Жүрегі отты, болмысы текті тұлғалар
2013 ж. 05 маусым
2990
4
Ер есімі есте болса да, ескерткіші ескерусіз қалды
27 мамыр күні Алматы қаласында «Ер есімі ел есінде» деген атпен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай мен Қарасай саябағында Алаш қайраткерлеріне арналған гүл қою рәсімдері өтті. Ашаршылық нәубеті – қазақ даласындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Қазақ топырағындағы 1930 жылдардың сұрапыл оқиғалары халықтың жадында ұмытылпас қайғы-қасірет қалдырды. Тарих қатпарында қалған қиямет-қиянат пен қатыгез саясаттың құрбандарын жастарымызға терең түсіндіріп, болашақ ұрпағымызға жеткізу – қасиетті парызымыз. Зұлмат жылдарында болашағынан зор үміт күттірген қаншама жүрегі отты, болмысы текті ұл-қыздарымыз солақай саясаттың аяусыз шеңгеліне түсіп, жазықсыз құрбан болды. Біздің бүгінгі елдігіміз, мемлекеттігіміз айналып келгенде, осы біздің рухани әрі саяси көсемдердің Ахаң, Жаһаң, Халекеңдер бастаған ұлы идеядан бастау алғандығы шындық. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай мен Қарасай саябағында Алаш қайраткерлеріне арналған «Ер есімі ел есінде» деген атпен өткен гүл қою рәсіміне «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мақсат Жақау, «Қазақ үні» республикалық-қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Мыңжан Байжанин, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері Бақтияр Мәкенұлы мен Мамай Қанайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, Алаш ұрпақтары Гүлнар Кемеңгерова, Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова, Рымжан Сейфуллина, тіл жанашырлары Асыл Осман мен Жұмабек Ашуұлы қатысты. «1997 жылы Елбасының жарлығымен «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Еліміздің егемендігі жолында осыдан бір ғасыр бұрын бел шеше күрескен алаш ардақтылары мен қуғын-сүргін боздақтарының есімдері тарих бетінде алтын әріппен жазылатын болады» – деген Алматы қаласындағы ішкі саясат басқармасының басшысы Бақтияр Мәкенұлы шараға қатысқан алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен туған-туысқандарына алғысын білдірді. Тәуелсіздіктің қалай келгенін, қазақты қалай сүю керектігін, қазақ мемлекетінің абыройын асқақтатудағы Алаштықтардың ерен еңбектерін атап өткен және күллі шығармашылығын Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін зерттеуге арнаған профессор, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова былай деді: ««Қазақ ғылымы қашан басталған?» деген сауалға келсек, оның тарихы 1879 жылы Оксфордта шыққан Әлихан Бөкейханов зерттеуінен басталады. Мұхаммеджан Сералин өзі инженер болса да, қазақ тарихын жазды. Алаш тұлғалары мемлекетке ғана жұмыс жасаған жоқ, қазақ ғылымын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан тарих ғылымдарының басында тұр. Ахмет Байтұрсынұлының ісін жалғастыратын ұрпақ бар деп ойлаймын...» Саналы ғұмырынын саяси-қуғын сүргіндердің есімдерін жаңғыртуда арнап келе жатқан қоғам белсендісі Жұмабек Ашуұлы «Қазақ тірі болу керек, тірі болу үшін – ірі болу керек» деген Ахмет Байтұрсынұлы сөзінің тереңі – келешек ұрпағымыздың аса білімді де білікті болуы керектігіне меңзейтіндігін тіліне тиек етіп, бір заманда елімізді білекпен қорғасақ, бүгінгі таңда біліммен қорғауымыз қажет екендігін баса айтты. Қарасай саябағындағы болашақта орнатылатын ескерткіштің белгіленген орынына гүл қою рәсімінде «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары, ақиық ақын, «Қазақ үні» қоғамдық-саяси газетінің бас директоры Қазыбек Иса: «Бұл жерге 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылады, деген уәденің берілгеніне талай жылдар өтті. Жыл сайын бос орын, құр тасқа гүл шоқтарын қойып қайтамыз. Турасын айтсақ, бұл бос сөзділік, әсіре алдарқату – қазаққа жасалған қиянаттың жалғасы. Әйтпесе, жиырма жылдан асқан уәде неге орындалмайды? Кім кедергі болып отыр?!.» –деп, ұйымдастырушыларды өткір сынға алды. Келешек ұрпақ үшін құрбан болған жандарға деген шынайы құрмет, игілікті ізетіміздің қандай болуы керектігін көреген Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы көзі тірісінде-ақ былай айтып кетіпті: Алтынды аяғыңа басқанменен, Болмайды асыл азып, балшық кесек. Жақсыны жақсы деген мақтау емес, Жаманды жаман десе, болмайды өсек... Алматы қаласы әкімдігінің ресми өкілі Бақтияр Макенұлы мұндай шаралардың жалғасын табатындығын айтты.Ақтолқын ТӘЖІК