ӘКІМНІҢ ҚАЛПАҒЫН ҚАЙЫРЫП ЖІБЕРГЕН ҒАЛЫМ
2026 ж. 26 қараша
36
0
Ертең, 27 қарашада Алматыда тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдінің 80 жасқа толуына арналған «Ұлттың қорытылған тарихы: бүгінгі жағдайы және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Осыған орай біз журналист, жазушы Қали Сәрсенбайдың ғалым туралы эссесін жариялауды жөн көрдік.
***
Бүгінгі тұлғаның, зиялының басты міндеті не? Меніңше, басқасын былай қойғанда, ол ең алдымен отаршылдық зардаптарынан арылумен, оны жоюмен күресуі керек. Бұл сұмдықтан біздің кешегі, бүгінгі өміріміздің қай саласы да сау емес. Бүлінбеген ештеңе қалмаған. Бүгінгі ғалымынан гөрі залымы көп заманда, бұл – мәселенің мәселесі. Бізді бұдан құтқаратын да – шын ғалым. Ал бізде шын ғалым, оның ішінде тұлғалық биікке көтерілген ғалым көп пе?
«…Түпнұсқа мәдениет менде, ал сен көшірме мәдениеттің өкілісің»
«Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң, ұлт мүддесі, мұраты туралы үлкен сөз қатар жүреді. Мұндайда қаламың да қиналмай, жүрдек келеді. Ал кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай ит боласың».
Соңғы күндерде телеарнаға, қазақ радиосына сұхбат бергенімде жүргізушілер «Шал мен Шындық» атты кітабымда («Арна» баспасы, 2016 жыл) айтылған осы сөзімді есіме түсірді. Әрине, кісінің аузына сөз салатын да, қолға қалам алдыратын да өмірдің өзі ғой. Қазақ тұлғасыз емес. Тұлғалар бар. Бірақ өзін тұлға қатарына қосатындар да бар. Еңбекқор адам мен талантты адамның бағасы бірдей қазір. Тұлғаның аты – тұлға. Ол әлдебіреулердей танымалдығымнан ажырап қаламын деп жанталаспайды, жылтыңдап әр жерден көрінбейді. Бара жатқанның балтасына, келе жатқанның кетпеніне жармасып сөйлемейді. Айтатын жерінде айтады, сөйлейтін жерінде сөйлейді, оған «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида тән. Бірақ ол өрекпіп, кектеніп сөйлемейді. Тұла бойы тұнған мәдениет, парасат, озық ойлы, кемел екенін білдіріп жүреді.
Айттық қой, қазақ кеше де, бүгін де тұлғасыз болған емес. Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібековпен пікірлескен, сырласқан күндер еске түссе, тұла бойыңды бір серпіліс сазы, рух кернейді. Сондай бірегей тұлғаның бірі – Салық Зиманов еді. Ол кісі өмірден озғанша қай жерде сөйлесе, қай жерде кездесу өткізсе қалмай барып жүруге тырыстық. Сондай тағы бір тұлға – бүгінгі Амангелді Айталы. Қай кезде де айтары бар Айталының сұхбаттарын, мақалаларын, кездесулерін құр жіберген емеспіз.
Бүгінгі тұлғаның, зиялының басты міндеті не? Меніңше, басқасын былай қойғанда, ол ең алдымен отаршылдық зардаптарынан арылумен, оны жоюмен күресуі керек. Бұл сұмдықтан біздің кешегі, бүгінгі өміріміздің қай саласы да сау емес. Бүлінбеген ештеңе қалмаған. Бүгінгі ғалымынан гөрі залымы көп заманда, бұл – мәселенің мәселесі. Бізді бұдан құтқаратын да – шын ғалым. Ал бізде шын ғалым, оның ішінде тұлғалық биікке көтерілген ғалым көп пе? Бұл тұрғыдан келгенде тағы да ұяттымыз. Санай қалсаңыз, он саусақтан зорға асып жығылуы мүмкін. Міне, осы талап тұрғысынан келіп қарағанда тарихшы Мәмбет Қойгелдінің есімі бірден еске түсері сөзсіз. Мен бұл кісінің ғалым, азамат ретіндегі өзім білетін екі қасиетін айтайын.
