Ұлт көсемі Міржақып тойы елдігімізді көрсететіндей ерекше болуы тиіс!
2025 ж. 26 маусым
260
0

Алаш көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Исаның ҚР Премьер-Министр О.Бектеновке жолдаған депутаттық сауалының жазбаша нұсқасы.
ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновке
Биыл, 2025 жылы Алаш көсемдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аталып өтеді.
Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған Алаш арыстары Қазақ Елінің Тәуелсіздігі жолында өлшеусіз қайрат көрсетті және ұлт азаттығы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білді.
Міржақып Дулатұлы — халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған, ұлттың рухани жаңғыруына жол ашқан ұлы тұлға. Оның «Оян, қазақ!» жыр ұранын ХХ ғасыр басындағы ұлттық сана-сезімді оятуға зор серпіліс берген рухани манифест деп бағалаймыз.
Алаш Орда үкіметіінің іргесін қаласқан Міржақып бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Елі идеясын алғашқылардың бірі болып көтергенұлт қайраткерлерінің алдыңғы қатарында аймаңдайы жарқырап тұр.
Қазақтың кең даласын дүр сілкіндірген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы жас авторға патша әкімшілігі тарапынан қуғын-сүргінді де ала келді. Басы тергеуге түсіп, «Оян, қазақ» жаппай тәркіленді.
Ал қазір ше???
Осындай алып тұлғаның атаулы мерейтойы қазіргі таңда тиісті мемлекеттік деңгейде тойлануы үшін қоғам да, зиялы қауым да алаңдап отыр.
Алаш үшін айрықша айтулы датаны елімізде мемлекеттік деңгейде атап өте алмасақ, бұл — тек тарихи әділетсіздік болатыны анық.
Ұлт идеясы үшін Алаш идеясын ұсынып, Алаш бағдарламасын қабылдаған «Ақ жол» партиясының Үкіметке ұсыныстары жетерлік.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақты оятқан Міржақып Дулатұлын ұлықтау мақсатында жасалуы тиіс шаралар жеткілікті. Жахаңнын тойынан ешқайсымыз аянып қалмауымыз керек! Бұл біздің елдігімізді білдіретін ерекше той болуы тиіс! Бұдан он жылдан кейін алда 2035 жылы болатын 150 жылдық тойы – ЮНЕСКО бойынша аталып өтуі үшін қажетті қарекеттердің басы биылдан басталуы тиіс.
2021 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлау туралы депутаттық сауалымызда «Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі етуі жазылмаған заң. Алты жылдан бері облыс әкімі Ахаңның ауылына ат ізін салмаған. Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ!»-деп жазып едік. Ал қазір қалай екен тарихы терең, тағылымы ерен Торғай өңірінің?!
Тағы да қайталаймыз, әлем бойынша елулікке кірдік деп, екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 34 жыл толатын Қазақ Елінде ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ әлі. Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында жасаған депутаттық сауалымызда талап еткен негізгі жол әлі толық біткен жоқ. Сол 2021-2022 жылы асфальт төселген жол участогы су тасқыны кезінде бұзылды да, одан кейін ол жерге қайта асфальт төселген жоқ. Шұбалан-Қарасу жолының 57,6-107,6 шақырымына 2024-2025 жылдары басталған орташа жөндеу жұмыстары әлі бітпей жатыр.
1992 жылы кірпіші қаланған Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына апаратын жол, яғни Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолы да әлі бітпей жатыр. Жолдың 0-15 шақырымына қиыршық тас төсеу арқылы ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жұмыстары биыл 15 тамызға дейін жүргізіліп бітеді деп отыр ел үміттеніп. Жолдың 15-34 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары биылғы сәуір айынан бастап жүріп жатыр. Ал 49-88 шақырымына, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер өтуде. Бұл жолға орташа жөндеумен шектеліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары ғана жүргізіледі, негізі осы жолға толық асфальт төселсе жақсы болар еді деп отырған халық талабы өте орынды. Сонда 40 шақырым жерге қиыршық тас төселетін болса да, оның өзіне конкурстық рәсімі әлі бітпесе, енді қашан басталмақ ол жол?!. Тойға дейін үлгере ме?
