ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ – АЛАШ АРДАГЕРЛЕРІН АҚТАУШЫ
2024 ж. 29 қараша
2033
0
Кешегі тарихқа айналған Кеңес үкіметі тұсында мемлекеттік қызметтің қай саласында болсын еңбек етіп жүріп, тектілігі мен кісілігін жоғалтпай, ұлт алдындағы ары мен ұятын сақтап, туған елге пайдасын тигізген бекзат тұлғалар болды. Солардың қатарында, қазақ мәдениетінің қамқоршысы атанған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз да бар. Сондықтан да, ол кісіні жиі еске ала береміз. Өйткені, Өзбекәлі аға елдің өнерін биікке көтерген еңбегімен ғана емес, бала жасынан бойына сіңірген кісілік қасиетімен де жоғары тұрады.
Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық болмыстан туатын ұлтшыл мінезімен, сондай дүниетанымнан туындайтын өзіндік өжет іс-әрекетімен көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып үлгерген тұлға болатын. Ұлтын, өз ісін сүйетін азаматтар кім екеніне қарамастан – оның досына айналып қасында жүрді; қандай лауазым иесі екеніне қарамастан ұлтын, өз ісін сүйе алмайтын, ұлты үшін отқа түсіп күйе алмайтын, ісі үшін бар күшін салып жұмыс істей алмайтын адам – оның қасынан айналып, қашып жүрді. [1]
Дәуіріне, уақытына сай ұлт зиялылары өз елінің, халқының мүддесін қорғап, қоғам өмірінің бастауында тұрған. Ұлт зиялылығының көші әл- Фараби, Жүсіп Баласағұннан бастау алатынын ескерсек, онда қазақта әу бастан-ақ, зиялылық мектебі болғандығын білеміз. Зиялы азамат деп - өз тілінде таза сөйлеп, өзге тілді жақсы меңгергендер, ел мен жердің, тіл мен ділдің тағдырын, жеке бас тағдырларынан артық санайтын тұлғаларды айтамыз.
Зиялы адам қандай қоғамда өмір сүрсе де, ұлттың мүддесін бәрінен жоғары қояды. Бұған мысал ретінде алаш арыстары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың зиялылығын, азаматтылық деңгейін алуға болады. Осы жандардың алғашқысы жиырмадан асқан шағында ұлтының тәуелсіздігі жолында жанын шүберекке түйіп, сол заман басшылығының қаһарына ілігіп, атылып кетсе, екіншісі, қазақ халқының азаттығы үшін күллі ғұмырын азапты жағдайда абақтыда өткізіп, құрбан болды. Міне, ұлт зиялыларының бетке ұстар үлгісі деп осындай жанкешті жандарды айтамыз. Олар ұлтшыл болды. Ал, Кеңес үкіметі кезінде өзін «ұлтшылмын» деп айтқан жан жауапқа тартылатын. Сондықтан осы кезеңдегі ұлтын сүйген азаматтар өздерін жай ғана «ұлтжандымыз» дейтін [2].
Қазір де қайсыбіреулер сол сөзден үрейі ұшып, тайсақтайды. Адам, «ұлтшыл» болудан қорықпау керек, «әсіре ұлтшылдықтан» аулақ болған жөн. Мысалы, 1917 жылы ақпанда болған төңкерістен соң құрылтайға сайлауға түскен кандидаттарға берілген мінездемеде «ұлтшыл азамат» деп жазылса, сол ең жоғары баға болып саналған екен. Осындай бағаға ие болған Әлихан Бөкейханов депутат болып сайланады.
Кеңес үкіметі кемеліне келіп, дер шағына жеткен өткен ғасырдың 60-70-жылдарында да елімізде зиялы азаматтар болды. Мәселен, сол жылдары билік басында болған Ілияс Омаров, Темірбек Жүргенов, Өзбекәлі Жәнібеков секілді ұлт зиялылары қазақ халкының мүддесі жолында бірталай шаруа тындырды.
