Кеңестік биліктің озбырлығынан халық ауа көшті
2024 ж. 27 шілде
8923
0
Хазретәлі ТҰРСҰН, тарих ғылымдарының докторы, профессор
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығынан кейін комиссия құрылып жұмыс істеді. Бұл жолғы комиссияның ерекшелігі қандай? Кеңес үкіметі тудырған саяси дүрбелеңнің қазақ қоғамының үдере көшуіне әсері жайлы айтсаңыз?
– Өткен ғасырдың 20-30-жылдары халқымыз үшін қасіретке толы кезең еді. Кәмпескеде малынан, орташалар мен кулактарды тәркілеуде жақсы мен жайсаңынан, отырықшыландыру мен күштеп ұжымдастыруда дәстүрлі өмір салтынан айрылып асыранды балапандай үкіметтің қолына қарап қалған халықты ашаршылықтың алапаты күтіп тұрды. Осындай қиын да қысталаң сәтте қысым берген билеушіні тәрк етіп, төніп келген зұлматтан өзге аймаққа ауакөшіп кетіп құтылатын дәстүрлі қазақы психология өз дегенін істеді. Кәмпеске мен орташаларды тәркілеудің қарсаңынан бастап Сыр бойының тұрғындары ежелден қойы қоралас, ауылы аралас өзбек еліне көтеріле көше бастады. Жаңа қоғам орнатамын деп аласұрған большевиктік биліктің айдар таққан ауакөшуі осылай басталған еді.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» мемлекет басшысының Жарлығы бойынша құрылған Түркістан өңірлік комиссиясы ауа көшуішілердің тарихын індетіп архивтерде жұмыстар жүргізді. Әйтсе де, көп деректер өзге елдердің архивтерінде жатқаны белгілі еді. Ол деректер қолға түспей тұтастай өңірлердегі тұрғындардың қасіреті мен қайғысына айналған «ауакөшушілер» туралы толымды пікір, кесімді сөз айта алмасымыз да белгілі ғой. Ауакөшушілер жайында облыстық архивтердің қорларында деректер мүлдем аз кездеседі. Оның себебі, ауакөшушілердің іс-әрекеті ресми билік органдары тарапынан құжатталмағандығы. Арнайы архивтердегі құқық қорғау органдарының құпия хабарламаларының сараң деректері ауакөшушілердің болжамды санын, бағыттарын, көшбасшыларын анықтауға жеткіліксіз. Оның есесіне архивтік құжаттарда 1930-1934 жылдары Қарақалпақстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан қайта көшіп келгендер жөнінде деректер кездеседі. Оның өзі де толық емес.
Осы «архивтік үнсіздікті» жою мақсатында Өзбекстан архивтері қолжетімсіз болғандықтан жұмыс тобы Тәжікстан Республикасына 2021 жылы қазан айының 6-16 аралығында арнайы іссапарда болған едік. Жұмыс тобының мүшелері ТОМА директоры А.Исатаева, архивтің жоғары санатты маманы Халима Кичкенбаева, докторант Алғабек Қабыл болып Тәжікстанның қазіргі заман тарихы архивы, Тәжікстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивы, Тәжікстан Республикасы Кинофотофоноқұжаттар архивтерінде іздестіру жұмыстарын жүргіздік.
Ондағы архивтерде де біздегідей жағдай. Архивтік іздестіру барысында ақтаңдақ тақырыпқа сәуле түсіретін архивтік құжаттардың толық сақталмағандығына көз жеткіздік. Елде өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында орын алған азамат соғысының зардабы архив ісінен де көрініс беріп отырды.
Тәжікстанға қоныстанған қазақтар бойынша деректер тым мардымсыз. Тәжікстанның шығыс аудандарының тұрғындары басмашылық қозғалысы кезінде Ауғанстан мен Иранға жаппай қоныс аударған екен. Тәжікстанның билігі осы босап қалған жерлерді ауылшаруашылығына қатысты игеру үшін көршілес Өзбекстаннан, Тәжікстанның таулы аудандарынан жұмыс күшін тартуды мемлекеттік саясатқа айналдырған. Осы саясатқа байланысты 1928 жылы құрылған республикалық Қоныстандыру комитеті жоспарлы түрде жаңа жерлерге көшуге үгіттеу (вербовка) жұмыстарын жүргізген, үкімет тарапынан осы жұмыстарға қомақты қаржы бөлінген.
Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд, Бұхара жерлерінде өз малымен көшіп-қонып, кіресін тартып ауакөшіп жүрген қазақтар іздегенге сұраған дегендей еді. Қазақтардың Тәжікстанға барып қоныстануының бір себебі осы. Әйтсе де, архивтерде жаңа жерлерге көшіп барғандардың ұлты көрсетілмеген, оларды «Өзбекстаннан» деп жалпылай топтастырған. Тәжікстан жеріне қоныстанушылар құжатталғанымен ұлты туралы мәліметтің айтылмауы (бәлкім, ол да мемлекеттік саясат болар) олардың арасындағы ауа көшкен қазақтардың нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді.
Өз мал-мүлкімен Өзбекстан жеріне көшіп барған қазақтарды жаңа жерлерге көшіруді Тәжікстан үкіметі жоспарлы жүргізген. Мысалы, Наманган аудандық жер бөлімінің бастығы Дадабаевқа ТАКСР Халкомкеңесінің төрағасы Ходжибаевтың 8-наурыз 1931 жылы «Қазақтарды өз түйелерімен қоныстандыруға келісемін. Жолақысы қайтарымсыз біздің есебімізден, оның үстіне әр шаруашылыққа 50 рубльден кредит беріңіздер» деп жеделхат жолдаған екен. Осындай деректер ауакөшіп барғандардың малы мен жан саны туралы ілкімді хабар береді. Жергілікті билік жоғары органдарға жолдаған мәліметтерінде 807 адамнан құралған 178 қазақ отбасында 229 жылқы, 33 сиыр, 112 түйе, 191 есек болғандығы жөнінде дерек береді. Ол қазақтармен бірге көшіп барған 1215 адамдық 281 отбасын құраған ишан-қожаларды қазақтан бөлек тайпа етіп жазған. Өзбектер өз құрамындағы ишан қожаларды бөліп көрсетпейтіндігін ескерер болсақ, бұл аталғандарды да ауа көшкен қазақтар деп қабылдаймыз. Қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған, Қазалы аудандарынан көшкен қожа тайпасы өкілдерінің Тәжікстан, одан әрі Ауғанстанға өткендері көп болған. 1993-94 жж Иран, Түркиядан келген қандастардың арасында осы аталған қожалардың ұрпақтары аз емес. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Түркістан қаласына шоғырланған.
– 1920-38 жылдар аралығында саяси қуғын сүргінге ұшырап, ауакөшкендер тағдыры мен тарихын зерттеп жүрсіз. Ауакөшудің сыры мен жыры, адыра қалған күйі туралы не дер едіңіз?
– Ауакөшу дегеніміз – халқымыздың жан сақтау мен ел сақтаудағы ежелден қолданған тәсілі. Дәстүрлі қоғамда еліміз халықты қынадай қырған ауру мен індеттен қоныс аударып, ауакөшіп құтылған. Жайсыз тиген билеушіден де, зәбір көрсеткен рубасыдан да ауыл-аймағы, бота-тайлағымен ауакөшіп бас сауғалаған. Сүттей ұйыған дәстүрлі қоғамның тұрмыс-салты мен ғасырлар бойы рухын шыңдаған тарихы мен мәдениетіне кеңестік биліктің жасаған озбырлығына халық төзе алмады. Тағы да ауакөшу. Бұл жолғы көш «бұрынғыдан басқарақ» еді.
