АЛАТАУ БАТЫР
2024 ж. 18 қазан
3582
0
Қазіргі таңда тарихымызды түгелдеуді мақсат еткен жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Осының арқасында тарихымыздың талай беттері шаң-тозаңнан арылып, көмескі тартқаны жаңғыртылып, ел назарына ұсынылып келеді...
Бүгінгі ұрпағы мақтаныш етер, есімдерін масаттана айта жүрер алыптарымыздың қатары қалың. Осынау ардақты тұлғаларымыздың ерлікке толы өмір жолын жадымызда жаңғырта білсек, еліміздің мерейі өсіп, абыройы арта түсетініне ешкім таласпас. Осы орайда халық жүрегінен лайықты орын алған, кезінде ұлтымыздың ұранына айналған ер тұлғалы Алатау батыр жөнінде әңгіме өрбітудің реті келіп тұрғандай.
Алатау батыр тұрғысында ел аузынан жинақталған деректер, ғылыми айналымға түскен тарихи еңбектер баршылық. Алайда, осы мағлұматтардың кейбір тұстары бір-бірімен сәйкесе бермейді. Нақтылай айтқанда, батырдың туған және қайтыс болған уақытына қатысты мәліметтер әртүрлі айтылады. Бұған қоса, зерттеушілер Алатау батыр Тәуекел мен Есім хандардың қайсысы билік құрған кезде қазақ әскерінің бас қолбасшысы болғаны жөнінде бір тоқтамға келе қоймағандай. Міне, осындай бірді-екілі пікір қайшылықтары болмаса, тарихшыларымыз батырдың ерлікті істеріне, Қазақ хандығының нығаюына қосқан сүбелі үлесіне ешқандай шүбә келтірмейді әрі тарихи ірі тұлға екенін мойындайды.
Жалпы, Алатау батырдың өнегелі өмірі Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында /1-том, А.Ә. Ә.Хасанов. 245-бет. Қазақстан Энциклопедиясының Бас редакциясы. Алматы, 1998 жыл./, Қазанғап Байболұлының (1891-1945) «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты жырында, Қойтас қажының (1877-1943) шежіресінде, Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында, Мұхтар Мағауиннің сүбелі еңбектерінде, белгілі нәзіртанушы, тарихшы Сәрсен Бек Сахабаттың жазбаларында, сондай-ақ, Асан Тұрабаев, Ақпантай Байғұтов және Темірхан Әбдіков сынды авторлардың ізденістері нәтижесінде жарық көрген «Алаштың Алатау батыры» /Алматы, ҚАЗ ақпарат баспа корпорациясының баспаханасы. 2006 ж./ атты кітапта оқыған адамға ой саларлықтай сөз болған. Бұлардан бөлек, оның есімі Қазақ Совет энциклопедиясында да аталатынын айта кетейік. Онда: «Еңсегей бойлы Ер Есім, Әбілғазы баһадүр хан, Жиенбет сияқты тарихи адамдар мен қазақ шежіресінде ұшырасатын Алатау, Сүлеймен, Жақсығұл, Сиқымбай тәрізді батырлар бейнеленеді» – делінген. (Қ.С.Э. 4-том, 154-бет)
Жоғарыда көрсетіліп өткен Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында: «Алатау батыр (шамамен 1560-1640) – қолбасшы, саяси қайраткер, Қоңырат руынан шыққан, Тәуекел ханның Самарқан-Бұхар жорығында бас қолбасшы болған. Кейін Есімханның құба-қалмақпен шайқасқан жорықтары кезінде қазақ жасақтарының құрметті қарт ағасы атанған. Алатау батыр қырғыз, өзбек, түркімен жасақтары арасында да танымал болды. Самарқан шаһарына «қала-мемлекет» статусын әперіп, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп қоюда Бұхар, Хиуа хандары алдындағы беделінің көмегі тиген Алатау батырдың есімі Қоңырат руының, бүкіл Орта жүздің ұранына айналды», – делінген. Әрине, энциклопедияға дәлелсіз, оны-мұны деректердің енгізілмесі белгілі. Алайда, Қойтас қажының шежіре дерегіне сүйене отырып жазған қолжазба еңбегінде тарихшы Сәрсен Бек Сахабат энциклопедиядағы келтірілген деректердің кейбіреулерімен келіспейтінін аңғартады. Оның жазуынша, Алатау батыр Түркістанда 1583 жылы дүниеге келген, ал Тәуекел хан 1598 жылы Бұқар қамалын қоршағанда іштен атылған зеңбірек оғынан мерт болған дей келе, «Тәуекелдің жорықтарына жас батыр ретіне қатысып, көзге көрінген шығар, бірақ, қалайша хан әскеріне қабырғасы қата қоймаған бозбала бас қолбасшылық жасай алады, дұрысы – Алатау батыр Есім ханның кезінде әскерге қолбасшылық еткен», деген ойды меңзейді.
Ал «Алаштың Алатау батыры» атты кітапта ол 1566-1646 жылдар аралығында өмір сүрген дейді. Яғни, Тәуекелдің Бұқарға жасаған жорығында Алатау батыр буыны қатқан, орда бұзар 30-32 жастағы толысқан жігіт болған.
Бір ескерерлігі, Тәуекел ханның жас батырдың ерлігіне сүйініп, оны «Жалғызым» деп атағаны мәлім. Демек, Алатау батыр не десек те, Тәуекелдің тұсында алғаш рет атқа қонып, ел қорғанына айналған, ханның сенімді батыры ретінде танылған.
Иә, айтулы кейіпкеріміздің туған және қайтыс болған жылы туралы деректер әртүрлі. Бірақ, қалай дегенде де бізге ең маңыздысы, оның Тәуекел және Есім хандарымыздың тұсында өмір сүріп, өз халқына жан-тәнімен қызмет етіп, үлкен тарихи тұлғаға айнала білгендігі.
Келтірілген дәйектерде көрсетіліп жүргендей, Алатау батырдың азан шақырып қойған аты – Әз-Ғар-аб. Әкесі – Бесайдар, шешесі – Бағара.
Бесайдар Қоңырат тайпасының бір атасы Құлшығаш руынан шыққан, аты елге танымал батыр болған деседі. Әз-Ғар-аб дүние есігін ашпай жатып ол қапыда жау қолынан мертігіп, соңынан сол жарақаты салдарынан өмірден озады. Күйеуі өлген соң Бағара төркіні – Қоңырат тайпасының Түркістандағы бір бұтағы – божбан арасына барады. Осында келгеннен кейін болашақ батыр өмірге келеді.
Енді, Әз-Ғар-аб тарих сахнасына қалай шықты, Тәуекел ханның көзіне қалай түсті, сол тұстарда нендей тарихи оқиғалар болып жатыр еді дегендей сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Хаһназар хан қазақ билігінің беделін өсіре түсуге, иеліктерді кеңейту мақсатында ауқымды істер атқарды. Хандықтың алдына көптеген міндеттер қойды. Бұл міндеттерді соңына дейін аяқтауға ол үлгере алмады. Жүйелі түрде басталғанымен аяқсыз қалған ұлы мұраттар Тәуекел ханның тұсында қайта қолға алынып, нәтижелі табыстарға қол жеткізілді. Хаһназар бастап кеткен істерді ол толығымен аяқтады. Нақтырақ айтқанда, 1583-1584 жылдар шамасында хан тағына отырған Тәуекел аз ғана уақыттың ішінде Орталық Азияның басым бөлігін жаулап алып, шашырап, бет-бетімен кеткен ел-жұртты, иеліктерді бір орталыққа бағындырды. Түркістанда тұрып билік жүргізген Тәуекел хан аймақтарды уысынан шығармай, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп отыру үшін жер-жерлердің кіші билігіне өз сенімді адамдарын қойды. Мәселен, Жетісу, Тарым бассейіні мен Ферғана жазықтығына Жалайырлар мен Үйсіндер үстемдік жүргізді. Бұлардың сұлтандары – Тәуекелдің ұйғарымымен қанішер Абылай сұлтан болды.
