып, соңы эпикалық дастандарға соққан. Сюжеттік шығармалардың ішінде ғашықтық жырлары мол «Қыз Жібек», «Қозы көрпеш – Баян сұлу» сынды арыдағысынан берідегісі мол. Осы берідегілерінің ішінде араб, парсы ертегілерінен қазақиластырып, өлеңге айналдырғаны молырақ. Оларды жырлағандар қазақтың өз кезіндегі оқымыстылары- молдалар. Олардың ел аузында көрнекті уәкілдерінің бірі және сол Абай, Шәкәрімдер. Абай дастандарының бәрі де ертегіден өлеңге айналдырылған ақыл, кеңес, ғақылия. Енді Абайдан қалса, ғылыми тілде «кітаби ақындар» деп аталатын Шәді Жәңгерей, Мәшһүр Жүсіп, өзіңнің Ақытың сықылды ақындар. Совет одағының идеология ғалымдарының көзқарасымен қарағанда нағыз буржуазия, нағыз кертартпа, нағыз панисламистер... Бірақ, осы көзқарас дұрыс болып, олар мәңгі кертартпа болып, кете береді деп ойламаймын. Сондықтан халық мұрасын жинағанда оның көлеміне, мәніне жақсы-жаманына қарама. Шамаң жеткенше жина, жаныңды салып қорға. Кезі келгенде қоғам, халық мұны қажет етеді. Келер ұрпақ саған алғыс айтады. Сен бір ұлы еңбек істегеніңді сонда білесің. Қазір менің ғұмырым аз қалды. Біздің ізімізге Совет одағының шпиондары түсіп отыр. Шыңшысай да сеніп кетпейді. Оның қажетіне де жарамаймыз. Сондықтан қызыл орыстан тізім келгенде бұл қосақтың басына бізді ұстайды. Енді біздің өзімізді бір Аллаға тапсырғаннан басқа барар жер, басар тауымыз жоқ. Айтайын деген өсиетім осы. Мұнан басқа біздің жағдайымызды білудің саған қажеті шамалы, - деп ұзақ сөйлеп, ақыл- кеңесін береді. Жүретін кезде Асқар бұрын оқып өзіне қайтарып берген «Қырық мысал», «Батыр Баян» деген дастандардың қолжазбасын және Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдерінің қолжазбасын береді де: – Бұл Шәкәрімнің өзінің қолжаз­басы. Мұны Зият маған естелікке беріп отырып: «Әкемнің көзіндей көріп сақ­таңыз, мына заман қай қырына аларын кім білсін. Өкіметтен бір зобалаң келсе, Үрімжіде мұны кімге қалдырам. Сіз қалайда қазақтың ортасында тұрсыз ғой» деп, маған тапсырып еді, Енді осы кітаптарды мен сенген соң саған бердім. Бұл кітаптар ұрпағыңның ұрпағына аманат болсын! – деп қайта- қайта тапсырып, Асқарды үйіне бірталай жерге дейін шығарып салады. Ұстаздың айтқанындай болады. Осы жылы көктемге іліндірмей, ақпан айында Төлеуқазы, Қамбар, Шабдан, Сәлім, Зенков, Жучуңхуй, Найманғазы, Мінәт болыс, Кәрім, Мұхтархан, Қабаш, Ақи қатарлы тағы басқа қазақ, орыс, қытай зиялыларын түрмеге отырғызады. Асқар Татанайұлы 90-шы жылдары «Шинжан тарихи материалдары» деген ұйғыр тілінде шығатын алъманахтың 7 томынан бір кездегі «Шинжаң-Алтай» газетінің жауаптысы болып тұрған Жучуңхуйдың (жудунжиау) «Түрмедегі сегіз жыл» атты мақаласын оқығанын айтады. Онда өзінің 1938 жылы ақпан айында қолға түсіп, сәуір айының ақырында «Алтын кен» мекемесінің орынбасары Фаңжыңюан, Шабдан, Сәлім, Темірғалы, Денинков және тағы екі қазақ (мақала авторы бұл кісілердің атын ұмытып қалғанын ескерткен) бар, сегіз адамды сандыққа салып, екі-екіден түйеге теңдеп құм жолымен Үрімжі түрмесіне апарғанын жазады. Түрмеде бір камерада жатқанын, оларды Совет одағынан келген сұрақшылардың қатты қинап, тергегенін жазыпты. Автордың жазғаны Кәрім мұғалімнің айтқан межесімен тура келеді. Бұларды Совет одағының ұстатқаны айдан айқын. Автор атын ұмытып қалған екі қазақтың бірі Шабданның ағасы Қамбар Ережепов та, бірі Кәрім Дүйсебаев болуы мүмкін. Енді біреулер бұларды Үрмжіден Совет одағына алып кетті деседі...  

