«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының екінші іріктеу кезеңі өтті
2025 ж. 24 қараша
35
0
Сенбі күні Жетісу мемлекеттік университетінде (Талдықорған) дәстүрлі «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының екінші іріктеу кезеңі (жартылай финалы) өтті. «Ақ жол» демократиялық партиясы Алаш ұлттық идеясын насихаттап, оның бүгінгі таңдағы өзектілігін арттыру мақсатында студенттер, жас ғалымдар және мамандар арасындағы бұл байқауды 2012 жылдан бері жыл сайын өткізіп келеді.
Төрт номинация белгіленген: Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасы және оны қазіргі Қазақстанда келесі салаларда қолдану:
- Мемлекеттік құрылыс және демократия;
- Әлеуметтік әділеттілік және қоғамды жаңғырту;
- Нарықтық экономика және кәсіпкерлік;
- сондай-ақ, ақтаңдақтарды айқындау - бұрын белгісіз болған фактілерді, оқиғаларды және Алаш арыстарын анықтау.
Байқау үш кезеңнен тұрады: біріншісі - эсселерді іріктеу, екіншісі - қазылар алқасы алдында өз тақырыбын қорғау, үшіншісі - қатысушылар арасындағы өзара пікірталас. Екінші кезең (жартылай финал) әртүрлі қалаларда (бұған дейін Семей, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Орал, Қызылорда және басқа қалаларда өткен), ал, финалдар «Ақ жол» демократиялық партиясының Астанадағы орталық ғимаратында өтеді. Байқау жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйлықтар мен дипломдар беріледі; олардың көпшілігі осы жылдар аралығында кәсіби мамандар және қоғам қайраткерлері ретінде қалыптасты.
Биылғы байқауға барлық аймақтардан рекордтық 420-дан астам үміткер қатысты, олардың ішінен танымал Алаш ғалымдарынан тұратын іріктеу комиссиясы 43 эссені таңдады. Сол авторлар 12 финалистті өзара анықтасу үшін Талдықорғанда бас қосты.
Жартылай финалға Алматы мен Алматы облысынан 12 өкіл, Астанадан 8, Маңғыстаудан 5, Жамбыл облысынан 3, Абай облысынан 2, Ақмола облысынан екі, Атыраудан 2 және Жетісу, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Қостанай және Орал қалаларынан бір-бірден қатысушы қатысты. Қатысушылардың арасында студенттер, докторанттар, университеттер мен колледждердің оқытушылары және зерттеушілер болды. Арасында PhD докторлары мен IT мамандары бар Маңғыстау мен Жамбыл облысынан келген ауыл мектептерінің жас мұғалімдерінің деңгейі өте жоғары болды.
Сондай-ақ, қатысушылардың деңгейі мен олардың жұмысының жыл сайын артып келе жатқанын, сондай-ақ талқылаулардың өткірлігі мен өзектілігін атап өту қажет.
- Қатысушылардың интеллектуалды пікірталастарынан, төрешілердің кәсібилігінен (Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қайырбек Кемеңгерұлы («Алаш» ғылыми-зерттеу институты), танымал зерттеуші, «Дарын» сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің деканы Дәулеткерей Мүлік) үлкен ләззат алдым.
Парламент пен мәслихаттардағы «Ақ жол» демпартиясы депутаттарының алдағы жұмысы үшін бірқатар мәселелер мен бастамаларды назарға алдым, - деді байқау жөнінде партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Төменде "Ақ жол" орденінің байқау қатысушыларының жұмыстары жөніндегі пікірін ұсынамыз:
Жалпы, 43 презентация мен талқылаудан өзімнің көзіме түскен қатысушыларды атап өтуге болады;
- Ертай Біләл (Алматы), жұмыс тақырыбы: «Алаш әліпбиінің өзектілігі мен интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызы». Алаш қайраткерлері ұлттың оқу-ағарту ісін дамытуда сауаттылық мәселесіне ерекше мән берді.
- Данияр Ихсан (Астана), “Қазақ ағарту институты жайынан” атты жұмысында Алаш ағартушылығының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін маңызы тұрғысынан ұлттық мектеп тұжырымдамасы қарастырылған.
- Дінмұхамед Байжұма (Алматы) - тың мәселе көтеріп, «Алаш Орда мен чехословак корпусы арасындағы қатынастардың беймәлім қырлары» баяндамасында Чехия мен Словакия архивтеріндегі Алаш Орда үкіметіне қатысты бірқатар маңызды мағлұматтарды анықтап, бұрын белгісіз болған саяси байланыстарды айқындады.