Ал батыста Ноғай ордасы тарап, Байұлы, Жеті ру, Башқұрттар қазақ хандығының құрамына кіріп, бұл маңды басқару Ноғай ұлысының өкілі – Дөйт сұлтанға жүктелді.
Сондай-ақ, Ұлытаудан Сібір хандығына дейінгі аралықты Қара қыпшақтар билесе, Ұлытаудан Алтай, Тарбағатай, Жетісуға дейінгі атырапты Керей бірлестігі басқарды. Бірлестіктің құрамында қалмақтар да болды. Бұл өңірлерді Тәуекел хан тікелей өзі қадағалады.
Сонымен қатар, Хорезм, Самарқан, Жиделі Байсын жерін, тәжіктердің қазіргі аймағын және Ауғанстанның Құндыз, Мазара-Шарифке дейінгі өлкені Есім сұлтанның қарауына берді. Бұл аймақтың орталығы Самарқан болды.
Жалпы, Тәуекел хан Есім сұлтан билігіне берген Бұқара әмірлігі иеліктерін не себепті басып алды, өзінің басшылығындағы хандықтың территориясы да жеткілікті еді ғой деген сұрақ туындары рас. Бұған жауап ретінде айтарымыз, Тәуекел хан көшіп-қонып жүріп хандықты ұстап тұра алмайтынын, мемлекеттің тірегі – қала екенін, халықты отырықшылдыққа бұру қажеттігін терең ұққан. Сол себепті де атыраптағы саяси, сауда-экономика саласында маңызы зор қалаларды алуды көздеген. Сондай-ақ, Тәуекел Бұқар билігіне қатты күдікпен қараған. Өйткені, осы қарсаңдарда Әмудария мен Сырдарияның арасындағы Мауераннахрда парсы мәдениеті өрістеп, шейттердің ықпалы қылаң беріп, түрлі көтерілістер көбейді. Бұлардың қолтығына су бүркіп отырған Бұқар әмірлігі еді.
Тап сол уақыттарда қазақ хандығына ең қауіптісі де аталмыш әмірлік болатын. Өйткені, Қытайда Құбылай іргесін қалаған династия құлап, Мин династиясы билікке келіп, аспан асты елінің оңтүстігінде шаруалар көтеріліп, олардың сыртқа қарауға мұршасы болмады.
Ал Алтын Орда тарағаннан кейін, мырзалар мен бектер Мәскеу княздығын күшейтті де, өзара шиеленісті қатынастарының нәтижесінде олар да Тәуекел ханның билігіне араласа алмайтын халде-тін.
Сондықтан, қазақ хандығы үшін қатерлісі Бұқар әмірлігі болып қалған. Сол себепті, өзге көршілер өздерімен-өздері болып жатқанын, қазақ хандығының күшейіп тұрған сәтін, Бұқар әмірлігі ішіндегі таққа таласудан туындаған алауыздықты тиімді пайдаланып, Тәуекел хан жоғарыда айтып өткеніміздей, шамамен 1586 жылдары Түркістан, Сайрам, Тәшкент, Самарқан қалаларын басып алып, Самарқанның билігін Есім сұлтанға қалдырып, Бұқарға аттанады. Осы аттаныстың нәтижесінде Бұқар хандығы қатты әлсірейді, бірақ, қамалды қоршау сәтінде Тәуекел ханға іштен атылған зеңбіректің оғы тиіп, мерт болады.
Міне, осындай алмағайып замандарда Алатау батыр Тәуекел ханның қасынан табылып, тарих сахнасында алып тұлғасымен көрініс береді.
