Саяси қуғын-сүргін: Алаш идеясын ауыздықтауға бағытталды
2024 ж. 25 шілде
8591
0
Кеңестік билік жүйесінің саяси қуғын-сүргін – қанды шеңгеліне ең алдымен Алаш қайраткерлері тап болғаны белгілі. Алашшыл азаматтардың аңдысын баққан кеңестік билік алаштық элитаны өзіне қарсы тұрған ықпалды әрі қауіпті күш ретінде бағалап, ақыры есеп айырысу қажет, оппоненттерін түп-тамырынан шауып тастау керек деп шешеді. 1926-1927 жылдардан бастап репрессиялық шараларды қолға алған олар, 1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік саяси басқарма) алқасының шешімімен А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қырыққа жуық Алаш зиялыларын түрлі мерзімдерге түрмелерге және концлагерьлерге қамап, жер аударады және басқа да жазаларға кеседі.
1932 жылғы 20 сәуірдегі ОГПУ үштігінің үкімімен жиырмадан астам Алаш зиялылары бес жылға Ресейдің Воронеж облысына жер аударылды. Ал Алашшыл жастардың бірқатары ағаларының ақылын тыңдап, Алаш идеологиясынан бас тартатындықтарын ресми түрде мәлімдей отырып, ұлт мүддесін коммунистік партия қатарында жүріп қорғауға тырысты. М.Жұмабаев, М.Әуезов және Ә.Ермековтер осы жолды таңдағанмен де ОГПУ–дің тепкісін көрді. Өкінішке қарай, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Д.Әділов, Ә.Байділдин, А.Юсупов және басқа бірқатар Алаш зиялылары ату жазасына кесілді немесе абақтыда көз жұмды.
Бүгінде Алаш қайраткерлерін сүргінге ұшыратқан 1937-38 жылдардың ызғарлы лебiнен ескен сұрапыл зұлматтың зардабы мен салдары қандайлық болғандығы тарихтан белгілі. Яғни, тағлымы зор тарихи нәубеттiң қазiргi жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы турасында ойлану қажеттiгі туындайды. Атап айтқанда, сол аға буынның қабырғасын қайыстырып, iргесiн сөгiп кетуге қауiп тудырған зауалдың ендiгi уақытта алдын алу, оның әлеуметтiк зардаптарынан арылу жайы тұр. Осы тұрғыда өткен ғасырдың 37-жылдары бетке ұстар ұлт зиялыларын саяси қуғын-сүргiнге ұшыратқан қоғамның қайшылықты қарекетiн таразылау, тарихи жадыны жаңғырту қажеттігі туындайды.
Әрине, 37-жылдары кеңестiк тоталитарлық жүйе жүргiзген солақай саясаттың ауыр зардаптарын арқалаған азаматтар мен сол жылда құрбан болған Алаш зиялыларымен қатар, «бiр ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың жалпы саны 25 мың адамнан асып жығылады. Сонымен қатар, сталиндiк қылмысты коллективтендiрудiң сұмдық салдарынан 1,5 миллионға жуық қазақ көз жұмды. 1930-1932 жылдары 1,5 милион қазақ КСРО-дан шетелдерге бір жола көшiп кеттi.
1930 жылы Республикада 5 милион 873 мың адам тұратын – бұл осында көшiрiлгендердiң жалпы санымен бiрдей еді. 1933 жылға қарай халықтың саны 2 миллион 493 мың адам ғана болды. Ал 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргiннен бастап Сталин дүниеден өткенге дейiнгi аралықта Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның жоғарыда айтып кеткендей 4/1 «ОГПУ – НКВД үштiктерi» үкiмiмен, сот үкiмiмен атылған». Осы отызыншы жылдардың жуан ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық-саяси және психологиялық қыспаққа ұшырағандығына нақты тарихи құжаттармен таныса отырып, көз жеткізуге болады.