Елдің басына төнген зұлмат кезең халықтың жанына жара салып кете бермей оның жадында аңыз болып, жыр, дастан, күй болып сақталып қалатыны бар. Сыр бойындағы елдің басына төнген сондай зұлмат кезеңнің бірі – тоталитарлық биліктің қысымымен 1927-1934 жылдары Жоғарыға ауа көшу еді. Республикада осы жойдасыз қуғын-сүргінді ұйымдастырған Ф.Голощекинге жазылған әйгілі «Бесеудің хаты» авторларының бірі, Мәскеудегі Сталин атындағы КУТВ түлегі Емберген Алтынбековты осы хаттан соң Жаңақорған аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы етіп жіберген екен. 1995 жылы Шымкентте Ембергеннің жары Мағрой апамен сұхбаттасақанымда «Біз Жаңақорғанға барғанымызда көшеде аштан өлгендердің сүйегі шашылып жататын еді. Бұрынғы жауапты хатшы қызметін тастап ауакөшкендермен бірге кетіп қалған екен» деген естелік айтып еді. Міне, осы аудандағы 1933 жылдың 17-20 желтоқсанында өткен партия ұйымының V конференциясында 1931-32 жылдары жылқы 27 мың, түйе 16 мың, қой 123 мың, ешкі 103 мың болса, 1933 жылы содан 4940 мал ғана қалғандығы баяндалған. Аудан басшысының баяндамасынан 1931-32 жылдары ауданда 10 мың үйден 1933 жылы 3 мың үй ғана қалғандығын білеміз.
Аудан көлемінде мал мен жанның осынша кеміп кетуінің астарында халықтың басына төнген ауыр тақсыреттің зіл батпан салмағы жатқанын біреу білер, енді біреулер біле бермес.
Мен де осы Жаңақорғаннан Жоғарыға (Сыр бойының халқы Өзбекстан, Тәжікстанда осы күнге дейін осылай атайды) ауа көшкендердің ұрпағымын. Туған жерден үдере көшіп, туған елден жырақта күн кешудің ащы дәмін бесікте жатып сезінгенмін. Ауа көшудің шерлі тарихы санама анамның әлдиімен, әкемнің өлеңсөзімен сіңген еді.
Әкем Тұрсұнұлы Махан (1911-1974) 1930 жылдың қаңтарында Төменарықтың жанындағы Қысты Ата деген қыстаудан шешесі Жұмакүл екеуі ағасы Ысмайылдың бастауымен жетім көштің күйін кешіп, туған жерден жасырын жылыстап, ауа көшкен екен. Жызақ, Самарқан асып, Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас Пархар ауданына барып табан тіреген көш 1960 жылы ғана елге қайта бет түзеген. Пархар дегенің Памир тауының етегі, Ауғанстанмен шекаралас ең шеткі аудандардың бірі ғой. «Арқадан арқар ауып кетсе, біз Сырдың бойынан Пархар ауып кеттік қой» деп отырушы еді әкем.
Әкем де, оның әкесі де жалғыз еді. Осы күнде «сайынан сайғақ құрлы сая таппай» туған жерден ауа көшкен «Дәу Маханның» ұрпағы бір қауым елге айналыппыз. Шүкіршілік! Егерде әкеміз итжеккенге айдалып немесе ашаршылықтан ісіп-кеуіп бір сайда қалғанда осыншама ұрпақ дүниеге келер ме едік!
Бұндай тақсірет қазіргі кезде туған жердің ырыс-берекесін келтіріп отырған аудан тұрғындарының көпшілігіне ортақ ащы тағдыр!
Соншама тәш-пүш көретіндей әкемнің не жазығы бар еді?
Соншама қайғы-қасіреттің дәмін татып, азап отына өртенетін елдің не жазығы бар еді Құдай алдында?
– Саяси қуғын сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы Мемлекеттік комиссияның жұмысымен қай елдердің мұрағаттарын ақтардыңыз? Тың деректер ұшырасты ма?
– Өткен жылы Мәскеудің орталық архивтерін, еліміздегі құпия архивтерді сүзіп шықтым. Көп сырдың шетін тарқатқандай болдық. Шындығында, ауакөшу ешқандай да стихиялы болмаған екен. Өз отанына өзі өгей болып қалған елдің шет жерлерге ауа көшуін елдің арқасүйер азаматтары кеңестік биліктің жойқын «қайта құруларынан» аман алып шығу үшін амалсыздан ұйымдастырған екен! Міне, гәп қайда?