«Алаштың Алатау батыры» кітабында жазылғандай, Әз-Ғар-аб алғаш рет Тәуекелдің көзіне мергендігімен түскен. Оқиға былай болыпты. Тәшкент шаһарында Тәуекел үлкен бір жиын өткереді. Сонда арнайы мергендер сайысы ұйымдастырылады. Оған Иран, Мысыр, Түркімен және тағы да басқа елдерден талапкерлер шақырылып, қатыстырылады. Өз өнерін сынап көру мақсатында жас Әз-Ғар-аб та дүбірлі додаға келеді. Ешкім жебесін тигізе алмаған жамбыны Әз-Ғар-аб атып түсіреді. Жас мергеннің бойынан ерен күшті байқаған Тәуекел оны өзіне тартады. Ханның сенімді серігі, хас батыры болады. Әсіресе, Әз-Ғар-аб, Бұқар әмірлігінің иелігінде болған Түркістан, Сайрам, Тәшкент және Самарқанды қазақ хандығына қаратарда ерекше ерліктерімен, қол бастай білер қабілетімен көрінеді. Әз-Ғар-абтың ерлігіне сүйінген Тәуекел оны «Жалғызым» деп атаған. Ханнан мұндай атақ алу екінің біріне бұйырмайтын мәртебе екенін түсінген жөн.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бұқар қамалын қоршау кезінде алған жарақатынан Тәуекел хан (1598) қайтыс болады да, қазақ хандығының бүтін билігі тізгіні үшін ішінара талас басталады. Елдің бірлігі мен татулығын ойлаған Әз-Ғар-аб өз беделін салып, қазақтың батырлары мен билеріне сөзін өткізе Есім сұлтанның хан тағына отыруына зор ықпал етеді. Есім сұлтан да хан болуға әбден лайықты, мәртебесі биік тұлға еді. Есім билікті қолына алған соң, Әз-Ғар-аб бас қолбасшылыққа тағайындалады. Есім хан билік етуін бастаған тұста қалмақтар бас көтере бастайды. Оларды басуға бағытталған жорықтарда ерен ерлігімен бүкіл әскердің ұранына айналған Әз-Ғар-абты Есім хан Алатау батыр деп атаған.
Жалпы, бұл арада біз Есім хан тек қана Алатау батырға ғана арқа сүйеді деген ойдан аулақпыз. Құдайға шүкір, хандарымыздың өзімен терезелерін тең ұстаған батырларымыз бен билеріміз жеткілікті.
Негізінен Есім ханның Алатау батырмен қатар аталатын атақты үш батыры болған. Олар: Ұлы жүздің бөгежілі елінен Жақсығұл мерген Жабайұлы, Кіші жүздің жаппас елінен Жиенбет Бөртуғашұлы, үйсіннен Сүлеймен. Бұл сөзімізге белгілі ғалымдарымыз М.Мырзахметов, М.Қалдыбаев және М.Қойгелдінің: «Олар жоңғар шабуылына тойтарыс беруде ерекше көзге түскен батырлар бөгежілі елінен Жабайұлы Жақсығұл мерген, қоңырат елінен Алатау, жаппас елінен Бөртуғашұлы Жиенбет, үйсіннен Сүлеймен еді» деп жазғандары дәлел бола алады /«Төле би», Алматы, 1991 ж./.
Есім хан таққа иелік еткен қарсаңдарда (шамамен XVII ғасырдаң алғашқы 10 жылдығында) қалмақтар жалын күжірейте бастағанын жоғарыда айтып өттік. Осы кезеңдерде Қытай да ішкі жағдайын реттеп, көршілеріне көз аларта бастайды. Қытай билеушілері онсызда түлен түрте бастаған қалмақтардың қолтығына су бүркіп, оларды Есім ханға айдап салады. Қытайға арқа сүйей, қылыш көтеріп шыға келген қалмақтар аз ғана уақыттың ішінде Жетісуды басып алып, Тәшкентке дейін таяп қалады. Осы алмағайып кезеңдерде Жалайыр-Үйсін бірлестігіне Тәшкент аумағындағы қаңлы, сіргелілер қарсылық етіп, дау-шар үдей түседі. Қалмақтарға алаңдап отырған Есім хан бұл дауды басады, ретке келтіреді деген оймен Тәшкент аумағын Тұрсын сұлтанға сыйға тартады. Бұған басқа сұлтандар, шонжарлар қарсылық білдіреді. Бірақ, ханның дегені заң.
