Мықты мұра ­- жас жігермен жалғасса...

Бүгінгі күндері біз білім мен білікті бойға жиған ХХІ ғасырдың бақытты ұрпағымыз. Тәуелсіздіктің толық құндылығымен өмір сүріп отырған буынымыз. Кешегінің тұяқ серпіген, тамырымен құлатса да, қасқайып діңгегін сақтаған, ұрпағым үшін деп ары мен намысын бәрінен биік қойған Алаш арыстарының аңсаған арманына қол жеткізген жалынды жастармыз. «Ақ жол» партия­сының Алаштың анық ізбасары екендігін - Алаш арыстарын ардақтаған ауқымды шараларды еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіп келе жатқандығынан-ақ айқын аңғаруға болады. Осындай игі шараның бірі болып табылатын Алашқа арналған конференцияның мақсаты - шараға қатысушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы ғана емес, осы бағыттағы тағылымы мол дүниелерді жас-ұрпақтың санасына сіңіру болып табылады. Сондықтан ғылыми-прак­ти­калық жиналыста бас қосқан қауымның жет­піс-сексен пайызы жас­тардан құ­ралды. Бүгінгідей ақ­па­раттық заманда көп әрекеттердің нәтижесіздігі орын алған. Қан­шама конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер жүруде. Оның дені әкімшілік жолмен ұйымдастырылып, жай есептің қорытындысы сипаттағы науқанға айналғанына етіміз де үйренді. Ары кетсе, 1000 тиражбен кітаптар шығарылады, брошюралар жинақталады. Бірақ олардың ұрпаққа берер еш пайдасы жоқ. Сонда, осының бәрі кім үшін, не үшін жарық көріп жатыр деген заңды сауал туады? Егер жас буын оқымаса, оған деген ынта-жігерімен бұқаралық қолдауға ие болмаса, Алаштың аманатын кім алып жүреді? Бірде, Алаш тақы­рыбында өткен жиналыста баяндамашылар құнды дүниелерді тілге тиек етті. Алайда, олардың сөздері тыңдаусыз қалды. Сонда жастар саналы түрде тек қажетті ақпа­рат­ты қабылдауды жөн көруде. Меніңше, біз өмірдің жаңа талаптарымен санасуымыз керек. Егер кірер есікті алдымыздан жапса, тере­зеден, терезеден болмаса, ұялы телефоннан я ғаламтор желісінен кі­руіміз керек болар?! Соңғы жылдары күрт дамып келе жат­қан технологияның ізімен ақпараттық кү­ресте ең тиімдісіне көшуіміз қажет. Бұлар - сайттар, әлеуметтік желілер, м-агент, смс-ақпараттар, интеллектуалдық орталарды жасақтайтын клубтар, форумдық жобалар. Осы бағытта Алаш тақырыбында жастардың арасында көпір орнатылуы қажет. Қажетті өмірлік ақпараттарды тарату, Алаш қайраткерлерінің бастамаларынан, жүріп-өткен жолдарынан, ғылыми же­тіс­тіктерінен, ақыл-ойларынан, түрлі оқиғаларымен танысты­рып отыру жолға қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Әли­ха­н­ның өсиеті, Ахметтің білімі, Міржақыптың арманы, Мағ­жанның сенімі бүгінгі күнде өзектілігін жоғалтқан емес. Бір ғана Ә.Бөкейхановтың жас Мұх­тар Әуезовке берген тілек батасы келешек ұлт жаршысы Абайдың, одан қазақ халқының бүкіл болмысын сомдамап па еді?! Әлиханға іні, Мағжанға аға дегенмен, сол жағалауда жүріп, қол ұшын созып, ірі мемлекет қайраткері болған жүрегі Алаш деп соққан Нәзір Төреқұловтың, «Ислам мен коммунизмнің бір ғана өлшемі бар, бұл имандылық, имандылық һәм имандылық» деп, елдің тек саяси сауатсыздығы, біліми надандығымен қоса, жаңа биліктің иман­сыз­дығы ертеңгі күнде халықтың рухани дағдарысына, қанды қырғынына алып келетіндігіне қам жегендігі есімізде. Соңғы тұжырымдардың тарихи шындыққа айнал­ғанына өткен ғасыр куә болды. Азаматтық қоғамның табал­дырығынан аттап басқан еліміздің әлеуеті жас болған соң, жаңа дүниелерді қолдануымен жылдам. Алдыңғы сапта әрине жастарымыз жүреді. Олар­дың Алаш тақырыбына қызы­ғушылықтарын ояту терең әлеу­меттік, педагогикалық зерттеулердің еншісінде. Осы ретте, батыл азаматтық-ағар­тушы­лық жобаларды шығару, оларды қолдау арамыздағы атқамінер серкелердің бастама­ла­рында жатыр. Естеріңізде болса, сол Алаш қай­рат­­керлерінің өздері бар мал-мүлкін, жиған-тергенін, дәулетін ортақ іске, ұлттық сая­сат­қа, баспаға, ағартушылыққа салған. Олар­дың араларында сол заманның байлары, кәсіп иелері, ел билеген азаматтары, молда-ишан­дары, шетел асып оқыған ең озық білім иелері болған. Сондықтан, «Ақ жол» партиясы өзін Алаш­тықтардың ақ жолын қуған ізбасары ретінде, саяси-қоғамдық бастамада бабалар ізін қуып, жоғын жоқтап, жасын тәрбиелеп, әлсізге демеу, әділетсіздікке қас, әділеттілік пен заңдылықтың, жариялық пен жасампаздықтың жаршысы болуға талпынып келеді. «Мал - бір жұттық, игі іс - мың құттық» деген аталы сөзбен алашшылдықпен жас ұрпақ сабақтастығын орнатудағы ауыр аманатын бүгінде «Ақ жол» партиясы арқалап келеді. Партияның жариялаған «XXI-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы Алаш зиялыларының абыройын асқақтатар ауқымды шара болмақ. Бұл байқауға 3 000 000 теңге сыйлық қорын тігіп, «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын зерделеуге, ұлты мен саяси партияға мүшелігіне қарамастан студенттерді, жас ғалымдарды, қаламгерлерді тарта отырып аудиториясы кеңінен қамтылған игі шараны өткізу - Алаш ардақтыларына көрсетілген тағзым болса керек-ті. Осы бір аламан бәйгеге Алматы қаласындағы 47 ЖОО-ның тең жартысының қатысуға ниет білдіргендігі - игі істің өміршеңдігі мен бек қажеттілігін көрсетіп отырғандай. Басты міндет - алашшыл­дықпен өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мінезге баулу, кәсіп пен дәстүрді құндылыққа айналдыру. Мақсат ЖАҚАУ «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары