ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕН ТҰЛҒАЛАР

ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕН ТҰЛҒАЛАР

Ахмет Байтұрсынов өзінің әйгілі«Революция және қазақтар» мақаласында қазақтарға ақпан төңкерісі қаншалықты түсінікті болса, қазан социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінгенін айта келіп: «Алғашқы төңкерісті қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол біріншіден, бұл төңкерістің оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және екіншіден, олардың өзімізді-өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді», – деп түсіндіреді. Бұл пікірді кейінірек М.Шоқай: «Ол кезде 1917 жылдың революциясы бізге ұлттық мемлекет құру мүмкіндігін береді деп үміттендік. Әрі оған сендік те», – деп нақтылайды.

Ал, 1917 жылғы қазан революциясына қазақ халқының түсінбей қарауының негізгі себебін Ахмет Байтұрсынов «қазақ қоғамында капитализмнің, соған сәйкес таптық жіктелудің жоқтығымен» байланыстырса, Міржақып Дулатов: «Қазақ-қырғызды капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайды. Бізде Европа халықтарындай зауыт, фабрика жоқ, бізде миллионер, жатып-ішер жоқ. Біздің халық ақ сүйек, қара сүйек, бай, жұмыскер, жерлі, жерсіздерге бөлінген емес. Қалың қазақ- қырғыздың тіршілігі, шаруасы – мал бағу. Қазақ жері бұрыннан да жеке адамның еншісіне бөлінген емес», – деген пікірін алға тартады.

Түркістан генерал-губернаторы А.Куропаткин мен Уақытша үкімет басшысы А.Керенский Түркістан сияқты шет аймақтағы халықтардың теңдік құқығына іштарлықпен қарады. Оған 1926-1929 жылдар аралығында «Красный архив» журналында жарияланған А.Куропаткиннің күнделіктеріндегі мәліметтер дәлел. Мұнда екі маңызды мәселеге, бірі 1916 жылғы Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт-азаттық күресі, екіншісі 1917 жылғы ақпан революциясына және онан кейінгі орталықтағы, Түркістандағы оқиғаларға баса назар аударылады. 

Түркістандағы жағдайды баяндай келіп, «түркістандықтарға теңдік құқын толық беруге болмайтындығын, егер олай болса Түркістан кері қарай кетеді. Көпшілік дауыс солардың үлесіне тиіп, олар бар билікті өз қолдарына алады. Сөйтіп билік сенімсіз адамдардың қолдарына ауатындығын» айтып, өзінің осы ұстанымын А.Керенскийдің мақұлдағанын жазады.

«Талай жыл отарлық езгіде келген елдерде зиялы азаматтардың аздығы да сезілмей калған жоқ ...өзгелер сияқты қазақ халқы да оқығаны мен тоқығаны бар, ел жайын ойлар зерделі жасқа сусындап отырды, ал зиялы қауым да өз кезегінде ұлттық козғалыстың күрделі де жауапты кезеңінде тежірибесіздіктің қиындығын бастан кешті. Бұл Ресейдегі 30 млн. мұсылман халықтарының басындағы жай болатын», – деп жазады тарихшы С.Рүстемов. Сондықтан кей жерлерде мұсылман зиялылары біріге отырып, мұсылмандық комитеттерін құрды.

Түркістан өлкесінде Сырдария облыстық қазақ съезін шақыруға түрткі болған жағдай – 1917 жылдың 27 қарашасында Қоқан каласында өткен Түркістан мұсылмандарының 4-ші жалпы съезі немесе Қоқан съезі болатын. 

Съезд шақырылар алдындағы өлкедегі саяси жағдай тым шиеленісті еді. Мұның алдында қыркүйек айының басында А.Керенскийдің Петроградқа барған сарт өкілдеріне «Түркістанда Россияға қарсылық үшін қозғалу бар» деген хабарға сенбеймін. Бірақ, осы бастан айтып қояйын, егер бұл сықылды мінездер шыға қалса, өте қатты аямайтын тәртіптер қылынады. Осы күні Түркістанды билеу мәселесі қаралып жатыр. Онда хүкімет өкілі барып тұрады. Петроградта Түркістаннан өкіл болады» деуінің өзі Түркістан аймағында көп шоғырланған жергілікті тұрғындарды басқарудың оңай болмағанын аңғартады. 