Қалмақтар (шамамен 1604 ж.) Хорезмді шабады. Есім хан маңғыттармен бірлесіп, оларды тойтарып тастайды. Беті қайтқан жауды демін алдырмастан Жетісудан қуып шығу үшін бас қолбасшы Алатау батыр бір түмен әскерін қалмақтарға аттандырып, артынша қалың қолымен өзі шығады. Құлжа маңында жан алысып, жан беріскен соғыс болады. Содан, қалмақтар күйрей жеңіліп, 20-30 жылдай уақыт бас көтере алмайды.
Қалмақтармен болған осы соғыстарда Алатау батырдың даңқы одан сайын артып, тұлғалық келбеті айқындала түседі.
Енді, Алатау батырдың ерліктерін суреттейтін бірер мысал келтіре кетелік.
Қазанқап Байболұлының Бекасыл бабадан өзге, Шәкәрім мен көпшілікке есімдері белгісіз болып келген Әбдірәйім, Жақыпбек, Әлдеке, Шойбек, Астай имам, Арғынбай Баймағанбетұлы, Ботбай Тұрта, Тайқы, қара молда Еркебек сынды кісілердің жазбаларын пайдалана отырып жазған «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында:
«Қоңырат Алатау ер еді,
Ұрыстың алған әдісін.
Керіп, тартып қылышын
Қойдай қылып айдап жүр
Кез келгенін жайлап жүр,
***
Ұлы жүзден Жақсығұл,
Бөгежілі затынан,
Руы еді жаныстан,
Жабайдың ұлы Жақсығұл
Ауада ұшқан аққудың
Шашар еді қандарын.
Ер Алатау Қоңыраттан,
Батыры еді әмбенің.
Бөртұғалиұлы (Бөртуғашұлы) Жиенбет
Алшын дейді аңғарғын.
***
Борайхан деген біреу кеп,
Елеместен ұрысты,
Жатушы еді ғапыл боп,
Ер Алатау шанышты
Алдынан тура қарсы кеп...», – деген жолдар бар. / «Төлеби», Алматы, 1991 ж./
Есім хан қалмақтармен соғысып Құлжа (бәлкім Қашғар) жағында жүргенде (1626-1627 ж.ж.) Тұрсын сұлтанның мейманасы тасып, өз алдына теңге соқтырып, халықтан салық жинап, қазақ хандығына бағыныштылығын мойындағысы келмегендей болады. Оның есіргені сонша, тіпті Есім ханның Түркістандағы ордасын шауып, талан-тараж етеді. Ханның әйелдерін, бала-шағасын тұтқынға алады.
Осы келеңсіз жайттар Есім ханның түсіне аян болып кіреді. Мұны Қазанқап Байболұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанында:
«Бір күнде үш ұйықтап, үш оянды,
Бәшарат белгі көріп әбден қанды.
Сүлеймен, Жиембетті шақырып ап,
Көргенін құпиялап баяндады,
Ойласты Алатаудай сардарымен,
«Ешкімге сездірме» – деп – осы халді...», – деп толғаған.
Түсі шындыққа айналған Есім хан Тәшкентті басып алып, Тұрсын сұлтанның басын алу үшін әскерін жиып, аттанады.
Тұрсын сұлтанмен болған соғыста да Алатау батыр көптеген ерліктер көрсетіп, Қазақ хандығының мерейін үстем етуге барын салған. Сөзіміздің растығын «Еңсегей бойлы Ер Есім» жырындағы:
«Алатаудай батырым,
Бар күшіңді шақырғын,
Әзір бол сен де тобыңа...