Жалпы, зиялылық дегеннің түпкі мәні – парасаттылық, мәдениеттілік, ақылдылық, адамгершілік және имандылық. Бойында осы қасиеттер бар жандар араласқан қоғамда әділеттілік пен иман орнайды. Кезінде Алаштың тағы бір атпал тұлғасы Мұстафа Шоқай: «Ұлт зиялысы болу үшін ұлттың талап-тілегімен, зердесімен, сана сезімімен үйлесуі керек», – деген. Олай болса, ақиқатты айтып, әр нәрсені өзінің атымен атаған жанды зиялы адам деп айтуға әбден болады.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаушы Өзбекәлі Жәнібеков 1977-1978 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған тұстарда да жарқын істер жалғасын тауып жатты. Республика астанасы Алматы қаласында көне ұлттық аспаптар мұражайы ашылып, «Арқас», «Сазген», «Алтынай» секілді фольклорлық-
этнографиялық ансамбльдер құрылды.
Оның қызметтік лауазымының осы бір кезеңінде қазақ елінде музейлер қаулап өсті, экспозициясы ұлттық сипатта жасақталды, тіпті, Абай атындағы Опера және балет театры, М.О.Әуезов атындағы қазақ драма театры жанынан да музей аштырды, Алматыдағы «Қызыл таң» – сауда үйі, Керуен сарай – музейге айналды. Облыс орталықтарында тамаша музейлер ұйымдастырылды. Қазақы киім үлгілері тұтынуға қайта оралды, қазақ тілі мәселесі көтерілді. Осының бәрінің басы-қасында ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібек жүрді. Ол мәдениет қайраткері ретінде түледі, ол халықты ұлттық қайнарда түлеткен ұлы қоғам және мемлекет қайраткері болып елеусіздеу қызметте ескерусіз болып жүріп-ақ тұлғаланды.
Сол жылы туған қаламыз Түркістандағы ортағасырлық тарихи-мәдени сәулет ғимараты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде республикалық деңгейдегі музей ашылды. Музей ашу деген бір ауыз сөздің артында қаншама қыруар еңбектің тұрғанын жай карапайым адам көзіне де елестете алмас. Сол көзге көрінбейтін, қолмен ұстап сезінуге келмейтін жұмыстың бірі музейлік қорды толықтыру, яғни жәдігерлер жинақтау. Бұл бір кез келген отбасындағы көне бұйымдарды жинақтау емес, ұлтымыздың тарихы, салт-дәстүріне, қол өнеріне қатысты заттарды жинақтау болып табылады. Сондай мұрағаттардың ішінде Қожа Ахмет Ясауидің құлпытасына жабылған ортағасырлық қолданбалы өнердің керемет туындысы – Қабыржапқышты Өзаға Қазақстан Республикасы – Орталық мемлекеттік музей қорынан алдырды. Музейдің ғылыми экспозициялық жоспарын жасау барысында да ұмыттырылған ұлт тарихын жарыққа шығаруда көзсіз батырлыққа барды. Коммунистік партияның саясаты қылшылдап тұрған сол жылдары-ақ еш тартынбастан кесенеде жерленген қазақ хандарының аттарын алғаш рет атап, қызметтері жайында деректерді көпшіліктің назарына ұсына білді.
Академик Серік Қирабаев Өзбекәлі Жәнібековтің ел тәуелсіздігінің туы болғанын атап көрсетті. Сонау қылышынан қан тамған кеңестік тоталитарлық заманның өзінде Ө.Жәнібеков халықты ұлтжандылыққа тәрбиеледі. Жер бетінде қазақ сияқты меймандос, бауырмал, батыр, өнерпаз, иманды халық бар екенін айтып, бізді осы халықтан шыққанымызды мақтан ететіндей асқақ рухтың иесі болуға үндеді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде қызмет істеп жүрген кезінде арнаулы комиссия құрып, Алаш зиялыларын ақтау, олардың мұраларын жарыққа шығару жөнінде жанқияр тірліктер тындырды. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтау кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан көп кедергіге кездесті. Бізде Шәкәрімнің қылмыстарын айғақтайтын құжаттар бар, ол нағыз қылмыскер деп қасарысты МҚК өкілдері. Бірақ соған қарамай Өзбекәлі Жәнібеков өз комиссиясы арқылы Шәкәрімді ақтап алды. «Егер Өзбекәлі Орталық Комитетте қызмет істемесе Алаш зиялыларын ақтап алуымыз қиын болатын еді», – деді академик Серік Қирабаев [3].
Егемендіктің елең-алаңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметінде жүріп кеңестік солақай саясаттың кесірінен арамыздан аластатылған «Наурыз» мейрамының, айтыс өнерінің ортамызға оралуына, азаттық аңсаған арда Қазақтың ар-намысы жолында бастарын бәйгеге тігіп, ақырында айдалып, атылып кеткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының ақталуына мұрындық болған ұлтжанды азаматтардың көш басынан көрінді.
