Сібірді жаулап алған Ермактың тегі казак емес пе?
2013 ж. 10 шілде
4587
7
Сібірді жаулап алған Ермактың есімі көп құпияға толы. Орыстардың өзі әлі күнге дейін Ресейге үлкен еңбек сіңірген осы адамның шыққан тегі туралы жарытып ештеңе білмейді. Себебі тарихи еңбектерде казак Ермактың Сібірді қалай бағындырғаны ғана жазылған. Оның түп-тұқияны туралы еш дерек жоқ. Бірақ атына көз жүгірткен адамға Ермак есімі әлдебір сыр бүгіп жатқандай әсер қалдыратын. Төркіні түріктерден тамыр тартатын тәрізді. Өйткені славян нәсілінде мұндай есім мүлде ұшыраспайды. Ермак есімі әлі талай ғасырға дейін құпиясын ашпай кетуі де мүмкін еді. Бірақ жуырда ғана Ресейдің «Наука и религия» журналында М.Валиев деген оқымыстының Ермактың тегіне қатысты жазылған көлемді мақаласы жарияланды. Онда зерттеуші Ермакты казак емес, керейіттер деп аталатын ғұн тайпасының кнәзі болған деген тұжырым жасап, оған бірнеше бұлтартпас дәлел келтіріпті. Ныспысы Ермар Темучин (тұпнұсқа бойынша) екен. Тіпті жәй ғана кнәз емес, өз тайпасының көсемі әрі епископы да болған көрінеді. Өйткені керейіттердің ханы он бірінші ғасырларда христиан дінінің несториан бағытын қабылдағаны тарихи жазбаларда жазылған. Ал Сібірді шапқан себебі Көшім хан тартып алған өз ұлысын қайтарып алғысы келіпті. XIV- ғасырларда Ақсақ Темір Орталық Азиядағы несториан қауымдарын күл-талқан еткен соң, олар Сібірге қарай бас сауғалап қашады. «Кейін Сібірде христиандардың қарасы көбейіп, керейіт көсемдерінің көбісінің есіміне «Мар» деген қосымша мәртебе қосылды. Ал Шыңғыс тұқымы Абақты жеңгеннен кейін оған «Ер» деген мәртебе жалғанып, Сібір билеушілері «Ер-Мар» яғни, батыр-пірадарлар деп атала бастады. Абақты жеңген соң көп ұзамай Ер-Мар Мұхаммед Әскер деп аталатын қаласын жаңа Сібірдің астанасы етіп бекітті. Бұл қаланы іргелес елдегілер Қашлық деп атаған»-дейді зерттеуші. Бірақ, 1563 жылы Абақтың тұқымы Көшім хан астананы басып алып, оның тұрғындарын қырып салады. Иоанн Ер-Мар Темучиннің ұрпақтарының тек біреуі ғана қашып құтылыпты. Сібірдегі «шоқынды түріктер» кейін орман-тоғайда тығылып жүрген осы мұрагерді Ермак деп атап, оның қайтып келіп таққа отырар күнін сабыла күткен деседі. Бұл зерттеуші М. Валиевтің жасаған тұжырымы. Соған қарағанда, Сібірде «шоқынды қыпшақтар» мен мұсылман болған қыпшақтар арасында кәдімгідей үлкен қақтығыс болған тәрізді. Өкінішке қарай, тарихшыларымыз Ібір-Сібір тарихының осы бір таса тұсы туралы өте аз жазған. Мүмкін Ермак шыныменде шоқынып кетіп, кейін сыртқа тепкен өз қандастарымыздың бірі шығар? Бірақ оның өз ұлысын қайтарып алуға тырысқан әйгілі жорығы Ресейге кездейсоқ Сібірді ашып берді. Оның бар «айыбы» осында болуы мүмкін. Әрбірден кейін Ермактың Сібірді Ресейге қосу үшін саналы түрде күрес жүргізгеніне күмән бар. Орыс тарихының арғы-бергі шежіресінде абайсызда Ресейді нығайтуға атсалысқан мұндай «ер түріктер» қаншама? Бұған көзіқарақты оқырманның өзі қорытынды жасар. Біздің мақсат отандастарымызды тарих саласында болып жатқан тосын жаңалықтардан құлағдар ету еді. Ал орыс зерттеушісінің мақаласы былай аяқталыпты: « Мүмкін әйгілі казак атаманы жатжұрттық болған деген ақпарат әлдекімге ұнамайтын шығар. Тіпті оның таза православ дінінде болмағаны да кім-кімнің болсын көңіліне қылау түсірері анық. Бірақ бұл болжам ғана. Тарихта Православша Ерма деп аталған мықты казактың да өмір сүрген болуы әбден мүмкін. Бірақ, бізге қажеті бұл емес. Нағыз патриотты ешқашан шыққан тегіне қарап бағаламайды, нағыз патриоттар Отанына тигізген пайдасының ауқымымен өлшенеді»
Жолымбет Мәкішев,
www.qazaquni.kz
Көшім хан