***
Ерлердің бәрі өрледі,
Ашылып барып жауындай,
Тудың түбі түнерді.
Ынтымақ қылып бірлесіп,
Тізе қосып екеуі,
Ер Алатау, Жиенбет
Туға қарай жүргелі
Ер Сиқымбай артынан
Бұларды қорып демеді», – деген жолдарды келтіре кетсек артықтық етпес.
Есім ханның түмендері Тұрсын сұлтанның әскерін Сайрам төңірегінде жеңіліске ұшыратады. Тұрсын сұлтан Тәшкентке қашады. Бірақ бұл кезде Тәшкентті, оның төңірегін Есім ханның осы аймақтағы жақтас сұлтандары басып алып қойған еді. Жанына сауға сұрай алмаған Тұрсын сұлтанның басы шабылады.
Алатау батыр кісі танығыш, жанына жақсыларды топтай білер жан болған. Оның осы қасиетінен хабары бар Есім хан өзінің иелігіндегі аймақтарды, қалаларды басқартуға кісі тағайындарда Алатаумен ақылдасып отырған. Сондай-ақ, таудай талабы бар, келешегінен зор үміт күттіретін жастарға да Алатау батыр көз қырын сала жүрген. Мәселен, Жалаңтөсті тоғыз жасынан қамқорлығына алған ол болашақ баһадүрдің білім, жақсы тәлім-тәрбие алуына жағдай жасаған. Кейіннен, яғни, Есім сұлтан хан тағына отырғанда Самарқанның тізгінін Жалаңтөске беруде үлкен ықпалын тигізген. Бұл сөздерімізді Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясындағы /1998 ж./: «...Самарқан шаһарына «қала-мемлекет» статусын әперіп, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп қоюда Бұхара, Хиуа хандары алдындағы беделінің көмегі тиген Алатау батырдың есімі Қоңырат руының, бүкіл Орта жүздің ұранына айналды», – деп жазылған дәйектер растай алады.
Енді біз Алатау батырдың қашан, нендей себептен өлді, сүйегі қайда жерленді дегендей сұрақтарға жауап іздеуге тырысайық.
Тарихшы Сәрсен Бек Сахабаттың қолжазбалық еңбегінде: «...Тәшкент іргесінде Есім хан мен Тұрсын сұлтанның әскері шешуші айқасқа кіріседі. Осы соғыста қамалдан қарша бораған садақ жебесінің бірі дөп тиген Алатау батырдай есіл ер жекпе-жекте емес, тасадан атылған оқтан қапыда мерт болған», – дейді. Бұл жерде батырдың қайда жерленгені айтылмаса да, шамамен 1628 жылы бақиға аттанғаны сөз етіліп тұр. Тағы бір деректерде батырдың 1627 жылы Хазар теңізінің (Каспий) батыс жағалауында қалмақтармен болған соғыста жаудың сегіз батырын жекпе-жекте өлтіріп, тоғызыншысымен айқасқа түскен сәтінде аты жығылып, дұшпанның қолынан қаза тапқаны айтылады. Ал авторлары жоғарыда көрсетіліп өткен «Алаштың Алатау батыры» атты кітапта Алатау батыр 1646 жылы, 80 жасында Мұрынқарақ тауына әруақтарға зиярат етіп барғанында қайтыс болып, сонда жерленген деп жазылған. Бұл айтылғандар батырдың қайда, қандай жағдайда және қашан өмірден озғанын әлі де зерттей түсуді қажет ететінін аңғартады.
Не десек те, Алатау батыр ірі тарихи тұлға, мемлекет қайраткері. Оның ерлікке толы өмір жолы ұрпаққа өнеге. Осындай ардақты арыстарымыздың есімі ел жадынан өшпек емес.
Жолдыбай БАЗАР,
Қазақ үні