Он жыл бұрын Алматыда ЮНЕСКО-ның шешімімен шаһардың мың жылдығы тойланды. Осы мың жылдықты дәлелдеу үшін мың күнге татитын алапат тартыстар жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Әу баста осы мыңжылдықтың басына су құйып, 150 жылмен шектелуді көздеп, соған бар күш-жігерін жұмсаған Храпунов бастаған биліктің бишікештері болған. Бұлар бұл мәселеде баяғы империялық тәсілмен астыртын, зымиян жұмыстар жүргізді. Ең алдымен тарихшыларға мақұлдатып, үшкіртіп алу үшін түрлі айла-амалдарға барды. Мәмбет ағамыз ол кезде Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры болатын. Сол күндері билік бас тарихшыға қолқа салып, әбден айналдырды. Дұрысы, бүгінге дейін жұртқа аса мәлім бола қоймаған сол оқиға жайында ғалымның өз аузынан естіп барып, ойымызды қорытайық.
– Алматы қаласының тарихы, аты ауық-ауық дискуссия тақырыбына айналып отырады. Бұл, әрине, кездейсоқ нәрсе емес. Қаланың ел өмірінде алатын ерекше орнына байланысты болса керек. Ал бұл мәселенің ар жағында мәдениеттер егесі тұр. Осы жағдайға байланысты еріксіз XXІ ғасырдың алғашқы жылдарындағы латынамерикалықтар мен еуропалықтардың арасында орын алған бір дау еске оралады. Еуропалықтар Америка континенті ашылуының 500 жылдығын атап өтуді ұсынды. Бұл ұсынысқа латынамерикалық жергілікті халықтар үзілді-кесілді қарсы шықты. Аргументтері: еуропалықтардың аяғы тигенге дейін-ақ дамыған өркениеті болған (ацтек, инктер, ж.б.) халықтар өмір сүріп жатқан континентті қалай ашуы мүмкін? Латынамерикалықтардың уәжі негізді болған соң аталған дата күн тәртібінен түсіп қалды.
Сол сияқты, қазақ жері – көне мәдениеттер тамыр жайған мекен. Мәселен, Шу өзенінің бойындағы Баласағұн аталатын шаһарда Жүсіп Баласағұн деген ғұлама ғалым және ақын «Құтадғу білік» сияқты ғажап, данышпандыққа толы еңбек жазды. Адамзаттың игілігіне айналған кітап. Өзекті идеясы – мемлекет, оның халқы қайткенде бақытты өмірге жетеді? Автордың пікірі бойынша, ондай болашаққа білім мен парасат қана жол ашпақ. Осы жағдайдан мәліметі жоқ кісілер сіздерге мемлекеттілік мәдениеті мен дәстүрін біз алып келдік дейді. Мұндай пікірмен келісе салуға әрине, болмайды.
Сол сияқты, қала құру мәдениетін де бәзбіреулер иеленгісі келеді, бізге қимайды. Есімде, 2003 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институына жоғарғы билік орындарынан хаттар келіп жатты. Оларда сол кездегі Алматы қаласының әкімі В.Храпуновтан қаланың 150 жылдық мерейтойын өткізу туралы ұсыныс жасағанын, соған байланысты институттан тарихи негіздеме беру туралы айтылған еді. Мен ол кезде институттың директоры қызметіндемін. Бір күні қала әкімінің орынбасары шақырып жатыр деді. Әкім орынбасары кірген бетте алдыма бір парақ қағазға жазылған қаланың 150 жылдығына байланысты тарихи негіздемені тастап, қол қой деді. Мен көз жүгіртіп шықтым да, «қол қоя алмаймын» дедім. Құжаттың астарында саяси пиғылдың жатқанын айттым. Жұмысқа келген бетте Елбасының атына хат жаздым да, тез арада жөнелттім. Арада бірнеше күн өткен соң Алматыға келген сол кездегі Мемлекеттік хатшы И.Тасмағамбетов шақырып, жоғарғы бұрышына Елбасының пікірі жазылған хатымды көрсетті. Елбасы «мәселені ғалымдармен кеңесе отырып шешуді» ұсынған екен. Менің ризашылығымда шек болған жоқ.