Қызылордалық Алаш қайраткері Иса Тоқтыбаев 1931 жылдың тамызында Ташкентте Ниязбеков көшесіндегі Сұлтанбек Қожановтың пәтерінде болған кездесуде оның «қазақтардың жаппай ауа көшуі Қазақстанда жүргізілген саяси бағытпен байланысты. Егер осы саяси бағыт алдағы уақытта да жалғаса берсе, онда Қазақстанда бірде-бір қазақ қалмайды және қазақтар көрші аудандардан ғана пана табады» деген еді деп жауап береді тергеушіге.
Мұстафа Шоқайдың гимназиялас досы, Жаңақорғанда болыс болған, Перовск уездік атқару комитетінде қызмет істеп, қанішер Гержодтың қуғынымен Қызылқұмға алғаш рет ауа көшкен Серіқұл Алдабергенов деген Алаш қайраткері болған. Оның Орынбордағы Алаш съезіне Түркістан-Шиелі атырабынан өкіл болып қатысуының өзі бір тарих. Осы Серіқұл бастаған елуден астам адамды НКВД-ОГПУ қызметкерлері 1934 жылдың жазында Тәжікстан жерінен тұтқынға алып, Шымкенттің абақтысына жабады. 8-9 айға созылған тергеуде оларға істемеген ісін мойындатып, айтпаған сөзін айтқызады. Осы Серіқұл айтады тергеушіге берген жауабында «1929 жылы Жаңақорғанда Бегайдар Аралбаевтың ұйымдастыруымен бас қостық. Сонда Бегайдар мал мен жанды аман сақтап қалу үшін Өзбекстанға көшіңдер» деген тапсырма берді» дейді. Жантөренің Бегайдары 1925-1928 жылдары Қызылордада Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болған еді.
Архивтердің құпия қорларында сарғайған парағы ішіне бүккен тарихты жарыққа шығаратын сәт келді. Тергеуге алынғандардың барлығы да өздерінің Тәжікстанға орналасуына Сұлтанбектің ықпалы болғандығын жазады. Тергеу құжаттарында Жаңақорған-Түркістан атырабынан қай ру қанша үймен көшіп жүргені, қанша мал-жаны бар екендігі, керуенбасылары кімдер екендіктері тәптіштеп жазылыпты. Не деген ыждағаттылық десеңші!
Ауакөшушілердің көшбасшылары ретінде Серіқұл Алдабергенов 1935 жылдың ақпанында бес жылға Сиблагтың Красноярск лагеріне, теріскейлік бұрынғы болыс Жанаділ Исаев Қарлагке жер аударылған. Басқаларына да сондай жаза кесілген.
– Мұрағаттарды ақтару барысында тағы қандай тың деректер ашылды?
– Би, болыс болмаған, бай болып кісі жалдамаған, домбырасын шертіп жайына жүрген Әлшекейдің ауакөшуіне не себеп? деген сауал тұрары сөзсіз оқырманның көкейінде. Оның сыры – тоталитарлық биліктің қазаққа жасаған жаппай қысастығында болатын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығы бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары барысында ауакөшу тарихына қатысты зерттеу-іздестіру тобының жетекшісі болғандықтан дәулескер күйші Бектібайұлы Әлшекейдің де саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығына, миллиондаған ауакөшушілермен бірге оның да саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылмағандығын, соған сай осы күнге дейін ресми тұрғыда ақталмағандығына елдің назарын аударғым келеді.
Осы күні ауакөшу қазақтың генетикалық қорын сақтап қалды дейміз. Рас сөз. Ауакөшу үдерісі миллиондаған қазақты аман алып қалды. Сонымен, бірге кеңестік идеология барынша жаманатты еткен ауакөшу халқымыздың руханияты мен мәдениетінің де мәйегін сақтап қалды ғой. Оның бір мысалын ауакөшкендермен бірге бүгінде ортамызға оралған Әлшекей күйшінің мұрасынан көреміз.
Бектібайұлы Әлшекей күйші 1847 жылы Жаңақорған ауданының бүгінгі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты Қаратаудан құлай аққан Жиделі өзенінің бойындағы Бектібай сазы деген қоныста дүниеге келген. Жиделі, Түлкілі деп аталған қос өзеннің арасында Бектібай, Нарбота, Қабыл-Мұңай, Майшы, Тұңғышбай деп аталатын саздар мен Аралбайдың ақ шиі дейтін шүйгін алаптар күйші әулетінің ежелден жаз жайлау - ата қонысы болатын.