Съезд шақырылар алдында мұнда большевик билігі үстемдік құрған еді. Өздерін бұқара халықтың өкілдеріміз деп санаған Түркістан жұмысшы, солдат кеңесі өлкедегі саяси билікке таласа отырып, жергілікті ұлттардың талап-тілектеріне құлақ аспады. Мұсылмандардың әзіргі бар ұйымдарын, кеңестерін «бостандық қаскүнемдігінің тобы» деп, біреуін де елемеді. Осылайша, олар жаңа жағдайды пайдаланып, Түркістанда ұлыдержавалық шовинизммен уланған қоныс аударушылар мен әскердің билігін біржола баянды етуден үміттенді. Міне, осындай күрделі де қайшылықты жағдайда Түркістан қазақтарының алдында өзін-өзі қорғап қалу міндеті тұрды.

Түркістандағы оқиғалар ағымына түбегейлі өзгеріс енгізген осы жылдың 22 қарашасында Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-ші Түркістан өлкелік кеңестерінің съезі болды. Бұл съезде ұлттық автономия идеясы қабылданбады. «...Енді осындай уақытта мұсылмандардың өздері қарап жатқаны келіспейді. Олар кім жеңсе, соның қанжығасында үн-түн жоқ кете бермей, тіршілік белгісін көрсетулері керек... осы мақсатта Түркістан мұсылмандарының жергілікті кеңесі бүкіл аймаққа 25 қарашада Қоқан шаһарында сиез жасау үшін уезд басы 10 адамнан, шаһар басы 3 адамнан өкілдеріңізді жіберіңіздер», – деп, онда қаралатын мәселелер жөнінде хабар таратты.

Осылайша, 27 қарашада Қоқанда 4-ші Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі өз жұмысын бастайды, 3 күнге созылған съезде Түркістан өлкесін «Түркістан автономиясы» деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылданды. Саяси билікті қолына алған Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұратын Түркістан.автономиясының Уақытша үкіметін бекітті. Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық қоғамдарды негізге ала құрылып, жергілікті елдердің өзін-өзі басқару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін білдірді.

Түркістан губерниясына қарасты Сырдария және Жетісу облыстарының қазақтары жаңа құрылған Түркістан автономиясының құрамына кіруге қалай қарады, міне, бұл мәселеге орай мына мәліметтерге назар аударалық. «...Сиез өз атынан Түркістан аймағындағы саны аз ұлттардың құқықтарына қиянат қылдыртпай қорғалатынын аса елеулі түрде мәлім қылады, деп қаулы жасалғанымен, кемшіліктерге де жол берілді. Айталық, Түркістан облысындағьі біздің қазақ-қырғыздар туралы (Жетісу, Сырдария облыстары) Қоқан съезінің қате жолға түсуінің бірсыпыра себептері бар, – деп жазады «Бортаң» бүркеншік есімді автор. – Қоқан сиезінің Түркістан мұсылмандарының жалпы сиезі деп аталуына дауласудың қажеті жоқ. Солай бола тұрса да, сиезге қырғыз өкілдерінен делегаттар тегіс қатыспады. Сырдария облысының 1-2 уезінен басқа уездерінен өкілдер келмеді, сонымен бірге Жетісу облысынан да өкілдер келген жоқ. Самарқанд, Закаспий облыстарынан да солай болды. Міне, жоғарыда айтылған себептердің бір үлкені осы».

Онан соң, бұл съезд Ташкентте большевиктер қожайын болып, Түркістанда шын хүкімет жоғалған мезгілде шақырылған съезд болғандықтан, бірінші дегені – қайтсе де бұзақы большевиктерге карсы бір қайрат көрсету еді. Қоқан съезі Алаш ұлының бір шетін жырып алып отырған соң, жалпы қазақ съезі оларды тастап бөлек автономия ығлан қылуды лайық таппай, әлі де болса олармен тілдесуге әдейі адам жіберіп алуға қаулы қылады 

...Қоқан съезінде ашылмай кеткен бұл мәселені алдымыздағы Түркістанда шақырылатын съезд толық шешуге тиіс. Түркістан автономиясын жергілікті халықтар қуанышпен қарсы алып, қолдайтындықтарын білдірді. Оған большевиктердің туын тіккен Ташкентте 13 желтоқсанда уезд һәм шаһар халқы бірнеше жүз мыңдап жиылып, автономияға ант ішіп, мойынсынып манифестация жасауы, Түркістан аймағына кіретін Самарқанд облысы халықтары, Закаспий облысы автономияға қосылуға қаулы қылғаны дәлел.