Баяндалған пиғыл ненің көрінісі? Күні өткен тәкәппарлықтың, «түпнұсқа мәдениет менде, ал сен көшірме мәдениеттің өкілісің» деген білімсіздіктің көрінісі. Француз жазушысы Эрве Базен «Еуропа жердің үлкен қызы емес» деген мақала жазды. Жазушы мақаласында «Мен ақшалы Еуропаға сенбеймін, ол үшін көпұлтты Еуропа жамылғы ғана… Мен әлемді билеу пиғылынан бас тартқан, сондай-ақ, өзінің ауызбірлігі арқылы өзін басқаға билетпейтін Еуропаға сенемін» деген ойды айтты. Меніңше, бұл барлық елдерге ортақ ұстаным болуға лайық пікір.
Алматыны қорғаған Тойшыбек батырды білесіз бе?
Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Қазір тарихты жазғыштар көбейді. Демек, бізде тарихпен шенеуніктер де айналыса береді деген сөз. Егер М. Қойгелдінің орнында ғалымдығынан гөрі директор-шенеуніктігі басым біреу болса, мыңжылдық тарихы қалай шешілген болар еді. Бізде тарихты «жеңген» халық жазып келген, ал Храпуновтар сол «жеңген» халықтың өкілі. Олар тарихты өзі келген жерден бастайды. «Жауды жеңуге болады, құртуға болмайды» деген тәмсіл бар. Құрымайтыны сол, ол түрлі жағдайда сенің алдыңнан осылай шығып отырады. Осы жолы алдымыздан шығып еді, абырой болғанда Мәмбет Қойгелдіге жолықты. Олай болмаған күнде не болар еді? Ойлаудың өзі қандай қорқынышты?!
Американың Э.Эбби деген философы «Әрбір шынайы патриот елін шенеуніктерден қорғауы керек» десе, шотландық жазушы Н.Дуглас «Шенеунікке сенімсіздік білдіру – әр адамның азаматтық борышы» деген көрінеді. Демек, бастық айтты екен деп бас изей беретін құлдық психология бұл кісіге сол кездің өзінде жат еді. Бізде білімді адамдар болды, бірақ, сол оқыған-тоқығанын халқының қажетіне жұмсай алмаған мұңлықтар да болды. Соншалықты білімді, зейінді бола тұра, мінез бермеді. Ә.Бөкейхан айтпақшы, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» екенін ескермей, ұланғайыр білімі бола тұра мінезсіздіктің кесірінен көбіне биліктің сойылын соғып кеткені де рас. Әсіресе, жергілікті жердегі шексіз биліктің иелерімен күресу де екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан да Храпуновқа Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми ортада мойындалған М.Қойгелдіні кезіктіргеніне мың да шүкір дейсің.