Ұстаз өсиетіне адалдық

  Аяулы ұстазы жөнінде қанша іздегенімен мұнан арғысының бары бұлдыр болады да, Алтайдың жартасына қашап жазған жазудай, Асқар көңілінде қалған шәкірттің ұстаз өсиетіне деген адал махаббаты болды. Бұл пәниден азаматтық борышын өтеп, халық мұрасын жинап, сақтауға бекінеді. 1930-1940 жылдарда халық мұрасын жинау, сақтау ешкімнің қиялына кіре бермейтін іс еді. Жекені қойып, өкіметте Шинжаң көлемінде қолға алына қоймаған. Халқымыздың мұрасы көктеректің жапырағындай аяқ астында шашылып жататын секілді. Біреулер абайсыздығынан айырылса, енді біреулер бір мезет пайдаланып, тастап кете беретін секілді. Бірақ, халық деген ұлы тұлға, ұлы көкірек. Өз тумасын аялайды, қорғайды, сақтайды да екен. Сол ұлы тұлғаның бір мүшесі ретінде Асқар да халқымыздың әдебиетін жинауға, сақтауға кіріседі. Халық мұрасын жинап, сақтаудың мәні мен мақсатын түсінген сайын, жүгінің ауыр екенін сезіне бастайды. Ұстазы берген кітаптарды баяғы Абай өлеңдері мен «Бақытсыз Жамалдың» қасына қосып, жұрт алдына көп шығармай, тығып ұстайды. Сонымен бірге, сол 1938 жылдан бастап, халқымыздың әдеби мұраларын жинауға сақтауға бел байлайды. Айналасы он жыл ішінде неше жүздеген қисса, дастан, өлең-жыр, аңыз-әңгіме, ертегі, тарихи деректер, жар-жар, жоқ­тау, айтыс, бақсы сарындары, тақ­пақ, шешендік сөздер, жұмбақтар, тіпті, бәдік, шару өлеңдерді де жинайды. «Халық мұрасын жинау бары­сындағы аса бір өкінішім - нота білме­гендігім болды» - дейді Асқар Татанайұлы. – «Сол кезде қиссагерлер дастан, қиссаларды бәсекеде таласып айтатын. Әр қиссаның шамасы бар, бөлек-бөлек әнмен домбыра қосып айтатын. Ал, бақсылардың ойнап жын шақырғанын көрдім. Әр бақсының сарыны-әні әр басқа. Осылардың өлеңдерін жазып алғаныммен, әндерін сақтай алмадым. Бұл күнде бәрі де жоқ болды.» Осылай мұра жинау жұмысына беріліп жүрген кезде, 1940 жылдың күзі соңында өр Алтай көтерілісшілерінің басшылары Есімхан, Рысханның қысымымен Үрімжі түрмесіндегі біраз ел басылары қайтып келді. Оларды өкімет ел арасына жібермей, көз алдында ұстау мақсатымен қалаға орналастырады. Сол орайда үкірдай Қажынәби де түрмеден шығып, Сарсүмбедегі Асқардың үйіне қыстайды. Қажынәбиге амандаса келген ел ағалары қатарында Асқардың үлкен ағасы Тұрсынақ зәңгіде келеді. Бір күні екеуін Қажынәби шақырып: – Зәңгі, мынау баяғыдағы Букан (ағасы Бұлан үкірдайды айтпақшы) алған «Қалқаман-Мамыр» кітабы. Ол кісі мұны сақтап оқып жүретін, кейін маған қалды. Енді бұл күнде халықты өкімет басқаратын болды. Елден әңгіме шықса, біз алаңдамайтын болдық. Кітабыңызды өзіңізге берейін,-деп осыдан жиырма жылдың алдында Бұлан алған кітапты қолына ұстатты. Кітабын алған Тұрсынақ: – Бұл күнде мен де қартайдым. Кітап оқитын көз қалмады. Бұл кітапты Асқар алсын. Асқар сақтасын, «қайтқан малда береке бар» деген. Шәкәрімнің дарыны қонсын Асқарға» - деп кітапты бұған береді. Асқар сол күні кітапты інілеріне қотартып, бір нұсқасын Қажынәбиге «оқып жүріңіз»-деп ұсынып, түпнұсқасын алып қалады.1943 жылдың қысында «Совет одағынан келген кітаптарды жинау» деген науқан басталады. 1945 жылы науырыз айында Гаубайүй уәли, Уан генерал бастаған адамдар келіп, Алтай аймағындағы әскери, әкімшілік органдарын жаңалағанда, қала тұрғындарын қайта бір тексеріп, тіміскілегенде, амалын тауып сақтап қалған кітаптарының ішінен Шәкәрім­нің қолжазбасынан (шамасы отыз сегіз беттей, жолсыз ақ қағазға, химиялық қарындашпен төте жазуда жазылған) айырылып қалады. «1946 жылдың күзінде менімен бірге «Ерікті Алтай» газетінде істейтін қайным Мақат Ақбаев үйге келе қалды. Ол да ақын, мен де ақын. Екі ақын ары-бері қалысқанда, өзімнен өзім мақтанып, Шәкәрімнің кітабын алып шықпаймын ба... – Ой, не деген жақсы!-деп, мені мақтап-мақтап, «оқи тұрайын» деп алды да кетті. Арада бірер апта өтпей Мақат Жеменей ауданына әкім болып кетті. Басқалар арқылы екі рет сәлем айтып едім «Асеке, Мақат кітап жейді деп естіп пе едіңіз,» деп хат жазды. Сонымен бір жыл өтіп, 1947 жылы күзде Оспан адамдары Алтай аймағын басып алып, бір айдан кейін Совет одағынан көмек алған Дәлелхан Сүгірбаев Оспан адамдарын жеңіп, Алтай аймағын қайта тартып алғанда, Мақатқа сенімсіз қараған «үш аймақ» өкіметі оны Құлжа қаласына апарып түрмеге жапты да, 1949 жылдың соңында босатты. Мақат кеткен соң кітапқа кім иелік етеді. Шәкәрім өлеңдерінен айырылып, қатты өкіндім»-дейді Асқар Татанайұлы.  

