АРДАҚТАУҒА АТЫ САЙ АҚЫН КАМАЛ

            Бұл 1967 жылдың тамылжыған тамыз айының аяғы болатын. Ол кезде мен 7 жаста болатынмын. Көксу ауылының №1 фермасында ағайындар сүндет той беретін болып, мен де әке-шешеммен еріп тойға барғанмын. Баланың тойға барғаны,қарнының бір тойғаны да. Ол жағын мықтап қамдастырған соң өзім қатарластармен асыр салып ойнап кеттім. Сөйте тұра, үлкендердің аузынан кешке қарай ауылға ақын келеді дегенді естіген соң, мен үшін бала болсам да ақынды өз көзіммен көру біртүрлі қызық көрінгені рас. Кешке қарай үй алдындағы  алаңқайға төсек салынып, көпшілік жиналды. Айнала тракторларды ұзағырақтан оталдырып жарықтарын ортаға түсіріп қойды. Тойға келген қонақтар алқа-қотан отырып, ортаға домбыра ұстаған балаң жігіт шығып ән шырқап бастады. Менің Камал көкемді  ең алғаш көргенім осы кез еді. Кәмекеңнің  халық әні «Кәмиланы» айтқаны бала болсам да есімде қалыпты. Ес біле бастаған соң да, әр-әр жерде атын естіп жүрдік. Кеңес дәуірінде ауданда жыл сайын күз айында шопандар тойы өтетін. Жан-жақты орталық боп саналған соң аудан бойынша  шопандар мерекесі Көксу совхозында тойланатын. Ауданның айтулы мерекелерінің бірі саналғандықтан белгілі өнер жұлдыздары шақырылып концерт, соңы ақындар айтысына жалғасып жататын. Осындай дүбірлі додаларда да Камал көкем бір жарқ етіп көрініп қалушы еді. Жылдар өтті. Біз де қолымызға қасиетті қара домбыраны алып әу дейтін шамаға жеттік. Ептеп-ептеп елдің аузына іліне бастадық. Осындай күндердің бірінде, анығырақ айтсам,  1985 жылы «Елу жылдық» совхозында өткен бір тойда Камал көкеммен кездесудің сәті түсті. Кәмекең тойдың басында әбден жырлап, жырлап үйдің ішіне құда-жекжаттардың арасына кеткенде кезек маған тиіп, мен ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың бір термесін айтқанмын. Әлден уақытта Кәмекең келіп «Әлгі термені айтқан сен бе?» – деп сұрады. Мен екенімді білген соң: «Маған шәкірт болуға лайық екенсің. Үйге келіп, хабарласып тұр» – деді. Менің қуанышымда шек болған жоқ. Халқымызда «Мектеп көрген екен, ұстаздан тәлім алған екен» деген әпсана бағзыдан бар. Алысқа бармай-ақ қоялық, «Менің пірім Сүйінбай, сөй сөйлемен сиынбай», немесе, «Майлықожа, Құлыншақ, пірім еді бас ұрған..– деп жырлаған Жамбылдың, Үкілі Ыбырайдың жиені Тайжан ақынға бата беруі,«Хош, бауырым, өзің көтер, жыр күмбезін», – жырлаған атақты жырау Балқы Базардың Тұрмағамбетке бата беруі, өзінің әйгілі «Игигайымен» артында тұтастай саз мектебін қалдырған нар Нартайдың Тайжаннан, оның үстіне Қоңырат Тоқболат Алтыбай ақыннан бата алуы, оңтүстік өңірде түркі тілдес халықтар тілдері мен, әуенінде асқан шеберлікпен ән орындайтын Құтбай ақынның 1947 жылы Ташкент маңындағы Янгиюль қаласында Нарекеңнен бата алуы,  міне, мұның барлығы ұстаз ұлағатын,ықылым заманнан ұстаз бен шәкірт арасындағы үзілмей келе жатқан сыйластық  құдіретін, айғақтайтын дәйектемелер. Ал, Камал көкемді осы ортаға белгілі халық ақыны Молда Мұса Жұманазарұлы он үш жасқа келгенше тәрбиелеген. Осындай адам ұлық басын кішірейтіп ұсынысты өзі жасап жатқанда мен қалай қуанбайын?!Сол күннен бастап қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Той-томалақтарда қасынан тастамай алып жүрді. Кәмекеңнің қарапайымдылығы сол, қандай да бір терме, өлеңдерді үйретіңізші, жазып беріңізші десең, отыра қалып өз қолымен жазып тастайтын.  