Храпуновтың қалпағын қайырып жібергеннен кейін біршама уақыт өткен соң тарихшы Алматы тарихына ерекше бір құлшыныспен кірісті. Кезінде Жетісу өңірінде Алмалы бекінісін (Алматы деп түсініңіз) патшалы Ресей империясының жендеттерінен қорғаған Тойшыбек батыр туралы «Алматы ақшамына» тың деректерге негізделген сұхбат берді. Тойшыбектің тоғыз ұлы болыпты. Олар әкесінің ерлік істерін жалғастырды. Соның ішінде Байсейіт деген жаужүрек баласының Шапырашты Сұраншы батырмен бірге қосылып соғысуы орыстарды қатты састырды. Байсейітке арнап Сүйінбай ақын өлең жазған. Тойшыбек батырлығымен қатар би болған, Кенесарыны Жетісуға келгенде шатыр тігіп күтіп алған адам. Бұл Алматының тарихын Верный бекінісінен бастайтындарға дер кезінде қойылған тосқауыл еді. Осыдан кейін барып мыңжылдықтарға тереңдеп, Алматы – үйсін мемлекетінің орталығы болғанын дәлелдейтін тарихи дерек, дәйектермен негізделген мақалалар шоғыры беріле бастады. Сөйтіп, «бұл «мәселені ғалымдармен кеңесе отырып шешу керек» деген мемлекет басшысының тапсырма-нұсқауы іс жүзіне асырылып, Алматының мыңжылдығы көп ұзамай халықаралық конференцияның тақырыбына айналды.
Біздің тарих жылдар бойына қолдан жасалып келгені қазір ешкімге де жасырын емес. Біз тарихты жасайтын тұлғаларды тәрк етіп, тек бесжылдықтар тарихын оқыдық. Біздің жүйе жүйкені жұқартуда жанкешті жұмыс істеді. Одан кейін тарихымыз да жұқарды. Қадырдың «Біздің тарих ол-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дегені де содан. Мәмбет Қойгелді неге мұндай қадамға барды, неге ғазиз басын бәйгеге тікті?!. Оның көп себебінің бірі мынау: ол әдебиетті жақсы білетін ғалым. Ол тарихи шындыққа көркемдік шындық арқылы да қараған тарихшы. Осы ойымызды аңғартқанымыздағы ғалымның оған берген жауабын оқысаңыз, көп нәрсеге көзіңіз жетеді.
– Жалпы көркем ойлау барлық елдерге тән қасиет. Ол қасиет біздің елде де бар. Біздің далалық мәдениеттің бір ерекшелігі – өлеңдетіп сөйлеу қазаққа жақсы дарыған. Әкем аз сөйлейтін кісі еді, содан ба екен, бала кезімде ол кісіден естіген сөздерім бүтіндей сол күйінде жадымда жатталып қалыпты. Бір айтқан сөзі: үш-төрт аттылы жігіт серуен құрып келе жатып қырға шықса, төменде біреулер киіз үйдің сүйегін көтеріп жатса керек, сонда бір жігіт:
– «Ал, жігіттер» десе керек, сонда екіншісі іліп әкетіп, «Жүйрік атқа жарасар жал жігіттер» десе, үшіншісі «жыртық үйін соншама жамайды кеп» десе, төртіншісі «орманында жоқ па екен тал жігіттер» деп аяқтаған екен.
Көркем айтылған сөз, ой арқылы ғана сол қоғамның ішкі әлемін, құндылық ұстанымдарын түсінуге мүмкіндік туады. Зерттеуші ретінде өткен ғасырдың алғашқы ширегіне қатысты көркем шығармаларды оқуға тура келді. Сонда байқағаным, мәселен, қазақ жазушылары «Қорғансыздың күні» деген сөз тіркесін көп пайдаланған екен. Мұхтар Әуезовтің, тіпті, осы аттас әңгімесі де бар. Осы сөз тіркесін Ж.Аймауытұлы да, М.Дулатұлы да жиі айналымға қосқан. Ұлы қаламгерлердің мұраларын ақтара отырып байқағаным, бұл сөз тіркесі олар өмір сүрген сол бір тарихи кезеңнің жабулы есігін ашатын кілт міндетін атқарады екен. Қорғансыздың күнін кешкен, бұл – қазақ халқы еді. Көркем шығарманың, талантты жазушы фантазиясының құдыреті де осында, қайталанбас жеке уақыттың, заманның жинақы бейнесін образды сөз, ой арқылы беруінде.
Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі» де – осы қатардағы шығарма. Сол аласапыран уақыттағы ұлттың күйін тереңірек түсінгіңіз келсе, «Ақбілек» романы — таптырмайтын құрал. XX ғасыр басындағы қазақ көркем ойы ғаламат даму сәтін басынан кешірді. Орны толмайтын өкініш сол, сол қанатын қомдаған самұрыққа мергеннің оғы тиді.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қайраткерлерінің ұлттық автономияға қол жеткізу әрекеті сәтсіз аяқталды. Алашорда үкіметін алдымен ақгвардияшылар, Колчак үкіметі жойды. Одан кейін Кеңес үкіметі жойды. Осы жерде сұрақ туындайды? Қайсысының заңдық негізі күшті? Мынау патша үкіметі ме, уақытша үкімет пе, кеңес пе, алашорда үкіметі ме? Құқықтық заңдық негіз дегенде, бұлардың ішіндегі құқықтық тұрғыдан негіздісі – Алашорда. Өйткені ол үкімет 1917 жылы желтоқсанда Орынборда болып өткен ІІ жалпықазақтық съезінде сайланған болатын. Оған 80-нен астам адам қатысты. Қазақстанның барлық аймағынан қазақ ұлтының өкілдері болды. Солар қазақ ұлтының өміріне қатысты, болашағына байланысты мәселені талқыға салып, қаулы қабылдады. Сол қаулыны іске асырады деп Алашорда үкіметін сайлады. Ал кеңес үкіметін сайлауға қазақ халқынан ешкім қатыспағаны белгілі. Олай болса, Алашорданы жоюға, заңсыз үкімет деп тануға ондай құқықты оларға ешкім берген жоқ. Осы мәселені қарастырған уақытта Алаш қозғалысы жеңілгеннен кейінгі Алаш қайраткерлерінің көңіл-күйін ешқандай құжаттық материалдардан, архив материалдарынан таба алмайсыз. Жоқ. Оларды тек қана көркем әдебиеттен, көркем шығармадан табуға болады. 1923 жылы Мәскеудегі Шығыс баспасынан Байтұрсынұлының даярлауымен 23 жоқтау жарық көрді. Бұл – осы баспадан жарық көрген алғашқы еңбек. Неге олар осы еңбекті шығаруды ұсынды? Кіріспесінде «қазақ тілінің құнарын тануға көмектесетін шығармалар» деп жазылған. Шын мәнінде жоқтау арқылы олар өздерінің көңіл-күйін көрсеткісі келді. 1924 жылдың соңында Мәскеуде жүрген Мағжан Жұмабаев «Алқа» аталатын жазушылардың ұйымына арнап, «Табалдырық» деген манифест жасады. Соны қолдау үшін бірнеше шығарма өмірге келді. Мәселен, Жұмабаевтың «Жүсіпхан» поэмасы, Жансүгіровтің «Құлагер», «Күйші» деген шығармалары. Әуезовтің «Хан Кене» драмасы, 16-жылғы көтеріліске арналған «Қилы заман» сияқты шығармалар өмірге келді. Бұларды оқып отырып байқауға болады, бұл – қарсылық әдебиеті. Жаңа большевиктер билігі ұсынған социалистік реализм аталатын концепцияға қойылған олардың шығармашылық концепциясы. Бұларды түсіну үшін тарихшының көзі керек. Әдебиетші де болу керек, әрине. Өткен замандардағы, өткен өміріміздегі күрделі тарихи процестерді түсіну үшін бірден-бір тиімді құрал – көркем әдебиет. Бұлардың арасындағы тікелей байланыс деген осы. Өйткені көркем әдебиет халықтың жаны, халықтың сезімі. Көркем әдебиетсіз тарихи процесті түсіну мүмкін емес.
Ол неге алашшыл?..