Жазушы-ақын Көбен Асқарұлы

  «Әкем Асқар Татанайұлының 1948 жылдан кейінгі халық әдебиетін жинау жұмысына мен де қолғанатқа жарай бастадым»- дейді Асқар Татанайұлының ұлы жазушы-ақын Көбен Асқарұлы. «Сол жылы қысқы демалыста әкем маған «Батыр Баян» деген дастанды қотартты. Жазғы демалыста өз қолжазбамды қолыма беріп: – Жайлауға барғанда жаттап кел-деді. Мен жаздай жаттап, қайтып келген соң, өзі кітапқа қарап отырып жатқа айтқызды да, «Жарайды, жақсы жаттапсың, енді жатқа айтып жүр» деп кітапты алып алды да, маған әр кез айтқызып «жақсы қиссагер боласың» деп мақтап қоятын-ды. Мен әкем мақтаған сайын әндетіп оқитынмын. Енді ойласам кітап жоғалса да, ұлымның жадында сақталсын деп ойлайды екен әкем» 1958 жылы елімізде жүргізілген оңшылдыққа, ұлтшылдыққа қарсы тұру күресі кезінде, Асқар Татанайұлы сыналып, 1962 жылы қызметінен айдалды. 1966 жылы Алақақ ауылдық 1 отрядына отбасымен бір-ақ қоныс аударады. Сол жылы бүкіл ел көлемінде әлемге аты шулы «пролетариаттық мәдени зор төңкерісі» басталады. Қыс басында «Төрт көнені жоғалту» ұраны шақырылып, аталардың сақалын күзеп, аналардың бұрымын қиып, қырдағы бейіттерге дейін талқандайтын науқан басталады. Ауыл белсенділері көнені жоғалтумен қанжілік болады. Әкесі Асқар Татанайұлы Көбенге: – Мына белсенділер үйді тінтуге кіріседі. Сол үшін бұларға көз қылайық – деп, үйде сақталған 1949 жылдан бергі кейбір қажеті шамалы кітап, журналдардың, газеттерді қызыл қорғаушыларға көрсетіп, «бізде қалғаны осылар»- деп өртейді.  