Жаңа материалдардың негізінде 1918 жылы Челябі қаласында орын алған чехословак көтерілісі барысында Алаш Орда мен чехословак әскери қалыптары большевиктерге қарсы ортақ мүдде жолында әрекеттескені дәлелденді. Бұл одақтастық тактикалық сипатта болып, аймақтағы саяси күштердің орналасуына, сондай-ақ қазақ автономиясын мойындату үдерісіне ықпал еткені расталды.
Меніңше, бұл баяндама тарихи сенсация атағына сай ақпарат.
- Медина Сайлауқызы Қиса (Маңғыстау обл.), жұмыс тақырыбы: «Алаштың экономикалық жауапкершілігі мен ұлттық кәсіпкерліктің цифрлық жаңғыруы»
Бұл жұмыста Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарастарының бүгінгі заманмен қалай сабақтасатыны түсіндіріледі. Мәтінде тарихи ұстанымдардың қазіргі жастардың технологияға, білімге және кәсіпкерлікке бет бұруымен үндесіп тұрғаны сипатталған. Жұмыста IT-стартаптар, инновациялық жобалар және цифрлық мүмкіндіктер арқылы ұлттық кәсіпкерліктің жаңа деңгейде дамып келе жатқаны көрсетіледі. Сонымен бірге жасалған Bluetooth-қосымша мен AlashBot сынды шағын жобалар арқылы қоғамға қызмет етудің заманауи үлгісі берілген. Жалпы алғанда, Алаш мұрасының идеялары қазіргі цифрлық дәуірде де өз маңызын жоғалтпай, жаңа мазмұнмен жалғасып отырғаны атап өтіледі.
- Кәмшат Сайлауқызы Төреқұлова (Маңғыстау обл.): "Алаш" идеясының Тик-ток дәуірінденгі медиа-мәдени жаңғыруы" атты баяндамасында Алаш идеясының заманауи тетіктер арқылы жастарға жеткізу керек екенін көрсетті. Жастар арасында таралып жатқан эдиттер, хэштегтер және трендтік дыбыстар Алаш мұрасын эмоциялық, тез қабылданатын форматта жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай үрдістер Алаш идеясының бүгінгі цифрлық ұрпақ санасында да өзекті әрі өміршең екенін дәлелдейді.
- Файзолла Алпамыс (Астана), жұмыс тақырыбы: «Алаш арыстарын толғандырған тіл мәселесі»
Бірі орысқа, бірі ағылшынға отар болған қазақ және шотланд халықтарының тағдыры мен тарихын салыстыру жайында айтылды. Шотландтар неге ана тілінен айрылып, ағылшынданып кетті? Қазақтар тілін қалай сақтап қалды? Қазақ тілін сақтауда Алаш арыстарының орасан еңбегін таныстырды.
- Айдын Алтай (Жетісу обл.), «Алаш» саяси жүйесі және оның Қазақстан Республикасының Конституциясымен концептуалды байланысы» баяндамада Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің уставы» және Алаш партиясының бағдарламасында көрініс тапқан мемлекеттік-саяси жүйенің Қазақстан Республикасының Конституциясымен концептуалды байланысы қарастырылды. Билік тармақтарының үйлесімді қызмет етуі, ұлттық мемлекет құру, заң үстемдігі, басқару тиімдігін арттыру мәселесі зерттелді. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың тиімділігін арттыру міндеті алаш көзқарасы тұрғысынан талданды. Бүгінгі қалыптасқан саяси-құқықтық жүйенің негізі Алаш Конституциясынан бастау алатыны дәлелденді. Алғашқы Ата заңның қазақ халқының саяси сауатын ашып, әлем көшіне қайта қосудағы маңызы белгіленді.
- Нұрғасыр Теміржан (Қарағанды), “XX ғасыр басындағы қазақзиялыларының «Кәператип» туралы ойлары” атты жұмысында терен тақырып көтерді. Қазіргі нарықтық тәсілдер арқылы, экономикалық ынтымақтастықтың талай түрлері: үлескерлік (пайщиктер), акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектелген серіктестері, құнды қағаздар рыногының (яғни, қор биржалар) мәселелер соған жатады.
- Мейіржан Исабай (Жамбыл обл.), “Алаш қайраткерлерінің ұлттық экономиканы дамытудағы көзқарастары және қазіргі замандағы өзектілігі (Әлихан Бөкейхан мысалында)” баяндамасында, мал шаруашылықтың өзектілігін, дамыған экономикалардың тәжірбиесін (онын ішінде Швейцания, Дания т.б.) қолданудың және перспективаларын көрсетті.
Әрине, ашық дискуссия болғасын, ерекше пікірлер де айтылды, мысалы
Асхат Данияров (Семей), «Роль казахской национальной интеллигенции в образовании границ Казахской АССР в 1919-1920 гг» эссесінде, қазақ еліне жерді мен мемлекеттілігін Алаш арыстары емес, кеңес үкіметі алып бергені туралы өз ойымен бөлісті. Бұндай пікірмен келіспей, өз көзқарасымды ортаға салуды жөн көрдім.