Түркістан мұсылмандарының автономияны жариялаудағы басты мақсаты – Ресейден біржола қол үзіп бөлініп кету емес, өздеріне тиесілі істерді өздері басқару болды. Бұл мәселеге орай Мария Шоқай «Түркістан автономиясын құрған кезде де, Ресеймен бірігуді жақтаған кезде де 1917 жылы Түркістанда сеператизм туралы пікір болмағанын» айта келіп, Мұстафа әрдайым халқының тыныштығы және бірлігін қалағанын, сондықтан да Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерация құрғысы келгенін көрсетіп береді. Алайда, жоғарыда айтылғандай, олардың бұл әрекетіне жергілікті большевиктер барынша кедергі жасады. Сол себепті Түркістан мұсылмандары егер Түркістан бір өзі автономияны алып жүре алмаса, басқа бір жердің автономиясына қосылу керектігін де ескерді.

Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының съезі Түркістан шаһарында

1918 жылдың 6-9 қаңтар аралығында өтті. Оның күн тәртібіне Қоқан һәм Орынборда болған съездер, Сырдария қазақ-қырғыздарын Алаш автономиясына қосу, ұлт милициясы, Сырдария облысының қазақ-қырғыздары атынан Түркістан автономиясының Уақытша Кеңесіне мүшелер сайлау, ұлт қазынасы, азық-түлік мәселелері қойылды. Түркістан аймағы шаруалары съезіне делегат сайлау жайы да талқыланды. 

Ең басты мәселе Сырдария қазақ-қырғыздарының Алаш автономиясына қосылуы болды. Съезд ашылар алдында желтоқсанның 14-і күні (1917 ж.) осы съезде Шымкенттен Түркістан Уақытша Ұлт Кеңесіне мүше болып сайланған Сейітжаппар Байсейітов аталған мәселе төңірегінде: «Біздің қазақ-қырғыз біреумен мінгесуді қойып, өз алдына бөлініп шығуы тиіс. Әйтпесе, біздің Түркістандағы қазақ-қырғыз сарт ағайындармен бірігіп қала берсек, ерік анық тиген соң сарттыққа шалдығып, Қоқан хандары шағындағы таз қалпымызға түсіп кетуіміз мүмкін. Біз өз алдымызға бөлініп, жұрт болуымызға жарасақ татар, сарт ағайындарымыз өкпелемес», – деп Сырдария қазақ-қырғыздарын Алаш автономиясына қосылуға шақырады.

Съезде бұл мәселе екі күннен астам уақыт талқыға түсті. Түркістан автономиясы атынан келген өкілдер Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының Түркістанмен «қонысы қоралас отырғандарын» айтып, «бұл күннен айрылып, Алаш автономиясына қосылуды тіршілік жолы көтермейді. Сондықтан оларды Түркістанда қалдыру керек» десе, Алаш автономиясы атынан келген өкілдер «мынадай аяққа тұсау, тілге күрмеу болмай, аяқ барғанша жүріп, ауыз барғанша сөйлеп әр халық өз мұңын өзі қарап жатқанда, әр жұрт өз жалауын көтеріп, өз ұранын шақырғанда, біздің де бүтін алты Алаш баласы болып бірітуіміз жөн» деп, қазірден «Алаш» автономиясына қосылуды қуаттады. Ақырында съезд екі жақтың пікірлерін екшеп, бір шешімге келу үшін әр уезден 2 адамнан және «Алашорда» мен Түркістан Уақытша үкіметі өкілдерінен комиссия құрып, осы істі тапсырды. 

