ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ

ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ

Алаш тарихында осы қозғалыстың орталығы болған қалалар біршама. Орынбор, Семей шаһарларында Алаштың съездері өтіп, Алаш партиясын құру, Алаш автономиясық жариялау сияқты маңызды шешімдер қабылданған болатын.

Сонымен бірге Жымпиты мен Атбасарда, бірқатар уезд орталықтарында алаштық съездер өткені белгілі. Ал солардың арасында Түркістан қаласының Алаш тарихына қатыстылығы ерекше. Осы мәселені ғылыми тұрғыда тарқатып, деректік негізде зерттеудің маңызы үлкен.

Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында қазақ жеріндегі калалардың ұлт-азаттық қозғалыстар тарихындағы орны мен рөлін айқындап алу мақсатында осы мақала жазылып отыр.

Алаш қозғалысының тарихы дегеніміз – оған қатысқан жеке тұлғалардың да тарихы екендігі белгілі. Тарихи әдебиеттерде Алаш партиясына мүше немесе оған тілектестікте болған 300-ден астам жеке тұлғалардың есімдері белгілі. Бұл сан алдағы уақытта одан да ұлғайып келеді. Осы тұлғалардың өмірбаяны қалпына келтірілсе Отан тарихының мазмұны бұрынғыдан да толыға түсетіндігі сияқты Алаш тарихы мен қызметіне қатысты қалалар тарихы да Отан тарихының мазмұнын жаңа қырынан танытатын болады деп ойлаймыз.

1913 жылғы деректерді Түркістан қаласында 13 мыңнан астам тұрғынның болғандығы, қалада ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын цехтар жұмыс істеп, сауда-саттық қызу жүргізілгендігі тіркелген. Сол жылдары қалада қырықтан астам мешіттердің болуы да көп жайды аңғартса керек. Мешіттер жанында дәстүрлі мектептер жұмыс істеген. Орынбор- Ташкент темір жолының салынуына байланысты жаңа ғимараттар бой көтеріп, екі жылдық орыс-бұратана мектебі болған.

Түркістан қаласының қазақ хандығына саяси орталық болуымен бірге ондағы Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің болуы да патша өкіметінің отарлық билігіне түскен қаланың казақ руханиятындағы орнын әлсірете алмаған сияқты.

XX ғасырдың бас кезінде қала өмірі жандана бастады. Оған себеп, отарлық өңірдің материалдық ресурстарын игеруге құлшына кірісті де шаруашылық инфрақұрылымды модернизациялауды қолға алды. Бұл істе, әрине, адам капиталын да пайдалану, оны да дамытуға мүдделі болды. Осындай жағдайда қалада Ташкент мұғалімдер семинариясын бітірген азаматтар білім беру ісін қолға алып, ағарту ісімен шұғылдана бастады. Мәселеге осы тұрғыдан келер болсақ, ең алдымен біздің ойымызға Садық Өтегенов оралады [1].

Алаш қозғалысынындағы аса ірі тұлғалардың бірі М.Дулатовтың саяси және шығармашылық қызметі Түркістан қаласымен де, Түркістан өлкесімен

де тығыз байланыста дамыды. Ол 1912 жылы Семей түрмесінен шыққаннан соң Түркістан қаласын паналайды. Елге жазған хаттарында Түркістанда Садық Өтегенұлы, Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латипа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен танысқандығын жазады. Осы хаттағы ең бір маңызды дерек, Түркістан қаласындағы қазақ, өзбек байлары мен қырғыз манаптары Міржақыпқа мол қаржы жинап берген. Орынборга келіп А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановтармен ақылдасып «Түркістанда жиналган мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шэкірттерінің қосқандарын «Қазақ» газетін шығаруға бағыштаған [2]. Бұл деректер С.Өтегеновтің коғамдық- саяси қызметін айқындайды.

Міржақып қаланың зиялыларымен сыйласып, мектеп, медреселерін аралаған кезінде болашақ үлкен саясаткер Сұлтанбек Қожановпен танысқан [3, Б.55-5 6.]. Сұлтанбек пен Міржақыптың кейінгі қарым-қатынасы Алаш тарихына алтын әріптермен жазылғаны оларды «Ақ жол» газетін шығаруынаи көрінеді.