Асыл мұралар зиратта сақталды

  Дегенмен, қыс бойына тыныштары кетіп, маазалары қаша береді. Бір күні газетте ел астанасы Бейжің көшесінде Қытайдың сол кездегі әйгілі жазушысы Гоморо: «Менің бүгінге дейінгі жазғандарым пролетариаттың қажетіне жарамайтын, буржуазияның шатпағы» деп, қызыл қорғаушылар алдында барлық жазғандарын өз қолымен өртеді» деген мазмұндағы мақаласы жарияланады. Әкесі бұл мақаланы оқып қатты тіксінеді. - Бейжінде Гомороның шығарма­ларын өртесе, Алтайда Асқарды шығармаларымен қосып өртейді екен,-дейді. Сонымен әкесі екеуі 1938 жылдан сақтаған қолжазбаларды қайда сақтау жөнінде ақылдасады. «Бұл күнде әр үйде бірден-екіден қызыл қорғаушы. Оларға беруге болмайды»-дейді әкесі. Үйдің ішіне көмуге де қосылмайды. «Жер сыз, шіріп кетеді. Үй өкіметтікі. Ертең көш десе, ала алмай қаламыз...» Сонымен сақтана-сақтана мамыр айына жетеді. Белсенділер тінту жүргізуге үлгіре алмай жатқанда, жердің тоңы жібіген кезде: «Қыста қайтыс болған бәйбішемнің басына белгі орнатамын»-деп, отряд бастығынан рұхсат алып, өгіз шанаға дәу екі қанар қапқа сабан топанын басып, ортасына киізге орап, барлық кітаптарды да басып, үстіне сабан жауып, алып кетеді де, бәйбішесінің қабіріне өмірінде жинаған халхымыздың әдеби мұрасын, өзінің және Көбеннің шығармаларын қоса көміп қайтады. Арқамыз ауыр жүктен арылғандай, бір жеңілдеп қалады. Қабірстанның жері биік, топырағы құрғақ болатын. Көбен жылына бір-екі рет кітап көмілген жерге топырақ тастап, қалыңдатып тұрады. Дәл он жыл алты ай дегенде, 1977 жылы қайта қазып алады. Біраз кітап шіріпті, қалғаны аман екен. «Батыр Баян», «Қырық мысал» деген кітаптар сол шіріген кітаптармен бірге кетті. «Бөгенбай батырдың» бес дастаны, Сәкен Сәйфуллинның «Көкшетау» дастаны, «Арқалық батырдың» үш нұсқасы, «Сәлиқа-Сәмен» қатарлы көптеген қисса, дастан, өлең-жырдың алуан түрі аман шығады. Бірақ, Асқар ұстазының берген үш кітабынан бірдей айрылғанына қатты өкінеді. Сөйтіп жүргенде, мәдениет төңкерісі аяқталып, заман бірте-бірте оңға басады. Асқар Татанайұлы қаңқу сөзден айығып, қызметі қалпына келіп, кітаптары шыға бастайды. Аймақта шығатын «Алтай аясы» журналының 1982 жылғы бірінші санында Шәкәрім Құдайбердіұлының бір топ өлеңі басылады. Өлеңді Жеменей ауданынан Зәкихан Омарұлы деген адам беріпті және бұл кітап Шәкәрімнің өз қолжазбасы деп, кітаптың бір бетінің суретке тартылған нұсқасы басылады. Бұл хабарды көріп Асқар Татанайұлы қатты қуанады. – Дәл ұстазым берген кітаптың өзі. Мына Омар деген кісі сол кезде Мақаттың ағасы Мәнкенің құсын баптайтын құсбегісі болатын. Кітап менің кітабым екен» дейді. Көбен Асқарұлы Алтай қаласына барып, «Алтай аясы» журналының редакторы, әрі нағашысы жазушы Жақсылық Самитовқа бұйымтайын айтады: – Кітапты жіберген сол құсшы Омардың