Уақытында дәулескер күйшілігімен Сыр бойы мен Арқаға тең танылған Әлшекей күйшіні халқымен тағдырлас деуіміздің үлкен мәнісі бар. Кеңестік тоталитарлық қоғамның өткен ғасырдың 20-30-жылдары жүргізген жойдасыз реформаларының қысымымен туған жерін тастап, ауакөшкен елдің қалың ортасында болып, сүйегі жат жерде қалған жүздеген мың қандасымыздың шерлі тағдырын бөліскендердің бірі Әлшекей күйші!
Әлшекейдің ауа көшуге еруінің сыры – бүкіл әулетінің қуғындалуында еді. Осыған байланысты күйшінің әулеттік шежіресін тарқатуға болады. Әлшекей қоңырат тайпасының Құрбан руының Киікші атасынан өрбиді. Киікшінің Бекбаулысының Үсен атасынан Жанысбай, Сиқымбай, Балтабай тарайды. Осы Жанысбайдың немересі Жәнібек Тұрсынбаев болса, Сиқымбайдың Бектібай, Бердібай деген екі ұлы болған. Бектібай Әлшекейдің әкесі. Ал Бердібайдан Аралбай, одан Жантөре болып келеді. Осы немере-шебере болып келетін әулеттен 1928 жылдың қазанында Қазақ Өлкелік өкіметі мен үкіметі бекіткен ресми тізім бойынша «мың жылқы айдаған» Жәнібек Тұрсынбаев пен он екі жыл болыс болған Жантөре Аралбаевтар кәмпескеленіп, Оралға жер аударылды. Сонда жеңгелері «Оралға кеткен ауып екі бегім, Аман бол қайда жүрсең асыл тегім» деп дауыс салған екен.
Бұл әулет Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы Бегайдар Аралбаев арқылы кәмпеске науқанының жақындап қалғанын алдын-ала біліп отырды. Жантөре болыстың атқосшысы болған Молжан ақсақал Қызылордаға Бегайдардың үйіне қонаққа барғанында «қолдағы малдарыңды сатып, елге таратып, басын азайтыңдар. Ертеңгі күні өз малың өзіңді шаян болып шағады» дегеніне «өмір бойы біреуін екеу етеміз деп ебіл-дебіл болып жүрсек, бұның малыңнан без дегені несі, оқыған адам осындай болады екен, ә» деп наразы болып қайтқандығын айтады. Кейін, 1933 жылы Б. Аралбаев істі болғанда оған «кәмпеске науқанынан байларды хабардар етіп отырды, Жаңақорған ауданындағы жаппай ауакөшуді ұйымдастырды» деген айыптар тағылған.
1929 жылы байдың, болыстың, бидің туысы деген желеумен орташаларды тап ретінде жою мақсатында ет салығы мен астық салығын күшейтіп, сайлау құқынан айырып, «жеке тұр» етіп қысымға алу қуғын-сүргіннің басты тетігіне айналды. Міне, күйші әулетінің Жаңақорған атырабынан ауакөшуінің түпкі себебі осы. Екі бірдей арысының кәмпескеленіп, жер аударылуы бүкіл әулетті қуғындаудың басты дәлеліне айналды. Кеңестік биліктің қуғыннан бас сауғалаған күйші әулетінің ауа көшуі осылай басталды. Бұл жағдай Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бардың кері еді.
Күйші әулеті алғашқыда Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд жағында кірекештік кәсіппен күн көреді. Бірақ, ауакөшушілерді елге қайтару деген желеумен соңдарынан барған қуғыннан ізін суыту үшін жылыстай көшіп, Тәжікстан арқылы Ауған асып кеткендер де болды. Күйші әулеті Тәжікстанның Шерабат ауданындағы Яван қыстағына тұрақтаған. Осы қыстақта екі немересі қатар шетінейді. Жасы сексеннен асқан күйші де осы қыстақта 1932 жылы қайтыс болады. Күйшінің сүйегі Яван қыстағының шетіндегі қорымға, қос немересінің қасына қойылады. Елге жете алмай...
