Қарғыбаудан құтылудың қарекеті
2013 ж. 28 маусым
1546
1
Бабаларымыз сан ғасыр бойы армандап өткен азаттықтың ақ туын ақиқатқа айналдыра отырып, көгімізде желбіреткелі де 22 жылдың жүзі болыпты. Тарих үшін қарға адымындай уақыт аралығында біздің қазақ елі кейбір елдер құзғынша ұзақ өмір сүріп жете алмаған табыстарға қол жеткізді.
Әуелі әлемге атымызды таныстырдық. Ол үшін, қыруар қаржы жұмсап, сан мәрте жиындар өткіздік. Еңбегіміз еш емес, бес дерлік бағаға лайық. Осының бәрі Тәңіріміздің нәсіп еткен байлығы ғана емес, ұзақ та адал жасалған ерен еңбектің бодауы. Бірақ, бұл күні Құдай берген қамбамыз мол, қазанымыз толы, қарнымыз тоқ болғанымен, қарға тамырлы қазақ тілінің қоғамымызда қадірі өспей тұр. Төрелер орыс тілінің қамын жегесін, одан қалды, Ата заңымыздың өзі «қазақ тілі мен орыс тілі теңсіңдер» дегесін, қарапайым халық не десін?!.
Ұлтшыл азаматтардың жағы талмағандары айқайлап айтып, қары талмағандары жамырай жазудан шаршаған емен. Өкініштісі, жанашыр тауып, жәрдем көру мандымай тұр. Жетім қозының күйін кешкен тілімізді жел өтінде қалдырып, тамырымызға балта шапқан ұлттың тілінде әлі күнге дейін шүлдірлеуден танар да, жаңылар да емеспіз... Түркітанушы Аманқос Мектеп-тегінің айтуынша, қадым заманнан бері қазақ қаріпіміз 10 реттен де көп мәрте ауысқан көрінеді. Өзгесін қайдам, өткен ғасырдың өзінде 2 рет өзгерді. 1929 жылға дейін араб графикасында болған тіліміз, Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) бастамасымен латынға (1929 жылы), ал қырқыншы жылдары кирилицаға көшті.
Өз елінде өзегінен тепкен тіліміздің «ендігі күні не болар екен» деп жүргенімізде, мемлекет басшысы: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген салиқалы түйін айтты. Бұл пайымға тамсанған қарапайым халықтың жабырқаулы жанымыз жадырап, көңіл көгіндегі қара бұлт сейілгендей болды. Бүгін болмаса, күні ертең осынау орасан олқылықтың орнын толтырардай қуандық.
Жыл басында Елбасымыз 2025-ке дейін қазақ тілі әліпбиінің қайтадан латынға ауысатындығы жайында нықтап айтты. қазір латын қарпіне көшу қоғамымызда қызу талқыға түсіп жатыр. Келмеске кеткен кешегі кеңестің тәрбиесін көргендер «кирилицада қалғанымыз абзал» десе, жаңашылдыққа жаны құмар екінші топ «латынға көшу – жаңа заман талабы» деп жар салып жүр. Тамыры тереңге жайылған қазақ тіліміздің қаймағын қаспаққа айналдырудың күні өткені шындық. Тағы бір айнымас ақиқат – латынға көшу – құлдық сана мен қарғыбаудан құтылудың жалғыз ғана жолы.
Дарын ШӨКЕН