Биыл Бурабайда өткен Құрылтайда мемлекет басшысы Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы туған тарихи өлкеге баса назар аударып, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жобаны жариялағанын атап айтамыз. Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын Экономикалық маңызы зор «Орталық-Батыс» автокөлік күре жолының құрылысы қазір басталып та кетті. «Бір тау бір топ киікті асырайды» дегендей, бұл күшті күре жол – экономикалық күре тамыр бір қауым елге жұмыс беріп, жаңа серпіліс жасайды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салынады.
Төрт жыл бұрын парламентте көтерген талабымызға байланысты Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді, құдайға шүкір.
Енді Арқалық қаласынағы әуежайға Міржақыптың атын берсек, бастаған істің жақсы жалғасы болар еді.
Алаш көсемдернің елін елін көруге келгендерді қос қала Қостанай мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ахаң мен Жақаңның есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе?
Қостанай облысы Жангелдин ауданы Бидайық ауылында орналасқан Міржақып кесенесіне бүгінгі күні Бақберген Утеулин бастаған Жақаңның ұрпақтары күрделі жөндеу жүргізіп жатыр екен. Сол жердегі музейін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Алаш көсемі Міржақып тек өз туыстары үшін күрескен жоқ, ұлт үшін, қалың қазақтың болашағы үшін, Алаш үшін айқасып, құрбан болды. Сондықтан, Міржақып кесенесіне де, музейіне де үкімет қолдау жасауы тиіс деп білеміз.
2021 жылы депутаттық сауалымызда талап еткендей, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына интернет барды. Енді биылғы жылы Міржақып Дулатұлының туған жері Қызбел ауылдық округіне интернет жеткізілуі керек.
Саға ауылындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп ескі ғимаратта отырғандықтан, жаңа ғимарат салынуын сұрап отыр ел.
Ұлт көсемінің осы уақытқа дейін өз туған өлкесінде еңселі ескерткіші жоқ. Міржақыптың енді салынатын ескерткіші тек Қостанаймен, Алматымен ғана шектелмеуі керек! Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыз Қызылордада, барлық өңірде тұруы тиіс! Барлық облыс орталықтары мен қалаларда Міржақып атындағы көшелер мен мектептер, ескерткіштері міндетті түрде болуы тиіс.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толса да, Алаш көсемінің атында бір көше де, бір мектеп те болмауы нені білдіреді? Өзге ұлт өкілдерінің атауынан аяқ алып жүре алмайтын Солтүстіктің әкімдері Алаш көсемдерін біле ме екен? Тіпті, қалың қазақ тұратын Ұлт ұясы - Ұлытау облысында ұлт көсемінің атында бір көше де жоғына не деуге болады?
Жақаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.
«Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген Алаш көсемдері туралы «Тар заман» (режиссер М.Бидос, 2017 ж.), «Ахмет. Ұлт ұстазы» (2022 ж.) мен «Міржақып. Оян, Қазақ!» (М.Есжан, 2023 ж.) телесериялдары қоғамда резонанс тудырып, ұлттық сананы сілкіген шығармалар болды.