Сөйтіп отырып жартысынан ауған кезде бір қарап қойып «Әй, сен мынаны келешекте айтасың ба, жоқ әлде мен босқа арамтер болып жазып жатырмын ба?», – деп қоятын. Күйкі тірліктің күйбеңімен біраз уақыт хабарласпай қалып, бір күні барып қалсам, бетімнен сүйіп қарсы алатын. Содан кейін: – «Неге хабарсыз кеттің? Шәкірт болғанда не болдың? Адам да осыншалықты хабар-ошарсыз кете ме екен? Осыдан кездессе жақсылап сыбағасын беріп ұрсып алайын деп отыр едім. Өзіңді көрген соң көңілім жібіп кетті. Хабарласып тұрсайшы, жоғалып кетпей», – деп ағалық ақылымен, ұстаздық мейіріммен өзімсінген өкпе-назын да, сағынышты сезімін де сыпайылап қана білдіруші еді. 1982 жылы Алматыдан халқымыздың біртуар перзенті Нұрғиса Тілендиев ұйымдастырған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі Шардараға гастрольдік сапармен келді. Бірінші концертін Шардара қаласындағы «Октябрь» кинотеатрында өткізген олардың өнер сапары Октябрьдің 50 жылдығы совхозындағы ауыл клубында жалғасты. Концерттен соң өнерпаздарға жайылған мерекелік дастарханда Камал көкем астанадан келген өнерпаздарға, бастап келген Нұрғиса ағаға арнап жыр-толғауын төгілткенде Нұрғиса ағадан бастап күллі әртіс-әншілер орындарынан тік тұрып, дүркірете қол соқты. Сондай өнер жұлдыздарын бар болғаны бір дастарханның басында өзіне тәнті ете білген Камал көкем нағыз суырып салма төкпе ақын еді ғой. Ақын ағаның отбасылық, үй-тұрмысы жағдайына келер болсақ, әрдайым дастарханы ағыл-тегіл, төрінен қонақ үзілмейтін. Қашан көрсең байсалды қалпынан айнымайтын Бибайша жеңешем мейман күтуден әсте  жалыққан емес. – «Жеңеше, күнде-күнде тамақ істей беруден шаршамайсыз ба»,–десем: –«Бар болып тұрса, несіне шаршайын»,– деп күліп қана қоятын. «Бақ құдайдан,бап жұбайдан»,  деп бекер айтылмаса керек. 1985-86 жылдары Өзбекстанның Гагарин қаласынан фамилиясын ұмыттым, Ағабек деген ер көңілді азамат жыл сайын жаңа жылдан кейін бірер апта өткен соң Кәмекеңнің үйіне қонақ болып келетін. Ол кісі қасына бірнеше жолдастарын, әйел, бала-шағасын ертіп,  соғымға деген бір қойын, базар-ошарын қамдастырып бар сый-сыбағасымен келетін де, Камал көкеме әбден ән-жыр, терме айтқызып үнтаспаға басып әкететін. Ұмытпасам, 86-ның қаңтарында шығар деймін, бірде кешке қарай мені үйден шақырып алды. Келсем үй толы мейман, бір автобуспен келген екен.Қонақтар отырған бөлменің екі бұрышында екі шетелдік магнитофон. Ағабек аға: «Әбдіғаппар біреуін сен толтырасың, қалғаны Кәмекеңнің еншісінде»,– деді. Ал, кәне, мұндай жерде шырқамай көр! Барымызды базарлап көкем үш, мен екі аудиокассетаны өлең-жырға толтырып беріп жібердік. 1988 жылы Өзбекстанның Арнасай совхозына Ерубай ағаның інісінің үйлену тойына бардық. Біз Шардарадан жеткенше той басталып кетіпті. Осы ортаға белгілі асаба Бақыт Жаңбырбаев аға дүрілдетіп той басқарып жатыр. Мұхтар Құралов аға ақын ретінде шақырылыпты. Ол заманда тамада мен ақын тойға арнайы шақырылатын. Бақыт аға: «Шардаралық ақындар келді. Өнерді қастерлеген халықпыз ғой. Құрметпен қарсы алайық»,– деп қошеметтеп асаба, ақындардың дастарханына жайғастырды. Бір тостан соң, Камал көкеме ән кезегін берді. Кәмекең домбырасын қағып-қағып жіберіп алдымен той иесі Ерубай ағаға үш төрт шумақ өлең арнап, сонан кейін жалпы әлеуметке сәлемдесіп, тұрмыс тауқыметінің себептерімен ағайын-туыстың өлген-жіткеніне бата оқып келе алмағандығын, той-томалағына