Менің ойымша, кеңес үкіметі ұлттық республикаларды құруға “кен көңілінен” емес, сол елдердің - қазақ, азербайджан, грузин, украин, т.б. - ұлттық еркіндік үшін күрескеннен кейін келісуге мәжбүр болды. 1917 ж, Ресей патшалығы құлағаннан кейін бұлардың көбісі, большевиктерді күтпей, ұлттық мемлекеттерді құруға кіріскен болатын, оның ішінде 1917 ж. 12-17 желтоқсанда Алаш Республикасы (автономия) да пайда болды.
Қызыл армияның күшімен бұл елдер бір мемлекетте ұсталған болса да, большевиктер билігі бұл елдердің азат рухымен санасуға мәжбүр болды.
Ал, қазақтың жер тұтастығын, тағы да Ленин не Сталин “көктен” алып берген емес. Оны 1898-1903 жылдары Ресей ғалымдары ұйымдастырған Сібір мен Каспи бойында тұрған халықтың зерттеу экспедицияларының жинаған деректерге сүйене отырып, Әліхан Бөкейхан басқарған делегациясы 1920 ж. Совнаркомның отырыста дәлелдеп шығарған.
Яғни, бүгінгі де Тәуелсіз Елімізге, біздің егемендігімізді мен жерімізді ешкім “сыйлаған” жоқ, бұл жер мен мемлекет өз халқымыздың тарихи аманаты.
Байқасаңыз, пікір алмасулар шынында ашық әрі өткір болып өтті.
Сонымен, «Ақ жол» Демпартиясының «XXI ғасырдағы Ақ жолы» дәстүрлі байқауының жартылай финалда жеңіске жетіп, қорытынды кезеңге жолдама алған мынадай қатысушылар:
1. «Алаштың әлеуметтік-саяси идеясы және оның қазіргі Қазақстандағы сабақтастығы» номинациясы бойынша:
Айдын Алтай – Жетісу облысы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бас менеджері, PhD докторант.
Анара Арманқызы – Алматы қ., Қазақ-Британ Техникалық Университетінің студенті.
Руслан Ахмаганбетов – Алматы облысы, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Саясаттану магистрі.
2. «Алаштың рухани-ағартушылық қызметі және оның қазіргі Қазақстан қоғамына маңызы» номинациясы бойынша:
Файзолла Алпамыс – Астана қаласы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританиядағы Абердин университетінің Ағылшын тілі мен әдебиеті бойынша Гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Данияр Ихсан – Астана қ., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Докторант.
Кәмшат Төреқұлова – Маңғыстау обл., мектеп-гимназия мұғалімі.
3. «Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарасы және кәсіпкерлікті дамыту» номинациясы бойынша:
Ардах Амиш – Астана қ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.
Канатбек Куянбаев – Астана қаласы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты.
Медина Қиса – Маңғыстау обл., мектеп-лицейінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі.
4. «Алаш тарихының «актаңдақтары» номинациясы бойынша:
Перизат Оралханова – Маңғыстау обл., мектеп-гимназия тарих пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі.
Дінмұхамед Байжұма – Алматы қ., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Философия кафедрасының магистранты.
Даниял Айдаров – Алматы қ., Әл-Фараби университетінің студенті.
Барша қатысушылар мен жеңімпаздарды қол жеткізген жетістіктермен құттықтаймын. «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Ермек Бурибаевқа байқауды тиісті деңгейде ұйымдастырғаны және қолайлы жағдай жасағаны үшін шын жүректен алғыс білдіреміз!
Жетісу облыстық филиалымыздың төрағасы, Жетісу облыстық маслихат тұрақты комиссияның төрағасы Ермек Егінбаевқа осы іс-шарамызды үйлестіргені үшін рахмет.
«Ақ жол» Демпартиясының пікірінше, Алаш ұлттық идеясы қатып қалған ұғым емес, ол – тірі дүние. Әрі қарай дамитын, әрі қарай да көп жаңалық сыйлайтын үрдіс. Кейде Алаш деген тек тарих, ескінің сарқыншағы деушілермен біз, әрине, келіспейміз. Алаш ұлттық идеясы – халқымыздың өткені, бүгіні және келер ұрпағының негізгі арқауы. «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауы және басқа да сол сияқты бастамалар арқылы біз ұлттық идеямыздың дамуына, заман талаптарына сай келуіне, оның өміршеңдігіне өзіміздің кішігірім болса да үлесімізде қосып отырмыз. Осы жолда еңбек еткен Алашшыл жандардың барлығына зор ризашылығымды білдіреміз.