Комиссия жобасын дауысқа салғаннан кейін, оны қуатташылар саны – 39, ал қарсылары 11 дауыс алды. Міржақып Дулатов жобасын қуаттаушылар саны – 10, қарсы – 38, тартынып қалушы саны – 8 болды. Көпшілігі комиссия қаулысына өзгертулер енгізуді ұсынды. Осындай жағдайларды ескере келіп, съезд мынадай тоқтамға келді. Сырдария қазақ-қырғыздарының Түркістан автономиясында тұра тұруын мақұл көрді және мынадай шарт қойды. Алаш автономиясы ресми ығлан етілгеннен кейін, ол Түркістан автономиясымен одақ жасасын. Мұндай одақ болуды съезд екі автономияның да күшейіп, қуаттануына үлкен жәрдемші деп біледі. Одан соң, съезд «Алаш автономиясының Бас Ордасы Түркістан шаһарында болсын» де тілекті де енгізді. Осылайша, съезд әрі түпкілікті Алаш бірлігін ойлап, әрі Түркістан автономиясының күшеюін ескеріп осы қаулыны қабылдады.

Съезге 9 қаңтар күні Ырғыз уезінен өкілдер келіп, өздерінің 28 желтоқсанда (1917 ж.) болған уездік съезінің қаулыларымен таныстырды. Онда «Сырдария қайда болса, Ырғыз да сонда болатыны» айтылған еді. Съезд Ырғыз қазақтарының «қосыламыз» деген тілектерін қолдап, Алаш автономиясы ығлан етілгенше бұзылмай, жарылмай Алаш туының астына, яғни әзірге Түркістанға қосылуын мақұлдады. Съезд сонымен бірге «егер Алаш автономиясы әртүрлі себептермен жария етілмей қалса немесе жария етілгеннен кейін Түркістанмен одақ жасамайтын болса Ырғыздың Алаштан айрылып, Түркістанға кіруіне Сырдария қазақ-қырғыздарының көмек көрсетуін өз міндетіне алды. Сырдария облысы қазақтартына қатысты тағы бір басқосу 1918 жылдың мамырында Түркістан қаласындағы қысқы клубта «Алаштың екінші съезі» деген атпен өткен. Оған Орынбор, Ақтөбе, Қазалы, Перовск, Әулие ата қалаларынан өкілдер қатысты. Әлеуметтік құрамы оқымысты аталған ескі тілмәш, болыс,билерден тұрды. 

Съезді Алашорда үкіметі атынан келген М.Дулат, Ә.Кенесарин, Ә.Бөкейханов басқарды. Съезге жергілікті жердегілер осы кезде Түркістан өлкесінде өткен митингіге қатысқан Д.Фурмановты ертіп келеді. Ол съезден өзіне сөз беруін сұрайды. М.Дулатов пен Ә.Кенесарин «оған сөз берудің қажеті жоқ, съезге делегат емес, жәй қатысушы адам» деп қарсылық жасағанымен, съезге жұмысшы, кедейлер атынан келген Нысанбаев, Умайдин, Тұрсын Жұмабаев, Мақаш Жұмабаев дау көтеріп, сөз берілуін талап еткеннен кейін лажсыз сөз беріледі.

Д.Фурманов Кеңес өкіметін орнату жайында екі сағатқа жуық сөз сөйледі. Оған қарсы бағытта М.Дулатов, Ә.Кенесарин «большевиктер коммунистік үгіт айтады, сөйтіп отырып, біз өздерінің орыс колонизаторлығын қоймайды» деген пікірлерін ортаға салды. Съезде Қоқан автономиясының басшысы М.Шоқайға «Кей жерлерден келетін делегаттарымыз съезге келмей қалды. Мысалы, Қазалыдан келетін 2 делегатты жергілікті үкіметтер тәртіпсіздік жасап қамап қойды» деп жеделхат жіберуі Түркістан аймағындағы кеңестер жергілікті ұлттардың бас қосып, өздерінің талап-тілектерін талқылауға қатысуына барынша кедергі жасап, оларды басып отырғаны аңғарылады. 

Сыр өңірінде Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары осылай басталған еді.

Күлпаш ІЛИЯСОВА, 

ғалым