Түркістан қаласының Алаш қозғалысы тарихына қатысты рөлін көтеретін оқиғаларды бірі – 1918 жылдың 6-8 қаңтарында Сырдария облысы

қазақтары съезінің өтуі еді. Шын мәнінде алаштық съезд болған бұл жиынды шақыруға бастамашыл болған Мұстафа Шоқай Түркістан Мұхтариятындағы үкіметтік дагдарысқа байланысты съезге қатыса алмаған екен. Сол кезеңде күн тәртібіне өткір қойылған Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына қосылу мәселесін талқылаған съезге негізін Сырдария облысының делегаттары құраған 82 өкіл қатысты. Алашорда үкіметі атынан Б.Құлманов, М.Дулатов, Т.Құнанбаевтар қатысқан съездің қабылдаған шешімдері біртұтас қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті.

Съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан қаласының азаматтары С.Өтегенов, С.Қожанов, Қ.Қожықов, С.Алдабергеновтер белсене қызмет атқарған. Бұлардың арасында С.Өтегенов пен С.Алдабергеновтер 1917 жылы Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне М. Шоқаймен бірге қатысып, съезд аяқталған соң Түркістанға бірге қайтқан, ежелден дос-сырлас адамдар еді.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ Түркістан мен қазақ облыстарындағы ұлт қайраткерлерінің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Бұл іс-әрекетте өмірі мен қызметі өлкедегі қоғамдық-саяси оқиғалармен біте қайнасқан Алаш зиялыларының жұмылдырушылық қызметі аса зор еді.

1917 жылы большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алып кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық идеялары бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкіметінің басшысы М.Шоқайдың бастамасымен және Алашорда үкіметі басшылары қолдауымен 1918 жылы 5-9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының съезі өтті. Осы съезді ұйымдастыруға С.Өтегенов,

С.Алдабергенов, Қ.Қожықов, С.Қожановтар тікелей араласқан. Бұл съезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының съезі болды. Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына қосылуы мәселесін күн тәртібіне қойған бұл съездің қабылдаған шешімдері біртұтас қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті.

Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекетіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді.

Осы съезді шақыруға байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» деген тізімде С.Алдабергеновтің есімі кездеседі [4].

С.Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясында Жорабек Есеновпен (Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың әкесі) қатар оқыған. Екеуі Перовск уездік аткару комитетінде бірге қызмет істеген. С.Алдабергенов өзінің агайын-туыстарымен Қызылқүмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кетеді. Алаш қозғалысына қатысқандығы және М.Шоқаймен байланысы үшін қуғындалды. 1934 жылы 28 маусымда қамауға алынып, оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда КСРО НКВД-ның айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз.

Алаш қозғалысы тарихындағы Түркістан қаласының орны мен рөлі дегенде, патша өкіметінің отарлық саясаты қаланың қазақ тарихы мен рухани өміріндегі маңызын қанша төмендеткісі келгенімен де халықтың тарихи жадынан мәңгілік орын алған қала XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі күрделі тарихи процестерде де өзінің бастапқы миссиясын қалпына келтіре алды деп айта аламыз. Соның жарқын көрінісі Қзақ елі мен жерінің тұстастығы мәселесін талқылап, ортақ шешімге келген қала ретінде бағалануы тиіс.


Пайдаланылған әдебиеттер 


1. Алаш қозғалысының қайраткері Садық Өтегенов //Қазақстан білім беру жүйесіндегі тарих пәндерінің өзекті мәселелері: Халықар. ғыл.-практ. конф. мат. – Шымкент: «Жебе-дизайн», 2009. -328 б. (240-244 б.б.).

2. Міржақып Дулатұлы. Шығармалары. Бес томдық шығармалар жинағы 5. т, – 298-299 б.

3. Бердібай Р. Түбі бір түркіміз. – Астана: «Фолиант», 2004. – 344 б.

4. Тұрсұн X. Түркістандық Алаш қайраткерлері. //«Өзбекәлі Жәнібек оқулары – 2010» рес. ғыл.-тәжіриб. конф. мат. жинағы. – Түркістан: А. Ясауи ат. ХҚТУ, 2010. – 501 б. (95-100 б.).

Хакан АС,

зерттеуші