Бірінші Петр туралы роман жазған Алексей Толстойға патшаның киімін, қалай киінгенін, тіпті, түймесін де суреттеу қажет болады. Осы бір деталь арқылы ол әлдебір тарихи жағдайға оқырманның көзін жеткізгісі келеді. Жазушы фантазиясына салайын десе («менің кейіпкерім екі-үш беттен соң маған бой бермей кетеді» дегенді осы кісі айтқан болуы керек), ақиқаттан алыс кетеді. Не істеу керек? Содан бір танысы таяуда Санкт-Петерборда патшаның мұражайы ашылатынын есіне салады. Мұражайға барған жазушы бәрін өз көзімен көреді де, өз ойына қанағаттанған жауап алады. Кейіннен осы туындыны оқыған орыс тарихшыларының алдынан көп іргелі және іңкәр ізденістерге жол ашылады.
Атақты суретші Әубәкір Ысмайылов ағамыз да тарихқа өте жетік еді. Солай бола тұра ол кісі Кенесарының портретін салғанда Әуезовке, Есенберлинге, Бекмахановқа да көп жүгінгенін айтатын.
Қазір Ресейде Иван Грозныйға ескерткіш орнату-орнатпау жөнінде орыс тарихшыларының арасында тартыс жүріп жатыр. Бұл ретте олар орыс әдебиетіне, өнер туындыларына көбірек иек артып отыр. Демек, көркем әдебиет, көркемдік шындық — тарихи шындықтың ең қозғаушы факторы, іргетасы екенінің бір дәлелі бұл. Жалпы, орыс әдебиетіне орыс бейнелеу өнерінің ықпалы зор болды. Кезінде Италия мәдениеті қайта өрлеу дәуірін (ренессанс) қалай бастан кешсе, орыс бейнелеу өнері де одан бір сәт те төмен болған жоқ. Әрі-берісін айтпағанда, әлгі И.Грозныйдан бастап, орыстың тарихындағы тұлғалардың бейнелеу өнерінде көрініс таппағаны кемде-кем. Әрине, бұл өзі бір үлкен тақырыптың арқауы. Алайда көктей шолып айтсақ, орыс әдебиеті мен бейнелеу өнерінің орыс тарихшылары үшін ең басты ізденіс көзі болғанына ешкім дау айта алмайды.
Мәмбет Қойгелді де осы бағытты ұстанған тарихшы. Оның алашшыл болатын себебі де содан. Өйткені Алаш ардақтыларының бұл мәселеге келгенде осалы болмаған. Қазақтың ежелгі батырлар жыры, эпикалық әдебиет – тарихтың таптырмас қайнар көзі болған. Осындай әдебиетпен рухтанған Алаш оқымыстылары қасиетінің М.Қойгелді бойынан табылуына да енді таңырқаудың еш қажеті жоқ. Тарихты зерттеудің бір тың әрі ұтымды тәсілі ретінде қазақ тарих ғылымында қалыптасқан осы үздік үрдісті дамытушы, алтын үзікті үзіп алмаушылардың бірі де бірегейі – Мәмбет Қойгелдінің ғалымдық болмыс-бітіміне осы кеңістіктен келіп үңілуге әбден болады.
Д.Дидро деген француз философы «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» деген екен. Әрине, мамандық, кәсіп таңдау да алдымен Тәңірден берілетін нәрсе. Алайда М.Қойгелдінің тарихшы болғаны да халқы үшін бір бақыт демеске әддіміз жоқ. Себебі, кешегі алағай да бұлағай күндерді былай қойғанда, бүгінгі тарихшының қателесуге хақысы жоқ. Тарихы түгенделмеген халық – ер-тұрманы бүтінделмеген тұлпар тәрізді. Осыны терең түсінетін, позициясы айқын, принципшіл, алашшыл, «атқа жеңіл телпекбай» емес тарихшылар ғана тарихқа есесі кеткен халықты бақытқа бөлей алады.
Алаш ардақтыларының табанының ізі қалған, қазақтың байырғы зиялыларының қасиетті мекені Алматының тарихын төтеннен төнген қауіптен құтқарып қалған тарихшы туралы да осындай тұжырымға тоқтасақ, ақиқаттан алыстай қоймаспыз.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақ үні