Ел тарихындағы соқталы оқиғалар халықтың жадында ән мен күй, өлең мен жыр болып сақталатыны бар. Осындайда Ауғанның шекарасынан қайтқан әкемнің «Ауакөшу жырлары» деген топтамаға сұранып тұрған мынадай өлеңі ойға оралады.
Жайылма, Жалғыз ағаш, Төлес дедім,
Кіндік кесіп, туған жер емес пе едің?
Отыз жылдай өзіңнен ұзап кетіп,
Көзіме сағынғанда елестедің.
Жатсам тұрсам ойымнан бір шықпадың,
Болмаса мен Пархардан келмес те едім.
Түлкілі, Шоқымазар, Шатырабад,
Белгілі барлық жері көңілге жад.
Тіліміз әлдеқайдан оралады,
Жақындап қалыппыз-ау болуға сарт.
Сырдың бойында туған жерімен қоштасарда шығарған Әлшекейдің «Толқын» күйі ата жұртын аңсаған елдің көңіл-күйінің көркем бейнесіне айналды. Халқымен тағдырлас Әлшекей күйшінің мұрасы жөнінде айта берсе әңгіме көп-ақ. Ел үркіншілікке түскенде мал-мүліктің құмда ізі, сайда саны адыра қалады ғой. Әлшекей өзімен бірге жат жерге шашауын шығармай өнерін ала кетті. Сүйегі жат жерде қалды. Оның мұрасына назар аударған билік болмады. Тұтас ұлтты керек етпеген билікке оның төлтума өнері неге керек болсын. Жарлы-жақыбайдың өнері (пролеткульт) алға шығып, Әлшекей сияқты дәстүрлі өнерпаздардың мұрасы шет қала берді...
2008 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне Ханағамды, бүгінгі академик Әбжановты іздеп бардым. Ақселеу Сейдімбеков екеуі бір бөлмеде отырады екен. Әдеттегідей, ағамыздың әңгімесі күй мен күйшілерге ойысты. Жақында Тәжікстанға барғандығын, ол жақтан Әлшекейдің қабірін іздестіргендігін айтты. Халқымыздың «сүйек қосу» деген дәстүрі бар ғой. Қазақ күй өнерінде өз орны бар Әлшекей күйшінің сүйегін туған топырағына әкеліп жерлесе ғой, шіркін, біраз тірлік орнына келер еді!
Атадан немереге жеткен ауызша деректердің ізін қуып, күйші қабірін іздеген Данабектің немересі Оңғарбай 2013 жылы Тәжікстанға арнайы барғанында қазақ-тәжік әдеби байланыстарының білгірі профессор Абдусаттар Нуралиевпен жолығады. Профессор ата бейітін табуға үлкен көмек көрсеткен. Осы жағдайлар туралы профессордың «Тәжікстандағы қазақтар» (2017 жыл) атты еңбегінде жеткілікті баяндалған. Ең бастысы, зерттеу-іздестіру барысында күйшінің Яван қаласындағы «Шахидон» (шахидтер) зиратындағы қабірі анықталып, басына ескерткіш белгі орнатылғандығы. Қазіргі кезде Әлшекей күйшінің қабірі де Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі, Н.Төреқұловтың, Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың, Ғ.Бірімжановтың Мәскеудегі (Коммунарка арнайы нысаны), Дон зиратындағы Әлихан Бөкейхан, Н.Нұрмақовтардың қабірі сияқты шетелдегі қазаққа қатысты киелі орнындардың қатарын толықтырып отыр. Ақаң, Ақселеу ағам айтқан «сүйек қосу» дәстүрін жаңғырту уақыттың еншісі. Бәлкім, тарихи-мәдени мұра ретінде сол күйінде сақталып қалғаны дұрыс па? 2019 жылы Тәжікстанға арнайы сапарлап барғанымызды бізді Душанбедегі «Бәйтерек» қазақ мәдени орталығының төрайымы Зәуре Самидинова мен Абдусаттар Нуралиев және қазақ елшілігінің хатшысы күтіп алған еді. Олар тәжік еліндегі қазақтардың арасында алғашқылардың бірі болып Әлшекей күйшінің тарихын қалпына келтіруді қолға алынғандығын еске салды. Абсаттар аға қазақ тілінде Оңғар Жидебаевтың демеушілігімен жарық көрген «Тәжікстандағы қазақтар» кітабының жалғасын жазып жатқандығын әңгімеледі. Қолда бар деректермен бөлістік. Әттең, ағамызға 2021 жылы Душанбеге барған сапарымызда жолыға алмадық. Карантиннің құрығынан құтыла алмапты. Өзімен бірге кетті қазақ-тәжік байланыстарын бекемдейтін қаншама құнды ой-пікірлері!
