Алаштың ардақтысы

Алаштың ардақтысы

Қызыл империяның қуғынына түсіп, шетел асып, бас сауғалағанының арқасында ғана «37 – жылғы қырғынынан» әупірімдеп аман қалған алаш азаматы қаншама. Солардың бірегейі М. Шоқайдың Түркістанмен астыртын түрде хабарласып тұрғандығы жөнінде белгілі тарихшы К. Есмағамбетов былай деп жазады: «Германиядағы түркістандық студенттерді бақылауға алған кеңес елшілігінің хабарларында Ғ. Бірімжановпен бірге Лапин Мұңайтпастың есімі де аталады және ол С. Қожановтың «қайнысы» деп көрсетіледі. Әңгіме Лапин Мұңайтпастың баласы Әбдірахман (Лапиннің немересі) туралы екендігі, ал оның С.Қожановқа «балдыз» болып келетіндігі, Сұлтанбектің ол арқылы М. Шоқайдың амандық – саулығын біліп тұрғандығы мәлім. Әбдірахман 1920 ж. Түркістанда Сыр бойындағы жалайыр С. Өтегеновтың қызы Сараға үйленеді. Айналып келгенде, бұлардың барлығы да (Қ.Қожықов, С. Өтегенов, С. Асфендияров, Лапиндер) М. Шоқаймен көптен бері таныс адамдар болатын. Садық жөніндегі аса құнды пікірді біз Мұстафа жазған мақаладан оқып таныса аламыз. Парижде елін, жерін аңсаған М.Шоқай досы туралы «Петербургке қайтып оралған соң, түркістандық Өтегенұлы Садық деген досымның өзінің Петербургке келмек екенін айтып жолдаған бір телеграммасын алдым. Келетін күні мен оны вокзалға барып қарсы алдым. Екеуіміз мен тұрған жерге келдік. Аздаған алтын ақша әкелдім. Түрік елшісіне өз қолыммен табыс етуім керек еді» деді ол маған ентігін басып үлгермей жатып. Ол кезде Түркияның Петербургтегі елшісі Тұрхан патша болатын. Арада екі күн өткен соң, кешке таман көшеде адам аяғы саябырлаған кезде, Садық екеуміз Түркия Елшілігіне келіп Тұрхан патшаның қабылдауында болдық. Түрік елшісі кең қабылдау бөлмесінің ішінде оңаша отырып, бізді мұқият тыңдады. Садық оған түрік жаралыларын емдеу үшін шалғайдағы Түркістанда тұратын түрік қандастары жинағын азын – аулақ ақша әкелгенін айқанда, елшінің көңілі босап, көздерінен жас парлады. Оған қосылып Садық екеуіміз де жылап алдық... Қадірлі Садық, сен қазір қайда жүр екенсің? Әлде Түркістанның қазіргі қожайындары жағынан итжеккенге кеттің бе? Жоқ әлде аштан өліп қалдың ба? деп жазады. Мұстафаның бұл күдігі орынсыз да емес еді. И. Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жазған «Ақ жол» газетін қайта құру туралы хатында эмиграцияда жүрген М. Шоқайдың Қазақстандағы интеллигенциямен байланысы сөз болып, оларды партиялық және баспасөз қызметінен аластау мәселелері көтеріледі. Осы қаһарлы хаттың ықпалымен Қазақстандағы М. Шоқаймен араласқан зиялылардың бәрі ден қара тізімге алынып, құқық қорғау органдары тарапынан қуғындауға түсті. Д. Досжанов өзінің «Абақты» деген еңбегінде: - «1930ж. қазанның бірінен 1931 ж. шілдесі аралығында қамалған 32 азаматтың есімдерін атай келе Садық Өтегеновтің де болғанын атап көрсетеді. Қамауға алынған бұл азаматтарды «алашордашылсыңдар», «басмашы болғалы жүрсіңдер», «совет елін жапонға сатпақшысыңдар», «бандалық әрекет платформасын қолдайсыңдар» деп тергеуге алғаны айтылады». ОГПУ – дің ерекше бөліміндегі тергеу ісінің қалай жүргізілгендігін, Алаш қайраткерлерінің қиын тағдыры туралы Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабында дереккөздерге сүйене отырып, бұлайша ой өрбітеді. Зады тергеудің бет алысына және айғақтарының жеткіліксіздігіне өздерінің де көзі жеткен ерекше бөлімнің адамдары жауапқа тартылғандардың жауабына қанағаттанбаған әрі тергеу басталысымен «астыртын ұйымның әшкереленгені» туралы Голощекиннің атышулы мәлімдемесін жоққа шығарудың амалын таба алмаған тіміскілер «қылмысты істің» көлемін ұлғайтып, «ұлттық қозғалыс» ретінде көрсетуге тырысып, оған жаңа «айыптылар мен күдіктілерді» тартқан. Оны І томның 457-бетіне тігілген «Қамауға алынғандардың тергеу мерзімін ұзарту туралы. 1930 жылғы 20-қараша күнгі» мына түбіртек растайды. 