баласы. Жазу қазіргі Байтұрсынов емлесі емес. Харекелі жазу. Мен тани алмадым. Ғалекең (жазушы Ғалымбек Әбетовты айтады) ескіше оқыған екен. Баспаға сол дайындады. Содан сұра да, бар болса ала бер. Біз қолжазба сақтамаймыз, - дейді. Ғалымбекке барған Көбенге ол: – Шәкәрім өлеңдерін баспаға мен дайындағаным рас. Баспаханаға апарып тастадым ба, білмеймін, әйтеуір менде жоқ. Болса бермеймін бе, өзіме қажеті жоқ нәрсені сақтап не қыламын, - дейді. Көбен содан санын соғып, ауылға қайтады. Әкесі Жақсылыққа қатты ренжиді. «Арада үш жыл өткенде менің де теріс төңкерісшіл, ұлтшыл деген қалпағым алынып, жаладан құтылып, 1985 жылы «Алтай аясы» журналына редактор болып орналастым» - дейді Көбен Асқарұлы. - Әкем «Алтай аясына» орналасқаныма қуана отырып: – Ғалымбек салақ жігіт, әлгі кітап соның столының бір бұрышында жатыр. Екі көзің сонда болсын – деді. 1986 жылы жаз шыға қыстағы жиналған керексіз қағаздарды өртейтін дағды бар екен. Бір күні сол қағаздарын өртейтін болып, әр кім өз қағаздарын өртейтін болып, далаға шығарды. Мен де суырмадағы қағаздарды реттеп бола бергенімде Ғалымбек: «Мына қағаздарды да ала кетші» деп, бір құшақ қағаздарды маған құшақтатып жіберді. Мен қағаздарды алып келе жатып әкемнің айтқаны есіме түсіп, ақтарып едім, дәл іздеген кітабымның үстінен түстім де, сүйіншілеп әкеме алып жеттім. Әкем Шәкәрімнің қолжазбасын көріп, қатты қуанды. Кітапты бір күндей қолынан тастамай, қайта-қайта тексеріп, мұқият оқып: – Жарықтығым-ай! Өлмеген екенсің ғой, бір беті шіріп, бір әріпі бұзылмапты. Тек мұқабасы ғана жоғалыпты, - деп қуана-қуана сөйлеп жүрді» Одан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Шәкәрімнің қолжазбасы Асқар Татанайұлы жинаған мұралар қорына кіріп, кейін Көбен Асқарұлының қолына өтіп, сақталады. Сол 1982 жылы басылған «Алтай аясы» журналының бірінші, екінші санынан 1988 жылға дейін журналда Шәкәрім Құдайбердіұлының 300 шумақтай (1200 жолдай) өлеңдері басылады. shakarim nemeresimen 3 Ал таяуда «Қазақ үні» газетінің 2013 жылғы 15 шілдедегі №28 санында «Шәкәрім қажының қолжазбасы табылды!» атты Асқар Татанайдың немересі Ерлан Көбенұлының сұхбаты жарияланды. Бұл аса құнды асыл жәдігерге руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың назары ауып, 23 шілдеде қолжазбаны өзіне алдырып, танысты... Бірден іске кірісіп, қолжазбаның құндылығы мен уақытын тексеріп, анықтау үшін Шығыстану институтындағы терең ғылыми-зерттеу еңбектерімен елімізге белгілі ғалым,  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітоваға табыстады...  Сонымен бірге бізге Шәкәрім қолжазбасының бүгінге дейін сақталып келген тарихын жазу туралы ұсыныс жасады. Ендігі сөз қолжазбаны зерттеуші ғалымдарда!..     Суретте: Шәкәрім немересі Мереке Зиятұлы, Уахап Қыдырханұлы, Ерлан Көбенұлы.