Кеңестік террор кесірінен елден ауакөшкендер саны бұрын қанша еді? Мемлекеттік комиссия жұмысынан кейін олардың саны арта түскен болар. Архив мағлұматтары не дейді?
– Ауакөшушілердің болжамды санын анықтаудың бір мысалы ретінде мына дерекке назар аударайық: Сырдария округі Жаңақорған ауданы бойынша 1929-1931 жж. туған жерін тастап, жат жерге қоныс аударған мәжбүрлі босқындардың болжамды саны 20 мың (1933-1935 жж. Аупартком хатшысы Емберген Алтынбековтың ресми дерегі) шамасында екен. Олардың көш жолы Жызақ – Самарқанд – Қаршы – Қорғантөбе – Куляб - Ауғанстан болған. Осы санды жаппай ауа көшуге ұрынған аудандардың санына көбейтер болсақ, онда болжамды сан шығады. Осылайша әкімшілік тәртіппен сотталған және мәжбүрлі босқындар санын болжамдауға ғана болады. Сыр бойындағы аудандардың тұрғындары өзбек елімен дәстүрлі байланыстарын пайдаланып, кәмпеске науқанына дейін кірекештікті кәсіп еткен болса, кәмпескеден кейінгі қуғын-сүргінде осы байланыстарды пайдаланып, мал-мүлкімен ауа көшіп кеткен. Туған жерін мәжбүрлікпен тастап ауакөшушілердің нақты тізімі де жоқ, олардың көшбасшыларының кім болғандығы да назардан тыс қалған.
Өзбекстан, Тәжікстанға соңынан қуып барып, ауа көшушілердің көшбасшыларын тұтқындап, елге әкеліп соттаған деректер ішінара кездеседі. Мысалы, бүкіл әулетін көшіріп әкеткен би Тұңғышбай Күнікеевті бауыры Бүріспен бірге Тәжікстанның Явань қыстағында тұтқындап, Шымкент қаласына әкеліп соттаған, Орал округіне жер аударған. Соңынан қуып барған қуғыншыларды (олардың арасында қып-қызыл белсендіге айналған өз туысы да бар) «аяқ қолын байлап, Қызылсуға ағызып жіберейік» деп қолына қару алған інілеріне басу айтқан Тұңғышбай би «баланың баласына кететін күнәні арқаламаңдар. Бұлардың діттегені мен ғой. Сендер қалыңдар, мені алып кете берсін» деген екен. Сүйегі Оралда қалды. Қайда екені белгісіз. Жеті ұлынан бір уыс топырақ бұйырмаған.
Ауа көшушілердің көшбасшылары Серіқұл Алдабергенов (жаңақорғандық) пен Жанаділ Исаевтар (созақтық) тұтқынға алынып, сотталған. Кейін ақталды. Сондай көшбасшылардың көпшілігінің тұтқындалып, жер аударылуы құжатталмаған. Содан да олар бұрынғы ақтау тізіміне ілікпеген. Олар кімдер, саны қанша? Осы сұрақтың жауабын көп болып іздеуіміз керек. Оны айтып отырғаным, жаппай ауакөшушілердің болжамды санын анықтауға болар, бірақ олардың нақты тізімін жасау мүмкін емес. Ал ауа көшуді ұйымдастырған көшбасшылардың тізімін нақтылау түйінді мәселеге біршама айқындық берер еді.