2023 жылы ел ағылып барып, жаппай жарыса көріп жатқан “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмін екі аптадан кейін тоқтатып қойғанда, “ОЯН, ҚАЗАҚ!”-дегенде 100 жыл оянбаған қазаққа бұл киноны 100 күн көрсету керек! Керісінше, жұрт үш күн бойы билет таппай жүрген бұл фильмді неге тоқтатып қойған?”-деп, мақала жазған едік. Сол кезде билік бірден қимылдап, шұғыл шешім қабылдады. Ел кинотеатрларында бар-жоғы екі апта ғана жүрген, қалың қазақ түгел көре алмай, көрермендердің рухты дүниеге рухани сусыны қанбай қалған “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмі тағы екі аптаға ұзартылды. Егер жүз миллиондаған табыс түсіріп, кинопрокатта рекорд жасаған фильмге сұраныс күшейіп тұрса, екі ай бола ма, екі жыл бола ма, нарық талабына сай кинопрокатта жүре беруі керек емес пе еді?!. Өйткені, қаншама миллиардтар шашылған “Рухани жаңғыру” сияқты сан бағдарламалардың сапасы жоқ сансыз шаралары оята алмаған ұлттық сана осы киномен оянуда!.
Бұдан жүз жыл бұрынғы “Тар заман” емес, “Оян, қазақ” заманы ғой, қазір құдайға шүкір… Алаш қайраткерлері туралы осындай ұрпақтың ұлттық санасын оятып, патриоттық тәрбие беретін рухани құнды көркем фильмдер, телехикаялар түсіруді жалғастыра беру керек.
Ұлт тарихын ұлықтау – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз. Сондықтан да осындай ірі тарихи тұлғалардың мерейтойларын тиісті деңгейде атап өту – Әділетті Қазақстандағы әділеттің нақты көрінісі болар еді.
“Әруақ разы болмай, тірі жарымайды” деп өскен иманды ел емеспіз бе? Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің болашағы күмәнді екенін ұмытпайық.
Қазақтың Ұлт жолындағы ұлы күрескері, өр ақын, қайсар қайраткер Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының арманы бір ғасырдан кейін болса да, орындалғанын көру – ұлттың басты арманы!
Көзіңді аш, Оян, Қазақ, көтер басты!
Өткізбей қараңғыда бекер жасты…
Жер кетті, Дін нашарлап, хал харап боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты!
Өткен ғасырдың басында, бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1909 жылы жазылған Міржақыптың мірдің оғындай рухты ұлы жыры осылай бүгін де зор қуатты болып тұр!
«Оян, Қазақ» деп ұран тастаған Міржақыпқа жасайтын құрметімізге қарап, біздің 116 жылдан бері оянған-оянбағанымыз белгілі болады!
Алла жар болсын Алашқа!
ОЯН, ҚАЗАҚ!
«Ақ жол» фракциясы ұсыныстары:
1.Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына апаратын жол, яғни Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолының орташа жөндеумен шектеліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары ғана жүргізілуде, негізі осы жолға толық асфальт төселуі керек. Ал жолдың 49-88 шақырымына, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер шұғыл өтуі тиіс.
2. Бидайық ауылындағы Міржақып кесенесін күрделі жөндеуге үкімет қолдау жасауы тиіс.
3. Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлы музейін қайта жаңғырту жұмыстары өз мерзімінде бітуі тиіс.
4. Биылғы жылы мерейтойға дейін Міржақып Дулатұлының туған жері Қызбел ауылдық округіне интернет жеткізілуі керек.
5. Саға ауылындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп ескі ғимаратта отырғандықтан, жаңа ғимарат салынуы керек.
6. Қостанай мен Арқалықта, Алматыда, барлық облыс орталықтарында Міржақып ескерткіші тұруы тиіс!
7. Арқалықтағы әуежайға Міржақып Дулатұлының атын беру керек.
8. Еліміздің астанасында Ахаң мен Жақаң атындағы Алаш Арыстары мұрасын кешенді зерттеу орталығын ұйымдастыру керек.
9.Міржақып шығармаларын мемлекеттік тапсырыс арқылы қайта басып шығару және мектеп пен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізу;
10.Міржақып мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында деректі фильм түсіру және Алаш қайраткерлері туралы құнды көркем фильмдер, телехикаялар түсіруді жалғастыру ;
11. Жахаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.
Құрметпен, “Ақ жол” фракциясы мүшелері Қазыбек Иса, Азат Перуашев