Жазып алған Қазыбек ИСА

23 тамыз, 2013 жыл

 

 БҰЛ – ШАХКӘРІМНІҢ 1924-1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚОЛЖАЗБАСЫ

Шәкәрім қолтаңбасы туралы

Мен жөргегімде жер ауып, 23 жылымды арғы бетте қалдырып, 1955 жылы туған жерге қайтқан ең алғашқы «оралманмын». Ағаларымыз 1933-1937 жылдары Шәкерімнің ұлы Зиятпен қатарлас жақын жүрген. Өзім 1945-1955 жылдары Сарсүмбе қаласында Әзімбайдың Бердешімен (Зиятты арғы бетке алып өткен) бір көшеде өмір кештік. Зияттың жалғыз ұлы Мерекені сол ақсақалдың қолынан алып, интернатқа (жатаққа) қабылдағамын. 1955 жылы отанға бірге оралғанбыз. Өр Алтайға Шәкерімнен шашыраған шарапатты, Зияттан қалған іздерді көп зерделеп, зерттегенмін... Сөз болып жүрген қолжазбаны суретке алып, ақынның өлеңдерін 1989 жылы «Шалқар» газетіне мен де жариялағанмын. Оның «төте жазу» үлгісінде жазылғаны рас. Бірақ, ол – Шәкерім тек жәдитпен ғана жазуға тиіс деген қорытынды жасата алмайды. Төте жазу жүйесін А. Байтұрсынұлы 1912 жылдары жасаған да, оны, өзі жазған оқулығын да , «Қазақ» газетіне енгізе жүріп, 1924 жылы қолданысқа шығарған. 1928 жылы латын кірген. Осы арадағы қасқағым сәтте жаңа жазу – жәдиттің элементтерінен арылып үлгермеген. Әсіресе, «А - ﺁ», «і - ﺉ», «ы - ﻯ» дыбыстары бұрынғы күйде қала берген. «алға» - », «іс - (ас), «ол» - (аол), «емес -  (аймес), «үйренбек» -  (аүйренбек), «ойласаңыз» -  (аойласаңыз), «балалар» -  (балалр). Бұдан Шәкерім де құтыла алмаған. Ендеше, бұл ақынның 1924-1930 жылдар тұсындағы жазбасы. Бұл – логика. Ал – дәлел. «Шәкәрім» - (өмірнама деректері) деген кітабында Дәулет Сейсенов («Қазақстан» баспасы 2009 жылы. 128 беттен кейінгі суреттердің ішінде.) «Қалқаман - Мамыр» - дастанының 1912 жылғы қолжазбасын басыпты. Жазу әрине жәдид. Бірақ, екеуі бір кісінің қолтаңбасы. Қолыңызға ұлғайтқыш алып, мұқият қараңыз, күмәніңіз қалмайды. Ендеше, сөзбұйдаға салудың қажеті бар ма? Нүкте! Ал, ақынның Тұрағұлға сыйлаған суретінің сыртындағы қолтаңба таза араб жәдидімен, хуснихат қолдана отырып жазылған. Салыстырудың қажеті жоқ. Бір қызығы онда Тұрағұл  емес Тұғраұл деп жазылған. Демек, оның сонда – «Тураұл» болғаны ғой. Мұны неге ескермегенбіз...