Осы ретте азалы тарихымызға бас ие отырып, құрбан болған аяулы азаматтар рухына тағзым етiп, өткенiмiзге сауап, өткелiмiзге салауат айту парызымыз дегенiмен, дәл мұндай жағдайлардағы шетелдердiң озық тәжiрибесiнен үлгi алу қажеттiгi туындайды.
Айталық, сол кездегi кеңестiк жүйенiң ықпалында болған Моңғолия мемлекетi елiктегіштiкпен кеңестiк репрессияның артынша-ақ оны өз елдерiнде қайталаған болатын. Кейiннен Моңғолия басшылығы бұл солақай саясаты үшiн халқынан кешiрiм сұрап, құрбан болғандар мен азап шекендердiң ұрпақтарына өтемақы төледi. Бұл жайт турасында оның куәгерлерi – бүгiнде сол жақтан ата-жұртқа қоныс аударған ағайынның айтары баршылық. Осы сынды азалы тарихымыздың қасіреттi беттерiн парақтағанда әлi алда атқарар iстердің көп екенiне көз жетедi.
Енді осы отызыншы жылдардың жуан ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық-саяси және психологиялық қыспаққа ұшырағандығына нақты тарихи құжаттармен таныса отырып, көз жіберіп көрсек. Өйткені, дәл сол уақыттары қалыптасқан саяси ахуалдың зілмауыр салмағы тек Алаш элитасын ғана емес, тұтастай қазақ ұлтын жаныштап бара жатты. Бұған көз жеткізу үшін О. Исаевтың БК(б)П-ның I съезінде сөйлеген сөзінің төмендегі қысқартылған стенограммасын шолып шықсақ та жеткілікті.
«... Қазақстанда басты қызметте жүрген, Қазақстанның iшiнде түзелмей жүрген адамдар алашордашылармен бiрге iстегендiгi көрiнiп отыр. Сол жолдас, түзелмей қалған адамдарды айтып отырмыз. Нұрмақов секiлдi Мәскеу қаласында бiраз жылдың iшiнде үлкен қызметте отырған, Қазақстанда 1929 ж. дейiн Совнаркомның бастығы болып отыратын, бiр жағынан, совет үкiметiнiң саясаты дұрыс деген болып, екiншi жағынан, Троцкийдiң тыңшысы болып, солармен бiрге жапон, германдардың байларына сатылмақшы болып жүргендiгi көрiнiп, қазiргi уақытта ұсталып отыр. Бұл ненi көрсетедi, жолдастар? Оңшыл ұлтшылдардың, ұлтшыл болып жүрген адамдардың зиянкес, жат екендiгiн ашық, айқын оңшыл ұлтшыл екендiгiнiң әбден анықталғандығын көрсетедi.
...Екiншi әңгiме, жолдастар, мынау. Соңғы уақытта партияның тарихын үйренiп, соны жұртқа түсiндiру туралы бiраз әңгiмелер бар, бұл әңгiменiң бiр жағы қазақтың контрреволюцияшыл ұлтшылдарымен күреске байланысты. Бұл туралы бiраз жолдастар айтып өттi. Олардың айтқаны, Алаш-Орда Октябрь революциясынан бұрын болса да, ол – революцияшыл, патшаға қарсы күрес жүргiздi деген әңгiме бар дедi.
Бұл – дұрыс теория емес, зиянды теория. Бiрқатар жолдастар айтты, бұл туралы зиянды теориялардың бар екенi даусыз. Бұл жөнiнде менiң де қатем бар. 1927 ж. Өлкелiк партия комитетiнде Мартыновтың бiр тапсырмасы болды. «Алаш-Орда туралы барлық қағаздарды, документтердi жина, соны басып шығару керек», - дедi. Алаш-Орданың кiм екендiгiн, қандай iс жүргiздi деп, осы документтердi терiп, басып шығарудың өзi ол уақытта қате болған екен. Өлкелiк партия комитетiнiң саяси қатесi осы».