«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар: 1. Тынышбаев Мұхамеджанның, 2. Мұрзин Мұхтардың, 3. Мырзабаев Рамазанның, 4. Ақбаев Әбілхамиттың, 5. Ақбаев Мұраттың, 6. Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейдазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың, 10. Ыбыраев Абылдың, 11. Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13. Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин (келесі хаттамада - Меңгелин) Алдабектің, 24. Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін: №2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды. ОО ерекше бөлімінің бастығы - (Попов). «Келісілді» - ОО бастығының орынбасары - (Волохов). «Бекітілді» - тергеу бөлімінің бастығы - (Пирогов)». Түркістандық Алаш қайраткерінің үстінен жүргізілген қылмыстық істің нақты мазмұны белгісіз. Оған тағылған айыптың ең бастысы – оның Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болғандығы. «КПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жол. Каруцкийге. Алматы. Ермеков және басқалардың контрреволюциялық әрекеттері туралы (Мәскеуден - Т.Ж.) қайтарылған істі қадағалап тексергенде мыналар анықталды: 

1. Контрреволюциялық әрекеттер жасады деп айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтарының барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды. 

2. Соңғы жылдарға қатысты жүргізілген тергеу ісіндегі айғақтар ары дегенде айыпталушылардың өзарасында айтылатын ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді. 

3. Айыпталушылардың түрікшілдік қозғалысты ұйымдастырудағы және жетекшілік етудегі әрекеттері мүлдем дәлелденбеген. Сондықтан да іске тартылған айыпталушылар түрмеден босатылсын, оларды қылмысты іс бойынша тергеу тоқтатылсын. Босатылғандар тыңшылық қызметке тартылсын. Босатылғандардың соңына тыңшы қойылып, жасалған жоспар бойынша олардың ұлтшыл-контрреволюциялық әрекеттеріне баса көңіл бөлініп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бақылау астына алынсын. ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары - (Дьяков). ОО-нің 4-бөлімі бастығының көмекшісі - (Паволицкий)", - деген ілеспе бұйрық жолданды. Соңдарынан тыңшы қойып, әр басқан қадамын есепке алған ОГПУ қызметкерлерінің «жанкешті» әрекеттері әрине із – түзсіз жоғалмады. Ақыры сол жолы босатылғандардың бәрі де кейінірек ату жазасын алды. 

Тәуелсіздік таңы арайлап атқанға дейін «Алаш» тақырыбы жете зерттелмегені былай тұрсын ол туралы жақ ашу мүмкін емес-ті. Бүгінде, құдайға шүкір, сол ақтаңдақтардың олқысы орнына келгендей, Садық Өтегенов жайлы да Хазірет Тұрсын, Нұрмахан Назаровтар қалам тербеді. Ендігі біздің айтпағымыз, Түркістан қаласында бұрынғы Садық тұрған үй орнына (қазіргі Эдем қонақ үйінің алдына) алашордашыларды ұлықтап, ескерткіш қойылса, сонымен қатар, НиколайІІ патша қышымен қаланған, кезінде қаншама алаш қайраткерлерінің (ішінде Садық та бар) қаны тамған, талайлы тағдырына куә болған түрме – тарихи ескерткіш есебінде мемлекет қарауына алынып, ел рухын еселер мұражайға айналдырылса. 

Бұл өзі кемелденген еліміз үшін де, рухани астанамыздың «атына заты сай» болуы үшін де сұранып тұрған іс.

Мұса Пәттеев,

Қазақ үні