Уахап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері, жазушы- журналист

02.09.2013ж.

                                                                                                                                                                                                                                                             

БҮГІНГЕ ЖЕТКЕН ҚҰНДЫ ҚОЛЖАЗБАНЫ САҚТАП ҚАЛУ – БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ!

1. Қолжазба Шахкәрім Құдай­бер­діұлының қолжазбасы деп ойлаймын. 2.Бұл қолжазбада қанша адамның өмірі жатыр. Шахкәрім мен ұлы Зият, Алаш партиясының белсендісі Кәрім Дүйсебаев пен менің атам Асқар Татанайұлы және менің әкем Көбен Асқарұлына дейін, бәріде аумалы-төкпелі, қилы заманда, өздері жандарын шүберекке түйіп жүріп, осы қолжазбаны қорғады. Қадірін білмеген адамға бұл қолжазба, жай қағаз ғана. Ал, бұл қолжазбаны қорғап жүргендер сол Алтайдың суығында талай түнді далада өткізген адамдар. 3.Ол кісілер сол ауыр күндерден аман-есен қорғап, қолжазбаны осы күнге, бізге жеткізді. Ал мына бейбіт күнде оны сақтау біздің міндетіміз. 4.Шахкәрім Құдайбердіұлы­ның қазірге дейін, мен әкелген қолжазбадан басқа үш қолжазбасы бар екен: 1) Шахкәрім фотосының сыртындағы жазуы. Бұл жазу хуснихат үлгісінде жазылған. Мен осы қолтаңбаны өзім әкелген қолжазбаның жазуына ұқсатамын. 2) «Шахкәрім» деген кітабінда журналист Дәулет Сейсенов «Қалқаман - Мамыр» дастанының 1912 жылғы қолжазбасын басқан. Бұл қолжазбаны Шахкәрім қажы арнайы баспаға ұсыну үшін жазса керек, әріп терушілер танымай қалмасын деп әрбір әрібіне дейін анықтап отырып жазған. Араб тілінің білгірі, Елбасы тапсырмасымен Қүранды аударған Уахап Қыдырханұлы осы «Қалқаман - Мамыр» дастанының 1912 жылғы қолжазбасы мен біздің қолдағы Шәкәрім қолжазбасын бір адамның қолынан шыққан деп дәлелдеп отыр. 3) Шахкәрім қажының Сәбит Мұқановқа жазған хаты. Мен бұл қолжазбаны жатық оқып тұрмын, қолжазба таза А.Байтұрсынұлы алфавитімен жазылған. Сол үшін бұл қолжазбаны өзім әкелген қолжазбадағы жазумен салыстырмадым. Ал, бұл қолжазбалардың бір де бірі ғылыми түрде Шахкәрім Құдайбердіұлының қолжазбасы деп бекітілмеген. 5.Мен әкелген қолжазбаның 6-7 бетіндегі «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» не үшін қазақшаға аударылмағанын түсінбедім... Мен енді қолжазба туралы өзімнің зерттеуімді ұсынайын. Мен Ахмет Байтұрсынов алфавитін өте жақсы білемін. Қадим жазу жүйесінен жадит жазуының басты ерекшелігі – жазуда дауысты дыбыстардың харакаттар арқылы емес, таңба арқылы беріліп, дауысты дыбыстар үнемі жазуда хатқа түсіріліп отырғандығында (Уахап Қыдырханұлының айтуынша). Ахмет Байтұрсынұлы алфавиті 1912 жылы Мәскеуден бекіп, осы жылдан бастап қолданысқа түскен. (Ахметтанушы Райхан Имахамбетованың айтуынша) 1912 жылы  Шахкәрім Құдайбердіұлы Ахмет Байтұрсынұлын әліпбиі