Әрине, бүгін біз сол кездегі замананың ығымен кезінде алашшыл азаматтарға қара күйе жаққан адамдарды айыптай алмаймыз. Оның әлі әділ бағасын беретін уақытты төрешілікке қалдырамыз. Дегенмен құжаттың аты құжат. Әсіресе қазақ тарихында өзіндік орны ғана емес, тағылымы зор саналатын Алаш қозғалысына, оның қайраткерлеріне қатысты мәселелердің күнгейі мен көлеңкесінің барлық қырын қамтитын құжаттарды рухани айналымға шығару міндетіміз. Бұл бір жағынан зерделер тақырыбымызды толыққанды айшықтай түсері анық.
Жалпы, кезінде биік мінбелерде сөйленген немесе мерзімді басылым беттерінде жарық көрген негізсіз сындарды авторлары өз еріктерімен айтты ма, әлде әлдебіреулердің нұсқауы немесе қысымы арқылы жүзеге асырды ма дегенге сол құжаттардың өздері жауап беріп тұрғандай. Бұл жағын, яғни мәселенің ақ-қарасын таразылауды зерделі оқырманның өзіне қалдырдық. Ал коммунистердің қызыл қырғын мен азапты сүргінді қалайша қаныпезерлікпен жүргізуге деген шамадан тыс белсенділіктеріне аталған құжаттар айғақ болары анық.
Әдепкіде саяси қуғын-сүргін Алаш идеясын ауыздықтауға арналды. Алайда тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ауыр қасірет алып келген жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық идея өзінің рухани және әлеуметтік эволюциясының барысында «Алаш» идеясы түрінде көрініп, оны ешқандайда қуғын-сүргін тоқтата алмады. «Алаш» идеясы қазақ түсінігінде туыс түркі халықтарын біріктіретін «алты алаш» ұғымын білдіргендіктен, ХХ ғасырдың басында артта қалған отар халықтардың ұлттық өзіндік санасының оянуына орай, «түркістаншылдық» идеясымен шектесіп жатты. Бұл, әсіресе Мағжан Жұмабайдың поэтикалық шығармашылығы мен Мұстафа Шоқайдың тарихи саяси қызметінен аңғарылады.
Саяси тәуелсіздіктің туын көтерген қазақ зиялылары «Оян, қазақ!» идеясымен халыққа ой тастады. Соның нәтижесінде үлкен идеялық әрі реалды Алаш қозғалысы басталды және Алаштың әлеуметтік, саяси және тұлғалық белсенділігі мен еркіндігі ұлттық идея ретінде ұсынылды. Бұл тәуелсіздік ұранының алдыңғы кезеңі ағартушылық идеяларымен астасып жатқан болатын. Және Алаш қайраткерлерінің бұл үндеуі Абай мен Шәкәрімнің «адам бол!» ұстынымен және «ұждан» тұжырымымен сипатталатын рухани-адамгершілік бағдармен де бекітілді.
Қысқасы, қазақ тарихының ең ауқымды бөлігін қамтитын дәстүрлі кезеңінде адам мен азаматтың, әлеумет пен қоғамның еркіндігі мен дербестігін, мемлекеттік тәуелсіздігі мен этностық даралығын қорғаумен сипатталатын ұлттық идеяның рухани-адамгершілік негіздері Ұлы дала ойшылдарының, қазақ ақын-жырауларының, би-шешендерінің және ұлттың зиялы қауымының шығармашылығында айқын көрініс берді. Бұл туындыларда қорытылған дәстүрлі қоғамның халықтық идеясы мен рухани құндылықтар жүйесі өзінің тарихи маңыздылығын жоғалтқан жоқ, керісінше бүгінгі өзімшілдік психология мен философияның өршіген тұсында оған балама бола алады.
Болатбек Төлепберген,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
философия ғылымдарының кандидаты