уақытылы құтты болсын айта алмағандығын бәрі-бәрін жыр-толғаумен жеткізген кезде жиылған көпшіліктің көңілдерінен бар өкпе-назы күрт серпіліп, жандары жадырап риза болғандығы соншалық ақын толғауы аяқталғанда сатырлаған шапалақ көпке дейін толастамады. Жыр соңында: Ер жігіт ұстап қалар қонған бақты, Ақындар айтар сөзден жасқанбапты, Шәкіртім, айналайын Әбдіғаппар, Көкеңе айтып берші «Қасқалдақты», – деп ән кезегін маған тастай салды. Мен де ізін суытпай сол кездерде бүкіл қазақ даласында қалықтап жүрген Ілесбек Амановтың «Қара бауыр қасқалдағын» төгіп-төгіп жібергенде тойхана іші нағыз думанның ордасына айналып шыға келді. Содан Бақыт аға мені әлі күнге дейін кездескен жерде: «Ей, Шардараның қасқалдағы»,– деп шақырады. Тойдан соң Ерубай ағаның жолдастары, сол кезеңдерде ел тізгінін ұстаған азаматтар Бегім Серіков, Тойым Жүнісов, Байсерік аға, Аманкелді Сүттібаев, ақын-жыраулар Ергешбай Жұмабаев, Мұхтар Құралов тағы да бірқатар ағаларға қайтадан кішігірім дастархан жайылып, Камал көкеме және қолқа салды. Көкем өзі едәуір жырлап болған соң, маған бір мезет кезек беретін қашанғы әдеті еді. Сол дағдысымен маған ыңғай білдірді. Мен іркілместен Нартай ақынның «Өздерің білер Нартаймын» деген бас термесін орындадым. Бұл күн менің Ергешбай ақынмен де алғаш дидарласуым еді. Ерекең Ордабасы, Бөген өңірінде өткен, алашқа аты мәлім Өсербай ақынның жиені, домбыраны өте салмақты бабымен шертетін, Қаратаудың күнгей бетіндегі терме-жырлар мақамдарын шебер меңгерген жыршы ағаларымыздың бірі. Ергеш аға, Мұхтар аға да өз кезегінде терме-толғауларын төгілте шырқап мұндай ақын-жыршылардың бір тойда толайымен басқосуы болмағандығын айтып, жиылған топ керемет риза болысты. Түн ауа ерекше бір көңіл-күймен Шардараға қайттық. Сол жылы желтоқсан айында «Қазақ» телевизиясының «Терме» хабарына шақырту алдым. Жаңа жылдың қарсаңында болған соң атақты-атақты алты термешінің қатарында мерекелік хабарға түстім. Бағдарлама бойынша екі терме орындауға тиіспіз.  Менің бүкіл Қазақстан халқына алғаш рет теледидар арқылы танылып отырғанда бірінші орындағаным, ұстазым Камал Ендібаев ақынның «Шығу қиын көңілден»,– деген термесі болды. Бұл сәттер менің өнер жолындағы өмірімнің ең бір жарқын сәттері болып қала береді. Терменің әуені өте күрделі. Домбыраның төменгі сағағынан басталып, жоғарғы сағақпен аяқталатын, үлкен диапазондағы дауысты қажет ететін әуен. Біле білсек ақын деген халық– толғауы тоқсан қызыл тілдің құдіретімен төрт қабырғасы жақұт жырдан қаланған, асыл сөздің алтын сарайы. Рас, өнермен егіз жаралған, жақсылыққа жаны құмар халықпыз. Бірақ, сөйте тұра көрнеу қошемет, қолайсыз қолпаштан да кенде емеспіз ғой. Оның несін жасырамыз? Адамды тіріде тек бағалайық, Ардақтап апалайық, ағалайық, Бас дейік, батыр дейік, биік дейік, Жоқ болса ұжданына тағар айып,–деп Жұбан ақын жырлағандай, тірісінде ақынның қадіріне жете алмадық па, жете алмадық па? Бір Алла біледі, жетіп қарық қыла қойған жоқпыз. Той жасасақ бір қуандық, тойымызға Камал ақын келсе екі қуандық. Әу баста Кәмекең әнші болып елге таныла бастады, келе-келе қисса-дастандарды жатқа айтатын жыршы болды. 1971-72 жылдары «Қобыланды», «Шәкір-Шәкірат» дастандарын таңнан-таңға жатқа айтатын. Үнтаспаға жазылған жырлары Көксу ауылының көне қорда үйлерінде күні бүгінге дейін сақтаулы. Бертін келе туа бітті дарынымен өлең, термелер жаза бастады. 