Алаш пен «Түркістан» мұраты
2024 ж. 28 қараша
197
0
Жүз жыл бұрын қазақ даласында орасан зор өзгерістер болып жатқан еді. Патшаны тақтан құлатқаннан кейін ұланғайыр алып империяның саяси билігі де, бұл елдегі жағдай да күрт өзгеретінін ұққан Алаш зиялылары тезірек қамдану керегін түсінді. Осылайша ғасыр алдын қазақ даласы зор өзгерістерді бастан кешіп, өздерінің тәуелсіздік туралы арманына бір қадам жақындай түскендей еді. Ол арман – Түркістан мұхтарияты және Алаш автономиясы негізінде жүзеге асты.
1917 жылы Қазан төңкерісінен соң, 22 қарашада Ташкентте Кеңес билігі орнап,Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғаны, өлкедегі биліктің кеңестер қолына өткені белгілі болады. Алайда, 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ болып шыққандықтан, бұған жауап ретінде «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» 26 қарашада Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырады. Үш күнге созылған съезд нәтижесінде Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялайды. Саяси билік Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіні жөнінде қаулы қабылданады.
Түркістан автономиясы мен желтоқсанда құрылған Алашорда үкіметі Орта Азия тарихында елеулі орын алып, большевиктерге оппозициялық күш ретінде қарсы тұра білген еді. 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері алып империяның құрамында жатқан елдердің ұлттық және саяси қозғалыстарының күшеюіне алып келді.
Бұл жағдайды саралап отырған Алаш зиялылары да ұлттық мемлекетті құру арманына жақындай түсуге болатынын ұқты.
Қазақ қайраткерлері Түркістан Алаш автономияларын сақтап қалу жолында көршілес әскери және саяси күштермен, мемлекеттік құрылымдармен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізді.
Бұл жүз жыл бұрынғы жағдай еді.
Газетіміздің алдағы сандарында қос автономияның қазақ халқынының тағдырындағы ролі, ұстанған бағыты, бағдары туралы арнайы толғайтын боламыз. Биылғы жылдың алғашқы санында құрылғанына ғасыр толған ұлттық автономиялар туралы аз-кем сөз қозғауды өзімізге парыз санадық.
Болат Мүрсәлім,
алаштанушы
«Алты миллион қазақты бір мемлекеттік құрылымға біріктіруге тырысты»
– «Алашорда» үкіметі және Түркістан автономиясының қазақ мемлекеттілігін құрудағы ролі қандай болды?
– Қос үкіметтің: Алашорда мен Түркістан мұхтариятының, автономия құруға ұмтылған құрылымдардың қазақ мемлекеттілігін құрудағы ролі – орасан. Айтап айтар болсақ, ұлттың өзін-өзі басқаруы, ұлттық бірлік, ұлттың территориялық жағдайын анықтау сияқты негізгі үш мәселені шешуге тырысты. «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» деп, өздері жазғандай, алты миллион қазақтың басын бір мемлекеттік құрылымға біріктіруге, қазақтың территориясын анықтауға, қазақтың өз билігін құруға ұмтылды. Сәйкесінше, большевиктер кейін өздері автономия құрғанда бұл қос құрылымның нәтижелерімен санасуға мәжбүр болды. Соның арқасында Қазақ Советтік Социалистік автономиясы кейін республика болып құрылып, бүгінгі тәуелсіздікке дейін жетті. Осы екі автономиялық бастаудың біздің тәуелсіздікке де зор ықпалы болғанын айтуымыз керек.
– Қос автономия мемлекеттік биліктің қандай моделін жасауға тырысты?
– Түркістан мұхтарияты тез арада көп мәселелерді заңдық тұрғыдан шешіп, жариялап жіберді. Әуелі Қоқан қаласында олар бүгінгі күнмен салыстырып қарасақ, Парламенттің ролін атқаратын елуден аса мүшесі бар Мәжіліс құрды. Кейін сол мәжілістің негізінде Үкімет жасақтады. Үкіметтің басшылығына М.Тынышпаевты лайық көрді. 1918 жылдың 1 қаңтарынан Мұстафа Шоқай билікті қолға алғанын білеміз. Және сол бірінші жолы-ақ Түркістан мұхтарияты өзінің автономия екенін ресми жариялап үлгерді. Тура сол Қоқандағы съезд кезінде бүкіл делегаттар Түркістанды тәуелсіз мемлекет етіп жариялауды ұсынған болатын. Бірақ оған Мұстафа Шоқай бас болып, жанындағы серігімен бірге екі адам қарсы болды. Бұл Мұстафаның тәуелсіздікке қарсылығы деп түсінбеуіміз керек, Мұстафа Шоқайдың саяси тактикасы ретінде қарастырғанымыз дұрыс. Өйткені, Түркістан мұхтарияты тәуелсіз ел болған жағдайда ары қарай өмір сүрудің қиындығын кәсіби саясаткер ретінде жақсы түсінді. Тура сол жағдай Алашордаға да қатысты айтылады. Бұл Мұстафаның да, Әлиханның да тәуелсіздікке қарсылығы емес, сол кездегі саяси жағдайды терең, кәсіби тұрғыда түсінгені деп білуіміз керек.
