23 ақпан - Түркістан халықтары үшін мемлекеттілікке талпыныстың қанмен басылған күні

23 ақпан - Түркістан халықтары үшін мемлекеттілікке талпыныстың қанмен басылған күні

Түркістан аймағы бойынша 40 мың адам қырылды

1918 ж. 23 ақпанда большевиктер Қызыл армия құрғанда Орталық Азияда сол большевиктер мен армян дашнактары Түркістан (Қоқан) автономиясын тас-талқанын шығарып Қоқанды өртеп жатқан еді.

Бұл — тарихтың өте ащы және қасіретті парағы. 

1918 жылдың ақпан айындағы оқиғалар Түркістан тарихында «Қоқан қасіреті» деген атпен қалды.

Дәл сол күндері Ресейде Қызыл Армияның негізі қаланып жатқанда, Орталық Азияда большевиктер өзіндік детерминация (өзін-өзі билеу) идеясына қанды жауап берді.

1918 жылдың 22-23 ақпанында Түркістан автономиясы құлады. Түркістан автономиясын жою үшін Мәскеуден Ташкентке Константин Осиповтың қолбасшылығымен әскер мен артиллерия тиелген 11 эшелон келді.

Қаланың өзінде 10 мың адам, ал Түркістан өзін-өзі басқару аймағы бойынша жалпы саны 40 мың адам қырылды. 

Түркістанның «федеративтік демократиялық Ресей республикасымен бірліктегі аумақтық автономия» болып жарияланғаны да көмектеспеді. Осылайша, Түркістан автономиясы құрылғанынан кейін небәрі 3 айдан соң большевиктер мен дашнактар жойып жіберді. 

Айта кетерлігі, 1918 жылдың 20 наурызында Түркістан автономиясы жалпыға бірдей тікелей, тең және жасырын дауыс беру негізінде өз парламентін шақыруды жоспарлаған болатын. Парламенттегі орындардың үштен екісі мұсылман депутаттарға, ал үштен бірі мұсылман емес халық өкілдеріне кепілдік берілді.

1918 жылы ақпанның басында басталған шабуыл бірнеше күнге созылды. Қоқан қаласы артиллериямен атқыланып, өртке оранды.

Зобалаң ауқымы

Тарихи деректер бойынша, Қоқанда және оның айналасындағы елді мекендерде 3 күн ішінде 10 мыңнан 30 мыңға дейін жазықсыз адам өлтірілген. Қаланың ескі бөлігі, базарлары мен мешіттері толығымен дерлік қиратылды.

Мұстафа Шоқайдың тағдыры

Автономия талқандалған соң, Мұстафа Шоқай жасырынып құтылуға мәжбүр болды. Ол кейіннен бұл оқиға туралы 

 «Біз жеңілдік, бірақ біздің жеңілісіміз — идеямыздың өлгенін білдірмейді» деп жазды.

Дәл осы оқиға Шоқайды большевизмнің нағыз бет-бейнесін тануға және шетелге кетіп, Түркістанның азаттығы үшін күресті халықаралық деңгейде жалғастыруға итермеледі.

Тарихи сабақ

1918 жылғы 23 ақпан бір жағынан Кеңес идеологиясында «Жеңіс күні» (Қызыл Армияның туған күні) ретінде дәріптелсе, Түркістан халықтары үшін бұл — мемлекеттілікке талпыныстың қанмен басылған күні.

Бұл оқиға Орталық Азиядағы «Басмашылық» (Ұлт-азаттық) қозғалысының жаппай сипат алуына басты себеп болды. 

Өйткені халық большевиктердің «халықтарға бостандық береміз» деген ұранының артында үлкен империялық агрессия тұрғанын түсінді.

Өмір Шыныбекұлының Фейсбук парақшасынан