Халық мүддесі үшін аянбай тер төккен қайраткер жайында тебірене қалам тербеген үзеңгілес серігі Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Асылдарым» атты кітабында: «Өзекең көп жасамаса да қызығы, қиыны да, талас-тартысы да мол қайшылықты заманда мазмұнды ғұмыр кешті. Елін таныды, елі таныды, туған халқына ақырғы деміне дейін адал қызмет етті, көрнекті қайраткер дәрежесіне дейін көтерілді, аты аңызға айналды» [4] деп рухтас ағасына аса жоғары баға берген.
Ақтөбе облыстық өлкетану музейінің директоры Рысжан Ілиясова ханым да ұстазы жайында былай деп еске алады: «Ө.Жәнібеков министр болып келген бойда, жан-жақтан музей қызметкерлерін жинап алды да, бәрімізге тапсырма берді. «Қазақтың тарихына қатысты дүниелерді қазірден жинай бастаңдар! Асығыңдар! Құрып барады. Жинап қалыңдар, ертең таппай қаласыңдар, асығыңдар» деді. «Ұрыста тұрыс бола ма?». Жер қарайса, арқаланып алыс ауылдарға кетеміз. Көлік жоқ. Қапшықтап, вагондап тасимыз. Ол кездің адамдары қандай мәрт! Қазіргідей битін сатып, пұл қылайын деп ойламайды. «Ойбай, қарағым, осы басқұр үшін сонау жерден келдің бе? Ала ғой, тек әкемнің аты музейде тұрса болды, ала бер» деп қолымызға ұстатып жіберетін» [5].
Ө.Жәнібекті де тәрбиелеген, ысылдырған – Коммунистік партия. Бірақ, Ө.Жәнібектің тумысынан бір азаматтық ерекшелігі бар еді: Ол тарихшы-этнограф, этнолог ретінде азаматтык тарих, ұлтттық дәстүрді, ұлттық дәстүрден туындайтын мінез-құлық, қол өнері, киім үлгілері, музейі, классикалық өнерін зерттеп, зерделеп, көңіліне құйып өсті. Сондықтан да ол бірыңғай коммунистік партия айтуымен кетіп, айдауына боданбас болып, оң- солына бұрылмай кете бармады. Ол – өзінің туған ұлтының тағдырын лениндік ұлт саясаты шеңберінде жоғары қоя білді. Өзінің қызметі, мансап- лауазымын саяси кыспақты тар аяда жүрсе де ұлт мүддесіне көзін тауып, қисынын келтіріп қызмет еткізе білді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ел билігі мұрағаттық құжаттар мен мемлекеттік маңызы бар материалдарға рұқсат алу және шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуге ықпалдастық танытты. ҚР Президенті архиві мен ҚР Мәдениет министрлігі біріккен комиссия құрып мемлекеттік, тарихи маңызы бар құпия құжаттармен отандық және шетелдік ғалымдарга жұмыс істеуге рұқсат алып беріп, септігін тигізді. Зерттеушілердің жаңа толқыны бай жазбаларды пайдалана отырып, құнды мәліметтер бере алды. Зерттеу жұмыстарының барлығы қазақ қоғамында күш көрсетушілік саясатының сайрандағанын жайып салды. Дәлел ретінде былай келтіреді: «Сталин жүргізілген реформаның неге әкеліп соқтыратынын білді, бірақ біле тұра ешқандай ишара жасамады» [6].
Аруақ айтқан сайын аунайды деседі. Ендеше Алаш азаматтарын еске алып, ұлттың ұлыларын ұлықтап жатқан мына уақытта, сол ұлылардың идеяларын жалғастырушы ретінде елін, ұлтын сүйіп өткен Өзағаның да рухы өлмейтініне сенеміз.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Жапақов Н., «Рух сарбазы» «Орал өңірі» газеті 30.03.2017
2. Құлияс Т., «Ұлтын сүйген ұлы тұлға», Ана тілі, 22. 08, 2013
3. Батырхан Т., «Өнер деп өткен Өзағаң». – Егемен Қазақстан.
4. Жолдасбеков М., «Асылдарым» 2008, 266.
5. Ілиясова Р., «Қазына» 2011, 236
6. Ергөбек Қ., «Өлмес ісі өнегелі Өзбекәлі» Қазақ үні, 1.03.2011
Айнұр Жанысбаева,
ғылыми қызметкер