Олар биліктің қандай моделін жасады деген сауалға келер болсақ, республикалық басқаруды қолдады. Алашордаға дейін, айталық, түркі дәуірін, Алтын орданың билеуін айтпаған күннің өзінде,Қазақ хандығында монархиялық жүйе сақталған болатын. Төре тұқымдарынан ауысқан хандық билік Кенесарыға дейін жалғасты. Алашорда мен Түркістан автономиясы биліктің басқарушысы халық арасынан сайланатын, оның қандай тұқым екеніне, кімнің мұрагері екеніне қарамайтын, заңды сайлау негізінде, жалпыхалықтық съездер арқылы, жанама түрде болса да сайлаулар арқылы жасақталатын билік моделін жасады. Және негізінен Президенттік республика құруды көздеді. Олар екі моделді қатты салыстырды. Бірі – Ұлыбританияның, екіншісі – АҚШ-тың билігі. Біреулері АҚШ-тағы сияқты бір Президент басқарсын және Штаттар құрамы болсын деді. Екіншілері «Жоқ біз Ұлыбритания мен Үндістанның байланысы сияқты, Ресеймен қарым-қатынас жасауымыз керек» деген көзқараста болды. Ол кезде Алашорданың, Түркістан автономиясының билігінде жүрген Алаш арыстарының барлығы Еуропада, Петербургте, Мәскеуде оқыған азаматтар, дүниежүзілік тарихты, дүниежүзілік саяси құқықтық теорияларды, мемлекеттік басқару моделдерін жақсы білетін, әрі кез келген қазіргі саясаткерлерден кем білмейтін. Олар Еуропада кең таралған республикалық моделді жақтады. Әділ сайлау өтетін, халықтық басқаруы бар, Парламенті мен Үкіметі жасақталған модельдерді үлгі етті.
– Тәуелсіз ел есебінде, мемлекеттілігі мен ұлттық тұтастығы байырдан жалғасқан жұрт ретінде, бүгінгі күні осы қос автономияның заңды мұрагеріміз деп айта аламыз ба?
– Қазіргі тәуелсіз Қазақстан басқаша сипатты мемлекет. Бірақ соған қарамастан біз өзімізді сонау сақ-ғұндардың, түркілердің, бергі қазақ хандығының тарихи мұрагері деп санағандықтан, Алаш автономиясының,Түркістан автономиясының заңды мұрагеріміз деп айта аламыз. Оған тарихи және құқықтық жағынан да толық негіз бар. Себебі біз қазір сол территорияда отырмыз, сол халықпен осы жаңа сипатты мемлекет құрдық, демек біз өзімізді Алашорда мен Түркістан автономиясының олардың заңды мұрагеріміз деп есептеуге тиіспіз.
– Қазақстанның шекарасын заңдастыру сол кезден басталды дейміз. Оған Алаш қайраткерлерінің сіңірген еңбегі қандай?
– Қытаймен арадағы шекара бұрыннан, Ресей патшалығы мен Қытай келісімімен анықталған болатын. Қазақстанның шекарасын анықтауда, 1920 жылдары Алаш қайраткерлерінің еңбегі сіңді. Соның нәтижесінде біз Ресеймен арадағы шекараны анықтап алдық. Негізгі ең қиын шаруаның бірі – осы Ресеймен варадағы шекара еді. Бұл жерде Әлімхан Ермектовтің, Ахмет Байтұрсыновтың, оларға жөн сілтеп отырған Әлихан Бөкейханның еңбегі ұшан-теңіз. Және бір мәселе, бұл шекара Алашорда автономиясының кезеңінде емес, Алашорда таратылғаннан кейін,Қазақ революциялық комитетінің уағында атқарылған шаралар. Қазақ автономиялық социалистік республикасы енді ғана құрылатын, Ленин мен Калинин қол қоятын декреттің шығар тұсындағы, 1920 жылғы тамыз айында жасалған шаруа. Ал Орталық Азиядағы шекаралар сәл кейінірек, 1924-25 жылдары, Ташкенттегі Алаш зиялыларының Орынборға ауысатын тұсында, тағы да Алаш тұлғаларының қатысуымен анықталды. Сол кезде Сұлтанбек Қожанов бастаған қайраткерлердің біразы Ташкенттің Өзбекстанның құрамында қалып қойғанына қарсылық көрсеткен болатын. Дегенмен, қалай болғанда да шекара бөлінісіне жоғарыда аты аталған қайраткерлер атсалысқанымен, түпкілікті шешім сол кездің өзінде Мәскеудің қолында болатын. Алаш қайраткерлерінің шекараны анықтаудағы орасан еңбегін айтуымыз керек, сонымен бірге түпкілікті шешімнің Мәскеуден қабылданғанын да мойындаған дұрыс.
Қазақты жаңа бәйгеге үкімет басқалармен қатар қосып отыр.
Қатарындағы жұрттар комитеттер түзеп, істің тізгінін өз қолдарына алғанда, қазақ комитет жасай алмай, қарап отырса, қалып қойды деген осы болады. Ескі үкімет қатардан жарамсыз деп шығарып тастағаны сонда ақталады. Тең болсақ екен деп едік, теңгерді. Теңеген жерде кем шықсақ ұят болар.
Азамат алаш балалары, ақсақал қария даналар болып елдің тыныштығы, бүтіндігі үшін комитетке дұрыс адамдарыңды сайлап, тезірек комитет жасамай, ел билігін ескілердің қолынан ала алмайсыңдар. Комитет жасауға көлденең тұрып, кешіктіремін деушілер болса, дереу облосной я уезной комитеттерге жеткізу керек. Комитетті қалай жасау жайын кейінде басылған граждан комитеттері туралы Торғай облосной комитетінің шығарған положениесінен қануға болады. Бұл положение Торғай облысы үшін шығарылған. Бірақ басқа осының жоспарымен істесе, теріс болып шыға қоймас. Комитет жасап, жұрт реттеліп алса, неше түрлі халыққа, мемлекетке керек істердің бәрін оңай һәм шапшаң істеуге болады. Сондықтан комитет жасауда мән көп. Неғұрлым тез жасасаңдар, соғұрлым тез игілігін көресіңдер. Асығу керек.
«Қазақ» газеті, 1917 жыл