– Іздеуі мен сұрауы жоқ ұлтқа айналған қазақ халқы көшіп бара жатып жол ауыртпалығынан да қырылған екен. Ауакөшкендердің жалпы санын анықтау мүмкін бе? Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Ауакөшушілердің аштықтан, суықтан, жолдың азабынан зардап шеккендер, өлім-жітім ахуалы да құжатталмаған. Билік бұл мәселеге тіпті көңіл бөлмеген ғой. Ауакөшушілердің ұрпақтарының естеліктерінде Тәжікстан арқылы Ауғанстанға ауа көшкендердің барған бетте ыстық желге («Бадының желі» деп айтады) ұрынып, жаппай қырылғандығы жөнінде ғана деректер кездесті.
Босқындар мен ОГПУ–НКВД-ның, милицияның және әскери бөлімдердің мемлекеттік шегарадан өту кезінде қақтығыстар орын алған. Әйтсе де, құпиялығы алынбаған архив қорларындағы ауа көшкен қазақтардың шегара бұзып, Ауғанстанға өткендері жөнінде деректерге қол жеткізе алмадық.
Архивтерден жинақталған мардымсыз деректерге қосымша ауакөшушілердің ұрпақтарының естеліктері негізге алынбаса олардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Мысал ретінде айтар болсақ, 1932 ж. Ауғанстанмен шекаралас Қорғантөбе облысы Пархар ауданындағы 40 колхоздың 12-сі қазақ колхозы болған. Осы ауданның Ленин колхозында 1960 жылы мен туылыппын. Содан да маған тәжік елі өте етене. Микоянабад, Молотовабад аудандарында да қазақтар жиі қоныстанған. Жоғарыда айтқанымыздай, Наманган ауданының өзіне екі мыңның үстінде қазақ қоныстанған. Біздің болжамымыз бойынша Тәжікстанға қоныстанған ауакөшушілердің алдын-ала болжамды саны жүз мың шамасында. Алдағы зерттеулерде бұл сан нақтыланатын болады.
Жалпы, туған жерінен мәжбүрлі ауакөшушілер мен ашаршылық босқындарын шатастырмау керек. 1929-1930 жж. ауа көшкендер кеңестік биліктің қыспағынан бас сауғалап, мал-мүлкімен көтеріле көшкендер. Ал 1931-1933 жж. ашаршылықтың салдарынан күн көріс қамы үшін туған жерінен кеткендер ашаршылық босқындары деп аталады. Аталған екі категория да саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танылады. Ауакөшушілер мен босқындар ұрпақтарының осы кезгедейін елге жете алмай отырғандары бар. Солардың қатарында елге орала алмай отырған Ауғанстандағы қандастарымыздың қазіргі жағдайы ұлтым деген азаматтарды алаңдатады. Міне, 90 жыл бұрынғы қасіреттің жаңғырығы! Әлі күнге жан сыздатады.
Голощекиннің ауакөшушілерді «көшіп үйреніп қалған қазақтардың қалыпты жағдайы» деп бағалайтыны бар ғой.
Солай дегені рас. Оның осы тұжырымын ресейлік кейбір тарихшылар (Д.Верхотуров т.б.) ақиқатқа балап, тіпті ашаршылықты қазақ байлары ұйымдастырды деген сандырақ тұжырымдар да жасаған. Қазірге дейін 1929-1933 жж. ауа көшу үдерісі стихиялы болған еді деген тұжырым орнығып келген еді. Шындығында ол жоғарыдан басқарылғандығын айғақтайтын деректер табылып отыр. Алматы қалалық Полиция департаменті арнайы мемлекеттік архивінде 1933-1934 жж жүргізілген «Кеңес өкіметіне қарсы бірыңғай ұлтшылдық орталық басқарған контрреволюциялық ұйым» деп аталатын істе Қазақстанның оңтүстігіндегі ауакөшуді Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы Бегайдар Аралбаевтың ұйымдастырғаны дәлденген. Сол «қылмысы» үшін 10 жыл мерзімге жер аударылған Б.Аралбаевтың 125 жылдығы атаусыз өтіп кетті. Ауа көшу науқаны тұсында Ташкент қаласында ұзын арқан, кең тұсау қызметте жүрген Сұлтанбек Қожановтың ауакөшушілерді Өзбекстан, Тәжікстанға орналастыруға ықпал жасағандығы жөнінде деректер кездесті.
Сұхбатты жазған –
Зүбәйра Әкім
журналист