1980-84 жылдары республикалық ақындар айтысына түсті. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазақтың айтыс өнерінде «Керуен басы – Қаранар» дегендей тарланбоз Көпбай Омаров бастаған Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Әбдікәрім Манапов, Мұхтар Құралов, Камал Ендібаев сынды оңтүстіктің от ауыз, орақ тілді саңлақтары сахна төріне шыққанда «менмін» деген жүйрігің жүрісінен жаңылып қалушы еді ғой...  Құрмет тұтып шақырған  ел-жұртының әсте көңілін қалдырмады, ақ алмастай жарқылдады, тау қыранындай саңқылдады. Бірақ, айналып келгенде ақынға деген артық қошемет, жағымсыз жарамсақтық атпалдай азаматтың бірте-бірте денсаулығының төмендей беруіне әкеп соқты. Мейлі сен ұсақсың ба, ірісің бе? Жақсының зая қылмай бір ісінде, Өлгеннің жерленгенін күтіп жүрмей, Талантты бағалай біл, тірісінде,– дейді халық жазушысы, ақын Қ.Мырзалы, бейне бір соқырға таяқ ұстатқандай. Осы біз уәжге тұратын, сөзге тоқтайтын елміз деп мақтанамыз ғой. Осы әңгіменің еш қисыны келіңкіремейтін сияқты. Әбілда ақынның «Не тапты қазақ, Құлагерді шапқанда?!»,– деген сөзі біздің халқымыздың жарқ етіп шыққан жұлдызды көпке сәулесін шашуға мұршасын келтірмей өйтіп-бүйтіп тезірек сөндіруге асығып тұратындығын көрсетіп-ақ тұр емес пе? Болмаса Камал «Кімсің, Камал» болып тұрғанда неге: «Ей, ағайын, ақынды қадірлесеңдер ана тойға, мына тойға шапқылатып қолжаулық қыла бермей шығармаларын, жыр-термелерін, әр кезеңдегі айтыстарын жинастырып, жеке кітабын шығарайық. Ақынның терме-жырларын жас ұрпаққа үйретейік, кеңінен насихаттайық»,– дейтін бір пенде табылмады ма? Бір сөзбен айтқанда Қадыр ақын айтқандай талантты тірі жүргенде бағалай білмедік. Нәтижесінде жасылы жарда, қызылы қырда қалып, қылшылдаған қырық жастан асқанда қайран Кәмекең жалған дүниені тәрк етіп кете барды. Біздің халқымызда «Бишараның талқаны таусылған да? Қолымыздан не келеді. Тәңірім қалаған соң»,– деп көсемситініміз тағы бар. Алайда, сол пенденің талқаны ертерек таусылуына себепкер өзіміздің дарақы қасиетіміз екендігін іштей сезіп те тұрамыз. Камал көкем дүниеден өткенде жаназасына үлгіріп, бір уыс топырақ сала алмаса да, кейінірек шаңырағына келіп бата оқыған, исі қазаққа белгілі ақын Қаныбек Сарыбаев туған бауырындай болып кеткен Кәмекеңе жазған өлеңінде:   Құдайдың құдіреті шығар бәрі, Ішінде кетті-ау, әттең, түп арманы. Айқайлап Камал шықса мынау елдің, Бір қанып қалушы еді-ау құмарлары.   Бұрқырап түскенінде қара терге, Біткендей көрінетін қанат ерге. Қақырап жерге түсіп қалушы еді, Күншілдер құрастырған жала-перде.   Сөккенім емес менің бұл елімді, Бір сұрақ тіл ұшына тірелулі, Несіне «Елу жылдық» атандыңдар, Камалға қимасаңдар бір елуді»,–   деп, күңірене толғанады ақын. Ары қарай тереңдей берсек, Жаратқан иемізге асылық та болар. Ендігі міндет - Камал ақынның өнерін сыйлайтын, талантын құрметтейтін ұлтшыл азаматтар шығармаларын жинастырып жеке кітабын шығаруға мұрындық болса. Шардара қаласында аудандық балалар саз мектебіне Камал Ендібаевтың аты берілуіне ықпал жасаса. Ақын шығармаларынан жыл сайын облыс көлемінде ақындар айтысын, терме байқауын өткізуді дәстүрге айналдырса, тірісінде қадірінде жетпеген асыл ағамыздың, ақын ағамыздың әруағы ұрпағына риза болар ма еді, бәлкім?!  

Әбдіғаппар АЙДАРОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

www.qazaquni.kz