бекігеніне қуанып, жыр жазып, шығармашылық табысымен құттықтаған хат жолдаған. Бұл деректер  Abai.kz сайтында жарияланған, А. Байтұрсынұлы атындағы мұражайдың директоры,  Ахметтанушы Имаханбет Райхан Сахыбекқызының «Қазақ әліпбиі немесе Байтұрсынұлы емлесі» атты мақаласынан алынды. Шағын қорытынды: А. Байтұрсынов алфавиті пайдаланылып, қолданысқа түскен уақыт ресми 1926 жыл болғанмен, ол 1912 жылдан, демек, сол кезден бастап ел ішінде жіңішкелік белгілер қолданылған. Бұл шығыстанушы Меруерт Әбусейітованың  «жіңішкелік белгілер тек 1926 жылдан соң ғана қолданылған» дегені дәлелсіз екенін білдіреді. Бұл жерде бізді ойға салатын 1912 жылғы алфавит пен 1926 жылғы Меруерт Әбусейітованың айтқан алфавитінің арасында қандай айырмашылық бар? 1)   Мен А. Байтұрсынұлы алфавитімен сауатымды ашып, білім алдым. А. Байтұрсынұлын – ұлт ұстазы деп білемін. 2) Мен сауатымды ашқан А. Байтұрсынұлы алфавиті Меруерт Әбусейітова айтқан 1926 жылғы өзгертілген алфавит. Сеніммен айтып тұрған себебім: Қазақстан осыдан кейін латын әрпіне, онан соң кирилица әрпіне көшті. Ал, Қытай қазақтары А. Байтұрсынұлы алфавитін 1926 жылғы нұсқасымен қабылдады. Тілімізге тиек, сөзімізге арқау болып отырған қолжазбаны сақтаған менің атам – Асқар Татанайұлы Қытай қазақтарының тұңғыш газеті «Шынжаң-Алтай» газетін 1934 жылы осы алфавитпен шығарған. Мен бұл кестеде тек өзім сенімді болған бір ғана таңбаны салыстырып отырмын (I). QOLJAZBA KESTESI 2   Мен бұл саланың маманы емеспін, тек өзімнің осы саладағы біліміме ғана сүйеніп отырмын. Бұл екі таңбаның бір-бірінен айырмашылығы үстіндегі нүктеде. Менің білуімше, 1926 жылғы өзгертілген нұсқадағы «ғ» таңбасының «ع» үстінде нүкте болмауы керек. Ал қолжазбада «ғ» әріпі барлық орында «غ» үстінде нүкте таңбаланған. Енді ойымызды жинақтасақ: 1.  1912 жылы А. Байтұрсынұлына алфавиті мәскеуден бекігенде, Ш. Құдайбердіұлы оған өлеңмен құттықтап,  хат жолдаса, онда қажы қуанғанынан істеп отыр. Демек, ол кісіге алфавитті үйреніп алу қиынға соғып тұрған жоқ. Өз дәуірінің қайтсем ұлтымды жеткізем деген ұлтшыл, парасатты тұлғасы ғой. 2.  А. Байтұрсынұлы алфавитті Шахкәрім қажы жақсы білетін араб алфавитінен алып отыр. Бұл қажының үйренуіне көп жеңілдік әкеледі. 3.  Қолжазбада жадит белгілері де сақталған (бұл туралы Уахап Қыдырханұлының пікірінен  оқисыздар).

Шахкәрім қолжазбасындағы жазу мен А. Байтұрсынұлы алфавитінің кейінгі үлгісін салыстыру кестесі (II).

 QOLJAZBA KESTESI 1   Кестедегі дыбыстардың таңбалануына қарасақ, біздегі Шәкәрім қолжазбасы бері болғанда, Уахап ақсақал айтқандай 1924-1930 жылдардағы қолжазба. Кестені жасаудағы мақсат–біздегі Шәкәрім қолжазбасына қарасақ, Ахмет Байтұрсынұлы алфавитін енді үйрене бастағаны көрініп тұр. Себебі қолжазбадағы жазу жәдит белгілерінен арылмаған.  

Ерлан КӨБЕНҰЛЫ,

Шәкәрім қолжазбасының қазіргі иесі

www.qazaquni.kz